«Бел-белесте» деген бесінші тарауда - жер дауы төңірегіндегі дүрбелең одан әрі жалғасады. Жаз жайлауға шығу уақыты болғандықтан, ағасы Тәкежанның ұсынысымен Абай бүлдірген теруге шығады. Сол кезде алдарынан Бөжейдің киімі жабылып, кекілі кесілген қара көк атын орталарына алған екі қызы бастаған қаралы көш өтеді. Олар кісілерді көргенде дауыс сап, жоқтау айтады. Абай осы топтың ішінен Тоғжанды танып, ерекше күйге түседі. Бұл көрініске әлі ештеңені түсінбейтін Оспан ғана мәз болып жүр.
Бөжей ауылы Құнанбайлар отырған жақын қонысқа көшіп келгендіктен, Құнанбай үш саба қымыз, бір ту бие, бір тай, Зере мен Ұлжан бір түйе сойыс алып, тайлы-тұяғы қалмай, Бөжей үйіне көңіл айтуға барады. Қыздар жоқтау айтқанда Құнанбайға да кінә таға кетеді. Сол кезде Құнанбаймен ағайындас, Сары апаң аталып кеткен кісі былайша айғайлап айтып тастайды:
Мына да қарлар не дейді?
Жақсыдан жаман көбейді.
Ескінің асыл көзі еді,
Ұрлапта көмдің Бөжейді.
Екі жақ бір-біріне деген өкпесін осылайша әйелдер аузымен жеткізеді. Қайтарда Құнанбай: «Күтсең, Сары апаңды күтсеңдерші», - деп оған деген ризашылығын бір-ақ ауыз сөзбен білдіреді.
Күз айының белгісін жұрттың жазғы үлкен киіз үйлерді қоймаға тастап, кішілеу қоңырқай үйлер тіге бастағанынан байқауға болады. Тағы да Құнанбай жағы мен жігітек арасында кикілжің басталады. Әңгімеге арқау болған жағдай - Майбасардың атшабарын жігітектің бір жігітінің сабап кетуі. Майбасар - Өскенбайдың басқа әйелінен туған Құнанбайдың інісі. Құлыншақпен болған келіссөз мәмілеге келмегендіктен, Құнанбай бөлініп кетеміз деген жігітекті тоқтату үшін тағы шабуылға шығады. Жіберген жігіттері басқа көшпен бірге байқамай қаралы Бөжей көшіне де тиіседі. «Бөжейдің қаралы көшіне шауыпты. Өлі аруақты қорлапты» деген сөз желдей есіп, шартарапқа тарайды. Енді Байдалы да қол жинап, Тоғжанның әкесі Сүйіндік Түсіпті Қарқаралыға арыз айтуға жөнелтеді. Үш күнге созылған «Мұсақұл соғысы» Құнанбайдың жеңісімен емес, жігітек жағының күресуге, белдесуге жарайтындығын көрсетуімен аяқталады. Арада тып-тыныш 10 күн өтеді. Келесі күні Түсіптің арызы бойынша Чернов деген шенеунік пен Қарқаралыдан ілескен қазақтар Майыр дейтін көмекшісімен және бір топ қарулы жігітпен Құнанбай аулына түседі. Екі жақтың дауы - баяғы жер мәселесі. Арыз-шағым өте көп болғандықтан, ұлықтар Құнанбайды қалаға алып кетеді. Құнанбай кеткеннен кейін жігітек жағы Қаратаймен ырғаса жүріп, 15 қыстауды қайтарып алып, тынышталады. Мал да беріледі. Бұдан кейін Құнанбай үстінен арыз түспейді. Ал Абай бұл кезде айналасындағы үлкендердің барлық шама-шарқын танып болған еді. Ендігі ермегі - қолына домбыра алып, мөлдір күйлер, сұлу әндер шерту. Тоғжанды сағынышпен еске алады.
Ал Құнанбай ісі Омбыға кеткендіктен, оған сол жаққа баруға тура келеді. Алшынбай Майырды паралап тастағандықтан, енді ол қысыла бастайды. Құнанбайдың құдаларының бірі Тінібек те көп көмектеседі. Майыр Керекуге жеткеннен кейін Құнанбайды өзі түскен үйге шақыртады. Барлық қағазды Құнанбайға көрсетеді. Ал Құнанбай пешке от жаққызып, өзі Майырдың қолын артына қайырып ұстап, Қаратайға барлық арызды жақтырып жібереді. Өтірік мас болған Майыр бұлар кете салысымен, үй иесі Сергей екеуінің келісімі бойынша есік алдындағы ескілеу сарайды мініп келген шанасымен бірге өртейді, Сергей қағаздың өртенгені туралы акт жасап береді.
Бір қыс сапарда болған Құнанбай елге қайтқанда енді сұлтан емес, Майбасардың орнына елге старшын болып оралады. Өйткені бұл кезде сұлтандық билік жойылып, старшын, болыс, майыр деген билік түрлері орнай бастаған. Абай былтыр Тоғжан ауылынан қайтарда танысқан Ербол деген жігітпен ойда-жоқта ұшырасып қалады. Жұғымды жігіт Ербол Тоғжанның жеңгесімен сөйлесе жүріп, Абаймен Тоғжанның жолығуына мүмкіндік жасайды.
Құнанбайды жалғыз ырғызбайлықтар ғана емес, топай, жуантаяқтың көп ауылдары зор құрметпен қарсы алады. Алда Тәкежанның үйлену тойы мен Абай, Оспандардың ұрын бару рәсімдері атқарылмақ.
«Өрде» деген алтыншы тарау Алшынбай ауылына Абайдың ұрын баруымен басталады. Бұған отыз шақты адаммен Ұлжанның өзі бастап, некеқияр салтын жасайды. Әкелген қалың малдың басы - кесек күміс бесік жамбы. 7-8 күндік жол бойында Абай мен Ерболдың жұбы жазылмайды. Абай қасына 12 жігіт ертеді. Еркектер жағын Ізғұтты басқарады. Келген жылқы, түйеден басқа жыртыс матаның өзі екі атан түйеге артылады. Ал келінге жасау тігілетін батсайы, мақпал, манат, дүрия, шағи бөлек салынған. Осылайша, автор ұрын бару рәсімінің сән-салтатанатын оқырманға таныстырады.
Алшынбай жағы да жеке үй тіккізіп, құдаларды ерекше күтеді. Той дүрілдеп өтеді.
10 күн өткеннен кейін Ұлжандар қайтып кетіп, Абай Ділдәнің қасында біраз күн болады. Айрылысар кезде Абай мен Ділдә бір-біріне үйренісіп, қалжыңдап та отырысады. Дегенмен Ділдә сүйкімді, сұлу көрінгенімен, екеуі бір- бірімен қабыспайды, шын ғашықтық оты тұтанбай, салқын күйде қалысады.
Осы тараудағы тағы бір басты оқиға - Абайдың Бөжей асын өткізуге атсалысуы. Абай жігітек басшысы Байдалының өзіне келіп, үй тіккізу үшін бөлек орын сұрайды және жиынға келетін ең қадірлі, ең сыйлы деген елдің қонағының бірін беруін өтінеді. Бөжейдің нағашысын таңдаған Абай зор дайындыққа кіріседі. Байдалы жігітек тарапынан Ербол, Жиренше, Базаралыны көмекке береді. Абай жағынан бұл іске Ұлжан, Ізғұтты, Құдайберді бел шеше кіріседі. Оншақты үй тігіліп, бие сойылып, қой үйітіліп, бауырсақ пісіріліп, қарбаласып жатқан жұрт. Көрнекті жерден орын алған салтанатты үйлерге кімдердің түсетіндігі елдің бәрін қызықтыра бастайды. Бұл үйге Жетісу жақтан Бөжейдің нағашы туыстары кіреді. Тағы бір топ сыбандар жиынын бастап ақын Қадырбай келеді. Қадырбай Абай ісіне, қайтарған жауабына, әкесін қорғап айтқан тапқыр сөзіне дән риза болып, батасын береді. Бір түнеген қонақ- тарды күтудің ең ауыры - келер күн. Табақ тартуға өңшең күміс ер-тоқыммен ерттелген жорға аттарды сайлап, күтуші жігіттер бастарына тегіс біркелкі жібек орамал байлайды. Жазушы: «Ас ошағынан екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болады», - деп суреттейді. Бәйге, күрес сияқты ойын-сауықтар басталғанда, Абай елікпейді, өйткені алыстан келген қонақтардың кешкі сыйына дайындалуы керек. Қасын- дағы көмекші адамдардан да «хабаршы боп тұрайыншы» деп қатты қызыққан Ерболды ғана босатады. Бәйгеге 150 ат қосылады, берілетін сыйлықтың бәрі тоғыз-тоғыздан. Бірінші бәйге - түйе бастатқан тоғыз, екінші бәйге - Ұлжан әкелген күміс жамбы бастатқан тоғыз. Балуандар бәйгесі де сондай тоғыз-тоғыздан. Кешқұрым қонақтарды сыйлап, ертеңінде түскі асты ертерек бергізеді.
Қонақтар аттанғаннан кейін Бөжей мінген қара көк тұл атты Байсал мен Сүйіндік жығып, Байдалының өзі жылап тұрып, бауыздайды. Бұлардың «үшеуі де кейін «жол» алды» дейді. Ұйқы қысқаны соншалық, Абайлар үйге келе сап, төсекке құлайды. «Екі түн, бір күн ұйықтамаған Абай осы қалың ұйқының уағында өзінің қандайлық абыройлы, атақты, жақсы жігіт атымен оянғанын білген жоқ-ты», - деп жазады жазушы.
Жігітек ауылымен татуласқаннан кейін Абайға Сүйіндік ауылына баруға жол ашылады. Осындай бір сапарда тура алтыбақан теуіп, ойын ойнап жат- қан той үстінен түседі. Тоғжанмен кеңірек сөйлесіп, екеуі бір-бірін қалтқысыз сүйетін ғашықтар екенін аңғартады.
Үйге келген соң, Абай әке-шеше ұйғаруымен Ділдәні алып келеді. Ал Құнанбай болса, «бес қасқа» атанған Құлыншақтың екі баласын Жетісуға жер аударып, бір баласын кепілдікке қойып, «баламды ұрдың, інімді масқараладың»деп,айып-анжыныда баса салады. Абай қайтып келгенде жұлысқан тартыс жоқ. Алтыншы тарау «Бірақ ауыл-үй, ағайын арасы тағы да томсарған наразылыққа, бітеу жараға толы екен» деп аяқталады.
«Қияда» деген жетінші тарауда 16 жастағы Абай әке атанады. Ділдә түскен жылдың келесі көктемінде Ақылбай (1861-1904) деген тұңғыш ұлы, жыл өткенде Күлбадан(1862-1932) деген қызы дүниеге келеді.
Құнанбай Қаратайдың ақылымен Бердіқожаның қызы Нұрғанымға құда түседі. Әкесі қарсы болып, бергісі келмегенімен, балалары үгіттеп, әсіресе, Бурахан көндіреді. Осы тарауда М.Әуезов қожалардың қайдан, қалай ауып келгендігі туралы айтып өтеді. «Құнанбай тегінде жігіттің денелі, бітімділігін ұнататын. Бурахан аса сұлу және денелі жігіт еді. Соның тұлғасын тамаша етіп, бір күні: «Бір үйдің ішіне жүз кісі кем адамды жиып, соның арасына Бураханды кіргізіп, отырғызып қойса, аналардың кемдігі көзге көріне ме?» деген. Нұрғанымның М.Әуезовке апай болып келетінін сөз басында айтқанбыз. Ұлжан Құнанбайдың бұл ісіне қарсы болып, наразылық білдіреді. Бірақ Ұлжанды көре алмай, үнемі атысып жүретін Күңке бұл жағдайды пайдаланып, Құнанбай жағына шығып кетеді, сондықтан Нұрғаным Күңке отырған Құнанбайдың Қарашоқыдағы үйіне келін боп түседі.
Абайды «Жалғызым» деп еркелеткен асыл әжесі, айналасына өте қадірлі, мейірбан адам болған. Зере (1785-1873) ауру іліне салысымен, көп жатпай, 88 жасында қайтыс болады.
Бұл тараудағы ең басты оқиға: Құнанбайдың 24 жасқа келген баласына «Сенің бойыңнан үш түрлі мін көрем. Соны тыңда» дегенде оған қайтарған Абайдың жауабы арқылы қаншама қиын жолдан өтіп, қияға шыққан жас ғұламаны көреміз. «Ең әуелі арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың... Жайдақсың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды», - деп басталатын әке айыптауы да оңай емес. Ал Абайдың: «...Қолында құралы бар жалғыз-жарымға ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсыз, кәрі, жасқа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын» - деуі - ой-өрісі жетіліп, өмірге көзқарасы әбден қалыптасқан адамның аузынан ғана шығатын сөз.
Бұл тарау әке мен бала арасындағы ойлы сұхбаттан кейін: «Қияға қадам басқаны рас. Бір күндерде жалаң құздың басындағы тақыр құм мен тастақты жарып, әлсіз нәзік шешек атып, жас шынар пайда болған. Сондай бір гүл шашқан. Енді бұл күнде сол шыңға шыққан жалғыз шынар балғын тартып, жас қуатқа толыпты. Қазір оған қыс пен аяз да, тіпті тау дауылы да қатер болудан қалған-ды», - деп түйінделеді.
«Абай жолының 2-кітабы «Тайғақта», «Жайлауда», «Еңісте», «Оқапта», «Асуда», «Тарауда», «Биікте» деген жеті тараудан тұрады.