ЕКІНШІ ПЕРДЕ
Зелинскийдің үйіндегі кабинеті – ұқыпты жабдықталған, бірақ көңілсіз – нәрсіз, стол, рабайсыз креслолар, ескі стильдегі жазу столы, жазу машинкасы қойылған сәнді стол. Қабырғаларда Варшаваның көрінісі бейнеленген суреттер: Бүлінген Варшава, қалпына келтіріліп жатқан Варшава, Маршахковская, ескі қала. Сад жақта терезе. Шымылдық ашылғанда сахнада Зелинский мен Скупень.
Зелинский. Бүгін жүру қажет пе тіпті? Жата тұрсаң қайтеді.
Скупень.Әлде көп жатып қалдым. Қанша жата беруге болады?
Зелинский. Біздің рахаттан басқа көргеніміз жоқ.
Скупень. Менің де, Договорды қайтесің. Ертең, одан кешіктіруге болмайды, пьесаның планын театрға тапсыруым керек.
Зелинский. Дайын боп қалды ма?
Скупень. Дайын. Таза көшіріп шығу ғана қалды.
Зелинский. Ол оңай. Эляны жіберем лезде басып береді.
Скупень. Сен қайта заводқа барамысың?
Зелинский. Міндетті түрде. Бүгін бірінші машинаның монтажын аяқтаймыз. Қасында болу керек.
Скупень. Қалғандары қашан?
Зелинский. Үш – төрт күннен кейін.
Скупень. Қап бәрекелді-ай. Қала алмайтыным қинап тұр. Машина қатарға қосылады – бұл менің пьесамның шарықтау шыңы – кульминациясы ғой! Жігіттер «Ура» деп айғай салады. Қарт рационализатордың көзінен жас мөлтілдейді.
Зелинский. Мен Петриканы әдейі байқап тұрам, көзіне жас келді ме, жоқ па саған хабарлаймын.
Скупень. Уақиғаның барысын, жұмысшылырдың көңіл күйін, шабыстардың цифрын – бәрін жаз. Пьесамды өңдегенде маған қажетке асады.
Зелинский. Ал, сен, пьесаңды қалай қабылдағанын өзің де жаз. Естігенше мен де ес қалады екен деме.
Скупень. Өзінен өзі ғой. Кей ретте сен өзіңді қосалқы автор деп есептеуіңе де болады.
Зелинский. Ой, көптіре бермеші.
Скупень. Біздің арада болған әңгіме маған көп нәрсе берді.
Зелинский. Сен оны пайдаландың ба?
Скупень. Бәрін де.
Зелинский. Айтпақшы аты қандай?
Скупень. «Жетістік»
Зелинский. Тамаша!
Скупень. Маған да солай сияқты.
Зелинский. Жазушыны кіргізуді ұмытқан жоқсың ба сен?
Скупень. Ұмытқам жоқ. Жатымды директор жазушы досының әсерімен, жоғарыдан бекітуді күтпей- ақ, өндірісті қайта құрады. Бұл жағдай коллективті жұмылдырады, ал коллектив жетістікке жеткізеді. Керемет емес пе?
Зелинский. Керемет. Көшпелі ту ала ма?
Скупень. Алады.
Зелинский. Жаса! Міне нағыз пьеса!
Скупень. Ең керемет – типично.
Зелинский. Қалай типично болмасын өмірден алынған соң?
Скупень. Ол әлі бәрі емес. Тап жауы, әлгі сабатажникті мен ойдан алдым.
Зелинский.Нағыз өзі табылмаған соң, сүйтпегенде қайтесің? Оның есесіне қалғандары өмірден алынды ғой, директор Кивятковский – ол, әлбетте, мен шығармын?
Скупень. Әрине сен.
Зелинский. Петриканы қалай атадың?
Скупень. Әлі шешкем жоқ. Не Пшевлоко, не Важенко дейміз. Солай болса, болады.
Зелинский. Құдай біледі-ау, пьеса шығады, шыққанда қандай! Мен премьерасында болуым керек, білдің бе?
Скупень. Құрметті қонақ боласың!
Зелинский. Егер сен шын айтсаң, менің саған кішкентай да болса көмегім тигені рас болса, төбем көкке жеткендей болам.
Скупень. Кішкентай емес, таудай! Сен болмасаң менің пьесамда жаңа еш нәрсе де болмайтын еді.
Зелинский. Ал, сен болмасаң менің заводымда да жаңалық болмайтын еді. Екеуіміздің есебіміз дәлденді енді.
Скупень. (сенімсіз) Глобус, сен менің әсеріммен дегенді бірінші рет айтып отырған жоқсың...
Зелинский. Сен өзің білмеген кісі сияқтысың. Қоғам игілігі үшін тәуекел етуден жасқанбау керек деген, сен емей, кім еді.
Скупень. Иә, әрине ... бірақ...
Зелинский. Немене?
Скупень. Жоқ, ештеңе де емес.
Зелинский. Сонда да.
Скупень. Жай әшейін. Ал енді... Сұрақ беруге бола ма?
Зелинский. Өтінеміз.
Скупень. Сен өкпелемейсің бе?
Зелинский. Мен ондай адам емеспін.
Скупень. Байқаймысың, әлгі сол күннен бастап мені жегідей жеп жатыр. Оның бәрінің олай емес екенін, сандырақ екенін мен түсінем, бірақ, білгім келеді. Онсыз, құдай біледі – ау, қайтерімді білмей отырмын.
Зелинский. Сен мені шошытайын дедің.
Скупень. Есің де ме, егер сен іс шығара алмасаң онда тіпті жақсы – азат құс сияқты боласың... деп мен қалжыңдап едім...
Зелинский. Иә, иә, сен солай деген сияқты едің-ау. Қарай гөр, мен мүлдем ұмытып кетіппін.
Скупень. Ұмыттым? Рас па ? Бергеніңе шүкір. Арқам бір босап қалды–ау.
Зелинский. Тұра тұр, тұра тұр... Түсіне бастадым. Заводты қайта құру мәселесін, жұмысты ақсату үшін істеп, сонан соң өзімді қуып шығу мақсатын көздеді деп ойлаған екенсің ғой?
Скупень. Мен ойлағам жоқ, бірақ сене алмап едім...
Зелинский. Сен білдің бе, бұл тамаша!
Скупень. Ғафу ет мені.
Зелинский. Не үшін ғафу. Ха – ха!
Скупень. Мен бұл мәселені көтергім келмеп еді, сен білсең етті, бұл мені қандай қинады.
Зелинский. Ал енді қинамай ма?
Скупень. Жоқ енді қинамайды.
Зелинский. Құдайға шүкіршілік. Жай тапқан көңілмен үйіңе қайт, енді бұл жөнінде түк ойлама. (Орнынан тұрып портфелін алады). Біз тағы көрісеміз, босап шығуға тырысам, сені вокзалға апарып салам. Саған жолға бірдемелер әзірлеуді, қатынға айтуды ұмытып кетпесем екен. (Шығып бара жатып қайта қайтады). Айтпақшы, сен әлгі күдігің жөнінде Доротаға ештеңе демей-ақ қой. Ол сені олай түсінбей, құрғақ үмітке мастанып жүрер де, елдің бәріне қолма – қол жайып жіберер. Оны білесің бе, сондай бір беткей, аңқылдақ жан... Айтпағаның жақсы. Жарай ма?
Скупень. Жарайды.
Зеленский. Рахмет. Ал, әзірше. (Есіктен қайта оралды). Иә... Варшавада Гуркевичпен сөйлесуді ұмытпа. Мүмкін болса кейінге қалдыра көрме. Білесің ғой, не кездеспейді, қиын кез, сүрініп кетсем, құралақан қалам ғой.
Скупень. Сөйлесем.
Зеленский. Рахмет. Кетейін Доротаны ескертейін, ал сен, күт. (кетеді)
Үзінді.
Дорота. (Аса абыржулы) Бұл қалай! Сіз кеткелі жатырсыз ба?
Скупень. Амал қанша...
Дорота. Мен сізді ең болмағанда бірнеше күнге бөгелер деген едім.
Скупень. Әр нәрсенің шегі бар. Онсыз да бір жұмадай болдым.
Дорота. Осы бір жұма уақытты ешқашан ұмытпаймын. Амал не, сол уақыт шіркін соншама қысқа болар ма. Сіз осы уақыттың ішінде пьесаңызды ойлап та үлгердіңіз. Шынын айтқанда, мен ештеңе шықпауына күмәнім болмайды.
Скупень. Глобус... кешіріңіз, маған Стах қатты көмектесті.
Дорота. Ол да бір! Одан кім сұрады? Таңғалатын бір тип! Оллаһи, менің төзімімді тоздыра бастады.
Скупень. Не бопты?
Дорота. Есінен адасқан. Сіз байқамадыңыз ба? Кәдімгідей есінен адасқан, жынданған. Абайлайсыз ба, тәулік бойы он екі сағат жынды көбелек сияқты айналуы аз болған оған. Ол жетпегендей, оған енді бір рационализация, модернизация деген бірдемелерді тауып алған... Өзіңіз айтыңызшы, осы да жындылық емес пе?
Скупень. Көресіз бе, план тұрғысынан қарағанда...
Дорота. План? Иә, әрине, түсінемін. Менде де әлеуметтік ой-пікір бар, менің нем кем? Қоғам ба, бәрекелді, қосылам. Иә, ал жеке адам басы қайда? Жеке басты қайтеміз, сіздің ойыңызша? Мынаған көңіл бөліңіз, адам қазір түскі тамағын кешкі сағат онда ішеді. Сіз ше қалай, бұл адамның денсаулығына әсер етпей ме? Әлде сіз, бұны кадрға қамқорлық көзқарас деп білесіз бе?
Скупень. Сондай уақыттар болады, жеке бастың қамын қоя тұрып...
Дорота. Тілеуіңіз берсін, сұлу сөзіңізді қоя тұрыңызшы! Мен сізден тұп-тұра сұрайын: ал, ол жақсарту ісін іске асырған болсын. Одан соң? Ол өзі соның нәтижесінде не пайда табады, жеке басын айтам?
Скупень. Ым... былайша айтқанда, борышын орындаған адамның сезімінен туатын қанағаттану...
Дорота. Жо-жо-жо...Мен айтайын не табатынын: жа-ман-шы-лық! Оған онсыз да соңына түсіп жүр. Көрерсіз оның бұл істеген еңбегіне, олардың дөңбегі дайын. Сол үшін талқыға салады. Осы сөзім есіңізге түсер.
Скупень. Ойпырмай, сізде айтады-ақ екенсіз!
Дорота. Әлі де талай айтам. (аздан соң). Сізше, мен бір долы әйелмін ғой, ә?
Скупень. Сіз тек ашуды алға қоя беріп тұрсыз...
Дорота. Неге маған ашуға ерік бермеске? Ойлап қана көріңіз, менің өмірім не өмір бұл? Түскі тамағына қас қарайғанша күтемін. Үй шаруасындағы әйел бұлқан-талқан боп ол жүреді, не десеңіз о деңіз ол да личность. Үй шаруасын істейтін адамды қазір қайдан табасың? Ол болса иттей боп шаршап-салбырап келіп, тамағын ішеді де қисаяды. Қорылдап жатқаны. Ал мен! Осы да мен үшін өмір ме? Өзіңіз ойлаңызшы.
Скупень. Абайлайсыз ба, менің ойымша...
Дорота. Сіз план дейсіз, жақсы. Тек мемлекет қана план жасай ма екен? Менің де өз планым болуға хақым бар. Сондай зор көлемде болмасын, бірақ өзім үшін жеткілікті. Қандай план, сондай план! Менің планым – осы арадан қайткенде тез тайып кету. Ол мұны түсінеді. Ол үшін не істеу керек екенін білуі керек: оны тезірек орнынан ауыстыру үшін жұмысқа нем құрайлы қарау керек. Ауыстырады, ауыстырғанда, тәртіп бойынша ең жақсы қызмет береді. Варшаваға ауысуды шешуге болады. Міне план, ал ол не істеп жүр. Көріңіз не істегенін. Ра-ци-о-на-ли-за-ция жасап жүр.
Скупень. Әр тарам жолдың, бір мақсатқа апаратыны да болады...
Дорота. Мен сіздің пьесаңызда не жазатыңызды білмеймін, ал, мен сіздің орныңызда болсам, не жазатынымды білер едім. Қайта жөндеуге әлі кеш емес пе?
Скупень. Әзір пьеса бітпей тұрғанда, бәрін жөндеуге болады, ал пьеса жазылған соң онда оны сөзсіз жөндеу керек.
Дорота. Өте жақсы. Оқиға қалай шиеленісу керек екенін айтайын, тыңдаңыз. Завод, заводта-директор, директордың әйелі бар. Әйелін Иоланата немесе, қажет десеңіз Бригада деп атайық, өзіңізге жақсырақ ұнағаны болсын. Өзі жас, өңді әйел болуға тиісті. Қандайлық сұлу екенін құдай білсін, ол ештеңе емес, әйтеуір еркекке сүйкімді. Ең жақсысы меніңше, ақ сары болсын. Ал оның күйеуі, директор, ол сұлудың қасиетін сезбейді, өзінің заводынан басқа түк те де көрмейді. Түсінікті ме?
Скупень. Түсінем. Ал, Иоланта не істейді?
Дорота. Сарғайған гүлдей қатып,сеніп барады. Ит сияқты іші пысады, маған иланыңыз.
Скупень. Қандай болмасын бір қызметпен шұғылдана алмай ма екен?
Дорота. Шаруасын кім қарайды? Оның үстіне өздеріне өздері жеткілікті, қызметсіз де тұра алады. Және күйеуі де қызмет істетіп қойғысы келмейді.
Скупень. Түсінікті. Иә, одан әрі қалай?
Дорота Ол жағын сіз білуіңіз керек. Жазушы мен емес, сізсіз ғой. Міне, осындай пьеса абырой алар еді. Неге десеңіз, бұл өмір ғой, төреңе құлдық-ау, керемет қой. Ел машина өмірін емес, адам өмірін суреттейтін пьесалар көргісі келеді.
Скупень. Көркем өнер пани Дорота, нақтылы міндетін атқаруға тиісті, тәрбиелеу ісін алдына мақсат етіп қояды.
Дорота. Ах, сіз әлгі әлеуметтік сарынды айтасыз ғой? Онсыз қабылдамайды, білем. Мұнда сарын бар ғой. «Барлығы –адам үшін», «Адамнан асыл жан жоқ»,- деп жан жақтан құр бекер айтып жатқан жоқ қой. Ал, біздің Иоланта адам емес екен. Біз әйелдерге бостандық, ерік берген заманда өмір сүріп отырмыз, азамат жазушы! Мәселе маңызды, әсіресе, типичный, түсінікті ме? Сіздің орныңызда болсам, пьесаны «Адамнан асыл жоқ»,- деп айтар едім. Жалпы мен сізге еш нәрсе таңғым келмейді, менен гөрі бұл жөнінде өзіңіз жақсы білесіз. Ал тақырып, былайша, сізге ұнай ма?
Скупень. Жазушыға бәрі де қызықты.
Дорота. Дүние-ай, не керек, жазушылық талантым жоқ. Не туралы жазатынымды білер едім ғой.
Скупень. Оныңызға қызығам. Не туралы жазуда, мәселен мен үнемі біле бере алмаймын.
Дорота. Егер сіздің ниетіңіз ғана болса етті, келіссеңіз еді... Қандай тақырыптар, қандай уақиғалар тауып бермес едім- ой... бой! Және де ешбір бас пайдам үшін емес -ау.
Скупень. Өте ризамын.
Дорота. О, шіркін, ол қандай керемет болар еді! Әрбір уақытта кездесіп тұрамыз, сырласамыз, арамызда рухани байланыс туа бастайды.
Скупень. Әдебиет тарихында бұл жаңалық емес. Сұлу әйелдің ақынды рухтандыруы ғасыр бойында аз кездеспейді.
Дорота. Ешқашан шеге заводының директорының рухтандырған емес.
Есік қағылады. Эля кіреді.
Эля. (Скупеньге). Кешіріңіз, пан директор мені сізге жіберді.
Скупень. Иә, иә, мазаңызды алғаным үшін кешірерсіз. Пьесаның планын басу керек еді. Көп емес өзі үш-төрт ақ бет.
Эля. Мен дайын.
Скупень. Қазір. Жазғандарымды әкелейін. Кешіріңіз. (кетеді).
Дорота. (Түйрей сөйлеп). Осындай уақытта да сіз қызметте болады екенсіз?
Эля. Керек кезінде біз уақытпен санаспай қызмет істей береміз.
Дорота. Е, әрине! Секретарь әйелдің қызметінің социализм құрылысы үшін маңызы зоры даусыз. Қосылатын шығарсыз, панна Эля?
Эля. Түгелдей емес, панна Дорота. Түк істемейтін адамдардың да үлкен роль атқаратыны болады.
Скупень. (кіреді қолында блокнот). Ал, мен дайын. Кірісе беруге болады.
Дорота. (кекесін күлкімен) Сіздерге бөгет етпейін (кетеді).
Скупень. Басына ірі әріптермен «Жетістік» деп жазуыңызды өтінем.
Эля. «Жетістік» жазылды.Одан әрі?
Скупень. Одан әрі... (айтады). «Кішілеу заводтың директоры, тәжірибелі өндіріс қызметкері, адал адам, бар жағынан жатымды герой...»
Эля... Бар жағынан жатымды. Болды.
Скупень. Өзім де білмеймін. Мойындау керек, мені күдік жеңіп бара жатыр, шынында да ол бар жағынан бірдей жатымды ма...
Эля. Өшіріп тастауға болады.
Скупень. Әзірше қоя тұрыңыз. Егер ол жатымды болмаса, менің бар ойлағанымның талқаны шығады.
Эля. Онда жатымды-ақ болып қала берсін.
Скупень. Сізге айтуға оп-оңай. Ал, егер бұл типично болмасашы?
Эля. Сізге не деп жауап берерімді де білмеймін.
Скупень. Сіз не жауап бермексіз? Сіз жазушы емессіз ғой. Сіз түсінесіз бе, мұнда қажет нәрсе теңбе-теңдікті сақтау керек. Жатымсыз герой жөнінде жаным кәміл: құлақтың баласы, империализмнің агенті, саботажник - аузыңның суын ағызады. Өзім күдіктене бастаған директорды ма?
Эля. Сөзіңізге кіріскеніме кешіріңіз. Жатымды рольді, мүмкін, жұмысшылардың біріне берсе қайтеді?
Скупень. Әрине болады...Бірақ...
Эля. Иә?
Скупень. Байқайсыз ба, мен жұмысшы жағын нашар білем. Сондықтан директорды алып отырмын. Қысқасын айтқанда, әңгіме заводты қайта құру жайында. Директор коллективті ұйымдастырып соңынан ертеді, ал коллективіміз-сол жұмысшылар, көпшілік сценасында топтап көрсетуге болады. Сөйтіп бәрі бірге табысқа жетеді, сонымен бірге сабатожниктың жолын кеседі.
Эля. Ә! Бұл қызықты екен.
Скупень.(қуанышты). Сіздің шыныңыз ба?
Эля. Ал, саботажниктің жолын қалай кеседі? Қай ретпен?
Скупень. Ым... Кәдімгідей. Әшкерелейді. Жиылыста әшкерелеп жолын кеседі. Ал енді қалай?
Эля. (көңілі суып) Е, солай ма...
Скупень. Сіз мақұлдамайсыз ба? Өтінем, жасқанбаңызшы. Қазіргі жағдайда сіз мен үшін оқушы жұртшылық есебінедесіз. Батыл айтыңыз.
Эля. Сұраққа рұқсат па?
Скупень. Әбден, әбден.
Эля. Ол директордың секретаршасы бар ма?
Скупень. Енді қалай!
Эля. Секретерша канден ғой? Кеңсе қандені ғой?
Скупень. Оны қайдан білдіңіз?
Эля. Үшінші актіде оның әлгі сыйлыққа нейлоновый шұлық берген саботжникпен байланысы әшкерленеді ғой?
Скупень. Иә, сүйтеді, айтпақшы жоқ, үйтпейді. Опырмай, кім айтқан сізге?
Эля. Оймен білдім. Көңіліңізге келсе де айтайын: Ондай секретарлар қазір енді жоқ.
Скупень. Қалайша жоқ.
Эля. Бұрын болған, қазір жоқ. Профсоюз арқылы да, өз тәжірибем бойынша да мен оны жақсы білем.
Скупень. ( кекесін күлкімен). Сізше, оларға не болды?
Эля. Білмеймін. Күйеуге шыққаны, күйеуге шығып дұрыс жолға түскені, дұрыс жолға түскен шығар. Әйтеуір жоқ ондайлар.
Скупень. Секретаршаны, дұрысында, алып тастауға да болар...
Эля. Сол сияқты оп-оңай әшкерелете қоятын саботажник те жоқ.
Скупень. Сіз не бұл?
Эля. Иланыңыз. Білмеймін бұрын, мүмкін, болса болған болар, бірақ, қазір уақытта емес. Бұл шындыққа жатпайды.
Скупень. Мүмкін емес! Менің ренжуіме, қатты айтып тастауыма тура келеді. Менімен бұлай сөйлесуге қалайша батылыңыз барады?
Эля. Енді тіл қатпайын.
Скупень. Жо-жоқ, сөйлеңіз. Қызық қана уақиға екен!
Эля. Шыр айнала кезек күтіп тұрған керекті мәселелер... Ал сізші? Тақырыпты өмірден алу керек.
Скупень. Мүмкіншілігінше алып-ақ жатырмын. Қалай шықпайды.
Эля. Егер сізге жатымды директор қажет болса, пан Зелинскийді модель ретінде алыңыз.
Скупень. Сіз кеңес етесіз бе?
Эля. Тамаша маман және өте ретті адам.
Скупень. Солай болсын. Ал, тартыс қайда?
Эля. Тартыс та алақаныңызда. Геройдың әйелі, мен жай мысал үшін айтам,- мещанка. Ол әйелін сүйеді және әйелінің әсерінен шыға алмайды.
Скупень. Жаман әсер ме?
Эля. Міне, сіз енді талдай бастадыңыз.
Скупень. Айтыңыз, айтыңыз... әйелі не істейді?
Эля. Білмеймін. Мәселен, әйелі күйеуін жұмысты ақсатуға, жалпы масқараға ұшыратуға шейін апаруы мүмкін.
Скупень. Зелинский.
Эля. Жоқ. Зелинский емес. Ана әлгі-пьесадағы. Директор Зелинский ешқашан ондай жағдайға бармайды.
Скупень. Түсінемін. Ол масқара іс істейді, коллектив онан жиренеді, содан барып әйеліне деген махаббат пен коллективке деген адалдық мәселесінің арасында тартыс желісі басталады ғой?
Эля. Е!
Скупень. Коллектив жағы үстем болады?
Эля. Енді қалай?
Скупень. Тіпті де жаман емес.
Эля. Нағыз типично, схема емес.
Скупень. Бұны сізге кім үйретті? Ал бұл терминологияны қайдан алдыңыз?
Эля. Оқимын. «Новая культура», «Литературная жизнь». Біздің бұл орталықтан алыс жерде уақыт жетеді.
Скупень. Сіз, құдай біледі-ау, сондай сүйіктісіз. Сізге ғашық болып қалуым ғажап емес. Оған сеніңіз!
Эля. (машинкаға нұсқап) Басамыз ба?
Скупень. Жоқ, мен әлі бәрін анықтап алуым керек. Көп мәселе жөнінде сіздікі дұрыс.
Эля. (тұрып). Онда мен оны шақырайын.
Скупень. Оныңыз кім?
Эля. Петриканы. Ол сізге бір шаруасымен келіп еді. Сіздің мазаңызды алам ба деп ұялып, анда күтіп отыр.
Скупень. Тағы күтіп отыр? Ғажап адам. Жақсы,біз оны қазір шақырып аламыз. Алдымен сіз маған бір сұраққа жауап беріңіз, бірақ жасырмаңыз. Жарайды ма?
Эля. Болады.
Скупень. Директор Зелинский жаманшылыққа бейім адам емес, дедіңіз жаңа. Осыған сенімдісіз бе?
Эля. Сіз қалайша күдіктене аласыз? Оны әлденеше жылдан бері білетін сізді айтам?
Скупень. Сіз оны жақсырақ білесіз. Сұрағыма жауап беріңіз, жаманшылыққа бейім бе, жоқ па?
Эля. Өмірде де... Инициатива, масштаб жағынан кемшілігі болуы мүмкін. Бірақ, ол жан -тәнімен жұмысқа берілген адал қызметкер. Әйелінің әсеріне қарамастан солай. Оның қолға алып жатқан жаңалықтарының бәрінің куәсі өзіңіз ғой... Оның орнында әркім мұндай тәуекелге бармаған болар еді.
Скупень. И-ә... Ал, егер... егер онысынан ештеңе шықпаса?
Эля. Яғни?
Скупень. Егер Петриканың идеясы сыннан өте алмаса. Егер ол қарт бірдемені шатастырып алған болып, бәрі желге кетсе?
Эля. (сақылдап күліп) Ол туралы ойламаңыз да! Егер бар ғой пан директор бір істі қолға алса, ол текке қолға алмайды.
Скупень. Сіз оған шексіз сенеді екенсіз.
Эля. Әрине.
Скупень. Мұндай секретарың болса, қандай рахат.
Эля. Егер ол саботажникпен байланысты болмаса.
Скупень. Е, ондайлар енді жоқ. Күйеуге шығып кеткен, немесе түзу жолға түскен.
Екеуі де күліседі.
Эля. Петриканы шақырып келейін.
Скупень. Барыңыз. Сізге үлкен рахмет.
Эля. Не үшін? Біз тіпті түк те басқанымыз жоқ қой.
Скупень. Міне, сол үшін де рахмет.
Эля кетеді, одан соң Петрика кіреді.
Изобритателге сәлем. Отыруыңызды сұраймыз. Не тілегеніңіз бар?
Петрика. Азамат біздің жақтан кетеді деп естідік пе , ә?
Скупень. Иә, уақыт енді.
Петрика. Мен қош айтайын.... және алғыс айтайын деп келдім.
Скупень. Не үшін алғыс.
Петрика. Қалай ол-не үшін? Сіз болмасаңыз, азамат, менің жобам осы күнге дейін ящик түбінде қалар еді.
Скупень. Асыра айтпаңыз енді. Директор Зелинский мұндай игілікті ұсынысқа көңіл бөлмеген болар еді деп айта алмаймын.
Петрика. Зелинский - ол жақсы директор, қадірлі адам. Ал бірақ та, бір нәрсе бұрынғы қалпында болмай, басқаша болып шықса, ол ойланып қалған сияқты болады, ә?
Скупень. Тәуекел етуге қорқады ғой?
Петрика. Ым...
Екеуі де жағдайсызданып қалады, пауза.
Скупень. Қалайда болмасын, іске жарағаныма мен қуаныштамын жақында, пан Петрика, сіздің табысыңызды тойлаймыз деп сенем.
Петрика. Ең әуелі басты менің түсінігім былай еді, азамат, сізді министерствадан шығар, зор адам ғой, былайша айтқанда, гүжбән ғой бір деп ем. Артынан барып жігіттер, қайдағы гүжбән, ешбір де гүжбән емес, жай былай... жазушы дейді.
Скупень. Иә, солай.
Петрика, Тағы айтты, сіз біздің завод туралы жазбақшы-мыс деп. Кітап деді ме, жоқ көрсету үшін деді ме әйтеуір?
Скупень. Жазбақшымын.
Петрика. Ал, азамат, менің сізге зор өтінішім...
Скупень. Е, сездім! Пьеса үшін ойлаған ойыңызды ұсынбақсыз ғой. Сіздердің бұл жерде ол бір жұқпалы дерт сияқты әдет.
Петрика. Құдай сақтай гөр. Менің бұл жөніндегі түсінігім, қорасынан адасқан кәрі саулықтың түсінігіндей.
Скупень. Енді онда немене?
Петрика. Ізгі көңілмен рахымшылық жасаңыз. Мен туралы түк те жазбаңыз.
Скупень. Ол неге?
Петрика. Былай енді. Кәрі адамның өтінішін сыйлаңыз енді.
Скупень. Түсінбеймін. Мен жазсам, сіз туралы бәрі де білетін болады. Атақ даңқтың несі жаман?
Петрика. Бізге даңқ не қажет, біз даңқсыз да өмір етеміз.
Скупень. Солай -ақ болсын. Егер жазсам, менің не қырсығым тиеді?
Петрика. Сіз байқайсыз ба, азамат, бізге мұнда газеттен келген, сіз сияқты біреу. Біздің Вечерокты жазған ол: яғни, озат адам және тағы сондайлар деп, суретін де газетке басты, ә?
Скупень. Жақсы болған. Ал, одан Вечерокке зиян келді ме?
Петрика. Мәссаған! Одан да ішіңе шаншу қадалғаны артық тіпті, кешіре көріңіз, сүзек әлдеқайда жеңіл. Қандай жағдайға душар болды десеңізші, ойлап көріңіз! Бір жерде бір комиссия не компания болса, басқа емес, тек Вечерокты сүйрейді. Жиылыс болса, басқа емес, Вечерок сөйлеу керек. Курс бола ма, жоқ басқа бір оқу бола ма кім барады? Тағы сол Вечерок. Тіпті жап-жас жігіт, ал көріңіз не болды? Қыршын жастың сорын қайнатты. Мен сияқты шалды несін сөз қыламыз?
Скупень. (сақылдап күліп) Көзімді жеткіздіңіз! Әбден жеткіздіңіз! Егер де сіз туралы жазуға тура келсе, бірде бір тірі жанға білдірмеуге тырысам.
Петрика. Зор алғыс айтам (орнынан тұрып) маған даңқтың керегі не, мен даңқ үшін істемеймін.
Скупень. Енді не үшін?
Петрика. Түк те үшін емес. Жай әншейін.
Скупень. Сіз өз ұсыныс жобаңызға қанша уақыт еңбек сіңірдіңіз. Қалайша-жай әншейін?
Петрика. Қарт тартқан шағымда уақытым жеткілікті. Мен еңбекке дағдыланған адаммын, жұмыс істемесем ішім пысады. Қалайда бір іспен шұғылдануым керек. Олай болмаса былай болсын: қалайда жақсы болсын деймін.
Скупень. Жақсы болсын деп өзіңіз айтып отырсыз ғой.
Петрика. Енді қалай? Әрине, жақсы болғаны жақсы. Әркімге түсінікті нәрсе. Жақсы істей алсаң-жаман істеп нең бар? Көбірек істеуге болса-азда нең бар? Көп істейсің, көп шабасың, ә?
Скупень. Шынында да солай.
Петрика. Көп істедің-елге пайда, көп таптың-өзіңе жақсы. Бірақ есеп.
Скупень. Пан Петрика, сіздің сана-сезіміңіз биік сатыда екен.
Петрика. Сана-сезім әрине. Егер оның үстіне атағың болса ғой. Білесіз ғой, көбіне тәжірибеден аламыз. Қалай десеңіз, олай деңіз қырық жыл бойына өндірістеміз, ә? Жарайды, енді, уақытыңызды алмайын.
Скупень. Тұра тұрыңыз, пан Петрика... Сіз теориялық тәжірибе жағынан ақсайым дедіңіз. Ешкім сізге көмектесе ме? Мәселен, осы соңғы жұмысыңызды алайық. Ана барлық чертеждарды, расчеттарды директор Зелинский қарап шыққан болар? Солай емес пе?
Петрика. Бәле, оған о кісінің уақыты қайда? Қол тимейді, директор емес пе?
Скупень. Е, ол тексерген де жоқ па? Сол қалпында өндіріске қоя берді ме?
Петрика. Солай болғаны ғой.
Скупень. Ым...
Петрика. Ал, азамат, мен кеттім, сау болыңыз.
Скупень. Сау болыңыз, пан Петрика. Әңгімеңізге рахмет.
Петрика кетеді, жүгіріп Дорота кіреді.
Дорота. Әрең шыдадым. Соңғы минутымызға шейін қинап жасады -ау.
Скупень.Саспаңыз. Жиналуға уақытым жетеді әлі.
Дорота. Сіз кеткен соң, бұл үйде не сиық қалады, ойыма алуға да қорқам. Бос үй... Бос өмір... Бұрынғысынан да жаман.
Скупень. Бір аз ғана шыдаңыз, пани Дорота. Жақында Стахтың қолы босайды, сонан соң....
Дорота. Сіз айтыңызшы. Мен әлі де адамға сүйікті бола алам ба? Сіз ол жағын жақсы түсінесіз ғой.
Скупень. (сасып қалып). Иә, әрине... Сіз, пани Дорота, өте сүйкімді әйелсіз. Қанша сүйкімділік....
Дорота. Аузым үлкендеу, оны өзім де білем. Бірақ, сүйкімді. Аяғым да жаман емес, білмеймін, сіз оған көңіл бөлдіңіз бе?
Скупень. Солай болар, солай болар...
Дорота. Яғни, сіз мені сүйкімді бола алады деп есептейсіз ғой.
Скупень. Дау жоқ.
Дорота. Тілеуіңіз берсін, айтыңызшы онда, Дембновецта кімге ұнауға тиіспін? Родомнан келген пан инспекторға ма, әлде Менгожевский сияқты шалға ма?
Скупень. Меніңше, мұндай әйелге тап келген еркек дүниедегі тірі жанның ең бақыттысы деп білем.
Дорота. Қойыңызшы енді. Онан да айтыңызшы, сізге ұнаймын ба, өзіңізге? Бірақ, бұлтармай дұрысын айтыңыз.
Скупень. (күбілжіп) Маған ба?... Мен?...
Дорота. Жо-жоқ! Айтпай-ақ қойыңыз, керегі жоқ! Біздің достық басқаша, тіпті басқаша ретте болуы керек... Есіңізде ме, мен сіздің екеуіміз бірге отырып жазайық деген ұсыныңыз туралы қатты ойландым. Ойбай, бұл керемет нәрсе.
Скупень. Менің ұсынысым?
Дорота. Сіздің пьесаңыз қандай болу керек, мен қазір енді әбден білем. Тыңдағыңыз келе ме?
Скупень. (еріксіз жеңілдік тауып) Иә,иә... әбден.
Дорота. Сіз есіңізде ме, әлгі мен айтқан завод пен оның директоры?
Скупень. Есімде.
Дорота. Ол директордың әйелі ше?
Скупень. Иоланта?
Дорота. Ең дұрысы Дорота болсыншы.
Скупень. Болсын.
Дорота. Мен бәрін, бәрін де ойладым. Қалаға директордың мектептес жолдасы, белгілі жазушы келеді. Ерекше көрікті... әрі сүйкімді!
Скупень. И-ә...
Дорота. Әйел жанды.
Скупень. Ойбай, жоқ.
Дорота. Нағыз өзі, әйтпесе уақиға бір орнынан жылжи алмайды.
Скупень. (ыңғайына көніп) Болсын.
Дорота. Ол завод туралы пьеса жазбақшы. Бұл арада енді үндестік болу үшін, өндірісті біраз көрсету керек болады. Байқайсыз ба, мен бәрін де ойладым.
Скупень. Иә.
Дорота. Әрине, үндестік керек. Ал, көңілсіз болмауы да қажет. Махаббат керек. Ма-хаб-бат! Одан әрі енді былай болады. Әлгі жазушымыз ана Доротаға ғашық болады. Естен танғандай! Жынды адамдай болады! Бірақ, онысын құпия сақтайды. Байғұсқа қандай ауыр жағдай десеңші! Амал не, жолдасының әйелі. Керемет емес пе?
Скупень. Керемет.
Дорота. Ең тамашасы, әйел де оған ғашық. Иә, иә! Екеуі бір-біріне соншама жан тартады, көркем өнер жайында шексіз айтыса береді, тағысын тағылар. Ал күйеуі, әлгі директор, үнемі сол өзінің заводында айналшықтаумен болады. Түсінікті ме?
Скупень. Түсінікті.
Дорота. Одан соң әр түрлі шиеленісулер, белестер, өткелдер-ол жағына енді мамансыз ғой, өз күшіңіз де жетеді... Ең ақырында, шешуші кезең-табыңызшы қандай болуы керек?
Скупень. Таба алмадым.
Дорота. (мақтанып). Ол өзімен бірге әйелді Варшаваға алып кетеді! Эпилог- Варшава, Ескі қала, олар сондай бақытты, терезеден зәулім үйлер көрініп тұр, көк кептерлер...
Скупень. Қиялыңыз қандай еді!
Дорота. (қуанышты) Ұнай ма сізге? Көркемөнер өмірге ілесіп отыру керек дейді, ал меніңше, көркемөнер өмірден алда болуы керек, а? Мен тіпті бір жерден оқыған сияқтымын. Бұл жөнінде сіз қалай дейсіз?
Скупень. Шынында, бұл жөнінде не ойлайтынымды да білмеймін.
Дорота. Міне осы- дұрыс, ойламайық, не керек ойлай?... Ойлау керек емес-сезім керек!... Сіз енді түсінесіз ғой. Сіз ондай емессіз, сіз басқасыз, сіз тіпті бар ғой, тіпті басқасыз... Иә, иә, міне былай-көзді жұму керек те-сезім толқынының құшағына ену керек...
Скупень. (қайтерін білмей) Пани Дорота...
Дорота. «Пани Дорота»: қалай тамаша айттыңыз. Маған өз есімім ешқашанда ұнаған емес еді, қазір енді қандай сүйікті көрініп кетті. «Пани Дорота!». Қалай сіз тамаша таптыңыз: Ойламау керек, сезіну керек.. Шіркін, сіз... Сіз-ақын! Солай-солай, сезіне білейік! Күшті, ең күшті... Міне былай...
(Скупеньді аймалай, еркелейді)
Скупень. (шошына) Пани Дорота...
Дорота. Пан Юлиан... Юлиан! (сүйенеді). Юликжан... (Терезеге қарайды). Опырмай, онда біреу тұр ғой. (қаша жөнеледі).
Скупень. (Терезеге келеді) Чижик! Сіз мұнда неғып жүрсіз?
Чижик. (Терезеден көрініп). Не істеуші едім? Серуендеп жүрмін.
Скупень. Дәл осы жерде. Нағыз сондай уақытта.
Чижик. Мен дәл, нағыз солай болар деп ойлағаным жоқ.
Скупень. Мүмкін. Маған сізбен түсінісу қажет, сізге де түсінісіп, сөйлесу жаман болмас. Кіріңіз мында құрсын. Терезеден сөйлесіп тұра аламыз ба, кіріңіз енді!
Чижик. Кіруге болады. Неге болмасын? ( Терезеден кіреді)
Скупень. Ал, еркек пен еркек сияқты сөйлесейікші. Жаңа не көрдіңіз, сіз көрмеген болыңыз, түсіндіңіз бе? Біз пани Дорота мен пьесаның бір көрінісіне жай репетиция жасаған едік. Ол ешқашанда жазылмайтын жаман, тозығы жеткен пьеса. Пьеса болмайды, оның көрінісі де болған жоқ. Түсінікті ме?
Чижик. Оның түсінбейтін несі бар? Әрине түсінікті.
Скупень. Ал, енді айтыңызшы бұл менің тереземнің алдындағы серуініңіз қай серуен.
Чижик. Айтуға тура қояр ма екен?
Скупень. Бұл нендей жай, білгім келеді? Маған тыңшылық істеп жүрген жоқсыз ғой, пері соғып кеткір? Директор сізге соншалықты риза адам емес, бірақ...
Чижик. Айтуыма да болады-айтпайтын несі бар?
Скупень. Қане!
Чижик. Дежурдамын.
Скупень. Немене?
Чижик. Айттым ғой. Дежурство!
Скупень. Қандай дежурство?
Чижик. Айтуға ма?
Скупень. Ойпырмай, айтсаңызшы!
Чижик. Салғаннан айта алмайсың. Ретімен айту керек. Қысқасы, заводта рационализация туралы хабар естілгенде, әңгіме туды.
Скупень. Қандай?
Чижик. Түрлі-түрлі. Әркімдікі әр қалай.
Скупень. Ризалық па?
Чижик. Не деуге болады?...
Скупень. Қарсы ма?
Чижик. Неге қарсы? Күтуде.
Скупень. Е...
Чижик. Әрине, риза еместер де болды. Сыга, Бердиковский, Шпана! Норманы арттырады деп қорқады. Санасыз жандар.
Скупень. Солай ма?
Чижик. Оның үстіне келіп, рационализацияны жазушы жолдас қолдайды деп Петрика мақтанды.
Скупень. Онда не тұр?
Чижик. Не тұр , қорқытқысы келеді олардың...
Скупень. Қалайша?
Чижик. Жолдас жазушының тұмсығын бұзамыз деп қорқытады.
Скупень. Тұмсығын бұзамыз дейді?
Чижик. Неге бұзбауға? Бұзады.
Скупень. Не бұл расында? Не дейміз бұны?
Чижик. Тап күресі.
Скупень. Рахмет мұндай күреске.
Чижик. (зілсіз ажуамен). Саяси сауат ашу сабағынан өзіңізге мәлім, тап күресі әр түрде бола береді. Тұмсық бұзу-ол да бір түрі. Ерекше бір түрі. Әзірше жазушы жолдас жазумен ғана шұғылданған кезінде, ол тек сыншылдардан ғана қауіптенеді, ал енді белсене кіріскенде...
Скупень. Ойпырай, тұмсық бұзады дейсіз бе?
Чижик. Белгілі кәсіп.
Скупень. Айта көрмеңіз, керемет жағдай екен.
Чижик. Керемет пе, жоқ па-бәрі бір емес пе?
Скупень. Менің өзіме бәрібір емес.
Чижик. Рационализация қалай боп шығады әлі, соғылған немелердің. Біздің әдебиетімізді соққыға жығуы үшін ол дәлел бола алмайды. Жігіттер жиналып, сақтықта қорлық жоқ, жазушы жолдасты өз бақылауымызға алайық деп келістік. Беске дейін Кравчиковский күзетші болды, қазір мен, сағат жетіден- Матяшек.
Скупень. Мәселе қайда жатыр! Ал,рахмет...
Чижик. Ештеңе емес. Біз әлеумет жұмысы ретінде....
Скупень. Жо-жо, сонша ризамын. Ал, рационализациядан ештеңе шыға ма, жоқ шықпай ма-ол жөнінде сіздің пікіріңізді білгім келер еді.
Зелинский. (жүгіріп кіреді). Зорға босадым. Монтажды аяқтап қалдық. (Чижикке). Сіз мұнда неғып жүрсіз?
Чижик. Мен не істеуші едім? Әңгімелесеміз.
Зелинский. (Скупеньге). Сен жиналдың ба?
Скупень. Маған көп уақыт керек емес.
Зелинский. Уақыт болды, асығыңыз!
Скупень кетеді.
Сіз, Чижик, көрінген жерде көзге көп түсесіз де, жұмыста сирек көрінесіз.
Чижик. Ондай болады.
Зелинский. Өзіңізді сіз озаттар қатарында, активист тағы әлдекім деп есептейсіз. Қалайша осының бәрін сиымды санайсыз? Айта аласыз ба?
Чижик. Айта алам, айта алмайтын несі бар?
Зелинский. Борышты болайын.
Чижик. Қажетсіз нәрсе.
Зелинский. Қалай ол-қажетсіз?
Чижик. Біз бір –бірімізді бәрібір ұқпаймыз.
Зелинский. Сіз мені қалай түсінетініңізді білмеймін, мен сізді ұғам. Абыроймен жұмыс істегеннен, алжасып түк бітірмей жүрген әлдеқайда оңай нәрсе.
Чижик. Абыроймен жұмыс істеу? Абыроймен жұмыс істеуге болады, бірақ, абыроймен айтқанда, сізбен емес.
Зелинский. И-ә... Сізді ренжітетін не нәрсе, жалақы бермей ме?
Чижик. Неге бермесін? Береді.
Зелинский. Егер де жақпаған жеріміз болса, біз сізді ұстамаймыз.
Чижик. Ұстағыларыңыз келсе де, ұстай алмас едіңіздер. Абыроймен істеу! Ойбой! Абыроймен істейтін жер бар! Варшавада-Жаңа Гутеде... Егер адам онда істейтін болса, не үшін істейтінін біледі.
Зелинский. Онда да тұрақсыздарға құрмет аз.
Чижик. Дұп-дұрыс. Бірақ, онда, өзі жат элемент болмаса, жанын салады. Ой-бой! Не жоқ онда. Жарыс....Жаңа әдістер... Социалистік қарқын. Онда-шын өмір. Мұнда не? Кешріңіз, бос дауырығу. Жұмыс жаныңды салуды тілейді.
Зелинский. Бұндай әңгімелерді естігеміз. Көңіл болсын, жұмыс қайда болсын табылады. Жарыстар бар бізде.
Чижик. Неге болмасын? Бар. Тек қағаз жүзінде.
Есікте Скупень, плащын киген, қолында чемодан.
Зелинский. Завкомнан сұраңыз, бұл менің шаруам емес. Ал жаңа әдістер дейтін болсақ-менен кем білмейсіз, жаңалық енгізіп жатқанымызды.
Чижик. Білеміз, неге білмейік? Бәрі біледі.
Зелинский. Ендеше неге қанжығалап болмайсыз?
Чижик. Бірақ, не жаңалық енгізіп жатқаныңызды білмейді?
Зелинский. Не дедіңіз?
Чижик. Білмейді дедім. Не партия ұйымы, не завком дирекция оларға айтқан жоқ, ақылдасқан жоқ, қайдан біледі олар. Оның үстіне ескілік иісі аңқып тұрған жаңалық, оларға жақпайды да.
Зелинский. Чижик! Сіз тым артық кеттіңіз.
Чижик. Рационализация заводқа емес, директорға керек деп жүр ғой.
Зелинский. (Абыржып) Солай дей ме? Анық па?
Чижик. Неге айтпасын? Айтады.
Скупень. Жүрмейміз бе? Мен дайынмын.
Зелинский. Иә, иә. Жүрелік...
Скупень. Қош болыңыз, Чижик! Бәріне сәлем айтыңыз!
Чижик. Неге айтпаймыз, сәлем айтамыз. Көріскенше сау болыңыз, жолдас жазушы (кетеді).
Зелинский. Дорота өзінде ме екен, білмедің бе? Жүр, қош айтысып шық.
Скупень.Барайық.
Зелинский. Тұра тұр... Осындай оңашада... Гуркевич туралы ұмытпа.
Скупень. Ұмытпаймын, ұмытпаймын.
Зелинский. Пьеса туралы да қалай қабылдағанын жаз.
Скупень. Жазам, жазам. Бірақ, сенің есіңе салғым келеді, мен кейбір өзгерістер енгізем.
Зелинский. Атап айтқанда?
Скупень. Ең алдымен саботажникті алып тастайын.
Зелинкий. Қалай? Тап жауы-ші?
Скупень. Ол қалады.
Зелинский. Ол кім?
Скупень. Директор.
Зелинский. Кі...ім?
Скупень. Ди-рек-тор.
Зелинский. Тұра тұр, мүмкін, басқа біреу болар, Квятковский емес қой, әйтеуір?
Скупень. Дәл соның өзі. Ол жатымсыз типтің заводқа кесел келтіріп,өз басы үшін әрекет еткені анықталды.
Зелинский. Квятковский ше? Ойбай-ау ол... ( Еріксіз қолымен кеудесін нұсқайды)
Скупень. Иә, Квятковский. Пьесаның атын да өзгертем. Қазіргі аты: «Қаскүнем»
Зелинский. Қаскүнем?
Дорота. (Жолға әзірленіп киінген, қолында саквояжы) Мен дайын.
Зелинский. Бұл не?... Сен де жүремісің?
Дорота. Мен де Пан Юлиянмен. Варшаваға.
Скупень. Менімен?...
Дорота. (Зелинскийге). Сен не болсаң, о бол, қарағым! Осы Дембновцің бе, Шайтановцің де құри бер. Ал мені мұнда қалдыра алмайсың. Мен жаспын. Мен өмір сүргім келеді.
Зелинский. Дорота, тыңдашы...
Дорота. Әйелдің міндеті, тағы немене, әлеуметтік борыш тағы сондай бірдемелер дейтініңді, айтпай-ақ білем. Жетеді енді! Ең алдымен қарыз, борыш өз өзімен. Мен қартайып қалатын болсам, бірде бір социалист маған көз де салмайтын болса, социализм құрып жатқаныңнан не пайда... Әлі уақыт өтпей тұрғанда, мен өмір сүргім келеді!
Зелинский. Айналайын-ау, Дорота...
Телефон соғылады.
Алло? Иә, мен... Немене? (Қысыла тыңдайды, соңынан трубканы сылбыр ғана орнына кояды)
Скупень. Заводтан ба?
Зелинский. Иә...
Скупень. Не болған?
Зелинский. Сәтсіздік. Тәжірибе жұмысы. Сәтсіздік (Дорота мен Скупеньге көз тастап). Айнала сәтсіздік!
Шымылдық.
Достарыңызбен бөлісу: |