Л. С. Динашева ОҢТҮстік қазақстандағЫ Қоныс аударушылар тарихы мәселелері: жаңа көЗҚарас


ІІ – тарау. ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚОНЫС АУДАРУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ



бет9/13
Дата26.08.2020
өлшемі0,87 Mb.
#76999
түріМонография
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Байланысты:
Monografia

ІІ – тарау. ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚОНЫС АУДАРУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ
2.1 Жетісу мен Сырдария облыстық қоныс аудару мекемелерінің құрылуы

ХХ ғасырдың басында патша үкіметінің қоныс аудару саясаты жаңа кезеңге аяқ басты. Бұл уақытта Орта Азияның Ресей үшін өнеркәсіп тауарларын өткізу рыногы және шикі зат көзі ретіндегі маңызы күшейді. Орта Азия метрополияның мақта өндіру базасына, капитал салудың пайдалы өрісіне, финанстық табыс табу көзіне және сырттан келген шаруаларды қоныстандыру орнына айналды.

Егер XІX ғасыр соңында самодержавиенің ең басты мақсаты - орыс шаруаларын өлкеде стратегиялық және әскери-полициялық оймен орналастыру болса, ХХ ғасыр басында бұл мақсат екінші кезектегі мәселеге айналды. Ал бірінші кезекке жаңа жоспар - шауралардың жер үшін күресін әлсірету мақсаты үшін, Ресейден мүмкіндігінше көп мөлшерде кедей және орта шаруаларды қоныс аударту мәселесі қойылды. Крепостник-помещиктер Қазақстан, Түркістан, Сібір жерлерін қоныс аударушылар үшін тартып алу арқылы өздерінің Ресейдегі ірі крепостниктік латифундияларын сақтап қалуға тырысып бақты.

Шет аймақтарды отарлау патша үкіметіне Ресейдің өз ішінде, оның орталық аудандарында шиеленісіп кеткен қайшылықтарды әлсіретуге мүмкіндік берді.

ХХ ғасыр басында, 1900-1903 жылдары, болған экономикалық дағдарыс нәтижесінде патшалық Ресейде экономикалық және саяси қанау күшейді. 1904 жылы қаңтар айында басталған және Ресей империясының жеңілуімен аяқталған орыс-жапон соғысы елде қалыптасқан жағдайды одан әрі қиындатып жіберді.

Барлық осындай жағдайларды ескере отырып, патша әкімшілігі, жоғарыда айтылғандай, тығырықтан шығу жолын шеткері аймақтарды отарлаудан іздестірді. Осы мақсатпен, үкімет Сібірді отарлауды жалғастырумен бірге, Түркістан өлкесіне шаруаларды қоныс аудартуды күшейте бастады. Және де орыс-жапон соғысы кезінде ағылшын-орыс қатынастарының шиеленісіп кетуіне байланысты, патша үкіметі Орта Азияға отарлау объектісі ретінде көбірек назар аудара бастады. Тіпті орыс революциясы мен Азия халықтарының ұлт-азаттық қозғалысына қарсы бағытталған 1907 жылғы ағылшын-орыс келісімінен кейін де, “жарасқан” державалар арасындағы қатынас қырғи-қабақ болып қала берді және Ресей әскери министрлігі Орта-Шығыстағы шекараларын нығайту мен Орта Азиялық иеліктерін қорғау жоспарын жасауды жалғастыра берді. Сондықтан да патша үкіметі қоныс аудару процесіне мақсаттылық пен жаппай сипат беруге көшті.

Алайда, шаруаларды үлкен көлемде қоныс аудартудың алдында, қоныс аудару жұмысын басқару аппаратын ұйымдастыру, жергілікті тұрғындардың шаруашылығына қажеті жоқ деп саналатын “артық” жер көлемін айқындау, көш-қон жерлерін құру және қоныс аударту процесін жоспарлы түрде ұйымдастыру қажет болды. Бірақ аталған іс-шараларды ойдағыдай іс жүзіне асыруға бірқатар жағдайлар кедергі болды. 1901-1902 жылдарда Еуропалық Ресейде астықтың шықпай қалуы және аграрлық қайшылықтардың күрделенуі мен шаруалардың өз еркімен шет аймақтарға қоныс аударулары күшейіп кетті.

Өлкені отарлау мүмкіндіктерін анықтау үшін 1900 жылы Түркістанға егіншілік және мемлекеттік меншік министрлігі, ғылыми комитетінің мүшесі профессор А.А.Кауфман арнайы жолдамамен жіберілді. Онымен бір мезгілде әскери министрлікте ерекше комиссия құрылып, олардың жұмыстары негізінде 1903 жылы 10-маусымда “Село тұрғындары мен мещандардың Сырдария, Ферғана, Самарқан облыстарындағы қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аударуы туралы тәртіп” жарияланды. Бұл заңда қазыналық жерлерден переселендерге от басындағы ер кісілердің санына қарай 3 десятина көлемінде суландырылған жер, жайылымдық жерлерді керегіне қарай бөліп беру (7-бап) қарастырылды /161/. Суландырылған жерлер, әрбір үйге мерзімсіз, ал өңделмеген жерлер қоғамдық пайдалануға берілді (8-бап). Егер қоныстанған уақыттан бастап, үш жыл бойы бөлінген жер өңделмесе, ол жерлер қазыналық меншікке қайта алынып қойылатын болды (9-бап). Өз еркімен қоныс аударып келгендерге тәріп бойынша, жер бөліп берілмеді (17- бап) /162/.

Алайда, бұл заң негізінде қоныс аударушыларға жер бөліп беру мәселесі іс жүзіне асырылмады. Жергілікті әкімшілік Егіншілік және мемлекеттік меншік министрлігіне қарайтын мемлекеттік қазына есебінен суландырылатын Сырдария, Ферғана және Самарқан облыстары территориясындағы жер қорын алдағы уақытта анықтап алғанша бұл мәселені шешуді кейінге қалдырды. Шындығына келгенде мұндай жер қоры Түркістан өлкесінің байырғы облыстарында жоқ еді. Бұл территорияларда егін шаруашылығына жарамды жерлердің барлығы жергілікті тұрғындардың қолымен суғарылып, игеріліп қойылған болатын.

Мұнымен бір мезгілде, өлкеге қоныс аударушылардың ағыны жалғасып жатты. Деректерге қарағанда, орналаса алмаған, өз еркімен келген переселендердің саны Жетісу облысында 1902 жылы 10 мың болса, 1905 жылы 23 мыңға жетті. Ал, Түркістан өлкесінің басқа облыстарында бұл уақытта қоныстана алмаған 77 мың переселен тіркелген /163/.

1904 жылы 6-маусымда қабылданған “Село тұрғындары мен мещан егіншілерді өз еркімен көшіру туралы уақытша ережелер” соған дейінгі осы мазмұндағы заңдық актілерді ауыстыруға тиіс болды. Ереженің бірінші бабында диханшылықпен айналысатын және “үкімет қажет деп тапқан” аудандарға барғысы келетін жері тапшы губерниялардан шыққан қоныс аударушыларға бұдан былай үкімет орындары қолдау көрсететіндігі айтылды /164/. Бұл категорияларға жататын қоныс аударушылар үкімет тарапынан түрлі артықшылықтар мен материалдық көмек алуға құқықты болды.

Бірақ, бұл кезеңде Түркістан өлкесі формальды түрде қоныс аударушылардың келуі үшін жабық деп саналғандықтан, қоныс аударушыларды орналастыру аудандары қатарына енгізілмеді. Себебі, патша үкіметінің мұнда переселендерді орналастыруға арналған жер қоры жоқ болатын. Егіншілік және мемлекеттік меншік министрлігінің Орта Азияның жергілікті тұрғындары жерін тартып алу туралы жасаған жоспары іс жүзіне әлі асырылмаған еді. 1904-1905 жылдары басталған орыс-жапон соғысына байланысты патша үкіметі Түркістандағы дихандар көтерілісінен қорқып, Егіншілік және Мемлекеттік меншік министрі А.Ермоловтың 1886 жылғы Ереженің 270-бабына қосымша енгізу туралы ұсынысын қабылдамай тастады. Министрдің ұсынысы бойынша аталған бапқа “көшпелілер үшін артық болуы мүмкін жерлер мемлекеттік мүлік министрлігі қарамағына өтеді” - деген, яғни халқымыздың тұрмысына өте ауыр соққы болып тиетін қосымша қосылуы тиіс болатын.

ХХ ғасыр басында Ресейде аграрлық жағдай қатты шиеленісіп кетті. Оның негізінде помещиктік жер иеленушілікке қарсы жер мәселесіне байланысты барлық крепостниктік қалдықтарды жоюға бағытталған шаруалар көтерілісі жатты. Сондай-ақ, Ресей шаруалары империядағы саяси құрылысты өзгертуді де талап етті. Тығырықтан шығу жолын үкімет реформа жүргізуден іздестірді. Осылайша 1906-жылы қарашаның 9-жұлдызында жарияланған Столыпиннің аграрлық реформасы дүниеге келді.

Жаңа реформадан бұрынғы жүргізілген саясат бойынша елдегі жартылай феодалдық қауымдық жер иеленуді сақтау қажет болса, Столыпин бағдарламасы, керісінше, қауымдарды күшпен жою және жерге жеке меншік құқын орнатуға бағытталды.

Реформа помещиктердің жерге қатынасы мәселесіне тиіспеді. Оның негізінде әрбір шаруа қауымнан шығып, өзінің жеке меншікті шаруашылығын жүргізе алатын болды. Ереже, әсіресе шаруалардың селолар мен деревнялардан бөлініп шығып, хуторлық және жекеленген шаруашылық түрлерін жүргізуін қолдады.

Қолдарында өндіріске қажетті құрал-жабдықтары бар және үкімет тарапынан қолдауға ие бола отырып, тұрмысы жақсы шаруалар өз иелігін ұлғайту мақсатымен хуторлық және жекеленген шаруашылықтар құрып, бар ынтасымен қауымдардан бөлініп шыға бастады. Алайда, жаңа “жекеменшік иелері” арасында тұрмысы мықты шаруашылықтар емес, керсінше кедейлер және тұрмысы нашарлар көпшілік болды. 1908-1915 жылдар аралығында 1,3 млн. үй иелері 4,3 млн. десятина жерлерін сатып үлгерді. Сонымен қатар кулактар қолына помещиктер жерлерінің бір бөлігі өтті. 1916 жылы бүкіл шаруа қожалықтарының 15%-ін құрайтын кулактар шаруашылығы иелігіне елдегі жалпы астық өнімінің 38%-ін және барлық астық шаруашылығының 50%-ін өндіретін 80 млн. десятина ауыл шаруашылық жерлері шоғырланды /165/.

Хуторлар мен жекеленген шаруашылықтарды орнатумен бірге реформа шаруаларды қоныс аударту ісін помещиктердің иелігінен алысырақ, атап айтқанда Оралдың сол бет жағына орналастыру саясатын қолдады. Бұл арқылы патша әкімшілігі ішкі Ресейде орын алған жер тапшылығынан туындаған аграрлық қайшылықтарды әлсіретіп, таптық күресті тұншықтырмақ болды /166/. Осылайша, егер патша үкіметі XІX ғасыр соңында шет аймақтарға тек қана қоныс аударуға рұқсат қағаздары бар, тұрмысты шаруаларды ғана қоныс аударту бағытын ұстанған болса, ендігі жерде, яғни ХХ ғасыр басында, Ресей үкіметі жаппай қоныс аудару саясатын қолдады. Сондықтан да үкімет шаруалар арасында қоныс аудару идеясын белсенді түрде үгіттеуге кірісті. Тек қана 1907 жылдың өзінде Орталық губерниялардағы шаруалар арасында Ресейдің азиялық бөлігіне қоныс аударуға шақырған 6,5 млн. дана брошюралар мен листовкалар таратылды.

Мұндай іс шараларды атқарумен қатар, патша әкімшілігі жаппай қоныс аудару саясатын тездету және жоспарлы түрде жүргізу мақсатымен бұл процесті жан-жақты қамтамасыз ете алатын әкімшілік жүйесін құру ісін де қолға алды.

1895 жылы Ішкі істер министрлігі жанынан Қоныс аудару басқармасы ашылған болатын /167/. 1905 жылы мамыр айында аталған басқарма жаңа құрылған Егіншілік және мемлекеттік меншік министрлігі қарамағына өтті /168/. Бұл мекемеге империя көлеміндегі қоныс аудару қозғалысына байланысты барлық іс-шаралар жүктелді.

1904-1905 жылдары үкімет орындары Қазақстан аумағын қоныс аударатын бес ауданға бөлді. Олар Торғай-Орал, Ақмола, Семей, Сырдария және Жетісу аудандары еді. Осы аталған облыстардың барлығында аудандық қоныстандыру мекемелері ашылды /169/. Осылайша, 1906 жылы, басқаларын айтпағанда, Жетісу облысында - Жетісу, Сырдария облысында - Сырдария қоныс аудару басқармалары пайда болды. Бұл мекемелер аудандық деп аталғанымен, іс жүзінде олардың қызметі айтылмыш облыс көлемін түгелдей қамтыды. Өз кезегінде аудандық қоныс аудару мекемелері уездік деңгейдегі кіші аудандық (подрайон) болып бөлінді.

Жетісу және Сырдария қоныс аудару басқармалары Түркістан өлкесіндегі егіншілік және мемлекеттік мүлік Басқармасына бағынды /107/.

Жетісу қоныс аудару ауданы мынадай кіші аудандарға (подрайоны) бөлінді: 1) Бішкек, 2) Шу, 3) Пржевальск, 4) Нарын, 5) Верный, 6) Жаркент, 7) Қапал, 8) Лепсі, 9) Сергиополь - Бахтинск, 10) Балхаш маңы - Іле /171/.

Ал, Сырдария қоныс аудару басқармасы Сырдария, Ферғана, Самарқан облыстары болды. Оңтүстік Қазақстан территориясындағы Сырдария қоныс аудару ауданы Шымкент - Әулиеата, Ташкен-Перовск - Қазалы, Самарқан-Ферғана деп аталатын кіші аудандарға бөлінді. Әрбір кіші аудан уездерге бөлінді. Бұл қоныс аудару аудандарының орталығы Ташкент қаласы болды /172/. Осы жерде бір айта кететін жай, егер Жетісу қоныс аудару ауданының барлық кіші аудандарында көш-қон (переселен) қорлары дайындалған болса, ал Сырдария қоныс аудару ауданында жері егіншілікке қолайлы уездерде ғана ондай жер қоры дайындалды. Ондай жерлер Сырдария облысында - Шымкент, Әулиеата, Ташкент уездерінде, Ферғана облысында - Әндіжан уезінде, Самарқан болысында Ходжент уезінде белгіленді /173/.

Қоныс аудару жөніндегі Басқармасына Қоныс аудару ісінің меңгерушісі жетекшілік жасады. Ол өз ауданындағы қоныс аудару ісі барысына жауап берді. Оның қарамағында ерекше тапсырмаларды орындайтын және де агрономиялық, гидротехникалық, т.б. жұмыстарды атқаратын маман-шенеуніктер болды. Кіші аудандарды ерекше тапсырмаларды орындайтын шенеунік-кіші аудан меңгерушісі басқарды.

Қоныс аудару жөніндегі Басқармасы құрылымы төмендегідей болды:

-статистік, агрономиялық, гидротехникалық, жер өлшеу, жол өлшеу, дәрігерлік-азық-түліктік көмек, мал дәрігерлік көмек бөлімдерінен тұратын статистикалық партия;

-жер құнарлылығын зерттеу, переселен учаскелерін ұйымдастыру және переселендерді тұрмысқа қажетті құрал-саймандармен жабдықтау жөніндегі бөлімдері бар жер бөлу партиясы /174/.

Әрбір бөлімнің, өз кезегінде, атқаратын міндеттері белгіленді.



Статистикалық бөлім міндетіне аудандарды зерттеу, уездердің, қауымдардың, ауылдардың, уездердегі, ауылдардағы тұрғындар санын алу жұмыстары кірді. Бөлім орыс поселкелері мен жергілікті халық мекендеген жерлерде, елді мекендерден тыс бос жатқан жерлерде зерттеулер жүргізуге, переселендер мен жергілікті тұрғындардың жер пайдалану ретін анықтауға, сол жерлерді жаратылыстану, тарихи және географиялық тұрғысынан зерттеу жұмыстарын атқаруға тиіс болды /175/.

Аграномиялық бөлім міндетіне ботаникалық тұрғыдан жер қыртысын зерттеу, отарлауға қажет жер қорын анықтау, переселендерге агрономиялық көмек беру, тәжірибелік-үлгілі шаруашылықтар ұйымдастыру, метеорологиялық зерттеу, өлкеде бау-бақша өсіруді дамыту, питомниктер мен сүт фермаларын құру істері кірді /176/.

Гидротехникалық бөлім шенеуніктері ирригациялық су жүйелерін (арықтарды, каналдарды және т.б. ) салу және қайта қалпына келтіру, өзендерді, суаттарды, және басқа да су көздерін зерттеу, скважиндарды бұрғылау, жер асты су көздерін ашу, батпақтарды құрғату, құдықтар құрылысын жүргізу, зерттелген аудандардың карталарын сызу жұмыстарын жүргізді /177/. 1914 жылдан гидротехникалық бөлім аудандағы қоныс аудару басқармасынан “Жерге орналастыру және Егіншілік Бас басқармасының” (Петербургтегі) жерлерді жақсарту бөлімі қарамағына өткізілді /178/.

Жер межелеу бөлімі міндетіне аудандардың, кіші аудандардың, уездердің, қауымдардың ауыл шаруашылығы пайдалануындағы жерлердің шекараларын, жеке шаруашылықтардың жер пайдалану ретін, су көздері шекараларын анықтау, егін шаруашылығына жарамсыз жерлерді (құм, тау, тастақ,батпақ, сор жерлерді) өлшеу жұмыстары кірді. Бөлім темір және тас даңғыл жолдардың ұзындығын өлшеумен, зерттелген территориялардың карталарын сызумен айналысты /179/. Сондай-ақ, олар көші-қон учаскелерін құру тәртібінің 120-бабына сай іс жүргізушінің схемасы бойынша қоныс аудару учаскелеріне арнайы белгілер қойды, жергілікті тұрғындар иелігінен нормадан жоғары - “артық” жерлерін алды (Мемлекеттік жер қорын құру туралы нұсқаудың 17-бабына сәйкес әрбір қожалыққа 25 десятинадан жер берілуі тиіс болды). Жер өлшеу бөлімінің тепографтары қолында бар деректер арқылы чертеждар мен жоспарлар жасады. Бөлімді қоныс аудару басқармасының техникалық бөлігін меңгеруші басқарды /180/.

Жол бөлімі қызметкерлері жергілікті жерлерді зерттеу, жол төсеу, жөндеу және қайта қалпына келтіру, келешекте төселетін жолдар жобасын жасау, салынған жолдарды тексеру жұмыстарымен айналысты.

Дәрігерлік, азық-түліктік көмек бөлімі. Дәрігерлік көмек қоныс аудару пункттерінде жүргізілді. Онда тек амбулаториялық емдеумен ғана шектелді.Кеселдері күштілерді қалалық емханаға жөнелтті. Әр түрлі ауру түрлеріне қарсы профилактикалық жұмыстар атқарылды. Амбулаториялар уездерінің барлығында дерлік құрылды. Шалғай жерлерге переселендердің ден саулығын тексеру мақсаты - мен дәрігерлердің өздері жіберілді.

Переселендерге азық-түліктік көмек беру мақсатымен жергілікті жерлерде арнайы қоймалары ашылып, онда тұрмысы нашар қоныс аударушыларға тағамдық заттар, егін себуге ұрықтық дәндер берілді. Мұндай көмек түрлері тек ішкі Ресейден көшіп келгендерге ғана берілетін болды.



Ветеринарлық көмек. 1911 жылдан бастап уездерде қоныс аударушыларға мал дәрігерлік көмек көрсетілетін болды.

Жер бөліп беру бөлімі - Қазыналық жер қорларын зерттеу және көші-қон учаскелерін құру жұмысымен айналысты. Әрбір кіші ауданда жүргізілген жерлерді зерттеу жұмыстары нәтижесінде көші-қон учаскелері, ормандық, саяжайлық жерлер, 1910 жылдан кейін хуторлық, жеке шаруашылықтарға арналған жерлер дайындалды. Переселендерге арналған жер құрамында әрбір шаруа-қоныс аударушыға егістік жер, үй іргесіндегі (аулалық) және жайылымдық жерлер бөліп берілді. Учаскелері бар бірнеше шаруа қожалықтары поселкелерге, ал бірнеше поселкелер-уездерге біріктірілді.

Қоныс аударушыларды жабдықтау бөлімі қоныс аударушыларға несие беруді реттеп отыру жұмысымен айналысты. Несие үй құрылысына, шаруа қожалықтарын аяғынан тік тұрғызуға қажетті шаруашылық жабдықтарды сатып алуға бөлінді. Бұл бөлім міндетіне шіркеулік мектептер, шіркеулер, дұға оқу үйлері, медициналық пункттер құрылысын жүргізу қызметтері де кірді.

Жоғарыда міндеттері баяндалған барлық бөлімдер 1906-1907 жылдар аралығында біртіндеп құрылып, өз жұмыстарын атқара бастады. Тек мал дәрігерлік көмек бөлімі ғана кешірек 1911-жылы ұйымдастырылды.

Жалпы алғанда, М.Қойгелдиев өзінің “Алаш қозғалысы” деп аталатын еңбегінде дәл айтып көрсеткендей, “Қоныс аудару мекемелері әкімшілік құрылымы тұрғысынан ғана емес, жұмыс жасау әдісі, атқарған міндеті жағынан да таза отаршылдық мазмұндағы мекемелер болды.” Уездік, облыстық деңгейдегі бұл мекемелердің негізгі міндеті, жергілікті халықтың пайдалануындағы жердің “артығын” (“излишки”) тауып, қоныс аударушыларға учаскелер даярлау, осы мақсатта құрылған жер межелеу топтары қызметін ұйымдастыру, қоныс аударушыларға тиесілі мемлекеттік түрлі көмектердің уақытында берілуін қамтамасыз ету, қоныс аударушылардың орналастыру барысында пайда болатын әрқилы мәселелерді, солардың ішінде жергілікті халықпен келімсектер арасында туатын дау-дамайды реттеп отыру еді. Ал, әкімшілік орындары болса, бұл мекемелердің басында империялық мүдделерді жақсы түсінетін, соған қызмет етуге даяр адамдарды ғана тағайындауға тырысты /181/.

ХХ ғасыр басында - 20-жылдары Түркістандағы жер мәселесін зерттеген Мырзағазы Есболұлы орыс келімсектері туралы: “1920 жылға шейін жуан көкірек, мен-мендік отаршылдық ауасы қанына сіңгендік, жергілікті халықты теңдікке алмай, кем санау, Түркістанның жергілікті жұрттары ішкі Ресей үшін ғана дүниеге келген секілді деп қарау мінездері бар еді” /182/ - дей келе патша үкіметінің ХХ ғасыр басында қоныс аудару саясатында алған бағыты жайында былай дейді: “1905-1907 жылдары Ресейде қарашекпенділер тер төкті, хүкіметке мықты қорқыныш кірді; бұл пәлелерден қалайда болса құтылмай болмайды екен” деген пікірге келді. Оларды разы қылу үшін іштегі байлардың жерлерін алып бермей ит арқасы қиындағы шет аймақтарға көзін жоғалту жұмыстарына кірісті. Министр Столыпин бұл жұмысты күшейтті. Бұрын арзан малайдан айырылып қаламыз деген байлар, енді мына қызыл көзді пәлені жоғалт, қарасын өшір” дегенге мінді. Шет аймақтарға: Қазақстан, Түркістан, Сібір, Кавказға “қазына” жеріне қарашекпенділерді жөнелтіп айдау жұмысына кірісті. Түркістанда тіршілікке жарайтын жер аз екендігі хүкіметке белгілі болса да “қорыққаннан көзі шығып” көрмеді, көргісі де келмеді” /183/. Осылайша, “көздеріне қан толған хүкімет” Түркістандағы қазақтардың мекендеген ата мекен жерін келімсектерге тартып алып беру жұмысын қонысаудару мекемелерінің қолына беріп тынды.

Жоғарыда айтылғандай ХХ ғасыр басы Ресейден шаруаларды көптеп көшіру кезеңі болды. Орталық үкіметтің шет аймақтарды отарлау саясатындағы негізгі бағыты жері тапшы ішкі Ресей губернияларынан орыс шаруалары отбасыларын мүмкіндігінше көптеп қоныс аударту арқылы мұжықтардың помещиктік жерге деген революциялық бас көтерулерін әлсірету еді.

Жоғары билікте қоныс аудару мәселесін талқылау барысында үкімет екі топқа бөлінді. Олар арасындағы күрес переселен саясатының мақсаты жайында өрбіді: бұл саясат Ресейдің басы артық шаруа тұрғындарын “көшіру” саясаты болуы керек пе немесе Қазақстан мен Түркістанда мықты шаруа кулактарын “орналастыру” саясаты болуы қажет пе? Крепостниктік құрылысты сақтап қалуды қалайтын помещиктер үкімет мінбелерінде: “Отар елдерде орыстың мықты элементтерін” қалыптастыру қажет деп сөз сөйлегендерімен, іс жүзінде, ХХ ғасыр басынан бастап, Орталық Ресейден қара шекпенділерді көптеп көшіру саясатын қолдады. Бұл топқа қарама-қарсы буржуазиялық топ өкілдері Азиялық отарларда товар өндірісін дамыта алатын экономикалық жағынан мықты кулак қожалықтарын дамыту және солар арқылы империяның сенімді тірегін қалыптастыруды, яғни Орталық Ресейден шаруаларды көптеп “көшіруді” емес, керісінше, тұрмысты шаруаларды Азиялық Ресейде “орналастыру” саясатын қолдады. Капиталистер Оңтүстік Қазақстан мен Түркістанның байырғы облыстарында (Сырдария, Ферғана, Самарқан) экспортқа шығарылатын техникалық өсімдіктер өсірілетін суландырылған жерлердің көшіп келушілерді жермен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан тоналып жатуына мазасызданды /184/. 1900 жылы Түркістанға арнайы жолдамамен өлкенің отарлау мүмкіндіктерін зерттеу үшін барып қайтқан, кадеттер партиясының өкілі, буржуазиялық қоныс аудару саясаты теориясының негізін қалаушы профессор А.А.Кауфман, Оңтүстік Қазақстан территориясында осы уақытта өмір сүріп отырған орыс қоныс аударушыларының тұрмыс жағдайына өте жақсы деп баға берді.

Сырдария облысында көптен бері тұратын переселендер арасында ауқатты шаруалар қожалықтары жиі кездесетіндігін айта келе, Кауфман, көптеген жылдар бойы Қазақстанның басқа облыстарындағы қоныс аудару аудандарын аралаған жұмыстары нәтижесінде Сырдария облысындағы орыс поселкелеріндегідей жалпыға бірдей переселендердің тұрмыс ахуалының жақсы болуы және өз жағдайына қанағаттанудай жай ешбір жерден кездестірмегендігін атап өткен /185/. Алайда, оның сөзіне қарағанда, бұл жерлерде де “қоныс аударып келген шаруалар еншілеріне бөліп берілген су жүйелері жүргізілген, құнды егістік жерлерінде тыңайтқыштың ешбір түрін қолданбай”, жерді жыртқыштықпен пайдаланып, онда орыс кәсіпкерлерін қызықтырмайтын “тек қана дәнді дақылдар түрлерін өндірумен” ғана айналысып отырғандығын айтқан. “Мұжықтар иелігіндегі жерлердің құндылығын ұлғайтпақ былай тұрсын, - деп жазды А.А.Кауфман, - олар келгенде дейін түземдіктер (жергілікті тұрғындар - Л.Д.) өңдеп келген, ендігі жерде өздеріне берілген жерлерді де аздырып жіберген” /186/. Бір сөзбен айтқанда, А.А.Кауфманның ойымен, орыс шаруалары-ауыл шаруашылық шикізатын дұрыс өндіре алмайтындар. Өнімін сатып қыруар пайда табуға болатын техникалық өсімдіктер өсіретін, Орта Азиядағы бірден бір тіршілік көзі болып табылатын-суландырылған жерлерге орыс шаруалары өз отандарындағыдай тек астық еккен.

Бұл кезеңде орыс переселендеріне жарамсыз “отарлаушы элемент” деп баға беру шенеуніктердің ресми деректерінде және баспа органдары мәліметтерінде де орын ала бастады. 1895 жылдың өзінде-ақ “Туркестанские ведомости” газетінде: “Біздің қоныс аударушылар өлкеде орыс элементтерін күшейту сияқты ұлы міндетті атқара отырып, онымен бір мезгілде, жергілікті егіншілікті жақсартуда және ауыл шаруашылық мәдениетін дамытуда дайындығы шамалы екендігін көрсетіп келеді” /187/- деп жазылды.

1907 жылғы № 87 санында осы газет құнарлы жерлердің жергілікті тұрғындардан тартып алып қойылуының тиімсіз екендігін төмендегідей мысалмен бейнеледі: “Ресейге қайсы бір жерден 2 млн. деятина жер орыс мұжықтарын қоныстандыру үшін ұсынылып, осында орналасқан әрбір отбасына жыл сайын 150 сом алтын ақша төленеді деп көз алдымызға елестетіп көрелік. 2 млн. десятина жерге 200 мыңдай отбасы қоныстанады деп есптегенде, жыл сайын оларға төленетін ақша құны 30 млн. сом болады екен. Әрине мұндай ұсыныс ақылға симайды” /188/. Мақала авторының өлкеде жүргізіліп жатқан қоныс аудару саясатын жоғарыдағыдай мысалмен бейнеленуіне итермелеген жай, бұл-орыс буржуазиясына аса қажетті мақта өсірілетін жерлерді түземдіктер иелігінен тартып алып, тек астық өндірумен ғана айналысатын переселендерге үлестіріліп берілуі еді. Ал “Туркестанский курьер” газетінде (1908 ж.) “Біздің орыс шаруалары осы уақытқа дейін тек қана астық егу тұрмысымыздың жақсаруына негіз бола алады деп түсініп келеді. Ал, ауыл шаруашылық мәдениетінің басқа түрлерін, мысалы: бау, бақша және т.б. өсірумен еріккен, жұмыстан бос уақыттарда ғана айналысуға болады деп қарап келген және бүгінгі күні де солай деп ойлайды”/189/ - деген өкінішке толы жолдарды оқуға болады. Басқа авторлар да осы сарындас мақалаларды орыс шаруаларының мақта, жеміс-жидек және сол сияқты дақылдарды өсіруге деген ынтасының жоқ екендігін дәлелді жазып жатты.

Столыпин реакциясы жылдары, ішкі Ресейде орын алған жағдайларға байланысты, қоныс аудару қозғалысы бұрын соңды болып көрмеген көлемде өсті. Егер 1861 жылдан 1886 жылға дейін Оралдың сол жақ бетіне 30 мың переселен көшкен болса, 1885-1905 жылдар аралығында олардың саны 1520750 адамға жетіп, ал 1906-1910 жылдарда 2516075 жан қоныс аударды /190/. Мұнда мынадай жағдайды атап өту қажет - осы кезеңде Орта Азияға қоныс аударушылардың келуі үшін жабық деп саналғандықтан переселендердің негізгі көпшілігі Сібірге, Қазақстанның Дала облыстарына қарай бағыт алды. Алайда, бұған қарамастан мыңдаған шаруалар Түркістан өлкесінің Жетісу және Сырдария облыстарының көшпенділер орналасқан аудандарына ұмтылумен болды. Жетісу облысында өз еркімен көшіп келгендердің саны 1905-1910 жылдар аралығында 23 мыңнан 65 мыңға дейін өсті /191/. Бұл уақытта Сырдария облысында олардың саны 7778 жанға жеткен /192/.

Переселен шенеуніктерінің өлкеге кедейлердің қоныс аударуы жергілікті тұрғындар арасында орыстардың беделін түсіреді деп есептеуіне және үкіметтің отар елдерде кулактық элементтерді орналастыру бағытына қарамастан, Түркістанға көшіп келгендердің көпшілігі Ресейдің ең кедей тобын құрағандар еді. Мысалы, Сырдария облысы Шымкент уезінде орналасқан қоныс аударушылардың 18 поселкесін зерттеген П.А.Скрыплевтың дерегіне қарағанда, онда өмір сүріп жатқан мұжықтардың өз отандарындағы егістік көлемі төмендегідей болды:

Егін екпейтіндер 1,3%

1 десятинаға дейін егін еккендер 3,4%

1 - 3 десятинаға дейн егін еккендер 26,0

3 - 5 десятинаға дейін егін еккендер 18,6

5 - 10 десятинаға дейін егін еккендер 19,2

10 - 15 десятинаға дейін егін еккендер 5,4

15 десятинадан жоғары егін еккендер 6,2 /193/.

Осыған ұқсас мәліметтерді 1911 жылы Сырдария облысының 5 уезіндегі жаңадан құрылған 119 орыс поселкелерін зерттеген Е.Яшнов та береді. Оның мәліметі бойынша перселендердің 20%-і өз отанында 3 десятинаға дейін, 44%-і 2-ден 5 десятинаға дейін, 21%-і 10 десятинаға дейін, 10%-і 10 десятинаға дейін көлемде егін еккен /194/. Қалған 5 процентін жері жоқ, басым көпшілігі ауыл шаруашылығындағы жалдама жұмыспен айналысатын шаруалар құрады /195/. Бұл деректерден өлкемізге келген шаруалардың басым көпшілігі әбден күйзелген кедейлер екендігіне көз жеткізу қиын емес.

Зерттелген орыс мұжықтары отбасыларының 40%-тен көбі өлкеге ешқандай мүліксіз және ақшасыз келгендер еді. Тек, 17%-ғана өз шаруашылығын әрі қарай жүргізуге шамасы бар шаруалар тобы болды /196/. Ал, сенатор Паленнің мәліметіне қарағанда Ташкент уезіндегі қоныс аударушылардың 43%-і мұнда ешқандай мүліксіз келген /197/.

Түркістан Қоныс аудару басқармасы қорларында переселендердің экономикалық жағдайын суреттейтін құжаттар сақталған. Солардың бірінде Боссу №1 - поселкесінде қоныс тепкен шаруалар туралы мәліметке қарағанда мұндағы қоныс аударушылардың басым көпшілігі мынадай заттармен ғана көшіп келген екен: сандық, шойын шөңке, сәкі және кейбіреуінде стол, күбіше, шелек және орындық. Ауыл шаруашылық заттары өте аз болды. Мысалы, арба отбасылардың төрттен бірінде болса, соқа үштен бірінде ғана еді. Өгіздер мен сиырлар жан басына шаққанда орта есеппен 0,35 ғана болды. Жан ұялардың төрттен бірінің ғана жылқылары болды /198/. Жергілікті әкімшілік қоныс аударушылардың мұндай күйде келуіне қарсы болып, бірнеше рет Орталықтан переселендер үшін қатаң шаруашылық цензын қойюды талап етті. Жергілікті үкіметтің келіспеушілігіне қарамастан өлкеге азып-тозған шаруалар келуін тоқтатпады. Бұл уақытта патша үкіметінің қоныс аудару саясаты “шет аймақтарды орыстандыру” деген ұлтшылдық принципке негізделіп, славяндардан бөтен ұлт өкілдері мен провославие дініне кірмейтін адамдардың қоныс аударуына тиым салынды. Егер 1906 жылға дейін Түркістанда неміс және сектант поселкелері құрылған болса, бұдан кейінгі кезеңде мұнда орналасқан немістер мен сектанттар қудаланатын болды; алғашқыларын, неміс ұлты өкілдері болғаны үшін, кейінгілерін соғысқа қарсылық білдіргендігі үшін қудалауға ұшыратты /199/.

Осымен қатар жаңадан құрылған қоныс аудару мекемелері өздеріне жүктелген міндетті орындауға, яғни жергілікті халық иелігінен “артық” жерлерді мүмкіндігінше көбірек тауып, ішкі Ресейден көшіп келген орыс шаруаларын жермен қамтамасыз ету жұмысына қызу кірісіп кетті. Бұл жолда олар әртүрлі айла-шарғылар қолданумен болды /200/.

Алғашқы жылдары қоныс аудару мекемелерінің бұл империалистік пиғылын іс жүзіне асыруға Түркістан өлкесінің жергілікті әкімшілік органдары қарсылық білдіріп отырды. Олардың патша әміріне қарсылық көрсетуіне негіз болған жағдай - өлкеде бірден-бір тіршілік көзі болып табылатын суландырылған жерлердің тапшылығы болды. Өлке әкімшілігі мәлімдегендей, переселендерге қажетті су жүйелері жүргізілген жерлердің барлығы игерілген болатын: “Отарлау мақсатында переселендерге бөлініп берілетін жерлер жоқ және болмайды да. Қырғыздарды (қазақтарды - Л.Д.) қыстауларынан, өңдеп отырған егістік жерлерінен қуып жібермейінше және жаңа жерлерден су жүйелерін жүргізбейінше - өлкені кең көлемде отарлаудан бас тарту қажет” /201/.

Түркістанға жерсіз шаруалардың орасан үлкен армиясының қоныс аударуы, өлкеде онсыз да тапшы суландырылған жерлерге деген сұраныстың күннен-күнге көбейе түсуіне алып келді. Бұл, әсіресе, 1907-1908 жылдары қоныс аударушылардың үлкен толқынының келуіне орай айқын көрініс тапты. Шаруаларды орналастыратын қолайлы бос жерлердің болмауы салдарынан 1900 жылы Бетбақ далада салына бастаған канал құрылысы оған бөлінген қаржы тапшылығынан 1910 жылға дейін аяқталмады. Міне сондықтан да, Бас штабтың 1908 жылдың 31-қаңтарындағы баяндама-хатында Түркістандағы переселен ісі жайындағы мәселе өзекті деп қаралды. Онда Түркістан генерал-губернаторы мен өлкедегі тағы басқа үкімет өкілдері отарлаудың мемлекеттік маңыздылығын мойындай отырып, мұнымен бір мезгілде өлкеде басы бос суландырылған жерлердің жоқ екендігін іс жүзінде дәлелдеп отыр” /202/ - деп жазылды.

Осыған қарамастан кейбір ресми үкімет өкілдері әртүрлі мінбелерінде сөйлеген сөздерінде, Оңтүстік Қазақстан жерлерінің бір бөлігі жер қыртысының сорланып кетуінен, таулы, тастақты, құмды болуынан егін шаруашылығына жарамайтындығын, ал екінші бөлігінде көшпенді - малшылардың жайлаулары барлығын ескермей бос жатқан жерлердің көптігі жайында айтумен болды. Өмір сүруге қажетті жерлерге суландыруға көп қаржы бөлгісі келмеген патша үкіметі қоныс аудару мекемелері қызметкерлеріне “Түркістанда переселендерді орналастыруға қажетті учаскелерді құруға жерлерді бос жатқан жерлерден емес, керсінше халық орналасқан жерлерден іздеу керек” /203/ - деген нұсқаулар беруден шаршамады.

Күрделене түскен қоныс аудару мәселесін шешу мақсатымен 1906 жылдың сәуір айында Түркістан генерал-губернаторы ерекше бас қосу ұйымдастырып, онда жүзеге асыруға тиісті мынадай уақытша шаралар белгіленді: орналаса алмаған переселендерге көшпенділерден әрбір отбасы мүшесі басына 2 десятинадан аспайтын жерді 2 жылға дейін жалға алуына рұқсат беру; қазақтарға ақы төлеу арқылы жерлерін алып, сол жерлерде жаңа переселен учаскелерін даярлау; отырықшы аудандарда өзара түсінісу арқылы жерлерін алу; Ташкентте және басқа қалаларда шаруа банкілерін ашу және т.б.

Көп қаржы талап ететін жоғарыда көрсетілген іс- шаралар, Орта Азия территориясында қоныс аудару ісін кең түрде жүргізуге мүмкіндік бермеді. Сондықтан да переселен мекемелері жергілікті халық иелігіне тек үйлерін, құдықтарын, бау-бақшасын ғана қалдырып, “артығын” қымсынбай ала берді. Мұнда олар 1907 жылы ішкі істер министрлігінде болып өткен жиынның, қазақтарды жерге орналастыру мәселесі жайындағы қарарын басшылыққа алды. Жиын шешімінде былай делінді:

“Қырғыздар (қазақтар - Л.Д.) қарамығынан мынадай жерлерді алуға болмайды:

а) қырғыздардың қыстаулары мен бақшалары орналасқан жерлер;

б) су жүйелері-құдықтары, тоғандары, арықтар мен суарылатын алаңдар және с.с.

в) қолмен отырғызылған баулар, тоғайлар және с.с. өңделген жерлер - бақшалар, егістіктер;

д) молалары орналасқан жерлер;

е) мал айдайтын және керуен жолдары” /204/.

Жергілікті халықты осылай етіп тонау саясатын қоныс аудару мекемелерінің шенеуніктері “қазақтарды жерлерінен мейлінше аз ығыстыру” және олардың мүдделерін “мейлінше жақсы қорғау” деп түсіндірді.

Қоныс аудару мекемелері, патша еркін орындауға тырысып, қазақтарды орнығып қалған жерлерінен құмды, тау-тасты, шөл, сор жерлерге қуа отырып, егін шаруашылығына қолайлы жерлерін “заң бойынша ” тонаумен ғана шектелмей, сонымен бірге түземдіктердің “артық” жерлерін алу тәртібі жайындағы қатал заңдарды да оңды-солды бұзумен болды. Бұл жағдай қоныс аудару ісін басқаратын шенеуніктер мен жергілікті әкімшілік арасында келіспеушілікті туғызды.

Жетісу облысының әскери губернаторы генерал Ионов 1906 жылдың өзінде-ақ Түркістан генерал-губернаторына былай деп мәлімдеді: “Мемлекеттің қол астындағы тек орыс азаматтарының жақсы өмір сүруін басқа азаматтардың жерлерін еркінен тыс тартып алумен негіздеу дұрыс емес” /205/. Ол өз кезегінде генерал-губернатор Гродиковтан “қоныс аудару мекемелерін тездетіп тарқатуға әрекет жасауын,” переселен партияларын қамсыздандыруға бөлінген қаржыны әлі күнге дейін орналаса алмай жүрген қоныс аударушыларды, қазақтардың суландырылған жерлерін сатып алып, қоныстандыруға жұмсауды ұсынды /206/. Генерал Ионовтың бұл идеясын генерал-губернатор Гродиков пен оның орынбасары генерал Кондратович қолдады. Алайда, бұл кісілер переселен ұйымдарының тарқатылуын талап еткен жоқ, бірақ, олар “қоныс аударушыларға жергілікті халық иелігіндегі жерлердің шын мәніндегі артығы немесе қазына есебінен суландырылған жерлер ғана берілуі қажет” - деді /207/.

Орталыққа қоныс аудару жұмысының жалпы жағдайы туралы жолдаған мәліметінде генерал Н.Гродиков Түркістан өлкесінің қоныс аударушылар орналасып жатқан басқа аудандардан айырмашылығына, мұнда қоныс аудару ісін дұрыс жолға қою үшін нендей жағдайларға көңіл бөлу қажеттігіне тоқталады. Онда ол: “Түркістан өлкесін мекендеген тұрғындар санымен олар алып жатқан кеңістік көлемін салыстыра қарап, соның негізінде бұл өлкеде бос жатқан жерлер көлемі ұлан байтақ деп есептеу түбірінен дұрыс емес; біріншіден, қоныс аударушылар бағыт алған басқа облыстарға қарағанда Түркістандағы егін шаруашылығы жағдайының өзгеше екендігін есте ұстау қажет. Өлкенің барлық облыстарында егістікті қолмен суғарған жағдайда ғана егіншілікті дұрыс және тұрақты етіп жүргізуге болады. Ресейдің басқа өлкелеріндегідей жаңбырға негізделінген егістік түрі мұнда негізгі, қолмен суарылатын шаруашылыққа сүйеу ғана. Мұнан переселендерді орналастыру мәселесін шешу мақсатында бос жатқан жерлерді іздеп табу ғана емес, ол жерлерде су жүйелері жүргізілген немесе аз қаржы жұмсап суаруға мүмкіндіктің болуы қажет екендігіне көз жеткізуге болады. Бүгінгі күні өмір сүріп отырған Жетісу облысына қатысты заң бойынша (1891 жылғы Ереженің 120-бабына жасалған 1-қосымшасы) переселендерді көшпенділер үшін артық болатын жерлерде ғана орналастыруға болады, мұнан өзінен-өзі мына жағдай айқындалып шығады: түземдіктердің үлкен қаржы жұмсап, тер төгіп жүргізген су жүйелері бар жерлері, еш уақытта, қарапайым әділдікті барып тұрған сорақылықпен бұйзбайынша түземдіктер үшін артық болуы мүмкін емес. Сондықтан өлкеде орыс поселкелерін құру тарихы, шындығында, жергілікті әкімшіліктің жергілікті тұрғындарға өздері өңдеп, суарып, отырған жерлерінен бас тартқызу жолында жасап отырған құпия қысым жасау тарихы” /208/ - деп жазды. Мұнан әрі генерал, қоныстандыру мекеме қызметкерлері көшпенділер үшін шын мәнінде артық болатын немесе аз қаржы жұмсап, су жүйелерін жүргізуге болатын жерлерді іздеп табудың орнына, “түземдіктер үшін қай жағынан алып қарасаң да артық болмайтын жерлерін олардың еркінен тыс тартып алумен айналысуда. Түземдіктер, бұл жағдай оларға ауыр тиседе, орыс үкіметінің әміріне үйреніп қалған әдеті бойынша, өз жерлерінен көшулеріне мәжбүр болып отыр” - деп мәлімдеді /209/. Алайда, Петербургте бұл хатқа ешкім көңіл аударғысы келмегендігін былай қойып, тіпті министрлер кеңесінде Жетісудағы қазақтардың жерін алу мәселесінде Американы отарлау барысында ондағы жергілікті қызыл нәсілдегі халықпен қандай қатынас орнатылған болса, Жетісу көшпенділерімен де сондай қатынас құру қажет, бір сөзбен айтқанда, қарсыласқандарды күшпен басып отыру керек деген сөздер айтылып жатты /210/.

Ендігі жерде, Түркістан әкімшілігі мен Орталық билік берген ерекше өкілдік құқына сүйеніп, жергілікті халық иелігіндегі өмір сүруге қажетті жерлерін сорақылықпен тартып алу жұмысын жүргізіп жатқан Жетісу қоныс аудару мекемесінің бастығы С.Н.Велецкий арасында наразылық уұшығып кетті. Орталық қоныс аудару басқармасының ерекше тапсырмалар бойынша шенеунігі С.Н.Велецкий бұл қызметке 1906 жылы тағайындалған болатын. М.Тынышбаевтың тап басып көрсеткеніндей, Жетісу облысына келген соң қызметін Верный уезінің Шамалған болысындағы қазақтардың егіншілікке жарамды жерлерін қоныс аударушыларға тартып әперуден бастаған Велецкийдің “алғашқы істеген әрекеттері жергілікті халықтың ғана емес, облыс әкімшілігінің де үрейін алған еді” /211/.

Қоғамдық көз қарасы және практикалық қызметі тұрғысынан алғанда ұлы державалық, шовенистік бағыт ұстанған С.Н.Велецкий үшін жергілікті халықтың, оның табиғи мүддесі бар-ау деген ұғымдар жоқ еді. Ол жер және басқа қоғамдық мәселелерді шешуде ашықтан-ашық күшке сүйенуді жақтап: “Қоныс аудару ісін шешу үшін батыл табандылық пен күшті үкімет қажет” /212/ - деп санады. Велецкийдің сенімді пікірі бойынша, өзі басқарған қоныс аудару мекемесі егіншілікке жарамды жерлерден қоныс аудару учаскелерін ашып, оларға ішкі Ресей губернияларынан келген орыс шаруаларын ешқандай именбестен орналастыра беру керек еді. Мысалы, Ташкенттен Жетісу облысы басқармасына 1908 ж. 10-қыркүйегінде мынадай мазмұндағы хат келеді. “Сіз жіберген Жетісу облыстық басқарманың № 68 журналынан, генерал Гродиковтың жергілікті тұрғындар иелігінен қыстаулары, шабындықтары және егістік жерлері тек төтенше жағдайда ғана алынсын деген қатаң бұйрығына қарамай, сіз басқарып отырған облыста мұндай жағдайлар кең етек алып отырғандығын көруге болады. Осы мәселені және переселен ұйымы неге қырғыз (қазақ - Л.Д.) жерлерін бірінші алып қойып, соңынан оларға басқа жерлерге орналасуын ұсыну тәжірибесін іс жүзінде көп қолдануда? Неге қырғыздарға ұсынылған жерлерге переселендердің өздерін орналастыруға болмайтындығын түсіндіруіңізді сұраймын” /213/.

Бұл жедел хатты талқылау үшін Жетісу басқармасында 24-қыркүйекте жиын болып өтті. Онда Велецкий баяндама жасап: “Жетісу облысында переселен учаскелерін құру барысында Дала облыстарын басқару Ережесіндегі 120-баптың бірінші қосымшасы негізінде, яғни көшпенділерге артық болатын жерлер алынсын деген заң басшылыққа алынуда. Мұндай артық жерлерді көшпенділер иелігінен алуда қырғыздар мүддесін қорғау үшін қандай жерлерді оларға қалдыру қажет екендігін анықтау қажет. Бұл жағдайда Дала Ережесінің 119 бабы негізге алынды. Онда көшпенділер мекендеген жерлер, оның бар байлығы мемлекет меншігі деп есептелінеді делінген. Өзінің меншіктік құқын пайдалана отырып, мемлекет қырғыздар иелігінен өз мақсатына қажет деп есептеген кез келген жерін олар үшін артық деп санап ала алады” /214/ - деп мәлімдеді. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті тұрғындар тағдыры, яғни олардың жерлерінің алыну-алынбауы немесе қандай көлемде алынуы үкіметтің, оның шенеуніктерінің ар-ожданына байланысты болды. Үкімет не істеймін десе де өз еркі. Одан әрі қарай Велецкий бұл мәселе “қазақтардың құқын қорғаушылар тарапынан олардың жерін алу мәселесі сыналып отырғандығын, бірақ бұл сын заңды дұрыс түсінбеуінен туындап отыр” - деп, ендігі жерде осы мәселеге түсінік береді: “120 - және 122-баптар бойынша қырғыздардың көш-қон, қыстаулық және өңдеп отырған жерлері қоғамдық пайдалануға беріледі, оның ішінде құрлыстары және бау-бақшалары бар жерлер өңделуі тоқталмайынша немесе құрылыстары бұзылмайынша атадан-балаға мұра болып қала береді делінген. Қырғыздар және олардың адвокаттары осы бапта айтылған заңға сүйеніп, өздері өңдеп отырған жерлері алынбайды деп санауда. Алайда жоғарыда айтылған баптарды салыстыра отырып қарайтын болсақ, қырғыздар иелігіндегі кез келген жер мемлекет меншігі екендігіне, көшпенділерге ол жерлерді тек қоғамдық пайдалануға ғана берілгендігіне көз жеткізуге болады.

Бір сөзбен айтқанда, переселен учаскелерін құру үшін қырғыздарды көшіруге тура келеді, ал оларға жерлерін бергені үшін сауға ретінде жер беру мақсатында, жерлері артық басқа қырғыздардың арасына орналастыруға болады. Өйткені Жетісуда ешкім иеленбеген бос жатқан жерлер жоқтың қасы, әсіресе ондай жерлер переселендердің отарлауы үшін өте қажет деп саналатын, ауыр және қымбат су жүйелерін жүргізуді қажет етпейтін аудандарда тіптен жоқ” /215/.

Генерал Ионов Түркістан әкімшілігіне Велецкийдің Жетісуда жасап жатқан жүгенсіздігін, яғни, қоныстандыру мекемесі қазақтардың қолмен суғарып, егін егіп отырған жерлерін “артық” деген сылтаумен зорлықпен тартып алуға бейімділік танытып отырғандығын, артық жерлерді анықтауды көзбен өлшеп, біреуден сұрап білу сияқты әдістерді кең түрде қолданып жүргендігін баяндап хат жолдаумен болды /216/.

Ташкенттегі генерал-губернаторлық әкімшілік қоныс аудару ісі Велецкийдің алған бағыты бойынша жүре беретін болса, бүкіл халықтық “бүлік” туғызуы мүмкін деп қауіптеніп, ендігі жерде, генерал Гродиков Претербургке Велецкийді қызметінен босатуды талап етіп рапорт жіберді. Бұл рапорттан соң іле-шала артынан Егіншілік және жерге орналастыру Басқармасына : “Бұдан былай Велецкийдің Түркістандағы қызметінде төзуге болмайды” /217/ деген жолдармен жедел хат жолдады.

Алайда, Велецкий жергілікті әскери губернатор Ионовтың да, Ташкентегі әкімшіліктің жоғарғы лауазымды шенеуниктерінің де ескертулеріне құлақ аспай, тіпті бұл кезеңде Жетісу облысы қоныс аударушылардың келуі үшін жабық екендігін ескерместен, Ресейдің ішкі губернияларына түрлі хаттар таратып облысқа мұжықтарды шақыртып жатты.

Осы тартыс барысында орталық билік Велецкий жағына шығып, Велецкий емес керісінше, генерал Гродиковтың өзі қызметінен босатылды. Одан сәл бұрын генерал Ионов отставкаға шығарылған еді /218/. Гродиковпен бірге оның көмекшісі, генерал Кондратович пен Түркістандағы Егіншілік және мемлекеттік мүлік басқармасының бастығы статс кеңесші генерал Лазаревский қызметінен босатылды. Бір жылдан соң бұл жағдай тағы да қайталанып, генерал губернатор Мищенко және Түркістандағы егіншілік және мемлекеттік мүлік басқармасының жаңа бастығы Пильц “қазақтар мен қырғыздардан жерлерін алуға жанама түрде қарсылық көрсеткендері үшін” қызметтерінен қуылды. Осылайша, бір ғана коллеж кеңесшісі Велецкий жолына төрт генерал және екі статс кеңесші құрбан етілді. Ал, Велецкий болса империя мүддесі жолында қазақ пен қырғыз жерлерін ешқандай кедергілерсіз тонау үшін Жетісуда 1914 жылға дейін қалдырылды. Жетісу қоныстандыру мекемесі әкімшілік тұрғыдан Ташкентке қарағанымен, іс жүзінде тек Петербургты ғана тыңдады.

Түркістан әкімшілігінің қоныс аудару мәселесін шешудегі позициясы туралы “Земищина” газеті 1910 жылдың 7-қазандағы санында: “Түркістан шенеунігі барлық уақытта қырғыздың немесе сарттың сөзін сөйлеп, орыстарға қарсы болады. Себебі, не істесе де үн шығармайтын бұртаналар таптырмайтын “күзелетін қой” сияқты. Орыстарды “күзеу” ондай қолайлы емес және оңайға түспейді. Сондықтан да олар: “орыстар жойылсын, түземдіктер жасасын” - деп ұрандатады” /219/ - деп жазды.

Шовенистік демогогия негізінде жазылған “Земищинаның” бұл мақаласы астарында қандай болса да шындық бары рас. Осындағы сауда фирмаларымен және банклермен тығыз байланыстағы Түркістан әкімшілігі жергілікті халықты феодалдық салықтар салу арқылы қанауға араласып отырды. Жергілікті әкімшілік шенеуніктері өлкеден қашықта тұратын Орталықтағы Ресей шенеуніктері пайдасына өздерінің қол астындағы “күзелетін қойларын” құрбандыққа шалғаннан гөрі, оларды өздерінің пайда қорлық мүдделерін іс жүзіне асыру үшін өз әдіс-тәсілдерімен қанауды артық көрді. Бұл екі жағдайда да отар елдердегі жергілікті халық зәбір шегіп отырды.

Түркістан әкімшілігімен арадағы “түсініспеушілік” 1909 жылы өлкенің генерал-губернаторлығы қызметіне реакциялық пиғылдағы генерал Самсонов, ал Жетісу облысы әскери губернаторлығына генерал Фольбаумның тағайындалуымен шешімін тапты. Генерал Самсонов өзінің 1909 жылы жыл бойғы қызметі жайындағы патшаға жазған хатында “Еуропалық Ресейде Жер тапшылығынан туындаған агарарлық шиеленісті Түркістан өлкесін орыс азаматарын орналастыру арқылы шешуге қол жеткізуге болады” - деп түйіндеді. Түркістан генерал-губернаторы үшін бағдарламалық құжат болып табылатын осы хатта Самсонов “бұдан былай казачествоны дамыту қажет”-деді /220/. Генерал Самсоновтың бұл ойы жоғарғы билік өкілдерінің ойынан шықты. Өз кезегінде патша генерал-губернатордың өлкені отарлау жолында іс жүзіне асыратын іс-шараларын қолдайтындығын хабарлап жауап хат жолдады.

Жоғарыда келтірілген Жетісу қоныстандыру мекемесін және оның басшысының жұмыс стилінен біршама түсінік беретін фактілер белгілі дәрежеде басқа қазақ облыстарындағы қоныстандыру мекемелеріне де тән болатын.

Ендігі жерде жергілікті әкімшіліктің де, қоныстандыру мекемелерінің де алдында бір ғана мақсат тұрды. Ол - қайткен күнде жергілікті халықтың пайдалануындағы жердің “артығын” неғұрлым көбірек тауып, ол жерлерге ішкі Ресейден өз бетімен немесе рұқсат алып, жолдамамен келген орыс қоныс аударушыларын орналастырып, оларға қамқорлық жасау. Қоныстандыру мекемелері қызметінің тікелей қазақ халқының тұрмысына байланысты қарағанда бірден көзге түсетін мынадай екі қырын байқауға болады. Олар, біріншіден жергілікті қазақ елінің пайдалануындағы жердің “артығын” анықтап, қоныстандыру учаскелерін дайындау, екіншіден, қазақ бұқарасын “жерге орналастыру”еді. Бұл жолда олар әртүрлі айла-әдістер, іс-шаралар ойлап тауып, оны жүзеге асырумен болды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет