Көсемәлі Сәттібайұлы Аран



бет13/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,65 Mb.
#43920
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19

Қандай ойын жақсы?
Супер-Компьютерінің Сәруәр атасы сияқты ақын- жанды болып шыққанына Діннұр қуанбаса, өкінген жоқ. «Құдайдың сиыры» атанған, қаттылау келген қызыл қабығында қара ноқаттары бар кішкентай Қоңыз туралы өлеңнен кейін Діннұрдың санасында өмірдегі ұқсастықты байқап, білуте деген бір ерекше құштарлық пайда болды.

Қуаныштың қабаттаса жүретіні қандай жақсы. Атасы Супер-Компьютер сатып әперген күні Құрбан айт мейрамында айттаймын, Астананы аралаймын деп нағашысының баласы Аусар-Алмас ауылдан келіпті. Амандық-саулықтан соң ол бірден Супер-Компьютерге шұқшиды. Тұмар сынды мойнына асып алған флешкасында неше түрлі ойындар бар екен, ал кеп соның қызығына батсын. «Қой» деуге Діннұрдың, әрине, әдебі жібермеді. Қызғанғандай бола ма, қайтеді. Бірақ «қой» демейін десе, Аусар-Алмастың ойындарының бәрі соғыс, бәрі атыс-шабыс. Оның ішінде қайта-қайта ойнайтыны «Терроршы» деген ойын. Сонда мылтық ату да ойын, адам өлтіру де ерлік болып па? Мысалы, неге мәмілеге шақырмасқа?!.

Ойын деп, әне, «Миллионды кім алады?» деген ойынды айт! Қандай ақылды ойын! Өзінді тура теледидардағы бағдарламаға қатысып отырғандай сезінесің. Сұрақтары ә дегенде оңайлау болып басталады да, ұтысың көбейген сайын қиындап, күрделене береді. Ол да дұрыс, әйтпесе, білімсіз адамға оңай олжа қайдан ұстатсын.

Қарындасы болса бәрінен де «Торт» деген ойынды жақсы көреді. Өйткені мамасымен бірге торт, пирог пісіргенді ұнататын ол «Торт» деген ойынның, Аусар- Алмастың тілімен айтсақ, «тас-талқанын» шығарып, көп үпай жинайды. Қыз балалар үшін, шынында, таңсық: егер дайындалған торт Супер-Компьютердегі торттың үлгісімен сәйкес келмесе, «күйіп» кетеді. Ал Аяланың «Торты» ешқашан күйген емес. Атасы оны «біздің үйдің сәні» деп бекерге мақтамаса керек.

Дегенмен Діннүр үшін «Миллионды кім аладыға? » ешқандай ойын жетпейді. Ойын деген ойға құрылса ғана мәнді ғой, шіркін!
Инелік неге ұқсайды осы?
Супер-Компьютерде атыс-шабыстан басқа да қызықтар бар екеніне Аусар-Алмастың көзін жеткізу керек болды. Бірақ қалай? Атасы Аялаға сыйлыққа ойыншық Инелік әкеліп берген. Супер-Компьютердің қасында тұрған соған көзі түскенде Діннұрға аяқ астынан бір қызық ой келсін.

— Алмас, Инелік неге ұқсайды осы?

— Инелік пе?

— Иә.


— Инелік, і-і-ім, қалай десем екен, жіп-жіңішке болған Аялаға үқсайды.

«Терроршының» қызығына түскен Аусар-Алмас немқұрайды жауап бере салды. — Сен мұны, ендеше, мына Супер-Компьютерден сұрап көрші?

— Мынадан ба?

— Немене, менсінбей тұрсың ба?

— Ал, данышпаным, Инелік неге ұқсайды айта қойшы?

Супер-Компьютер атыс-шабыстан құтылғанына қуанғандай тақ ете қалды.

— Инелікпе? Ол — Тікұшаққа ұқсайды.

— Тікұшаққа?!. Оу, де!

Аусар-Алмас таңғала дауыстап жіберді. Діннұр да мұндай керемет ұқсастықты күтпеген еді.

— Керек десеңдер мен қазір Инелік-Тікұшақ жайлы тақпақ шығарамын, тыңдайсыңдар ма?

— Тыңдаймыз.

«Терроршыны» тарс ұмытқан Аусар-Алмас бірінші болып құлағын түре қалды.

— Ал, олай болса тыңдаңдар, ендеше, — деген Супер-Компьютер:

Су мен Нудан үн қатқан,

Періште қанат, гүл атқан.

«Тікұшақ!» деп, жар салып,

Барлық сәби ұнатқан.

деп барып кідірген кезде, Діннұр:

Инелік-ау, Инелік,

Кел, кел, енді билелік.

Тікұшақ сынды тұрқыңмен,

Кетші бір ғажап күйге еніп, — деді.


Осы кезде:

— Мына ойындарың маған да ұнап барады. Балалық шағым есіме түсіп кеткені. Ары қарай мен жалғастырайыншы, — деген Сәруәр ата:

Сәуірменен жетесің,

Сүмбілемен кетесің,

Инелік-дәурен, шіркін-ай,

Жазбен бірге өтесің, — деп тақпаққа нүкте қойды.

— Мәссаған, безгелдек! — деген Аусар-Алмас, — өнер деген сендерде жатыр екен ғой.

— Айттым ғой мен саған, бұл анау-мынау емес, Супер-Компьютер деп! Мұнда атыс-шабыстан басқа да талай-талай қызық пен ғибрат жетеді.


Бәйтерек
Сәруәр атай ауылдан айттауға келген Аусар-Алмас көңіл көтерсін деп Астана қаласын қыдыртуға алып шықты. Қаланы аралауға, мұндайда, атасының «Қоңызы» таптырмайтын көлік.

Алдымен Бәйтерек мұнарасына барды. Көп ұзамай зырылдаган лифтімен жоғары көтеріліп, оның ұшар басындағы шарға да енді. Шыны шардың ортасындағы мәрмәрдан жасалған тұтырға алақанның таңбасы бейнеленіпті.

— Бұл кімнің алақаны? — деді Аусар-Алмас.

— Президенттің, — деді Бәйтерекке бұған дейін де шығып, тамашалап көрген Діннұр.

— Оны не үшін салған?

— Қазір білесің, алақаныңызды Президенттің алақанына қойыңызшы, ата.

Сәруәр атасы алақанын Президенттің алақанына қоюы сол екен жан тебірентерлік бір ән қалықтай жөнелді.

Арайлап таңым, асқақтап тауым,

Ән ойнап көңіл, күй тартып елім.

Қол жетті міне, аңсаған күнге,

Жасай бер жаса, қазағым менің.

Қазақстаным — асыл арманым,

Қуанышымды жасыра алмадым.

Аңсаған бабам, аңсаған елім,

Бостандық еді-ау асыл арманым!

Елім менің аңсаған,

Бас бұғаудан босаған,

Құтты болсын отауың-ей,

Берік болсын-оу босағаң!

Шарықтаған ән кенет кілт үзілді де, келесі сәтте құдыретті күй ерекше бір екпінмен күмбірлеп, құйқылжи жөнелді. Бейне бір тұлпарлардың тұяғынан от шашырап, Сарыарқаның сайын даласында жүйткіп келе жатқандай. Діннұрдың жұдырықтай жүрегі лүп- лүп соғып, жан дүниесі шымырлап қоя берді.

— Бұл өлеңді кім шығарғанын білесіңдер ме?

Сәруәр атай Аусар-Алмас пен Діннұрға сұраулы жүзбен барлай қараған.

— Президент, — деді екеуі қосарлана.

— Қандай керемет өлең, ә. Әні де, күйі де тамаша! Мұндай дүние — елі мен жерін жан-тәнімен сүйетін перзенттердің ғана жүректерінен шығады.

Сәруәр ата әннің әсерінен әлі де айыға алмағандай.

Бәйтеректің басынан Астана қаласы алақандағыдай анық көрінеді екен. Әне, анау Сәруәр атасы жұма сайын барып, жамағатпен бірге намаз оқитын еңселі мешіт. Ал «Ұшатын табаққа» ұқсас мынау ғажайып ғимарат... Цирк үйі. Шіркін, қаттылау келген қызыл қабығында қара ноқаттары бар Қоңыз немесе Тікұшақ-Инелік сияқты болса мына жерден қазір тік көтеріліп, аспанға ұша жөнелер еді Діннұр. Сосын Аусар-Алмас пен Аяланы арқасына отырғызып алып, Астананы ал кеп армансыз арала!

Аусар-Алмастың өз қызығы өзінде. Ол, әсіресе, зәулім ғимараттардың бірінен бірі өткен сұлулығына сұқтана қарап қалыпты. Не деген ғажап?!.

— Діннұр, Ақорданы көріп тұрсың ба?

— Иә.

— Не деген керемет! Сәруәр ата, Президент те бізді көріп тұрған шығар?



— Елінің қамын ойламаса Елбасы бола ма! Күн сайын бір рет қарап қоятын болуы керек. Қазір де қарап тұруы бек мүмкін. Ең бастысы, Бәйтеректің сендер сияқты жас бұтақтарын Шырмауықтан аман болуын тілейік, балапандарым.

— Шырмауық?!.

— Иә, сондай арамшөп бар, балалар. Ол Бәйтеректің балағынан бастап ұшар басына дейін шырматылып орап алады да, діңі мен бұтақтарын буындырып, бар сөлін сорып, өзін де, жапырақтарын да жастай солдырады.

— Мәссаған! Мен біздің Бәйтерекке қауіп төндіретін біреу бар деп ешқашан ойламаппын.

Аусар-Алмас үрейленіп қалды.

— Ал мен Айдаһардан ғана қорқып жүргем.

Діннұр да күрсініп салған.

— Айдаһар Самұрықтың жұмыртқасы мен балапандарына қатер төндірсе, ал анау Бәйтерекке де, оның басындағы Ұяға да қауіпті. Және Айдаһар сияқты алыстан келмейді, мынау жайқалған жасыл шөптердің арасынан пайда болады. Бір қарағанда үлбіреген гүлі бар әдемі өсімдік. Тіпті жаманшылық жасайды деп те ойламайсың...

— Ата, сіз оны көрдіңіз бе?

— Шырмауықты ма? Көрген соң да айтып отырғаным. Көрмей, білмей ештеңені айтуға болмайды, аналайындар.

— Онда бізге сол туралы айтып беріңізші.

— Жарайды.

— Қорықпайсыңдар ма?

— Қорықпаймыз.



Шырмауық
Қайтар жолда Сәруәр ата «Қоңызын» Аусар- Алмастың құрметіне «Балдәуреннің» қасына доғарды. Кафенің жұрттан оңашалау бұрышына жайғасқан соң балалар балмұздақ жеп, шырын ішсе, атасы сүт қатқан шәймен шөл басты. Содан кейін Шырмауықтың сұмдығы туралы әңгіме басталды да кетті.

— Жас кезім болатын. Есіктің алдынан сылдырап аққан суы үзілмейтін арық өтуші еді, көктемге салым жағасына Бәйтеректің жалғыз түп көшетін отырғыздым. Судан кенде болмаған соң ба көшеттің көркі ашылып, жапырақтары да жайқалып, бойы да күннен-күнге ұзарып, өсе бастады. Алғашқы еккен Бәйтерегім болғандықтан ба екен қуанышымда шек жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, мен оны суы мол, топырағы құнарлы жерге егуін еккеніммен күтіп-баптау, айналасын арамшөптерден тазалау деген мәселеге келген- де бейқамдық жасаппын. Бәйтеректің балағына оратыла бастаған жас өскінді көрсем де шалажансар шөп не бүлдірер деп мән бермеппін. Күндердің күнінде қарасам Бәйтерегімнің балағына оратыла бастаған әлгі әлжуаз шөп кәдімгідей толысып, кәдімгідей жуандап, көркейіп келе жатқан көшетімнің ұшар басына жетіп қалыпты. Қамшының өріміндей тарам-тарам болып шырматылған бәлекеттер бұтақтардың бәрін орап алған. Ажыратайын десем Бәйтеректің қабығына жабысып қалған. Өзінен күшті талдың сөлімен қоректенген соң о пәле сөйтеді екен. Құтқармаққа деген әрекетімнен түк те шықпады. Шырмауықты тырналап, талдың қабығынан ажыратқан сайын қайта Бәйтерегімнің діңгегі зардап шекті. Сол кезде көшетті сыйлаған бағбан келіп:

— Шырмауық деген пәлемен ол белең алып, күшеймей тұрған кезінде күреспесең қиын болады. Қарашы қандай әдемі Бәйтеректің түбіне жеткенін, — демесі бар ма.

Сөйтіп бағбан шалдың айтқаны келді. Қаскүнем шөптің қиянатынан Бәйтерегім енді бой түзеп, енді жапырақ жайып, енді жайқалып келе жатқанда қурады да қалды.

— Ой, өте аянышты ертегі екен.

— Бұл ертегі емес. Өз басымнан кешірдім деп отырғаным жоқ па.

— Ендеше мына темірден құрастырылған Бәйтерекке ешқандай Шырмауық қауіп төндіре алмайтын шығар?

— Қауіптің түрі көп қой, балаларым.

— Демек, мұның жауы Тот болды ғой.

— Солай десеңдер де болады.

— Ал Тот қалай пайда болады?

— Оның да жүрмейтін жері жоқ.

— Ата десе, онда мен бұл шындықты хатқа түсіріп, Президентке жолдауыма бола ма?

— Неге болмасын, Діннұр. Шындықты сендер айтпағанда, кім айтады? — Мен саған көмектесем, Діннұр.

Бәйтерекке келгелі Сәруәр атай мен балалардың әңгімесіне құлақ түріп жүрген Супер-Компьютер қоштай кетті.

— Мен де көмектесем, өйткені ол имандылық дарағы болуы керек.

— Ал біз оның бұтақтарымыз.

Аусар-Алмас пен Аяла да Діннұрдың ойын қуана қолдады.


Тасбақа да өкпелейді
Сәруәр атайдың «Қоңызы» тас жолмен үйге қарай жүйткіп келе жатқан. Кенет Аяланың көзі жолдағы Тасбақаға түсе кеткені.

— Ата, абайла, жолда Тасбақа жатыр.

Сәруәр атай мәшинесін тоқтатқанша біраз жерге ұзап кетті. Кері бұрылуға тура келді. Мәшине тоқтай салысымен Діннұр, Аусар-Алмас және Аяла жерге тез-тез түсе қалысты.

Тасбақаны, сірә, біреулер даладан тауып алған да қалаға кірген кезде тастап кеткен. Асфальтқа соғылған соң ба байғұс жарақаттанып, қабығына қан дақтары жұғыпты.

— Мұны не істесек екен енді, ә?

Сәруәр ата қабағын шытгы. Ойланған кезде ол кісінің қабағы өзінен-өзі түйіліп кететін.

— Үйге апарып, үстін тазалап, сүт берейік, — деді Аяла.

— Өзіне-өзі келген соң бостандыққа жібереміз.

Аусар-Алмас та қарап тұрмай жанашырлық танытып жатыр.

— Дәрігерге көрсететіндей жарақаты жоқ сияқты, үйге апарсақ үйге апарайық — деді Діннұр.

Тасбақаны үйге әкеліп, жуындырып, тазалаған соң мүйіз қабығы жып-жылтыр боп жұтынып шыға келді. Еденнің үстімен тықыр-тықыр жылжып ары- бері жүргені де қызық. — Қабығы қарбызға ұқсайды екен, — деді Аяла сүйсініп.

— Қарбыз домалаған допқа ұқсамай ма? — деді Аусар-Алмас.

— Жоқ, ортасынан қақ жарып, төңкеріп қойған қарбыз тура Тасбақадан аумайды.

«Мына қызықты қараңыз, Аяланы әлі кішкентай деп жүрсе ол Тасбақаны қарбызға ұқсатып отыр» деп ойлады Діннұр. «Шынында ортасынан қақ бөлінген қарбыздың жартысын төңкеріп қойсаң Тасбақаға ұқсайды емес пе».

— Жарайсың, Аяла! Ежелғі қытайлар Тасбақаның қабығын төңкеріп қойған қазан сияқты аспан астына ұқсатқан, Олар өздерін Аспан асты еліміз дейді.

— Біздің ата-бабаларымыз ше?

— Сенің ата-бабаларың да білікті жұрт болған. Сондықтан Тасбақаны да, оның жейтін шөбін де қасиет тұтқан.

Немересінің білмекке деген ниетіне риза болған Сәруәр атасы жауап беруден жалығар емес. Осы кезде Аусар-Алмас та қарап тұрмай:

— Ал мен Тасбақаны танкіге ұқсатам, — деп салды.

— Несі бар танкіге де ұқсайды. Әсіресе, далада бірнеше Тасбақа қаз-қатар тізіліп келе жатса тура танкілер полкынан аумай қалады.

Діннұрдың есіне мектептегі бір көрнекі қағаз түсті. Оны оқушылар үлкен үзіліске шыққан кезде көрген. Қағаздың үстіңгі жағына үлкен әріптермен «КІМ АЛДА?» деп жазып қойыпты. Оның астына Ұшақтың, Тұлпардың және Тасбақаның суретін салыпты. Ұшаққа мінгендер — үздік, Тұлпарға мінгендер — екпінді сыныптар. Балаларды қыран- топан күлкіге қарық қылғаны — Тасбақаға мінген оқу үлгерімі нашар сынып оқушыларының айбақ-сайбақ кескіндері еді.

Супер-Компьютер мұндай сәтті, әдетінше, құр жібергісі келмеді.

— Келіңдер, Тасбақа туралы тақпақ шығарайық онда. — Кім бастасын? — деді алақанын шапалақтай қуанған Аяла.

— Сәруәр ата бастасын.

Супер-Компьютермен сырлас болып алған Сәруәр атай бірден келісті.

— Жарайды, мен бастасам мен-ақ бастайын, балаларым.

Құмда жүрем, суда жүзем: қосмекенді жәндікпін, Балалардан мазақ емес, жақсы тақпақ, ән күттім.

— Ал енді ары қарай Супер-Компьютер жалғасын.

— Жарайды.

Бірақ олар «Танкі» дейді: бұл, әрине, жақсы емес, Сауытыма кім кінәлі? Темір де емес, тас та емес.

— Мен кезекті Аусар-Алмасқа бердім.

— Мен айтсам бұл өлеңді:

Киіз үймен көшіп жүрген ғажайып бір халықтай, «Мүйіз» үймен жер бауырлап, жылжып жүрем жалықпай, — деп аяқтағым келеді.

Мектептегі Тасбақа оқиғасына қатысты ойдың әсерінен арыла алмай тұрған Діннұр осы кезде:

— Жоқ, әлі аяқталған жоқ, — деді де: Жалқауларды «Тасбақа» деп мазақтайды ұдайы, Ал намысқой Тасбақа бұған қалай шыдайды? — деп салды. Жүзі алабұрта қызарып тұр екен.

Тасбақаға жаны ашығандықтан шығар.

— Алақай, алақай, қандай жақсы тақпақ. Мен жаттап та алдым. Ертең балабақшаға барғанда достарыма айтып беремін.

Тұлымшағы желбіреген Аяланың қуанышында шек жоқ.


Абату қасіреті
— Арнольд...

Ешкім жауап берген жоқ.

— Арнольд, қайдасың?

Тағы да тым-тырыс. Мистер Макиавелли түкке түсінбеген сыңаймен басын шайқады да, кофеге қолын созды.

— Тағы да футбол ойнауға кеткен шығар. Әкесімен бірге қашан кофе ішеді бұл бала.

Барлық балалар сияқты Арнольд та футбол ойнағанды жақсы көріп, кофе ішкенді жек көреді десек те, мистер Макиавеллидің бұл жолғы болжамы қате болатын. Сөздің тоқ етеріне көшсек, теледидардан қайта-қайта көрсетіп жатқан Абату қасіреті кішкентай Арнольдтің жүрегіне қатты әсер еткен. Көше толы адам өліктерінен үрейленсе, үйінді астында қалған баланы көрген сәтте жылап жіберді. Бірақ көз жасын әкесіне көрсеткен жоқ. Теледидарды өшіре салды да, сыртқа қарай жүгірді. Бір қараса велосипедімен саябаққа қарай құйынперен жүйткіп келеді екен.

Саябаққа келген соң лүпілдей соққан жүрегінің ырғағы сәл де болса басылғандай болды. Бірақ теледидардағы қорқынышты көріністер көз алдынан көлбеңдеп кетер емес. Айналасына қарап еді, үлкендер ештеңе болмағандай саябақта қыдырыстап жүр. Кейбіреулер орындықтарда газет оқып отыр. Ішім-жемін көгалға жайып тастап мамыражай жайғасқандары да бар. Бәлкім, бұлар Абату қасіретін әлі естімеген шығар. Бірақ... қалай естімейді? Теледидардың сағат сайын көрсетіп жатқанына бір апта болды емес пе? Қираған үйдің астында қалған баланың аянышты түрін көргенде жылап жіберді емес пе өзі. Кеберсіген ерні жыбырлап адамдардан көмек сұрағандай болды-ау, сірә...

Сол сол-ақ екен, Арнольд велосипедіне мінді де саябақтың ішіндегі таспа жолға түсіп «Абатулық балаларға қол ұшын созайық!» деп, бар даусымен айғайлай бастады. Газет оқып отырғандар ә дегенде даусы шәңкілдеген балаға көзілдіріктерінің үстінен таңырқаса қараған. Оларға Арнольдтің қылығы ерсі көрінді. Мүмкін ауру шығар? Әлде қалжыңдап жүр ме? Жоқ, қалжыңға ұқсамайды. Ауру деп те айтпайсың. Велосипедтегі баланың жүзі салмақты, ақылы орнықты сияқты. Жеті жасар-ау шамасы. Міне, «Абату балаларына көмек қолын созайық!» деп, саябақтың ішіндегі таспа жолды бір емес, екі емес, жиырма рет айналып шықты. Үні шырылдаған бозторғай сынды. Сосын... бейнебір қанатымен су себелеген қарлығаштың қылығын еске салғандай.

Үлкендерді, әдетте, сендіру қиын ғой. Бұл жолы да оңайға түспеді. Әупіріммен 500 фунт стерлинг ақша жиналды. Бірақ бұл маңызды істің басы ғана екен. Саябақта демалып жүрген жұрттың ішіндегі әсершіл біреуі осы оқиғаны ұялы телефонына жазып алып, журналистерге хабарлауы мұң екен, бүкіл құрлық кішкентай Арнольдтің қайырымдылық ісінен әп-сәтте хабардар болып шыға келді. Іле-шала арнайы қор құрылып, есепшот ашылды. Қордың есепшотына бір күнде 100 мың фунт стерлинг түсті.

Мистер Макиавелли бұл хабарды теледидардан естіген кезде кофесіне шашалып қала жаздады.

— Арнольд, сен не бүлдіріп жүрсің?

— Не бүлдіріппін?

— Теледидарды қара.

— Несі бар, жаманшылықты көрсете беретіндерге жақсылықты айтқызу да бүлдіру ме екен, сіздіңше.

— Ақылды Арнольдім менің, кел, кофе ішейік.
Сәруәр атай және... Бо
— Құдай кеуіліңді көтерсін, мынауың керемет екен, Супер-Компьютер. Сен болмасаң, мен бұл оқиға туралы естіп, білмес ем.

— Ата, ғаламтордың құдыретімен бір сағаттың ішінде біздің баспайтын жеріміз, шықпайтын тауымыз қалмайды.

— Құдайдың құдыретімен дегің, Супер-Компьютер. «Құдайсыз қурай сынбайды». Өйткені шебер құдай адамға ақыл берді, міне, сол ақыл иелерінің арқасында сен де, әлгі өзің айтқан ғаламтор да дүниеге келді. Сондықтан бәрі құдайдың құдыретімен болады.

— Дұрыс айтасыз, ментіпті Абату елі Президентінің Құдайға жалбарынып, жылғанын да жазып алдым.

— Не деп жалбарынды ол? — Біздің еліміз дүниежүзіндегі ең кедей, ең сау- атсыз ел еді, ол аздай енді сен зілзалаңды жібердің. Біздің ел не жазды саған, құдайым-ау, — деп жылады.

— Мешітке барып, намаз оқи ма екен өзі?

— Иә, бес уақыт намазын қаза қылмайды екен. Бірақ халқы дінге құлықсыз, тұрмысқа салақ-ау деймін.

— Әттегене-ай! Аллатағала Зілзала сүресінде «Кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол соны көреді. Ал және кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді» деген.

— Ата, менің таңғалғаным, барлық үйлер, тіпті Президенттің ғимараты да қирап қалғанда... Мешіт қана аман тұр.

— Алланың үйі құламайды, балам. Сосын Жаратушы ием аз ұйықтап, көп оқығанды, білім мен ғылымға, мәдениетке және тәртіпке ұмтылғанды сүйеді. Құдай өзі жарылқайды деп әрекетсіз отыруға ешқашан болмайды. Мен де бүгін Бо деген тайпаның тілінде сөйлейтін ең соңғы адамның дүниеден өткенін естіп, қатты қайғырып отырмын.

— Ол жаңалықты мен де естідім.

— Жаңалық емес, қайғылы хабар бұл. Сен қайдан естідің?

— «Би-би-си» хабарлады.

— Ең ежелгі халықтың бірі екен байғұстар...

— Бо тайпасын айтасыз ба, иә, олар осыдан 70 мың жыл бүрын өмір сүріпті дейді.

— Сонда сол тайпадан 85 жастағы кейуана ғана қалған бе екен?

— Иә, енді міне, ол да жоқ.

— Демек, жер бетінен бір ұлт пен бір мәдениет жойылды. Күндердің күнінде біздің ана тіліміздің тағдыры не болар екен десейші?

— Сіздің ана тіліңіз жер бетінен әлі әзір жойыла қоймас. Өте бай, өте әуезді тіл. Өлеңнің ұйқасына да сұранып тұр. Мен де тез үйреніп алдым. Ал Супер- Компьютер ұнатқан тіл ешқашан өлмейді.

«Ел қайда? Су қайда?»
Діннұр қалғып кеткен екен, түс көріпті. Түсінде қатқылдау келген қабығында қара ноқаттары бар Қызыл Қоңызды көріпті. Алақанында тұр екен дейді. Бірақ алақанының шұңқыры тым терең бе, Қызыл Қоңыз қанша тырысса да шыға алмай жатыр. Бұл көмектесіп жіберді. Міне, енді дұрыс болды. Қызыл Қоңыз сұқ саусағының ұшында тұр.

— Ел қайда? Су қайда? Ел қайда? Су қайда?

Қызыл Қоңыздың өзі сияқты үні де әдемі екен,әуездете тіл қатты.

— Есілдің жағасындағы Ақордаға барғың келе ме, балақай?

— Иә.

— Онда кел, арқама отыр.



Қызыл Қоңыз Діннүрды арқасына отырғызып алды да ұша жөнелді. Ұшып келе жатыр, ұшып келе жатыр... Кенет аспан асты Қызыл Қоңызға толды да кетті. Бәрінің арқасында Діннұр сияқты балалар. Бірі Ресейден, екіншісі Франциядан, үшіншісі Қытайдан, төртінші Үндістаннан, бесіншісі Пәкістаннан, алтыншысы Америкадан, жетіншісі Түркиядан, сегізіншісі Ираннан, тоғызыншысы Германиядан, оныншысы Мароккодан, он біріншісі Араб Әмірлігінен, ары қарай санау мүмкін емес, қысқасы, дүниежүзінде қанша мемлекет болса сонша мемлекеттен ұшып шыққан миллиондаған балалар екен дейді. Қырғыз, өзбек, түркімен, тәжік, әзірбайжан да жүр. Африканың ба- лалары өз алдына бір төбе.

Әне, анау Арнольд Макиавелли емес пе? Арнольд дейді, құдай-ау, Аусар-Алмас пен Аяла да жүр қасында. — Айтқаның келсін, айналайын. Отбасымызға сен келгелі бері бір жасап қалдым. Айтпақшы, балалар қайда жүр осы, көрінбейді ғой.

— Қазір мен ұялы телефондарына хабарласып, шақыра қояйын, ата.

— Сөйтші айналайын. Олардың тақымында да Қызыл Қоңыз. Бұлар неғып жүр? Бәріміз қайда асығып бара жатырмыз?

Супер-Компьютердің Арнольд балақай туралы әңгімесін Діннұр «Шамшырақ» газетінен оқыған. Газетке, тіпті, оның велосипед теуіп келе жатқан суретіне дейін жариялапты. Сонда Діннұр газет оқып жатып ұйықтап кеткен болды ғой. Ал мынау түсі. Түс болғанда керемет түс. Қап, оянып кететін болды-ау.

— Арнольд, сәлем! Қайда бет алдың?

— Сәлем, Абатуге ұшып барам.

— Көмекке ме?

— Иә, сен ше?

— Мен де.

Неге өтірік айтты? Қызыл Қоңызға Есілдің жағасына, Ақордаға барам демеп пе еді? Бірақ түстегі оқиғаның бәрі аяқ астынан өзгеріп жатпай ма? Ондағы оқиғалардың өзгеру жылдамдығына, тіпті, қиял-ғажайып ертегінің өзі таласа алмайды ғой. Демек бұл өтірік айтқан жоқ. Мұның бәрі түс. Атасы өңіңде нені ойласаң, түсіңде сол кіреді деген. Ра- сында бұл газет оқып жатып Арнольд Макиавелли сияқты бір қызықты әрекет жасап, Абату балаларына көмектесуді ойлаған. Сөйтсе ұйықтап кетіпті.

Міне, Қызыл Қоңызга мінген балалар Абатуге де жетіп, жетім балаларға арналған уақытша лагерь орналасқан шатырлардың маңына келіп қонды. Қызыл Қоңыз қонған кезде Абату елі бейне бір қызғалдаққа толы қырға ұқсап кетті. Балалар да құр қол келмепті. Біреуі сусын, енді біреу тағамдар алыпты. Кітап, түрлі- түсті қарындаш, сөмке ала келгендері де жетерлік. «Теңіз тамшыдан құралады» деуші еді Сәруәр атасы. Жақсылық та теңізге тамған тамшы сияқты екен- ау. Анаң қарашы, лагерь іші бір сәтте азық-түлік пен киім-кешектерге, оқу құралдарына толды да кетті.

Діннұрдың назары Аялаға ұқсайтын бір қызға ауған. Ол да бұған тесіліп қарап жатыр екен. Ерні кеберсіп кеткеніне қарағанда әбден шөліркеген-ау шамасы. Сәруәр атасы ішетін қымызды құтыға құйып ала шыққаны есіне түсіп, дереу соны ұсына қойды. Қыз, шынында, шөлдеп қалған екен, қымызды көзін жұмып, рахаттана сімірді.

— Қалай, дәмді ме?

— Өте дәмді. Рахмет.

— Біздің елде бұл сусынды «Қымыз» деп атайды. Емдік қасиеті бар. Енді көңілің көтеріліп, денсаулығың түзеле бастайды.

— Рахмет, саған.

Абатулік қыздың аты Рафаэлло болып шықты. Жер сілкінген кезде үйінде сабаққа дайындалып отыр екен. Ал ата-аналары жұмыста болған. Рафаэлло қорыққанынан дереу жазу столының астына тығылыпты. Бір уақта үй төбесінің гүрс етіп құлағанын естиді. Одан арғысы есінде жоқ... Лагерьге алып келгенійе бір күн болған. Жұмысқа кеткен ата-аналары қиранды астында қалып, мерт болған дейді.

Арнольд Макиавелли сияқты Діннұрдың да көңілі босап, көзінің алды бұлдырады.

— Қамықпа, Рафаэлло. Ата-анаң тірі шығар, бәлкім.

Рафаэлло жылап жіберді. Аяла оның көзіндегі жасты сүртіп, салқын суға малып алған дәкесін қамыққан қыздың маңдайына басып жатыр. Қимылы мен мейірімді жүзі тура дәрігер сияқты. Әңгімеге Ау- сар-Алмас араласты.

— Жаңа үйінді астында бір ай жатқан адамды алып шықты. Тірі екен! Демек, сенің ата-анаң да аман болуы әбден мүмкін.

Рафаэлло енді қуана күлімсіреді.

— Мен де үміт үзбей жатырмын. Сендер қай елден келдіңдер?

— Қазақстан деген ғажап ел бар.

— Ол қай жерде?

— Ол — Еуропа мен Азияның тоғысқан тұсында. Астана атты қаламыз — Сарыарқа деген сайын даланың қақ ортасында.

— Өте алыста екен-ау, немен келдіңдер?

— «Құдайдың сиырымен» бір пәсте ұшып келдік.

Рафаэлло жымиды.

—Мен де кеше ғана шатырға жабысып тұрған біреуін ұстап алып:

Божья коровка, улети на небо;

Принеси мне хлеба:

Черного и белого,

Только не горелого, —

деп әндетіп ем.

— Керемет деген осы.

Діннұр Сәруәр атасы сияқты салмақты бола қалыпты.

— Сендер аштық дегенді білмейтін шығарсыңдар ә, Аяла?

— Жоқ, біздің елде ондай жоқ.

— Қандай бақыттысыңдар!

— Сен де бақытты боласың әлі, Рафаэлло.

— Рахмет Діннұр, рахмет Аяла, Алмас.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет