Эссені топпен жазу. Топқа бөлінгеннен кейін, 1-бала тақырып бойынша тақырыптық сөйлем жазады, 2-бала не талқылайтынын жазады, 3-бала дәлел келтіреді, 4-бала қорытып, барлығын байланыстырады немесе мұғалім ұсынған қиылған эссені дұрыс ретпен құрастыру керек. Сондай-ақ топқа бөлініп, 1-топ кіріспе бөлімін, 2-топ негізгі бөлімін, 3-топ қорытынды бөлімін жазып, сынып алдында қорғап, талқылауға болады.
Эссе жазу кезеңдері:
Проблеманы анықтау - ойлану - жоспарлау - жазу - тексеру.
Эссе жазу барысында сақталуы тиіс талаптар:
жеке көзқарастың көрінісі;
фактілі дәлелдер (аргументтер);
теориялық негіздеме;
терминдерді қолдану;
дәйексөздерді келтіру;
әртүрлі көзқарастарды мысалға алу;
логикалық заңдылықтың сақталуы;
салыстыру және қорытындылау әдістерін қолдану;
сауаттылық (пункт., орфогр.);
юмор, сарказм;
қолданылған ғылыми еңбектерге сілтеме жасау.
Эссе жазу барысында жиі кездесетін қателіктер:
тақырыптың ашылмауы;
автордың жеке позициясының көрінбеуі;
теориялық негіздемесінің болмауы;
терминдерді орынсыз, сауатсыз қолдану;
тым қарапайым өмір мысалдарының көптігі;
ауызекі сөздер, диалект, сленг, жаргон сөздердің орын алуы;
келтірілген мысалдар автор позициясына қайшы келуі;
қорытындылау, түйін шығарудың жоқтығы;
логиканың болмауы.
Әдеби әссе жазу үлгісі:
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Абайдың азаматтығы елге танылу ма, елді таныту ма, жоқ әлде есейгендік пе?
Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясында Абай туысы Бөжейдің асын өткізуге тікелей атсалысып, азаматтық танытты. Себебі кезінде әкесі Құнанбай мен Бөжей араз болғандықтан, қайтыс болғанына қатыса алмай, олар оқшау қалған еді. Енді туыстар арасындағы сол сызатты қалпына келтірудің бір жолы - соңғы асына көмектесіп, кісілік таныту.
Бөжей - тобықтының жігітек атасынан шыққан беделді кісісі. Құнанбай қамқорлығында болған, алайда жер дауына байланысты екеуінің арасы ажыраған.
Асы келген уақытта Абай әкесіне өзі қолқа салды. Бұл ас жалғыз жігітекке ғана сын еместігін айтып, әкесінен рұқсат сұрады. Бұл әрекетті мен оның есейгендігі деп түсінемін. Себебі, ең алдымен, үлкендерден бата алды, аналарымен ақылдасты. Сонымен бірге досы Ерболдың ризашылық білдіруі де тегін емес: «Абай, бөтен сөзім жоқ. Тек бағана әкеңмен сөйлескен сөзіңді есіткелі өзіңе дән ырза боп, достығыма сүйсініп ем...». Бұл жерде «Кісіні досынан таны» деген қағиданың өміршеңдігі байқалады. Ерболдың ризашылық білдіруі тегін емес еді. Әкесі келіспегендік сыңай танытқанымен, баласының алған бетінен қайтпайтынын түсініп, кейін шегінді. Баласының «атаның баласы емес, адамның баласы екенін» іштей ұққандай болды.
Аста Абай ер-азаматтық, мәрттік танытты. Он үлкен үй тікті. Оған отыздан үш жүз кісіні күтті. Аста болатын бәйгелер жоралғысын да ұмыт қалдырмады. Абай ел ақсақалдарынан жиынға келетін ең қадірлі, ең сыйлы деген елдің қонағының бірін беруін өтінді, соларды абыроймен атқарды.
Абай Сүйіндік, Байсал, Байдалылардың ыстық ықыласына бөленді. Байсал: «Балам, мен осы шаққа шейін сенімен тіл қатысып, жылы ұшырап көріскен жоқ ем. Ана бір жылы Қарқаралыда мейірі түсіп кетіп, Бөжікең бата беріп еді-ау! Мен онда жақтырмап ем. Бүгін Бөжікеңе адал іні боп, бетіңді аштың. Жақсы ағаның әмісе зор дәмесін өстіп ақтағайсың! Ақтарсың деп білемін!». Осы жолдардан Абайдың «кісі болар», «алысқа қарар» тұлға екенін байқаймыз.
Қорыта айтқанда, Абай ерте есейді. Өмірдегі қарыз бен парызды түсіну - есеюдің белгісі. Оған, әрине, әкесі Құнанбай ықпал етті. Досы Ербол да дос таңдауда қателеспегенін түсінді. Міндетін жақсы атқаруға барын салды. Ел ағалары оны мойындады. Абай тек әке жолымен жүрсе, мына дүниенің өзгеріссіз қалатынын түсінді. Осылайша, өзі салған сүрең жолмен әке даңқын аспанға шығарды.
ГЛОССАРИЙ
Достарыңызбен бөлісу: |