Әдебиет сыны - әдеби сын, көркем әдеби сын - әдебиеттану ғылымының бір саласы. Ол өмір шындығы мен әдеби шығармадағы көркем шындық арақатынасын саралап, көркем шығарманы әдеби тұрғыдан бағалайтын, әдеби дамудың ағымдағы мәселелерін талқылап, бағыт сілтеп отыратын әдеби- публицистикалық, ғылыми-эстетикалық шығармашылық түрі. Сендерді әдеби сын жазуға баулу тек шығарманың мазмұнын түсінуге ғана емес, сол шығарманың тууына себеп болған қоғамдық, әлеуметтік жағдайларды да терең түсінулеріне мүмкіндік береді. Өйткені көркем шығармадағы айтылған ойлардың әлеуметтік астарына мән беру керек. Сонда ғана сын белгілі бір әдеби құбылыс туралы қоғамдық ой қорытады. Сонда ғана сын өзінің жанр ретінде неге дүниеге келгенін, не үшін қажеттігін дәлелдей алады.
Белгілі әдебиетші-ғалым Дандай Ысқақұлы әдеби сынның теориялық мәселелерін зерттей келіп: «Әдеби сын дегеніміз - әдебиеттану ғылымы мен қоғамдық ғылымдардың тоғысқан түйінінен пайда болып, күнделікті әдеби процесті зерттейтін, оған баға беріп, оқырманның рухани әлемі аясында қызмет атқаратын әлеуметтік сананың сан қырлы саласы», - деген тұжырым жасады.
Д.Ысқақұлы ұлттық сынымыздың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, қазақ әдеби сынының мынадай негізгі жанрларын атап көрсетеді: әдеби хабар, аннотация, рецензия, мақала, шығармашылық портрет, шолу, эссе, әдеби фельетон, әдеби пародия, әдеби эпиграмма, монография. Бұлардан басқа библиографиялық көрсеткіш, әдеби есеп, әдеби очерк, әдеби шарж т.б. жанрлар бар екенін де ескертеді.
Жаратылыстану-математикалық бағыттың оқу мақсаты бойынша шығарманы идеялық жағынан мазмұндас туындылармен салыстыра отырып, әдеби сын жазу көзделген. Сын бірден жазылып кетпейді. Мұнда алдымен дайындық жұмыстары жүргізіледі. Маңыздысы - идеялық жағынан мазмұндас туындыларды таңдау. Мысалы, С.Балғабаевтың «Тойдан қайтқан қазақтар» комедиялық драмасын Шерхан Мұртазаның «Тәуекел той» әңгімесімен, Қ.Мырзалиевтің «Қызыл кітап» поэмасын М.Әуезовтің «Көксерек» повесімен салыстыруға болады. Ол үшін мына кестеге сүйене отырып, жұмыс істеуге болады.