"Көшпенділер" трилогиясы
Ілияс Есенберлин- қазақ халқының сан ғасырғы тарихын көркем тілмен бейнелеп, қазақ елінің әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан үздік қаламгер. Өз естеліктерінде “Көшпенділерді” жазғандағы себебін: „…қазақ халқының өткенінің тарихи анықтығы, оның мемлекет болып құрылуын батылдықпен бейнелеп көрсету. Ең бастысы, бұл роман шаманизм философиясына қарсы қойылған. Көшпенді халықтар тарихтарынан айрылған сияқты. „Көшпенділер“ – әр түрлі бұрмалауларға тура жауап. Қазақтың өз мемлекеті болған және біздің тарих өте көне әлемдік тарихтың бір бөлігі болып табылады“- деп, жан сырын ашады.
Жарты әлемге аты мәшһүр “Көшпенділер” трилогиясы ел президенті Н.Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «жалпы таралымы үш миллион данамен елу реттен аса шығарылып, қазірдің өзінде отыз тілге аударылған».
Ең бастысы, Ілияс Есенберлин — бүгінгі және кешегі күннің үздік туындысы- «Көшпенділер» трилогиясының тудырушысы. Трилогия — хронологиялық жүйеге құрылған, қазақы шежірелік сипатты бойына жинақтаған тарихи шығарма. Трилогия жөнінде кезінде терең зерттеулер жүргізген қазақ ғалымдары: Р.Бердібаев пен Ш.Елеукеновтың еңбектерінде «роман хроника» деп анықтама берілген. Ондағы баяндалатын оқиғалар негізінен тарихи жүйемен дамып, өрбіп отырады. Шығарма табиғатынан бір аңғарылатын нәрсе — жазушы әр кезеңдегі тарихи деректер мен мағлұматтарды мол жинаған, ғалымдар еңбектерін барынша оқып танысқан, тереңдей зерттеген. Бұл тұста жазушының тарихқа ұстанатын нысанының бір саласы — білім негізі тұрғысынан келсек, тарихи тақырыпқа барушы І.Есенберлиннің іздену, зерттеу барысында жинақтаған білім деңгейін пайымдауға болады. Бұл теңдессіз туындыны жазу үшін де мол қайрат пен білімділік, ұшан – теңіз дарын керек екені мәлім. Шығармадан байқайтынымыз да осы: қайсар мінез, қажырлы еңбек, тұңғиық білім негізімен ұштасқан жазушы болмысы. Жазушының баяндау тәсілі, кейіпкер толғанысы, психологиясы арқылы берілетін ой қорытулар, философиялық түйіндер осыны көрсетеді.
1958 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1962 жылдан «Қазгослитиздат» мекемесінде редактор, 1967 жылдан «Жазушы» баспасында директор, содан Қазақстан жазушылар одағының хатшысы (1971-1975 жылдары) болып қызмет*атқарды.
1962 жылы драматургияда күшін сынап, «Таудағы тартыс» пьесасы Республикалық жас көрермен театрының сахнасында қойылды. Қазақ тіліне Константин Дмитриевич Ушинскийдің шығармаларын аударды.
1969 жылы «Қаһар», 1971 жылы «Алмас қылыш», 1973 жылы «Жанталас» романдарын жазды. Романдар 15-ші ғасырдан 19-шы ғасырдың ортасына дейінгі қазақ тарихы суреттелген «Көшпенділер» трилогиясына біріктірілді.
Сөз болатын тақырыптар: қазақ халқының қалыптасуы, Қазақ хандығының Жоңғар хандығымен арпалысы, Қытай, Хиуа, Бұхара, Ресей империясы секілді көршілерімен аумалы-төкпелі қарым-қатынастары. Қазақ әдебиетінде бұрын-соңды тарихи тақырыпта қалам тартылмаған. Алғаш рет 1976 жылы «Көшпенділер» атымен жарық көрген трилология орыс тілінің өзінде 12 рет басылып, 1,5 миллион тиражбен тарады.
Жалпы «Көшпенділер» трилологиясы әлемнің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылды. 2005 жылғы есеп бойынша, дүние жүзіне таралған жалпы тиражы 3 миллион дана.
Көшпенділер 1 - Алмас Қылыш
"Алмас қылыш" романы — XV ғ. оқиғаларынан аса көп мағлұматтар бере алады және ол оқиғалардың жылнамалық реті сақталған. Сол себепті де оны роман-хроника деп атауға болады. Роман-хроника болғандықтан, онда көптеген тарихи оқиғалардың тізбегі басым келуі — жанрлық заңдылық. "Алмас қылыш" романында Дешті Қыпшақтың (бұрынғы қазақ елінің бір атауы) қаһарлы ханы Әбілхайырдың кезінде қазақ руларының қазақ хандығы қол астына топтасуы, бір жағы — Әбілхайыр, екінші жағы — Жәнібек, Керейлердің тақ пен тәж үшін таласы, хан ордасындағы шытырман оқиғалар, алдау мен зорлықтар тізбегі баяндалған. Кітаптың бірінші бөлімі — Әбілхайыр ұлысының екіге бөліну жағдайын көрсетуге арналса, екінші бөлімі қазақ хандығының ішкі, сыртқы жауларымен кескілескен күрес үстінде шынығып ширауы, бұл жолдағы қыруар кедергілер мен қиындықтар көрсетілген. Романның басты идеясы — қазақ руларының бірлесу, бір хандықта ынтымақ құру мәселелері.
Көшпенділер 2 - Жанталас
«Жанталас» романында қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы XVIII ғасырдағы азаттық күресінің шешуші кезеңдері, сол күрестің негізгі күштері, қазақ елінің саяси-әлеуметтік ахуалы, ішкі қайшылықтар, сыртқы жаулар, әсіресе, қытай богдыхан-дарының жыртқыштық, арандатушылық саясаты, ар, намыс, өмір үшін кескілескен ұрыстарда қазақ халқының өз тәуелсіздігін қорғауға қажыр, қайрат таба білгендігі, осы оқиғалар тсында қол бастайтын қаһармандар өсіп, жетіліп шыққандығы туралы тарихи көп мағлұмат келтірілген. Оның үстіне Бұхар жыраудың төрт дүркін әңгімесі арқылы Хақназар, Тәуекел, Есім хандар кезіндегі қазақ елінің ахуалы, үздіксіз, жанталас соғыстар, сыртқы жаулардың толассыз шабуылы, халықтың дүшпаңдарын жеңіп отырғандығы туралы тарихи шындыққа сәйкес деректер берілген. Сонда «Жанталас» романы тек XVIII ғасыр оқиғаларымен шегерілмей, одан арғы екі ғасырдың да басты оқиғаларын қамтыған болып шығады. Міне, осындай үш ғасырға жуық қезеңнің күрделі істерін бір кітап көлемінде көрсету дегеннің қаншалық күрделі екенін аңғару қиын емес. «Жанталас» романында көп кейіпкердің аты аталады. Қазақ қосындарының қолбасшысы боп сайланып, жоңғарларға қарсы алғашқы екі-үш жеңісті шайқаста басшылық еткен Әбілхайыр ханды алып көрейік. Оның басындағы бірталай ұнамды қасиет — ақылдылық, әскери дарындылық, табандылық, айлакерлік жан-жақты елес береді. Әбілхайыр қарсы келгендермен күресе білетін, ерлікті де, ездікті де танитын алғыр адам сипатында сурттеледі. Ол Ресейге Қазақстанды ерікті түрде қосып, өзі бүкіл қазақтың ханы болуды армандайды. Оның ел басқаруға арыны да, шалымы да жететіні талай жерде байқалады да. Бірақ кезінде ептілік танытып, қазақ елінің тағдырын қуатты Ресей мемлекетіне тәуелді етуге көп еңбек сіңірген адам, түбінде өзінің ішкі жеке мақсатына жете алмайды. Патшалық оны барлық қазақтың емес, Кіші жүздің. ханы деп таниды. Сонымен Әбілхайырдың үлкен үміті іске аспай, патшалық шешіміне көңілі толмай, бұлқынуға дәрмені болмай, трагедиялық халге түседі.
Көшпенділер 3 - Қаһар
"Қаһарда" қазақ даласында тәуелсіз хандық орнатуды мақсат еткен Кенесарының қол жиып күреске шығуы, тәуелсіздік үшін күресті қолдамаған сұлтандарға және патша бекіністеріне шабуылы, Кенесарының билікке қол жеткізу үшін патша өкілдерімен келіссөздер жүргізуі, талабы өтпеген жерлерде халық қанының төгілуімен есептеспей, күш қолданылатын істерге баруы баян етіледі. Осы жолдағы ханның қаталдығы, елдің күйзеліске ұшырауы, Кенесары дұшпандарының ұйымдасқан іс-әрекеттері, сан алуан адам мінездері көрсетіледі. Бір отаршылдан екінші отаршылдың артықтығы жоқ екені, бәрінің көксеген мүддесі қазақ елін бөлшектеп бөліп, әлсіретіп, қансыратып, талан-таражға салу, өз билігін жүргізу екенін жазушы ашып көрсетеді.
Үй тапсырмасы
1.Алмас қылыщ романын оқу.
2. Алмас қылыш романындағы тарихи тұлғаларға пікір жазу.
2. Көшпенділер романы туралы пікірлерді дәптерге жазу.
3. І. Есенберлиннің өмір жолы туралы мәлімет жазу.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Алпысбаев Қ. Тарихи шығарма: Таным және көркемдік. – Алматы: Ғылым, 1999. – 281 б.
2. Кекілбаев Ә. 2 томдық таңдамалы шығармалары.– Алматы: Жазушы, 1989. Т.1. – 400 б.
3. Қирабаев С. «Үркер» романы. //Уақыт және қаламгер. 12-кітап. –Алматы: Жазушы, 1986. – 264 б.
Сілтемелер:
http://adebiportal.kz/liyas-esenberlin-turaly-lylardy-p-k-rler.page/
http://adyrna.kz/?p=4712
http://tildamytu.astana.kz/kz/2014-04-10-07-21-04/149-iliyas-esenberlin-turaly-estelikter
Достарыңызбен бөлісу: |