«Қат-қабатта» деген екінші тараудағы басты оқиға - жер дауы. Бұрын бөкенші мен борсақ рулары жайлаған ішінде Қодар отырған шұрайлы жер Қарашоқыны Құнанбай енді өз меншігіне қаратады. Бұған үлкен бәйбішесі Күңкені ие етеді. Бөкенші руынан Сүйіндік, Сүгірлер, борсақ руынан Жексен (Қодардың туысқаны) көштері өз қыстауларына қоныстана алмай, қайта көшеді. Қодар мен Қамқа туралы өсекті жұртқа жайған Жексен мен Жетпіс қателескенін, арандап қалғанын қыстауларынан айырылғанда бір-ақ біледі. Жылап-еңіреп, Қодар мен Қамқаның аруағынан кешірім сұрайды. Сүйіндік, Жексендер қайта көшкенімен, Құнанбай атаған қыстауға бармай, Шыңғыс тауының Қызылшоқы, Қыдыр, Көлқайнар деген жерінде жаппа тігіп, көшпей отырып алады. Құнанбай қайта-қайта елші салып жүріп, бұларды өзінің атаған жеріне қоныстандыра бастайды. Ендігі бір көздегені - жатақ ауылдардың қожайыны Бөжей отырған Тоқмамбет қыстауын алу. Мұны осы қыстауға таяу отырған Байсалға алып бергісі келеді. Бөжейге кісі салғанмен, ол тыңдай қой- майды. Ыза болған Құнанбай бір қарулы жігіттерді жинап келіп, Бөжейге дүре соққызады. Бұған көтібақ руынан шыққан Байсал араша түсіп, өз жігіттерімен Бөжей жағына шығып кетеді. Бөжей Құнанбайға лағынет айтады.
«Жолда» деген үшінші тарауда Абай отызға тарта нөкер ерткен әкесімен бірге Қарқаралыға барады. Аға сұлтан Құнанбайдың айналасында әрбір жұмысқа жауапты сенімді адамдары мен тілмаш болады. «Тегінде, Құнанбай қолында Ғабитхан сияқты татардан, Ізғұтты сияқты қырғыздан, Бердіқожа сияқты қожадан келген, тіпті шеркестен де келген жеке адамдар немесе тұтас ауыл, топтар көп болушы еді» деп жазады жазушы.
Қарқаралыға келу себебі - Құнанбай үстінен жазылған Бөжейдің арызы. Осы кезде Құнанбай өз қаражатымен салдырып жатқан мешіт құрылысын көреді. Бұдан екі жыл бұрын Қарқаралыға ықпалы жүріп тұрған Қаздауысты Қазыбек бидің ұрпағы Алшынбай мен Құнанбай достығы тереңдеп, оның Түсіп деген баласынан туған Ділдәні Абайға атастырған болатын. Осы Алшынбай Тіленшіұлы іске араласып, Құнанбай мен Бөжейді татуластырады. «Серттің адалдығы бала бауырымен біте қайнассын» деп, Құнанбайдың кіші әйелінен туған 3 жасар Кәмшатты Бөжейге аманат етіп берсін деген шешім шығарады. Бұл сапарда Абай Шөже ақынмен және Алшынбай қасына ертіп жүретін Балта ақынмен жүздеседі. Тарау «Екі көзі қарақаттай жайнаған, аппақ» Кәмшаттың «от басып алғандай» «Апа, Апа! Әже!» деп шырылдап жылағаны Бөжейлер аттанып, ұзап кеткенше «...отқа өртеніп не суғажұтылып бара жатқан жанның зарындайбоп, ызың-ызың естіліп тұрды» - деп аяқталады.