І тарау. Білім мазмұнын жаңарту – бүгінгі күннің басты талабы
. Жаңартылған білім беру жүйесінің басты сипаты және жаңаша бағыттары
Қоғамның дамуына қарай ғылым мен техниканың деңгейі де, оны басқару жүйесі де өзгеріп отыратыны белгілі. Осыған орай маман қызметінің мазмұны жаңарып, жаңа мақсат, жаңа көзқарас, жаңа шешімдер мен жаңа мүмкіншіліктерді қажет етеді. Ондай мүмкіншілік тек білім арқылы келеді.
Білім - қоғамды әлеуметтік, мәдени-ғылыми прогреспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс, адам үшін де, қоғам үшін де ең жоғары құндылық. Оның ең негізгі қызметі - адамның менталитетін, адамгершілігін, шығармашылық қабілетін қалыптастыру, дамыту. Осыған орай егеменді еліміз өзінің дамуының ең басты алғы шарты - білім беру жүйесінің білім ғасырындағы міндеті мен мазмұнын айқындап берді.
Білім беру сатыларының сабақтастығын камтамасыз ететін білім беру процесінің үздіксіздігі, оқу мен тәрбиенің бірлігі, білім беруді басқарудың демократиялық сипаты, білімнің, ғылымның және өндірістің интеграциялануы, ақпараттануы, оқушыларды кәсіптік бағдарлау, білім беруді саралау, ізгілендіру, гуманитарландыру және т.б. білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының ғылым және ғылыми-техникалық саясат тұжырымдамасында да ғылымды демократияландыру, интеграциялау, инновациялық процестің білім, ғылым саласында кең өріс алуы да атап көрсетілген.
Еліміздің егемендік алып, қоғамдық өмірдің барлық, соның ішінде білім беру саласында жүріп жатқан демократияландыру мен ізгілендіру мектепті осы кезге дейінгі дағдарыстан шығаратын қуатты талпыныстарға жол ашты.
Кез-келген елдің экономикалық қуаты, халқының өмір сүру деңгейінің жоғарлығы, дүние жүзілік қауымдастықтағы орны мен салмағы сол елдің технологиялық даму деңгейімен анықталмақ. Жалпы қоғам дамуы мен жаңа технологияны енгізу сапалығы осы елдегі білім беру ісінің жолға қойылғандығы мен осы саланы ақпараттандыру деңгейіне келіп тіреледі. Экономикалық күшті дамыған елдердің тәжірибесі экономика, ғылым және мәдениеттің қарқынды дамуының негізгі кілті екендігін көрсетіп отыр. Ендеше қазіргі заманның ақпараттық технологиясын игеру міндетіміз.
Білім беру – аса күрделі әлеуметтік-экономикалық механизм. Оны реформалаудың мәселелері де сан қырлы. Қазіргі кездегі Республикамызда қолға алынған білім беру жүйесін реформалау ісі осы саланың экономикалық-ұйымдық, құқықтық, құрылымдық жақтарын
түбегейлі өзгертуге бағытталған біртұтас кешенді шаралармен тығыз байланысты.
Білім мазмұны жаңа үрдістік біліктермен, ақпаратты қабылдау қабілеттерінің дамуымен, ғылымдағы шығармашылық және нарық жағдайындағы білім беру бағдарламаларының нақтылануымен байи түсуде. Білім беру елдердің бәсекелестікке қабілетті болуын қамтамасыз ететін ең тиімді әрі ұзақ мерзімді стратегия болып табылады. Қазіргі таңда экономикалық өсу және азаматтардың әл-ауқаты үшін білімнің айтарлықтай маңызды екендігін бүкіл әлем мойындауда. Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні
туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайды. Бұл сауалдар білім беру бағдарламасымен және білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда қолданылатын педагогикалық тәсілдермен тығыз байланысты.
Қазіргі кезде Қазақстанда жоғарыда сипатталған жаһандық проблемаларға жауап бере алатындай деңгейде ұлттық мән-мәтіндегі жұмыстар жүргізілуде. Білім беру бағдарламасындағы ұлттық стандарттарға, бағалауға, оқулықтар мен оқыту әдістеріне қатысты білім беру саласындағы өзекті құндылықтар мен мақсаттар мектеп оқушыларының жалпы үлгерімін арттыруды,сондай-ақ инновация мен көшбасшылықты енгізу үшін талап етілетін дағдыларды дамытуды, ұлттық сананы қалыптастырып, іске асыруды және ауқымды халықаралық тәжірибемен өзара әрекеттесуді көздейді. Жаңартылған білім беру бағдарламасы мен бағалау жүйесін енгізу аталған міндеттерді шешу үшін қабылданған шаралардың бірі болып табылады.
Жаңартылған білім беру мазмұнының басты сипаты:
1.Оқу дағдылары (оқылым, айтылым, тыңдалым, жазылым);
2. Ойлау дағдылары (білу, түсіну, қолдану, талдау, салыстыру, бағалау);
3.Шығармашылық ойлау дағдысы
4.Логикалық ойлау дағдысы
5. Сыни ойлау дағдысы
6. Алгоритмдік ойлау дағдысы
7.Критикалық ойлау дағдысы
8.Проблемалық ойлау дағдысы
9.Технологиялық ойлау дағдысы
10.Тілдік құзіреттілік дағдысы
11. Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту;
Қазіргі таңда қазақ тілі-мемлекеттік тіл, қарым-қатынас тілі – орыс тілі және ағылшын тілі- әлемдік кеңістікті тану тілін оқытуда жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану-заман талабы болып отыр. Оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы - заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама.
Маған айт-мен ұмытып кетемін
Үйрет маған- менің есімде қалады
Өзіме істет-мен үйренемін (Қытай мақалы)
Сабақ барысында әлеуметтік өзара әрекеттестік оқуда маңызды рөл атқарады. Тақырыпты мұғалім меңгертіп түсіндіргеннен гөрі, бірігіп топпен оқу тиімді деген, яғни Мерсер құрдастар тобындағы өзара қарым-қатынас оқуда ерекше маңызды рөл атқарады. Оқушылар жұпта немесе топта жұмыс істегенде, олар «мұғалім-оқушы» және «оқушы-оқушы» өзара іс-қимылға қарағанда мейлінше «симметриялы» болып келеді. Баланы оқытудың мақсаты - оны әрі қарай мұғалімнің көмегінсіз-ақ дамытуға қабілетті ету деп атап көрсетті Эльберт Хаббарт.
Дәстүрлі сабақта оқушылар тыныш отырып, сабақ тыңдап, мұғалімнің түсіндірмесімен қабылдап, әр қатар бойынша жұмыс жасалып келді. Және оқушылар бағалау жүйесіне қатыспаушы еді. Ал қазіргі таңда осы жаңартылған білім беру үдерісі көптеген жаңалыққа толы. Соның ішінде «Жаңартылған білім беру» бағдарламасында әр пәнге байланысты түрлі өзгерістер көп.
Бастауыш сыныптардағы жаңартылған оқу бағдарламасының ерекшелігі «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» оқу пәндерін біріктіретін «Көркем еңбек» кіріктірілген пәнін енгізу болып табылады. Ол әртүрлі шығармашылық әрекет барысында көркем-технологиялық білімдерді, қабілеттер және дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.
Түрлі материалдармен жұмыс істеу білім алушылардың технологиялық ойлауын, көркем-эстетикалық талғамын, шығармашылық, есте сақтау қабілеттерін, кеңістіктік қиялын, фантазиясы мен қол моторикасын дамытуға, көзбен нақты мөлшерлеу қабілетін жетілдіреді.
Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты-білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді.
Орта білім берудің тиімді әрі маңызды көрсеткіштерінің бірі мектептегі білім беру әрекетінің қызметін, дамуын, оқушыларға және олардың нәтижелеріне әсер ететіндігін көрсететін білім алушылардың оқу жетістіктері деңгейі болып табылады.
Сондықтан білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесінің сапалы құрылуы білім беру сапасын арттырудың әлеуетті деңгейіне тікелей
байланысты.
Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалдық бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы – баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады. Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін (ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау барлық пәндер бойынша қолданылады.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – оқушыларды сындарлы оқытуға үйрету, әлемдік білім кеңістігіне қол жеткізу, инновациялық білім негіздерін терең меңгерту. Ғылым мен технологияның дамыған заманында білім беру саласы да қарқынды дамуда. Қазіргі таңда ауыл мектептері жаңа технология құралдарымен жабдықталып, ұстаздар білім берудің жаңа әдіс-тәсілдері бойынша білімдерін жетілдіру үстінде. Ендеше заманына қарай амалы, демекші бұрыңғы кездегідей қарапайым дәстүрлі сабақтың мәні де сәні де кеткен уақыт. «Білімді ұрпақ – болашақтың кепілі»,-деп дана халқымыз айтқандай, бүгінгідей ел болашағы – жас буынды заманына сай лайықты жеке тұлға ретінде қалыптастыру ісі мемлекетіміз үшін маңызды болса, мұғалімдер қауымына артылар жүк ауыр екені баршаға мәлім. Қоғамның дамуындағы ең маңызды мәселе білім беру жүйесі.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы - озық технологиялардың барлық қыр-сырларын білуге жетелейді.
Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқу үдерісін ұйымдастыру
Елбасы Н.Ә Назарбаев жылдар бойы білім және ғылым саласына ұдайы көңіл бөліп келеді. Елбасымыздың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында да бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз — білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын оқушылардың сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет»,-деген жолдар - соның дәлелі.
Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді, қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ-ны қолдану, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) қолдана білу.
Жаңартылған білім бағдарламасының ең бірінші ерекшелігі пән мазмұнының сперальды берілуі. Оқу бағдарламалары спиральді білім беру бағдарламасы моделіне негізделеді, оның негізінде оқушылар келесі сыныпқа ауысқан сайын зерделенетін материалдар мен білім қайталанып отырады деген тұжырым жатыр. Оқу үдерісіндегі ілгерілеуді көру үшін оқу мақсаттары бөлім мен бөлімшелерге топтастырылған.Спиральді білім беру бағдарламасы Спиральділік қағидаты бойынша құрылған білім беру бағдарламасы Джером Брунердің
«Білім беру үдерісі» атты еңбегінде қарастырылған танымдық теорияға негізделеді. Оның пікірінше, ең күрделі материалдың өзі дұрыс құрылымдалып, дұрыс ұсынылатын болса, оны тіпті кішкентай балалар да түсіне алады.
Брунер адамның танымдық қабілеті шартты түрде бөлінген үш сатыдан тұрады деп тұжырымдайды:
белсенді (жұмыс үдерісінде білім алу);
бейнелік (суреттер мен бейнелердің көмегімен білім алу);
таңбалық (сөздер мен сандардың көмегімен білім алу).
Бұл спиральді білім беру бағдарламасы тұжырымының дамуына себеп болған.Брунердің жұмысына негізделген спиральді білім беру бағдарламасының негізгі ерекшеліктері:
оқушы мектепте оқыған кезде тақырыпты немесе пәнді бірнеше рет қайталап оқиды;
әрбір қайталап оқыған сайын тақырыптың немесе пәннің күрделілігі арта түседі;
жаңа білім алдыңғы біліммен тығыз байланысты және бұған дейін алынған ақпарат тұрғысынан қарастырылады.
Екінші ерекшелігі Блум таксономиясының оқу мақсаттарының ирархиясы.
Бенджамин Блум – америкалық оқыту әдістемесінің психологі, Блум таксономиясының авторы. Пенсильванияда Ленсфорд қаласында туылған, 1935 жылы Пенсильван университетін бакалавр және магистр деңгейлерімен бітірген, 1942 жылы Чикаго университетінде докторлық деңгейін қорғады. «Блум таксономиясы» атты кітабында өз теориясын дамытқан: адами мінездеменің өзгеруі мен бір қалыптылығы және білім беру мақсаттарын жүйелеу.
Таксономия - белгілі бір критериялар мен ұстанымдар бойынша объектіні жүйелеу, топтастыру немесе жіктеуді айтады.
Блум жүйесі арқылы уақытты тиімді пайдалана отырып қолдануға және сапалы білім мен оқушылардың өзін-өзі бағалауға қол жеткізуіне мүмкіндік туады. Блум таксономиясының алты сатысы бойынша ең төменгі үдерістен жоғарыға қарай қозғалуды көздейтін алты кезеңді қамтып, алдағы уақытта бала оқыту тәжірибесінде қолдануға бағыт-бағдар береді.
1. Білу
2.Түсіну
3.Қолдану
4.Талдау
5. Жинақтау
6.Бағалау
Білу - таным мен ойлау деңгейі – төменгі деңгей. Бұл деңгей мәлiметтердi қайталау немесе тану арқылы есте қалай сақталғанын тексеруге бағытталады, мағлұмат пен деректердi еске түсiредi.
Түсіну - Таным мен ойлау деңгейі – орта деңгей. Жаңа материалдағы білімді түсінгенін анықтау үшін, диалогтық байланыс жасау. Оқушылардың ойларын өзгеше түрде сұрау, болжам жасату. Жаңа материалды түсінуін қамтамасыз ету.
Қолдану - таным мен ойлау деңгейі – орта деңгей.Бұл деңгей оқу материалын нақты жағдайда және мүлдем жаңа ситуацияда қолдануды меңзейді. Мұнда ережелерді, әдістерді, ұғымдарды, заңдарды, қағидаларды, теорияларды, практикалық тұрғыдан өмірде қолдану кіреді. Оқу нәтижелері түсіну деңгейіне қарағанда материалды тереңірек игеруді талап етеді.
Талдау - таным мен ойлау деңгейі – жоғарғы деңгей.Оқу материалының құрылымы анық көрінуі үшін оны құрамдас бөліктерге бөлу: бүтіннің бөліктерін ажырату; бүтіннің бөліктерінің арасындағы өзара байланыстарды анықтау, бүтіннің қалайша ұйымдастырылғандығын сезіну. Бұл деңгей оқу материалының мазмұнын сезінумен қатар оның ішкі құрылысын қалайша құралатындығын меңзейді.
Жинақтау - таным мен ойлау деңгейі – жоғарғы деңгей.Оқу материалындағы жеке бөлшектерден немесе шашылған дүниелерден жаңа жасауға көмектесу. Жалқыдан жалпыға бағыттау. Ойын жинақтап, проблеманы шешудің өзіндік үлгісін жасайды.
Бағалау- cарапталған бүтін дүниеге баға беру. Өз көзқарасын, пікірін айта білу.Таным мен ойлау деңгейі – жоғарғы деңгей
Оқу материалының маңызын анықтау, ол туралы өзіндік пікір келтіру, ойын білдіру. Бұл деңгей алдыңғыларының оқу нәтижелелеріне қол жеткізуді меңзейді. Материалдың өзі үшін керектісін, құндылығын анықтау, пайымдауға бағыт беру, идеялар алмасу, өзіне керектісін таңдау.
Үшінші ерекшелігі ортақ тақырыптардың меңгерілуі. Бастауыш сыныптарда сегіз ортақ тақырып бар. Олар барлық пәндерде де беріліп отырады. Тақырыптар бір-бірімен тығыз байланыста, сабақтастықта өтеді.
Төртінші ерекшелігі оқу мазмұнының ұзақ мерзімді, орта мерзімді, қысқа мерзімді жоспарларының құрылып, құрылған жоспарлардың жүйелі іске асуы.
Ұзақ мерзімді жоспарларда: білім беруді дамытудың жалпы принциптері (оны дамыту тұжырымдамасы),бағдарламалары; көзделген оқу мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін маңызды шаралардың мазмұны мен жүзеге асыру бірізділігі көрсетіледі. Ұзақ мерзімді жоспар бір оқу жылына арналған оқу мақсаттарын қамтиды.
Орта мерзімді жоспарлау ұзақ мерзімді жоспарда анықталған бағдарларды нақтылайды. Орта мерзімді жоспарларда белгіленген мерзімнің негізгі міндеттері тұжырымдалады. Мұнда әр тоқсанның немесе бөлімнің тақырыптары көрсетіледі. Бөлімдер ішінде сағаттарды бөлуді мұғалімнің қалауына қарай өзгертуге болады.
Қысқа мерзімді жоспарды немесе сабақ жоспарын, орта мерзімді жоспарының соңында ұсынылған үлгі бойынша әзірленеді.
Қысқа мерзімді жоспар құрған кезде :
сабақты ұйымдастыру кезінде оқу бағдарламасында және оқу жоспарында көрсетілген мақсаттарды басшылыққа алу қажет;
орта мерзімді жоспарда ұсынылған барлық іс-әрекеттерді ұйымдастыру ұсынылады;
мұғалімнің қалауы бойынша іс-әрекет түрі қажеттілігіне қарай толықтырылып отырады.
Бесінші ерекшелігі оқытудың тәрбиелік әлеуетін арттыру, оқушы бойында адамгершілік-рухани қасиеттерді қалыптастыру керек. Рухани-адамгершілікке тәрбиелеу білім берумен ғана шектелмейді. Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани-адамгершілік қасиеттері қалыптасады. Олар мына қағидаларды сақтағанда нәтиже береді. Егер:
тәрбие үрдісі оқушылардың рухани адамгершілік қасиеттерді игеруіне бағытталса;
оқушылар рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында әрекеттік, іскерлік дағдыларды игерсе;
оқушылар жеке тұлғаның және әлеуметтік мәні бар рухани-адамгершілік қасиеттерді өз іс-әрекетінде, мінез-құлқы мен тіршілік әрекетіне көрсете алу мүмкіндігін ерікті таңдаса.
Алтыншы ерекшелігі білім беру деңгейлері аралығында пән бойынша сабақтастықты ескеруге мүмкіндік беретін толық оқу курсы бойынша педагогикалық мақсат қою болып табылады.Білім беру салалары мен пәндеріне тоқталатын болсақ, ол 6 саладан тұрады. Олар бір бірімен сабақтасып байланыста болады.
Жетінші ерекшелігі бөлімдердің мазмұны мен ұсынылған тақырыптардың уақыт талабына сай келуі, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға назар аударуы.
Сегізінші ерекшелігі оқытудағы жүйелі-әрекеттік ұсыным (оқушының білім алу үдерісіне белсенді қатысуы). Белсенді оқу — оқушының мұғалімді енжар тыңдап қана қоймай, белсенді жұмысқа тартылуын көздейтін оқыту және оқу әдістерінің бірі болып табылады. Бұл тәсілдер оқу үдерісі жаттығудың алдында емес, оны орындау барысында жүзеге асырылатын құбылыс екендігін түсіндіреді. Сыныпта қолданылатын бұндай тәсілдерге топтық жұмыс , ойын «баламалары» және пән бойынша белгілі тақырыптағы ойындар кіреді. Бастауыш сыныптарда ойын шынайы өмірдің белгілі бір аспектілерін модельдеу және зерттеу үшін ұсынылған мүмкіндік болып табылады. Домино және карта сияқты дәстүрлі ойындар математика сабақтарындағы кездейсоқтық пен ықтималдық мәселесін қарастыруда оңтайлы болмақ. Шарада, тақтада сөздерді біріктіру немесе сөздерді жіктеу сияқты ойындар – тіл үйренуді қамтамасыз етудің және оны көрсетудің бірден-бір қызықты әрі тартымды тәсілдерінің бірі. Көптеген стратегиялық ойындарды қоғамның өсуін модельдеу үшін пайдалануға болады.
Білім алушылардың қолайлы дамуы үшін достық қарым-қатынастағы ортаны құру өте маңызды болып табылады.
Білім мазмұнын жаңарту шеңберінде бастауыш мектепте:
энциклопедиялық сипаттағы фактологиялық материалды беруге бағытталған оқытудан, акцентті ақпарат алу тәсілдерін үйретуге ауыстыру;
ынтымақтастыққа және дербестікке қабілетті тұлғаны әлеуметтендіру;
ақпаратты өздігінен алу, талдау және тиімді қолдану дағдысын қалыптастыру;
оқу бағдарламаларында көрсетілген білім мазмұны анықталатын және білім салалары бойынша әрі қызмет аспектілерін көрсететін күтілетін нәтижелерге көңіл аударатын оқу процесін дәстүрлі ұйымдастырудан бас тарту көзделеді, яғни оқушылар «біледі», «түсінеді», «қолданады», «талдайды», «жинақтайды», «бағалайды».
Бастауыш білім беру деңгейінің ең күрделі және жауапты кезеңі – бірінші сыныпта оқу процесін ұйымдастыру.
1-сыныптан бастап қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілін оқыту сөйлеу қызметінің төрт коммуникативтік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
1-сынып сауат ашу сабағымда оқушылардың оқыту мақсаты - 6-7 жастағы бүлдіршіндерде буынмен оқу, тұтас сөздерді оқу, мәнерлі мазмұндау, жатқа айту қабілеттерін қалыптастыру, сауатты жазу қабілеттеріне дағдыландыру, байланысты сөйлеуін дамыту және т.б. болып табылды.
Басты жаңалығымыз бастауыш сыныптарда «Жаратылыстану» пәнінің енгізілуі. Оқушылардың қарапайым ғылыми білім деңгейін қалыптастыруға бағытталған. Зерттеуді жоспарлау, теорияны іс-тәжірибе арқылы оқып-үйреніп, оқушылардың фунцияналдық сауаттылығын дамытуға ықпал етеді. Жаратылыстану,дүниетану сабақтарында оқушылардың өз бетінше ізденіп, алған білімдерін күнделікті өмірде кездесетін табиғат құбылыстарын байланыстырып зерттей білуге үйретуге негізделген.
Жаңа бағдарламада оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесі де өзгерді. Критериалдық бағалау - бұл білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу-танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, айқын анықталған, ұжыммен шығарылған, білім процесінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критериялармен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген процдесс.
1-сынып оқушыларына арналған оқулықтарды «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Алматы кітап», «Атамұра», «Мектеп», «Бөбек», «EXPRESS PUBLISHING» баспалары әзірлеген оқулықтары жеткілікті болды.
Жаңартылған білім мазмұны мен дәтүрлі білімді салыстыратын болсақ, ерекшеліктерді терең байқауға болады.
Аталмыш бағдарламаның мәні, баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Ата-бабамыз «Оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, жан-жақты,шығармашыл, ізденімпаз ұстаз ғана табысты болып, нәтижеге жетеді.«Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу», – деген Әл-Фарабидің сөзіне жүгінетін болсақ, ел ертеңі білімді ұрпақпен ғана өлшенбек.
1.3. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдер
Білім беру мазмұнын жаңарту білім берудің қазіргі заманғы үрдістерін және қазақстандық білім берудің үздік практикасын кіріктіруге бағытталған. Білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде оқу бағдарламаларын әзірлеу кезінде қазақстандық педагог-практиктердің және ғалымдардың ұсыныстары ескеріліп жасалды.
Оқушылар барлық пәндерді оқу кезінде АКТ қолдану дағдыларын дамытады. Ақпаратты іздеу және өңдеу барысында ұжымда идеялармен алмасады, өз жұмыстарын бағалайды және жетілдіреді, түрлі жабдықтар пен қосымшалардың кең ауқымын пайдаланады. АКТ оқушы білімінің, оларды тиімді қолдану бойынша дағдыларының дамуына жәрдемдеседі.
Оқу бағдарламаларында оқу мақсаттарының жүйесі түрінде берілген күтілетін нәтижелер тұжырымдалған. Күнделікті білім беру үдерісі оқу мақсаттарына жетуге және оқушыларда алынған білім мен дағдыларды кез келген оқу және өмір жағдайында шығармашылық пайдалануға дайындығын қалыптастыруға бағдарланған.
Достарыңызбен бөлісу: |