ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ
ҚАЗАҚ ФИЛОЛОГИЯСЫ КАФЕДРАСЫ
СӨЖ
Тақырыбы: М.Мағауинің «Қыпшақ аруы» повесіндегі уақыт пен кеңістік ерекшеліктерін талдау
Орындаған: Қанат П.Ш.
Тексерген: Абдикулова Р.М.
Алматы, 2022 ж
Жоспар:
Көркемдік уақыт пен кеңістікке анықтама беру
М.Мағауин шығармаларындағы мекеншақ категориясы
«Қыпшақ аруы» повесінің қысқаша мазмұны
«Қыпшақ аруы» повесіндегі уақыт пен кеңістік ерекшеліктерін талдау
Көркемдік уақыт пен кеңістік – әдебиеттану ғылымындағы мәні терең өзекті мәселелердің бірі. Болмыстағы құбылыстардың барлығын біз осы өлшемдер арқылы ғана бағамдай аламыз. Тылсым табиғатта мезгіл мен мекен заңдылығына бағынбайтын еш нәрсе болмас. Кеңес заманында таптық ұстанымға сүйенген зерттеушілер кеңістік пен уақытты тарихи уақыттың ғана ішінде қарастырды. Алайда соңғы жылдары көркем шығармадағы уақыт пен кеңістік мәселесін зерттеген теориялық еңбектер жарық көруде. Орыс әдебиеттануында көркемдік кеңістік пен уақыт турасында алғаш сөз қозғаған ғалымның бірі – М.Бахтин. Ол көркем шығарманың бітіміне лайық өзара байланысқа түсіп, көркемдік қызмет атқаратын уақыт пен кеңістіктің бірлігін «хронотоп» деп атайды. Көркем шығармадағы «хронотоп» немесе «мекеншақ» (Б.Майтанов) ұғымы әлемнің философиялық-логикалық моделін бейнелеу арқылы өтпелі дәуір әдеби процесіндегі терең өзгерістерді пайымдауға мүмкіндік береді. М.Бахтин: «Әдеби көркем шығармадағы хронотоп дегеніміз – уақыт пен кеңістік белгілерінің нақтылы бір бүтіннің табиғатына лайық бірлікте көрінуі. Мұнда уақыт қоюланып тығыздалады, сығылысады. Сөйтіп көркемдігімен көзге түсетіндей дәрежеге жетеді: ал кеңістік болса, шоғырланады, тарихтың, сюжеттің, уақыттың қозғалысына бағындырылады. Уақыт таңбасы кеңістікте белгіленіп көрінеді. Ал кеңістік уақыт арқылы танылып, уақыт арқылы өлшенеді. Мінеки көркем хронотоп қатпарлардың осылай қиысып,белгілердің осылай қосылып, тұтастануымен сипатталады»,- деп анықтама береді.
Көркем шығармадағы кеңістік пен уақыт сол шығармадағы оқиға, іс-әрекеттерге қатысты өзгереді. Ал олардың алмасуына, бір-біріне қатысты жүйеге түсуіне әлеуметтік жағдай себепші, іс-әрекеттің мән-мағынасына бағындырылған. Шығармада қаһарманның дүниеге келген сәтінен кемеліне келген шағына дейінгі кезеңді тездетіп баяндау, уақытты сығымдау немесе оны созу, оқиғаны тек соның айналасына жинақтап, дамыту т.б. уақыт пен кеңістік категорияларына да әсер етеді. Реалды уақыт үздіксіз өтіп жатады және үнемі алға біркелкі жылжиды. Бізді қабылдауымызда уақыт кейде ақырын, кейде жылдам ауысқандай болады. Ал көркем шығармадағы уақыт оқиғаның суреттелуіне байланысты бірде жедел, бірде баяу жүріп, кейде үзіліп те отыруы мүмкін. Қайсыбір шығармаларда оқиға аяғынан басталып, суреткер уақытты кейін қарай жылжытып көрсетуі мүмкін.
Мұхтар Мағауин поэтикасындағы күрделі тақырыптарды дүниетанымдық тұрғыдан көркем бейнелеу үлгісін ғылыми саралау – бүгінгі қазақ прозасының бастау көздерін анықтауға негіз болады. Соны ізденістер арқылы жазушы шығармаларының сөздерін жетілдіріп, рухани әлемімізді жаңа әдіс-тәсілдермен, бейнелік оралымдармен, жаңа сөз тіркестерімен образдық үлгілермен толықтырған. Оның поэтикалық әлеміндегі бейнелі суретті образдардың мәні қазақтың ғана емес, жалпы адамзаттық ақыл-ой дүниесімен астасып жататындығымен құнды. Қаламгердің көп қырлы шығармашылығы тақырыптық мазмұны, көркемдік болмысы алуан түрлі, әрі күрделі. Оның негізі қай қоғамның да көкейкесті мәселесі болып келген адам тұлғасы мәселесін көтеруде жатыр.
Мұхтар Мағауин жазушылықпен қатар, әдебиет тарихын зерттеумен де айналысқан қазақтың көрнекті тұлғасы. Оның көркем туындыларының көбінде жазушының ғалымдық бейнесі, ғылым саласының қайшылықты сәттері, зерттеу жұмысын жүргізудегі шығармашылық әрекеттері, тарихтағы атақты хан, билер – басқарушылардың қайраткерлік-басшылық істері, бірнеше уақыт бойы көпшілікке белгісіз болып келген қатпарлы тарих беттері архив деректерімен, ең бастысы, ұлтқа, тарихқа деген жанашырлық сезіммен баяндалған. Ресей империясы, кейіннен Кеңестік уақытта отарланып, теріс бұрмаланған, қате түсіндірілген, цензураға ұшыраған қазақтың әдеби, тарихи мұрасын қайта қалпына келтіруде өзіне үлкен жауапкершілік жүктеген М. Мағауин прозалық туындыларында жоғалған ескі тарихты қайта тірілтіруге күш салды. Тарихшы, археолог С. Плетневаның «Қыпшақ тас мүсіндері» альбомындағы тарихи мүсіндер әлемі, әсіресе, қыпшақ әйелінің әсем мүсіні жазушыға «Қыпшақ аруы» хикаятын жазуға түрткі болған.
«Қыпшақ аруы» повесі жазушы ізденісінің кесекті бір белесі екендігі сөзсіз. Шартты жағдайдағы эмоция. Көзге ұрып тұрғаны - соны ізденіс, соны үлгі, соны үрдіс, соны стиль. Повестің «Қыпшақ аруы» деп аталуының өзі шартты атау сияқты. Өйткені, біздің ескі бабаларымыз номадтардың ұрпағы. Мұнда жазушы көптеген тарихи, әлеуметтік-философиялық категорияларды шендестірген. Тоғыстырып, соны бір-бірімен салыстыра отырып, өзінің түпкі ойын әркім өзің шешіп ал дегенге дейін келтірген сияқты. Жеке адам мен қоғам. Қоғам мен тарих. Тарих пен ұлт. Интеллект пен жалпы қоғамдық сана. Болмыс пен бітім. Осы мәселелермен қоса эстетикалық көзқарастардың қақтығысы. Жеке түйіндеулер. Осылардың бәрін бір көркемдік үрдістің арқауына байлай отырып, жеткізеді. Сөзімізді нақтыласақ, Мұхтар Мағауин неше ғасырлық қазақ әдебиетінің, қазақ тарихының, тасқа түскен тарихын, археологияның тас жазуларынан бастап, бүкіл қазақтың сөз өнеріндегі бейнеленген тарихын осындай қысқа шығармаға сыйдырған дейміз.
М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы» хикаятында ХІ ғасырдан бүгінге дейінгі өнер адамының (Қыпшақ ханы Көбектің бәдізші ұлы Саржан, оның бүгінгі жалғасы мүсінші Көбеков Саржан) қилы тағдыры арқылы ұлтымыздың тарихы, саяси өмірі, мәдениетінің көкейкесті мәселесі қозғалады. Хикаятта ХІ-ХХІ ғасыр аралығындағы оқиғалар, яғни мың жылдық шегіндегі ел өміріндегі елеулі бел-белестер қамтылады. Автор хронологиялық аса ауқымды дәуірді қамту үшін мифопоэтикалық символдарды сәтті қолданып, нәтижеге жеткені көрінеді. Хикаятта кеңестік кезеңде өмір сүрген дарынды мүсінші Саржан тылсым жағдайда бүгінгі өмірден жоғалып, өзінің түпкі бейнесі қыпшақ ханы Көбектің ұлы бәдізші Саржанның дәуіріне өте алады. Осылайша замандар мен дәуірлер, өткен мен бүгін, тірі мен өлі, аруақ пен адамдар өзара тоғысып, тілдесіп, алмасып жатады. Уақыт пен кеңістікке бағынбау, ғаламдарды еркін шарлау, кедергілерді елемеу – мифопоэтикалық танымның төл белгісі. Олай болса, М.Мағауин бұл шығармасында реалистік стильден саналы түрде алшақтап, керісінше, фольклорлық танымға табан тіреген деп түйін жасауға әбден негіз бар.
Дәстүрлі танымда тірі адамның мүсінін қашауға, суретін салуға тыйым салынады, өйткені, бабаларымыз адамның жаны сол бейнелерге көшіп кетеді деп сенген. Түрік халықтары адам өлген соң оның бейнесін елестетіп қуыршақ жасаған, мүсін қашаған, кейіннен тұл орнатқан, ондай нысандарға аруақ (онгон) деп табынатын болған.
Хикаяның басында жазушы революция ерлерін сомдап тоқырай бастаған мүсінші досына С.А.Половцеваның «Қыпшақ тас мүсіндері» деген альбомын тарту етеді. Мүсінші ризалық білдіріп, жазушы досының мүсінін қашағысы келеді. Бірақ оған кейіпкер: «Болмайды, - дедім, Саржанның шынымен айтып тұрғанына көзім жетіп. - Мен тәңіріге, әруаққа және тылсымға сенетін кісімін. Жадағай, жалғыз-ақ өлшемдегі фотосурет емес, басыңның, бар бітіміңнің нақпа-нақ көшірмесі – қолдан жасалған сыңарың... Мүмкін, шайтан қонар. Ең қорқыныштысы – менің жаным өзімді тастап, сол мүсінге көшіп кететін шығар. Түгел болмаса да, тең жарым, бөлшек бітісімен.... Рахмет, әуре болмай-ақ қой, - дедім». Бұл эпизодты повестің мифологиялық сананың құлақкүйі деуге болады. Саржан альбомды ақтарып отырып, қыпшақ аруының тас мүсініне тап болады, оған ғашық болып қалады. «Қыпшақ аруы» – тас мүсін – Саржанның өз-өзін табуға көмектеседі. Өнердің құдіреті. Ұлттық өнердің кереметі де сол емес пе: қатарынан асып туған мүсіншінің сана түкпірінде бұғып жатқан архетиптерін, кодтарын оятады. Қазақша айтсақ – аруағын оятады, тірілтеді. Балбал тас – аруақтың жер бетіндегі бейнесі. Аруақ-тірі. Балбал тастың айналасында ұшып жүр. Ол мүсіндер орналасқан Украинаның Херсон өңіріне сапар шегеді, музейлерді аралайды, балбалдармен сырласады, қыпшақ тарихына қатысты еңбектермен жіті танысады. Ақыры тас мүсіндегі қыздың аты Айсұлу бегім (ХІ ғасырдағы жары), өзінің бір кездегі қыпшақ ордасындағы мүсінші Көбек ұғлы Саржан екенін сезінеді. Қазақша айтсақ, Саржан – аруақ қонған, аруақты ер. Енді өзінің де, жары – Айсұлу бегімнің де мүсінін толық қашап шығуы керек. Сонда ғана аруақ толық тіріледі. Қалпына келеді. Осылайша мүсінші өнердегі ең биік мұратына ұмтылады. Өнердің шыңына жеткенде ғана сурет, жансыз мүсін тірілмек. Сөйтіп өзін-өзі жоғалтып таба алмай жүрген мүсінші Саржан Көбеков «мазмұны да, формасы да ұлттық» бірегей өнер туындысын жасау арқылы өзін табады. Бұл іске Айсұлу бегім аян беру арқылы қолдау көрсеткен соң Саржан іске шұғыл кіріседі. Мүсін жасалып болғанша Саржан екі дүниенің ортасында жүреді, бұрынғы бабалардың әлеміне барып, саяхаттап келіп отырады. Межелі мерзімге жеткенде досын шақырып: « Ал, Мұхасы, Уақыт тығыз» - дейді де мүсіндерге жан кіргізу рәсімін бастап кетеді. Әуелі жігітке жүрек тұсындағы сол жақ шарайна үстіне шапқысын жиектей салады да мынадай арбау сөз айтады: « –Уа, тәңірім! Қуат бер, құтын қайтар, жан бер!». Ежелгі түріктер жанды құт деп те атайды, демек жазушы магиялық ескі үлгіге де иек артады. Қисынсыз жайттардан кейін өнер иесінің қала көшелеріне тұрғызған мүсіндері, тіпті энциклопедиядағы өмірбаяны да қырық күннің ішінде тылсым жағдайда жоғалады. Жазушы бұнда қырық күнді бекер алып отырған жоқ, өйткені дәстүрлі түсінікте адамның рухы қырық күнде арғы дүниеге өтіп үлгереді ғой. Әрине, совет кезеңінде реалистік роман дәстүрінде тәрбиеленген оқырман үшін мұның бәрі мистика, елес болып көрінуі заңды. Жазушы бұны да алдын ала қарастырған. Реалист оқырманның кейпіндегі рөлді Жазушы өзі атқарады. Таң қала отырып, өз бойындағы күмән мен тұманды, сезік пен сескеністі қатар жеңе отырып, өзі де әрең сенеді, оқырманды да сендіреді.
«Мағауин осындай мистикалық астарлау арқылы бүгінгі ғалымдардың ата- баба тарихына жауапсыздығын меңзейді. Ата-бабаның текті екенін түсіндірген ғалымға бүгінгі қоғамда орын болмауы мүмкін деген ойды осылай мистикалық жоғалу арқылы айқындайды. Негізі мұндай мистикалық элемент – қазіргі постмодернистік əдебиетте кеңінен қолданылатын амал» – дейді ғалым А. Ісімақова.
Сюжет бойынша, Саржан Көбеков бұрынғы қыпшақ даласына саяхат жасағанын, С.А. Половцеваның альбомындағы көптеген мүсіндерді өз көзімен көргенін және онда өзінің мүсінін таба алмағанын жеткізу үшін баяндаушы-кейіпкерге қоңырау шалады. Осындағы композициялық бөлікте автор аллюзия әдісі арқылы Кеңес кезеңіндегі Саржан Көбеков (жазушының жарты бөлігі және шынайы өмірдегі прототипіне жақын келетін қайраткердің есімі жоғарыда аталған) пен 12-ғасырда өмір сүрген Саржан Көбекхан ұлының арасында ирреалды уақыт жарату арқылы мистикалық байланыс орнатады. Автордың ойынша, реалды уақыттағы – қыпшақ ордасындағы мүсінші Саржан Көбекхан ұлының мүсіні отаршылдық дәуірінде қиратылған. Шынайы уақытта Мағауиннің өзі ежелгі түркі-қыпшақ даласына сапар шеккенде 12-ғасырдағы бәдізші Саржанның мүсіні қиратылған болуы мүмкін. Тарихтың осындай әділетсіз жағын жазушы аллюзия және трансгрессия әдістері арқылы көрсеткен.
Хикаяттың баяндалуы барысында мүсіндердің арасынан өз мүсінін таппаған Саржан Көбеков «Мен бармын ба? Бар екенім рас па? Мен – Саржан Көбеков!» деген сауалдар қою арқылы мистикалық-фантастикалық ойларға беріледі. Баяндаушы әрі Саржанның өнерін ерекше бағалаушы функциясындағы кейіпкер «Барсың!» деп жауап береді. Мұндай диалог арқылы ескі түркі-қыпшақтардың бүгінгі жалғасы – сен/мен (С. Көбеков / М. Мағауин), яғни, қазақ халқы деген деген ойды астарлап жеткізеді.
Хикаттың бір тұсында автор шығарма жазылып жатқан реалды мекеншақтағы нарративтерден баяндау әдісі арқылы мистикалық уақыт пен кеңістікке оңай өтеді. Ал туындыда кескінделген уақыттың көп бөлігі ХХ ғасырға (60-80 жылдар) жатады. Ал шығарманың жазылу уақыты ХХІ ғасырда (2004) жүзеге асып жатқанда автор уақыт пен кеңістікті сығымдау арқылы Саржан мен Айсұлу бегімді 1173 жылы қыпшақтар мекен еткен Қара теңіз бен Азау теңізге, басқа да географиялық мекендерге ойша саяхатқа шығарады. Сөйтіп, жазушы қиялы мистикалық және фантастикалық уақытты тоқтатып қойып, Саржанға аспанда қалықтап жүріп, өзінің ежелгі қыпшақ ордасының тарихы, дәстүрлі тұрмысы, өмір сүру салты, мәдениеті тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді. Реалды уақыт пен кеңістікке қайта әкеліп, Саржанға 1173 жылғы куә болған оқиғаларын баяндауға мүмкіндік туғызады. Саржан өзінің және әйелі Айсұлу бегімнің мүсінін бедерлеп болғаннан кейін ежелгі өзі өмір сүрген қыпшақ қонысына қайтуға бел буады. Айсұлу бегім жазушының болашақта жазылатын шығармаларының уақытын да нақты айтып береді және бұл Саржан арқылы авторға жеткізіледі. «Ал келесі ғасырдың басында осы... кейінгі... мүсін тарихын адам сенбес хикаят ретінде қағазға түсіреді екенсің... 2004 жылы». Реалды уақыт пен кеңістікте жүзеге асқан шығармашылық әрекеттер постмодернизмнің метапроза әдісі арқылы шығарманың көркемдік әлеміне енгізілген. Автордың тәңіршілдік дүниетанымы мистикалық әрекеттер арқылы Айсұлу бегімнің мүсінімен аз ғана тілдесуге мүмкіндік береді. Автордың шексіз қиялы арқылы қыпшақ аруының мүсініне аз уақытқа жан бітіріп, қайта мүсін формасына келтіреді. Хикаяттағы Саржанның мүсін жасайтын шеберханасы реалды және ирреалды – мистикалық мекеншаққа ауыстырып немесе өткізіп отыратын деталь ретінде бейнеленген. Яғни шынайы және мистикалық әлемнің межесі іспетті.
«Қыпшақ аруы» хикаятында мифопоэтикалық әрлеулер көркемдік құрал ретінде, шынымен, мол қолданылғандықтан (расында, бұл туынды жазушы М.Мағауиннің жеке шығармашылығында ғана емес, қазақ әдебиетінде мүлде тосын, соны стильдің басы болғандықтан да) сырттай қараған жанға шығарма тылсым рай танытады. Бірақ шығармада бүгінгі тұрмыс-тіршілік деректермен суреттеліп, қоғамдық-рухани өміріміздегі әдепкі істер айна-қатесіз әшкереленіп отырады.
Хикаят туралы ойымызды түйіндегенде, «Қыпшақ аруы» туындысының жазылуына 12-ғасырда өмір сүріп, бүгінге зақымдалған, сынған мүсіні жеткен қыпшақ әйелінің сұлбасы түрткі болған. Сонымен қатар, жазушы М. Мағауин шығармашылық әлеуетін, жалпы жазушылық зертханасын қабылдаушы ортаға – оқырманға таныстыру үшін тұлғаның екі жарылу, метапроза және симулякр әдістерін мистикалық, фантастикалық, реалды және ирреалды уақыт пен кеңістік әлемінде жүзеге асырған. Хикаяттың баяндаулары арқылы сол сәтте оқырманға таныс болған, қабылдаушы ортаның көз алдында жазылып жатқан «Қыпшақ аруы» шығармасы мәтіннің екінші деңгейінде аяқталады. Автордың ойынша, бүгінгі уақыттан 12-ғасырдағы ескі қыпшақ ұлысына тек өнер – мүсін мен сөз өнері арқылы ғана сапар шегуге болады.
Бұл шығарманың өзіндік сипаты – жазушы екі түрлі қоғамдық жағдайды салыстыра келіп, өз замандастарымен қарым-қатынасын, қоғам, адам, уақыт деген көзқарасын, күйініш-сүйінішін танытып, өзіндік дүниетанымын ұсынып отырады.
М.Мағауин қолданған әдеби әдіс-тәсіл Батыс әдебиетінде ішінара болса да қолданылады. Мысалы, ХІХ ғасырда өмір сүрген ағылшын жазушысы Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті» (1891ж.) атты шығармасында осыған ұқсас тұстар бар. Суретші салған кейіпкердің жаны суретке көшіп, сурет иесімен бірге қартаяды. Кейіпкер жасаған бүкіл күнә мен бассыздықтардың табы мен таңбасы суреттің бетіне түсіп отырады.
Қорытындылай келе, «Қыпшақ аруы» – жазушы қиялының жемісі. Қиял арқылы даңқты бабаларымыздың заманына өтіп, сол ерлікке толы, жарым дүниені билеп отырған, сән мен салтанат, байлық пен дәулет кенересіне жеткен шын өмірді тірілтеді. Тірілте отырып кеше кандай едік, бүгін қандай болдық, болашақта тағдырымыз не болмақ деген алаң мен уайым, күдік пен үміт аралас сауалдарын қояды. Жазушының осы повесінің өн бойында ұлттық дәстүр, жан мен тән туралы қазақтың өзіндік таным-ұғымы, аруақ сыйлау, аманатқа қиянат жасамау, үлкенге құрмет көрсету культі сияқты ұлттық құндылықтың, яғни ұлтымыздың өзіне ғана тиесілі қазынасының маржандары автордың повесть желісімен оқырманға жеткізбек болған теңіздей терең ойларымен керемет жарасым тапқан деген тұжырымға келеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |