4. Иллюстрациялық материалдар:
5.Әдебиеттер: №1 қосымша ақпаратты қараңыздар.
6.Бақылау сұрақтары:
1. Шумақтық фильтрацияның қандай бұзылыстары бар?
2. Зәр құрамында қандай патологиялық компоненттер кездесуі мүмкін?
3. Нефротикалық синдром дегеніміз не?
4. Бүйрек жетіспеушілігі неден дамиды?
Дәріс №4
1. Тақырыбы: Эндокринді жүйсінің патологиясы.
2.Мақсаты: эндокрин жүйесі патологиясының пайда болу себептері мен даму механизмдерін түсіндіру.
3. Дәріс тезистері
Патологиялық үрдістің орналасуы мен сипаттарына қарай эндокрин бездерінің бұзылыстары әр түрлі болып келеді. Негізгі үш патогенездік жолдарды бөледі:
Без қызметтерінің орталық реттелуінің бұзылыстарынан;
Бездің өзінде патологиялық үрдістердің болуынан;
Гормондар белсендігінің безден тыс бұзылу механизмдерінен.
Шеткері эндокриндік бездерді гипоталамустық реттеудің бұзылыстары мына себептерден дамиды: инфекциялық және қабыну үрдістері, тамырлық және жарақаттық зақымдалулар, ісіктер. Патологиялық үрдіс бірінші гипоталамуста пайда болып мына бұзылыстарға әкеледі: эндокриндік бездер қызметтерінің трансгипофиздік және парагипофиздік реттелуі. Гипоталамустық орталықтардың қызметі ОЖЖ-нің жоғарғы сатыларында және лимбикалық жүйедегі бұзылыстар салдарынан екіншілік бүлінуі мүмкін. Бұл жерде психикалық жарақаттар мен стрестік жағдайлардың маңызы зор.
Трангипофиздік реттелу бүйрекүсті безі қыртысының, жыныс бездері мен қалқанша бездері үшін негізгі реттелу түрі болып табылады. Реттелу сигналының күшеюі үш сатылы каскадтан тұрады. Бірінші сатысында төмпешікастының медиобазальді бөлігінің нейросекреторлық жасушаларында олигопептидтердің нанограмдық мөлшерде түзілуі болады. Олар тропты гормондардың түзілуін күшейтеді немесе төмендетеді, оларды релизинг-фактор деп атайды. Олигопептидті белсеніретін факторды либериндер деп атайды. Оларға: тиреолиберин, гонадолиберин және т.б. жатады.
Екінші сатысы аденогипофизде тропты гормондардың – соматотропты(СТГ), гонадотропты(ГТГ) гормондардың түзілуінен басталады. Бұл тропты гормондар нысаналарға әсер етіп, үшінші сатыны іске қосады. Олардың ішінде ТТГ, ГТГ, АКТГ өздерінің әсер ететін нысандарында гормондардың түзілуін белсендіреді, ал, СТГ түрлі мүшелерде соматомедин (полипептидтік гормон) түзілуіне атсалысып, сол арқылы өз қызметін атқарады. Гипоталамуста либериндердің түзілуінің бұзылуы немесе статин өнімінің күшеюі аденогипофиздегі сәйкес тропты гормон түзілуінің бұзылуына алып келеді.
Парагипофиздық жол – ең бастысы жүйке-өткізгіштік жол болып табылады. Тіршілікке қажетті жүйелер(ТҚЖ) қызметіне ОЖЖ-нің трофикалық, тамырлық және секреторлық әсер етуі осы жол арқылы іске асырылады. Бүйрекүсті безінің милық қабаты, Лангерганс аралшықтары және қалқанша маңы безі үшін реттелудің маңызды жолы осы болып табылады.
Транс- және парагипофиздік реттелудің бұзылыстары ТҚЖ-нің дисфункциясының маңызды механизмі болып табылады. Гипофункция дегеніміз осы безде гормон түзілуінің төмендеуі, ал , гиперфункция – гормон түзілудің күшеюі. Бір бездің функциясының бұзылуын моногландулярлық үрдіс, ал , бірнеше бездің функциясының бұзылуын полигландулярлық үрдіс деп аталады. Без қызметінің бұзылуы парциалды ,яғни бездің секрециялайтын бірнеше гормонының ішінде біреуінің бүлінісі немесе тұтас(тотальды), яғни осы бездің барлық гормондарының секрециясы бұзылады.
Жедел инфекциялық аурулар ТҚЖ-нің қызметтерінің бұзылуына алып келеді. Ісік – ТҚЖ-нің патологиялық үрдістерінің ең жиі кездесетін түрі, ол кез келген безде дамуы мүмкін.
Бездерден бөлінген барлық гормондар қанда белгілі бір ақуыздармен байланысады да, қан айналымда екі түрлі : бос және байланысқан формада жүреді. Байланысқан гормон биологиялық белсенді емес. Бос гормондар белсенді болып келеді, олар нысана жасушаларда физиологиялық әсер көрсетеді. Нысана жасушаларға әсер ету механизмі бойынша барлық гормондарды екі топқа бөлуге болады. Бірінші топтағы гормондар жасушадағы түрлі алмасу процестерімен алыстан басқарып отырады, сондықтан оларды «дистантты» әсерлі гормондар деп атайды. Бұл топқа ақуыздық және пептидтік гормондар, катехоламиндер және бірқатар биогендік аминдер жатады. Екінші топтағы гормондар жасушаның ішіне кіріп, өз әсерін көрсетеді. Бұл топты «тікелей» әсер ететін гормондар тобы деп атауға болады. Оларға андрогендер, эстрогендер, прогестиндер, кортикостероидтар жатады. Гормондық рецепторлардың блокадасы – бұл гормондық жетіспеушілікке алып келетін, кең тараған механизм. Бұл жағдайда белсенген гормон рецепторының жоғалуына немесе жасуша беткейінде антогонисті отыруына байланысты өз рецепторын таба алмай қалады, сөйтіп ол гормонмен байланысқа түсе алмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |