Тарихнамасы. Еліміздің басқа да өлкелерінің тарихи мәселелері сияқты Оңтүстік Қазақстанды отарлауға байланысты жер проблемаларын талдау сол кездің өзінде, яғни XІX ғасырдың екінші жартысында-ақ басталып, кейінгі Кеңес өкіметі тұсында әдебиеттер ауқымы кеңейе түсті. Алайда, оларда еліміздің Оңтүстік өңіріндегі бұрынғы Жетісу және Сырдария облыстарына келген қоныс аударушылар елді мекендерінің пайда болуы, шаруашылығының дамуы жергілікті халық пайдалануындағы жердің “артығын” мүмкіндігінше көбірек тауып, онда көші-қон учаскелерін даярлауды мақсат еткен қоныс аудару мекемелерінің құрылуы, олардың қызметінің мазмұны, келімсектер поселкелері мен қазақ ауылдары арасындағы қарым қатынас, патша үкіметінің өлкені қоныс аударушылар арқылы отарлаудың қазақ қоғамына әсері мәселелеріне объективті түрде баға беру жетіспейді. Көптеген, әртүрлі орыс тарихнамасында фактілерге сүйенген мәліметтер берілгенімен, көп жағдайда, Ресей империясының отаршылдық саясатын ақтау мақсатында қоныс аудару мәселесі бір жақты талқыланады. Бұл еңбектер зерттеу қоры ретінде пайдалану барысында сыни анализ жасауды қажет етеді. Біз оларды шартты түрде ресми көзқарасты қамтитын еңбектер және салыстырмалы түрде XІX ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында қалыптасқан жағдайды объективті бейнелеген еңбектер деп екі топқа бөлеміз.
Ресми көзқарастағы әдебиеттер Қоныс аудару Басқармалары басылымдарынан шығарылып, онда өлкенің сол уақытта әлеуметтік-экономикалық дамуындағы прогрессивті өзгерістер орыс шаруаларының Қазақстан мен Түркістанға қоныс аударуымен байланыстырылды /2/. Бұл еңбектерде маңызды кемшіліктер бар: Ресей үкіметінің қоныс аудару саясатындағы отаршылдық мақсаты туралы тіс жарып еш нәрсе айтылмаған және Түркістан өлкесіндегі империяның экономикалық, саяси және басқа да мүдделерін іс жүзінде ақтауға арналған.
Алғашқы топтағы әдебиеттер қатарына патша үкіметінің отарлау саясатын тереңдете түсу мақсатында, қарамағына Оңтүстік Қазақстан территориясы қарайтын Түркістан өлкесінде әр түрлі уақыттарда зерттеу және тексеру жұмыстарын жүргізген А.Миддендорф, И.Костенко, Ю.Д.Южаков, В.П. Вощинин, И.Гейер, Н.А.Карышев, В.Н.Юферов, А.А.Кауфман, П.А.Скрыплев, М.Михайлов, Н.Гаврилов, В.И.Масальский , С.Велецкий сияқты шенеуниктер мен ғалымдардың жарыққа шыққан еңбектерін жатқызуға болады /3/. Бұл аталған авторлар Түркістан өлкесін де қоныс аударғандар орналасқан ауылдардағы қазақ руларының өмірін өз көздерімен көріп, Ресей империясы құрамына кешірек кірген аймақ,тұрғындарының шаруашылығын,тұрмыс жағдайларын зерттеп, реформадан кейінгі дәуірдегі келімсек шаруалардың қоныс тебуі барысындағы демографиялық өзгерістерді, қазақтардың жерсізденуін, жергілікті халықтың әлеуметтік-саяси, сонымен қатар шаруашылық салаларындағы ауыр жағдайларын қарастырған. Бірақ оларда, басқа да орыс тарихнамасындағы осы күнге дейін құндылығын жоғалтпаған алуан түрлі деректермен қатар, Ресей үкіметінің отаршылдық саясатын қолпаштаған апологетикалық қорытындылар аз емес. Бұл авторлардың еңбектерінде қазақ даласының тікелей отарға айнала бастағандығы жөнінде, патша өкіметінің отарлау саясатының басты мақсат-мүдделері мен бағыттары, барысы мен нәтижелері ашып көрсетілмеген. Айтылмыш еңбектердің көпшілігінде қоныс аударушылар жергілікті халыққа егін шаруашылығында темір соқа пайдалану, мал шаруашылығында жем-шөп дайындау, жаңа кәсіпкерлік түрлерін үйрету, т.б. секілді жаңалықтар алып келді; Қазақ даласы орыс мұжықтары болмаса жабайы күйінде қала берер еді деген көзқарастар орын алған.
Сондай-ақ, осы әдебиеттерде қазақ халқының басқа халықтар сияқты ерте заманнан бері дамып келе жатқан өзіндік ұлттық мәдениеті, өзінің экономикалық, мәдени және саяси өмірін өз алдына жеке дамыта алуға қабілетті екендігі сырт қалып отырған. Біздің ойымызша, тарихи зерттеуде мұндай қателік жіберу - бүкіл бір еркіндік сүйгіш халықты қорлау болып табылады. Ал қателіктер, авторлардың тарихи шындықты бүркемелеуге тырысқан барлық жағдайларда, жасырын немесе ашық түрде жасалынды. Алайда, көптеген кемшіліктеріне қарамастан, бұл еңбектер зерттеу объектісі ретінде алынған облыстардағы орыс халқының тұрмысы мен шаруашылығы жөніндегі маңызды деректер, ауылдар мен деревнялар арасындағы шаруашылық және мәдени байланыс туралы қызықты мәліметтер беруімен құнды.
Жоғарыдағы аты аталған авторлардың ішінде осы тақырыпқа көп көңіл бөлген белгілі экономист және статист, профессор А.А.Кауфман болғанын ерекше атап өткен жөн. Ол өзінен алдыңғы зерттеушілер сияқты қоныс аудару мәселесін Орталық Ресейдегі орын алған аграрлық дағдарыстан шығу жолы деп қарастырмады. А.А.Кауфман бұл дағдарысты жеке меншіктік жерлерді өтеп алу арқылы жоюға болады деп санады. Алайда реакциялық көзқарастағы ол - қазақтардың ата мекен жерлерінен ығыстырылуын ауыл шаруашылығындағы мәдени прогресс, ауыл шаруашылығын интенсификациялау деп қарады. Оның пікірінше қазақ жерлерін зорлықпен тартып алынуы олардың отырықшы тұрмысқа өтуіне ықпал етті-міс.
Осындай отарлық саясатты қолдайтын концепциялармен бірге жергілікті қазақ халқының адалдығына, бейбітшілік сүйгіштігіне, жоғары дәрежедегі егіншілігіне құрметпен қараған бір қатар авторлардың еңбектері жарық көрді. Олар патша үкіметінің қазақ халқына алып келген қасіретін қатты сынға ала білген. Бұлардың қатарына Н.Васильевті, П.Румянцевті, А..Алекторовты, В.Васильевті, Т.Седельниковты, М.А.Коморовты, О.А.Шкапскийді жатқызуға болады. П.Румянцев арагідік статист Ф.Щербинаның еңбектеріндегі мәліметтерді пайдалана отырып, қазақтардың жерді пайдалану формалары эволюциясын жан-жақты зерттеді. Бұл концепция осы күнге дейін өз құндылығын жоғалтпаған. Сонымен бірге П.Румянцов тарихшылардың арасынан алғашқы болып, орыс-қазақ қатынастарының вассалдықтан отарлыққа өту процесін көрсетті /4/. Бірақ, ол өз еңбектерінде қоныс аудару мәселесіне объективті түрде қараған жоқ, Ресей самодержавиесі отарлық саясатының нәтижесінде жергілікті халық тұрмысының күйзелуі, жат жерлерге көшіп кетуге мәжбүр болуы әдейі айтылмады. П.Румянцовқа қарағанда Т.Седельниковтың зерттеу жұмыстарында /5/ қоныс аударушылар поселкелеріне қазақ жерлерінің алынуы, Қоныс аудару Басқармасы қызметкерлерінің келімсектерге жер бөліп берудегі қазақ халқына жасаған қиянаттары айқын суреттелген. Ол патша үкіметінің қоныс аудару саясатының отарлық сипатын айқындауға тырысты.
Қазақтың дәстүрлі ауыл шаруашылығының дағдарысқа ұшырауының негізгі себебі жергілікті халықты империяның отарлық қанауы болды деген қортындыны алғаш жасағандардың ішінде А.Алекторов /6/ болды. Осындай себеппен Қазақстанның Оңтүстігінде де ауыл шаруашылығы дамуының тежелуін Н.Васельев /7/ зерттеу жұмысында көрсетті.
В.Васильев /8/ өзінің “Семиреченская область как колония и роль в ней Чуйской долины” деп аталатын еңбегінде орыс, қазақ, ұйғыр және дүнген халықтары шаруашылықтарының өзара қатынасына айрықша тоқталады. Ол қазак-орыстардың өздеріне берілген артықшылықтарын пайдалана отырып, жерлерін көп жағдайда тиімсіз пайдаланғандығын көрсетіп, Қазақстан мен Түркістан егіншілігіне орыс қоныс аударушылары жоғары мәдениет алып келді деген пікірге қарсы шықты. В.Васильев керісінше, ежелден егін шаруашылығымен айналысатын ұйғырлар мен дүнгендерді айтпағанның өзінде, қосалқы жер шаруашылығымен айналысатын көшпенді қазақтардың егіншілік мәдениеті келімсектерден жоғары тұрғандығын дәлелдейді.
М.К.Коморов “Правда о переселенческом деле” деген еңбегінде патша үкіметінің қоныс аудару мәселесі төңірегінде жіберіп отырған жүгенсіздіктерін, парақорлықтарын, мемлекеттік ақшаны талан-таражға салғандығын, орман ағаштарының аяусыздықпен кесіліп жатқандығын, т.б. өзекті мәселелерді батыл түрде сынады /9/.
Революцияға дейінгі тарихнамада Оңтүстік Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси өмірін бейнелеуде Түркістан өлкесінде тексеру жұмыстарын жүргізген сенатор К.К.Паленнің /10/ еңбегін ерекше атап өткен жөн. Онда Сырдария, Жетісу, Ферғана, Самарқан облыстарынан жиналған материалдар негізінде 1904 жылдан кейінгі уақыттардағы қоныс аудару қозғалысы қаралған. Автор қоныс аударушылардың Түркістанда кездестірген қиындықтарын ерекше атап көрсетті. 1886 жылғы заң бойынша аталған облыстардағы барлық суармалы жерлер жергілікті отырықшы тұрғындар иелігіне бекітілген болатын. Суландыру жүйелерін жүргізудің қиындығына байланысты жерлердің басым бөлігі игерілмей қалды. Сондықтан ирриграцияға күрделі қаржы бөлінбейінше қоныс аудару қозғалысын кең көлемде жүргізу мүмкін болмады. Іс жүзінде қоныс аудару үшін заң бойынша мемлекеттің меншігі болып табылатын Жетісу және Сырдария облыстарындағы көшпенділердің жерлерін алу жолы ғана қалды. К.К.Пален осы облыстардағы қоныс аудару мекемелерінің іс-шараларын: қоныс аудару учаскелерінің дұрыс бөлінбеуін, жергілікті тұрғындардың өңдеп отырған жерлерін тартып алуға болмайтындығы жөніндегі заңдардың дөрекі бұзылуын сынға алды. Сонымен бірге ол, ертеден қоныстанған келімсектердің жерді тағылық формамен пайдалану жүйелерін сынады. К.К.Пален тіптен қоныс аудару қозғалысының ұйымдастырылуы да дұрыс емес деген қорытынды жасайды.
Сол кездегі тарихнамада біз зерттеп отырған өлкедегі қалалар туралы, олардың халқы, шаруашылығы, мәдениеті жайлы арнайы зерттеулер де бар /11/. Бірақ бұл еңбектердің авторлары қол жеткен материалдарды ғана пайдаланып, сол қалалардың шығуын, қала сословиелері қалыптасуын қарастырумен ғана шектеліп, қала мен ауыл, селолар арасындағы әлеуметтік-экномикалық байланыстарды, қоғамдық-саяси өмірін зерттеуге тиісті мән бермеген.
XІX ғасырдың соңы - ХХ ғасыр басындағы тарихнамада зерттелмей қалған мәселелердің қатарына орыс қоныстанушылары мен қазақ тұрғындары арасындағы қатынасты жатқызуға болады. Е.Бекмахановтың /12/ пікірінше, бұл мәселенің зерттелмеуі ресми тарихнама өкілдері жергілікті тұрғындарға отарлау объектісі ретінде ғана қарап, олардың арасындағы байланысты әр түрлі жолдармен әлсіретуге тырысып, араларына шек қоюына байланысты болды. Тек қазақ зиялылары ғана өмірден алынған бай материалдарға сүйеніп, орыс келімсектері мен қазақ тұрғындары арасындағы байланысқа талдау жасай білді. Олар патша үкіметінің аграрлық саясатының жергілікті тұрғындар өміріне тигізген зардаптарын объективті түрде сипаттауға тырысты /13/.
Қазан төңкерісінен кейінгі алғашқы жылдары, патша үкіметінің отаршылдық саясаты, жер мәселесі, қоныстандыру ісінің тарихы саяси қуғын-сүргіннің құрбандары болған М.Тынышбаев, Т.Шонанұлы, Т.Рысқұлов, С.Асфандияров, Г.Тоғжанов /14/ сияқты халқымыздың аяулы ұлдарының зерттеу жұмыстарына арқау болған. Бұл кісілер патша үкіметінің түпкі пиғылы - қазақтардың жерін жаппай тартып алыу, оларды әдет ғұрыптарынан, салт-санасынан, дәстүрлерінен айырып, орыстандыру, ұлт есебінде жойып жіберу екендігін түрлі деректер негізінде дәлелдеп берді. Олар үкіметтің агарарлық саясатының отарлық сипатын ақтайтын, қазақ халқына “мәдениетсіз” деп қараған шенеуниктік-отаршылдық тұрғыдан берілген бағаны теріске шығара білді. Сондай-ақ олар, жалпы халықтық сипат алған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басты себебі негізінде жер мәселесі жатқандығын баса жазып көрсетті.
Оңтүстік Қазақстандағы жер мәселесін Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында зерттегендердің бірі алаш қозғалысының қайраткері Мырзағазы Есболұлы /15/ болды. Ол өз зерттеуінің кіріспесінде: “Бұл еңбек ойламаған жерден жазылды. Осы халықтың шаруасын түзету жұмысы екепінді жұмыстан саналып отыр. Кеңестер хүкіметі оны жалпақ еңбекшілердің білуі керек деп отыр. Соның үшін жергілікті ұлттардың тылында ауыл шаруасы жайынан түрлері кітаптар арқылы жалпақ бұқараға саяси ақ кіргізу мақсаты бар. Бұл жұмысқа қатынасып жүрген жолдастар Санжар Асфандияр ұлы мен Ораз Жандос ұлы маған “Түркістанда келімсектер орнаған аудандарда жер мәселесі” жайында осы кітапты жазып бер дегендіктен, жұмысқа шұғыл кірісуге тура келді”, /16/ - деп алдына қойған мақсатын айта келе, Түркістандағы кеңестер өкіметіне дейін жер мәселесінің қалай шешілгендігін, оның жергілікті халыққа нендей әсері болғанын халықтың өз ішінен алған деректерге сүйене отырып баяндады. Сондай-ақ, бұл еңбекте, кеңес өкіметінің алғашқы кездегі аграрлық саясаты, оның қателіктері жайында да айтылған.
С.Асфандияров пен Г.Тоғжановтың Ресей империясының Қазақстанды отар ретінде толық жаулап алуды мақсат етті деген ойларын В.Федоров өз мақалаларында /17/ жалғастыра түсті. Онда ол, “Ресей көпестерінің Қазақстанда жүргізген алдау мен жалған өлшеуге негізделген саудасы 1868 жылғы реформаның экономикалық негізі болды және саудадан түсетін пайда көлемін ұлғайту үшін патша үкіметі Қазақстан территориясын толық жаулап алуға, шексіз билік орнатуға тырысты” - деген қорытынды жасайды.
30-50 жылдардағы тарихнамалық кезең біз қарастырып отырған тақырыпқа арналған зерттеулердің аздығымен сипатталады. Жеке басқа табынушылықтың тарих ғылымдарына күшті әсері 30-40 жылдарда жарық көрген еңбектердің көпшілігінде байқалады. Алайда, тарихнамадағы бұл кезең революцияға дейінгі дәуірдегі қазақтардың жер мәселесін әрі қарай, едәуір тереңірек зерттеуге негіз қалауымен ерекшелінеді. Осы уақытта жарық көрген М.П.Вяткиннің, М.П.Кимннің, О.А.Вагановтың, Л.Шарованың, А.Б.Тұрсынбаевтың еңбектерінде Ресей самодержавиясының Қазақстандағы аграрлық саясаты қазақтардың көшпелі тұрмыстан отырықшылыққа өтуі, патша әкімшілігінің қазақ жерлерін тонау процессі сөз болады. Алайда, аталмыш авторлар қоныс аудару саясатының қазақ қоғамына тигізген прогрессивті ықпалын көбірек баяндап, теріс жақтарын тек ішін-ара ғана айтып өтті.
1868 жылғы реформаға дейінгі Қазақстан тарихын қамти отырып, М.П.Вяткин өзінің “Очерки истории Казахской ССР” деп аталатын еңбегінде белгілі бір тарихи қабаттың бетін ашты /18/. Вяткин XІX ғасырдың екінші жартысында қазақтар шаруашылығының алдыңғы қатарлы Ресей экономикасының жағымды ықпалы туралы пікірді қолдады. Сонымен бірге ол, орыс және ортаазиялық көпестер мен қазақ байларының саудагерлік-өсімқорлық қызметі өлкенің өндіріс әдістерінің дамуын тежеді деді. Осылайша, М.Вяткиннің еңбегінен мынадай қорытынды жасауға болады: Ресейдің Қазақстанмен отарлық қарым қатынасы орнағанға дейінгі кезеңде, алдыңғы қатарлы Ресейлік экономиканың қазақ ауыл шаруашылығы дамуына елеулі әсер етті де, ал кейінгі жылдары Ресейден келген сауда және өсімқорлық капиталдың кертартпалық ролі айқын көріне бастады.
Біздің зерттеуімізге қатысы бар кейбір мәселелерге 40-жылдары М.П.Ким өзінің “Аграрный вопрос и классовая борьба в Казахстане в период Великой Октябрьской Социалистической Революции” деген докторлық диссертациясы мен “Октябрьская революция и агарарный вопрос в Казахстане” /19/ деп аталатын мақаласында арнайы тоқталды. Автор елімізге келген қоныс аударушылардың көпшілігі Ресейдегі аштық пен күйзелістен қашқандар еді, ал олардың бай кулакқа айналуы тек жергілікті халықтың кедейленуі негізінде жүзеге асқандығын, бұл процесс келімсектер мен көшпенділер арасында антогонистік қатынастың қалыптасуына алып келгендігін дәлелдейді. Алайда, аталған еңбектерде, патша үкіметінің жүргізген аграрлық саясатының қазақ халқының тұрмыс жағдайына тигізген зардаптарын баяндаудан гөрі, оның “прогрессивті” ықпалы көбірек көрсетілген.
XІX ғасырдың екінші жартысы - ХХ ғасырдың басында Қазақстандағы Ресей самодержавиесінің жер саясаты жайы туралы көптеген деректерді О.А.Ваганов береді /20/. Автор еңбектерінде қазақ шаруашылығының отырықшылыққа өту мәселесі зерттеледі. Қазақтардан егін егуге қолайлы жерлердің көші-қон қорына алынуы нәтижесінде көптеген көшпенділер отырықшылыққа өтуді қалайтындығы туралы өтініштер жазумен болды. Бұл жағдайды О.А.Ваганов: “...қоныс аудару шенеуніктері және қазақ байлары алып қоя алмайтын, аз болса да өз жерлерінен үлес алып қалуға тырысуы, сол арқылы байлардың қанауынан құтылып, шаруашылықтың прогрессивті түріне өтуге болатындығына көздері жеткендіктен қазақтар отырықшы тұрмысқа өтуге өтініштер жаза бастады” /21/- деп түсіндірді.
Осы кезеңде дерлік А.Б.Тұрсынбаевтың революцияға дейінгі Қазақстандағы қоныс аудару және аграрлық мәселелер жөніндегі алғашқы еңбегі, сондай-ақ, бірінші тарауы Қазан төңкерісі қарсаңында Қазақстандағы аграрлық қатынастарды талқылауға арналған “Победа колхозного сторя в Казахстане” /22/ деген кітабы жарыққа шықты.
“Патша үкіметі, -деп жазды А.Тұрсынбаев, - жергілікті халықтың ең құнарлы жерлерін тартып алып, оларды шөл және шөлейт жерлерге ығыстырды” /23/. Алайда ол, жер тапшылығынан қазақтардың отырықшы тұрмысқа өтуінің қазақ қоғамы дамуына прогрессивті ықпалы болды деп, дәл осы “прогрессивті” жағдайға патша үкіметінің аграралық саясаты кедергі болғандығын көрсетпеді.
Келесі тарихнамалық кезең (1960-1980 жж.) қазақ ауылдарының экономикалық өмірін зерттеуде сандық және сапалық жағынан ерекшелінеді. Зерттеулердің сапалығының артуы осыдан алдыңғы кезеңде тарих ғылымында орын алған идеологиялық штамптардың алып тасталынуымен, елдегі саяси ахуалдың өзгеруімен байланысты еді. Бұл уақытта ғалымдар тарихтың өзекті мәселелерін нағыз ғылыми тұрғыдан қарастыруға мүмкіндік алды. Дегенмен осы мүмкіндікті тарихшылар толық қолдана алмады. Себебі 70 жылдары және 80 жылдардың бірінші жартысында саяси өкімет құрылымында консервативтік бағыттың орнығуымен, ғылыми мәселелерді объективті түрде зерттеу жоқтың қасы еді. Осылайша көрсетілген тарихи кезең күрделі және қарама қайшылыққа толы болды.
Қазақстанның тарих ғылымында П.Г.Галузо /24/ еңбектері ерекше орын алады. П.Галузо өзінің еңбектерінде патша үкіметінің түп мақсатын айқындап, Қазақстандағы агарарлық қатынастардың эволюциясын көрсетті. П.Г.Галузо көптеген еңбектерінде ең алдымен “Аграрные отношения на юге Казахстана в 1867-1914 гг.” деп аталатын іргелі монографиясында Қазақстанның Оңтүстігіндегі аталмыш жылдардағы аграрлық қайшылықтардың әлеуметтік-экономикалық қырларына, қазақ ауылы, орыс селосы мен өзбек ұйғыр (сол сияқты дүнген) қыстауларындағы шаруашылық жүргізудің басты бағыттарын анықтап, олардағы таптық жіктелу мәселелеріне басты назар аударған. Сонымен бірге белгілі ғалым патша үкіметінің қоныс аудару саясатының отарлаушылық мәнін ашып көрсетіп, бұл саясаттың Қазақстан мен Түркістанды метрополияның шикізат көзі мен өз өнімдерін өткізетін рынок аймағына айналдырудағы ролін дәлелдеді. Қазақ халқының XІX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыстарының негізі - жер мәселесіне байланысты екендігі жөнінде П.Г.Галузо ғылыми мәнін осы күнге дейін жоғалтпаған тұжырымдар жасаған.
Дегенмен де П.Г.Галузо еңбектерінде біріншіден, олар жазылған кездегі идеологиялық үстемдіктің ықпалы сезіліп тұрса, екіншіден, біздің зерттеуімізге басты тақырып болған Қазақстанға Ресейден қоныс аудару тарихының жекеленген кезеңдері, жаңа жерлерде келімсектердің елді мекендерін салудың нақты тарихы мен ерекшеліктері, өлкеге славян тектес халықтар өкілдерімен ұйғыр, дүнген, өзбек, т.б. мұсылман діндес, түрік тілдес (дүнгендерден басқа) халықтардың қоныс аударуларының ортақ белгілері мен өзара ерекшеліктері, айтылмыш жылдардағы Оңтүстік Қазақстан өңірінде орын алған ұлтаралық шиеленістер, т.с.с. мәселелер ішінара ғана сөз болған. Сондай-ақ, бұл зерттеулерде ұлт зиялыларының қазақтардың жерге қатынастары туралы көзқарастары жайлы ештеңе айтылмайды.
Ресей империясының Қазақстанда жүргізген қоныс аудару саясаты тарихын зерттеуде Б.С.Сүлейменовтың, Л.М.Әуезованың, С.С.Сүндетовтың және т.б. /25/ қосқан үлестері де айтарлықтай. Бұл еңбектерде қазақтардың жер тарихы Ресей мен Қазақстанның XІX ғ.соңы ХХ ғ.басындығы әлеуметтік-экономикалық тарихындағы өзара байланыс тұрғысынан зерттеледі.
ХХ ғасырдың соңғы ширегі және ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстанның әлеуметтік өміріндегі өзгерістердің капиталистік мазмұны туралы теориялық туындылар мен жеке мәліметтер Ж.Қ.Қасымбаев, У.О.Ишмурзин, М.Мамиев, еңбектерінде берілген /26/.
Қарастырып отырған тақырыбымызға мазмұны жағынан мейлінше жақын зерттеулердің ішінде нақты еңбектер қатарына А.Н.Гинзбург, А.Геллер, В.С.Черников, С.Наурызбаевтардың /27/ диссертациялық жұмыстарын алып қарастыруға болады. Алайда айтылмыш еңбектерге тән ортақ кемшілік - оларда патша өкметінің аграрлық саясатының қазақтардың отырықшылыққа көшіп, егіншілікпен айналысу үрдісіне айтарлықтай кедергі жасағандығының толық ашылмауы еді.
70-80 - жылдары бір қатар тарихшылар Қазақстандағы демография мәселесін Қазақстанның Ресейге қосылу кезеңінен 1917 жылға дейін Ресей империясы құрамында болған кездегі оның әлеуметтік-экономикалық дамуы тарихымен байланыстыра отырып қарастыруға көңіл бөле бастады. Олар XІX ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басындағы Ресей самодержавиесінің қоныс аудару саясаты және миграция мәселелерін зерттеуге елеулі үлес қосты /28/.
Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық процестер елімізді Ресей империясы отарлауынан кейінгі кезеңдердегі тарихи өзгерістермен негізделінеді. Демографиялық ахуалға казактардың отарлауы, славян шаруаларының қоныс аударуы, жерлердің алынуы, 1916 жылғы көтеріліс, азамат соғысы, коллективизация, Ұлы Отан соғысы, Сталлиннің жеке басына табынушылық салдары, тың жерлерді игеру сияқты оқиғалар әсер етті. Өз зерттеулерінде М.Х.Асылбеков пен А.Б.Галиев бұл жөнінде: “Қазақстанның халқы бүгінгі күні 16464,4 мың адам болды деген цифр басқа сандық көрсеткіштермен салыстыра отырып қарамаса өз алдына ештеңені түсіндірмейді. Мысалы, 1897 жылы бұл территорияда 4148 мың адам өмір сүрген. Кеңестер өкіметі жылдары республика халқы санының өсу факті халық өмірінің жақсарғандығын көрсетеді, алайда осы көрсеткішті тарихи кезеңдерге бөлгенде, бұл өсім қалай және неге болғандығын түсіндіріп қана қоймай, сонымен бірге шығындарды да көрсетеді” /29/ - дейді.
Тарихи әдебиетте ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісуға қоныс аударуының барысы, себептері және жағдайы жайлы М.Н.Қабировтың еңбегінде, М.Сушанлонның және Ю.Баранованың мақалаларында, Х.Ю.Юсуров пен М.Қ.Тургуновтардың /30/ диссертацияларында бейнеленген.
Ресей империясының халықаралық қатынастарының шиеленісуі, яғни патша үкіметінің Құлжа өлкесін 1871-1881 жылдары жаулап алуы және оны Қытай мемлекетіне қайта қайтаруы, соның негізінде ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісу облысына қоныс аударуы мәселелері А.Л. Нарочнискийдің /31/ еңбегінде толық қаралған.
Бұл авторлардың архив материалдарын көптеп пайдаланғандығына қарамастан, онда ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісуға қоныс аударуы толық зерттелінбеген, әсіресе Қазақстан территориясына қоныс аударған ұйғырлар тарихы әлсіз бейнеленген.
Осылайша, 60-80 жылдарда баспа бетін көрген әдебиеттерді анализ жасай отырып, бұл кезеңде аграрлық қатынастар сияқты күрделі проблеманы зерттеуге бірқатар ғалымдар назар аударғандығын көреміз. Зерттеушілер ғылыми айналымға көптеген архив мәліметтерін ендіре отырып аталмыш мәселенің ашылмаған қырларын анықтауға қол жеткізді. Дегенімен, аграралық мәселе туралы еңбектердің көптігінен тарих ғылымдарының осы бағыттағы зерттеулерінің барлық мүмкіндіктері қолданылды деуге болмайды. 60-80 жылдардағы зерттеушілер қазақ халқының дәстүрлі жерді пайдалану ретіне, қазақтарды отырықшыландыру жөніндегі ресейлік қоғамдық - экономикалық ойлардың пікірлеріне, осы мәселені шешудің ұлттық ерекшелігіне жете көңіл бөлімеді.
Сонымен бірге, көрсетілген кезең тарихшыларының бірсыдырғы,
формациялық және еуроцентристік теорияларға негізделген, революцияға дейінгі қазақтардың жер тарихы, патшалық Ресейдің қоныс аудару саясаты, жергілікті тұрғындарды жерге орналастыру жөніндегі қазақ зиялыларының көзқарастары сияқты зерттеулерін “өркениеттілікті” басшылыққа алатын жаңаша методология тұрғысынан қайта қарап, ой елегінен өткізуді талап етеді.
Мұндай мәселелерді шешу қажеттілігі 80 ж.соңы - 90ж. басындағы тарихшылардың өзіндік тарихнамалық миссиясына айналды. Ендігі жерде осыдан алдыңғы кезеңде қазақ ғалымдары зерттеген тарихи оқиғалар қайта бағалана бастады. Бүгінгі күні концептуалды жаңашылдығымен М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, М.Асылбеков, Ж.Қасымбаев, Ұ.Ысмағұлов, М.Масанов, Е.Уалиханов, М.Қойгелдиев т.б.сияқты еліміздің көрнекті ғалымдарының Ресей империясы отарлығындағы Қазақстан тарихы жайындағы еңбектері ерекшелінеді. Сондай-ақ, соңғы жылдары баспа бетіне бір қатар зерттеулердің Ресей империясы отарлығындағы қазақтардың жер қасіретіне арналған мақалалары көптеп шыға бастады олар негізінен назарын жер қатынастарын ұлттық тұрғыдан шешу мәселесіне аударды /32/.
Тарихнамаға шолу жасағанда шетелдік зерттеуші ғалымдардың және шетелде тұрып жатқан, қазақтан шыққан зерттеуші ғалымдар еңбектерінің маңызы айтарлықтай деуге болады. Батыстағы Ортаазиялық тақырыпқа қалам тартып жүрген ғалымдар жөнінде тарихшылар М.Лаумулиннің, К.Есмағанбетовтың, Б.Сужиковтың еңбектерінен көптеген құнды деректер кездестіреміз /33/.
90-жылдардан бері қарай біздің зерттеп отырған тақырыбымызға бір табан жақын кандидаттық диссертациялар қорғалды /34/. Бұл еңбектерде Оңтүстік Қазақстан территориясындағы Сырдария облысының әлеументтік-экономикалық, саяси дамуы мен қонысаударушылар мен жергілікті халықтардың өзара қатынастарының кейбір қырлары зерттелген. Алайда, бұл аталған еңбектерде осы өлкедегі Жетісу облысы жайлы айтылмайды. Оңтүстік Қазақстан территориясындағы патша үкіметінің жүргізген отарлау саясатына кешенді қарау жетіспейді.
Сондай-ақ, Қазақстанның басқа аймақтарында XІX ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында патша үкіметінің агарарлық қоныс аудару саясатын, оның қазақ халқына тигізген ықпалын жаңа көзқарас тұрғысында зерттеген С.Ибраевтың, Ұ.Исмағұловтың, Ж.Асаинованың, Р.Таштемханованың, Г.Ибрагимованың диссертациялық жұмыстары қорғалды /35/.
Қысқаша тарихнамалық шолудан көргеніміздей XІX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстандағы патша үкіметінің аграралық саясаты жан-жақты әрі терең зерттеліп болды дей алмаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |