2.2 Оңтүстік өлкедегі қазақтардың жерін тонаудағы қоныс аудару мекемелерінің айла - әрекеттері
Переселен мекемелері, өздерінің негізгі мақсаты деп санайтын қазақтар пайдалануындағы басы артық “жерлерді іздеп тауып, қоныстандыру учаскелерін жасау үшін алдымен формальды түрде болса да, қазақ шаруашылығына тиесілі жер нормасын анықтау қажет еді. Қоныстандыру мекемелері құрылғанға дейін Қазақстанда Щербина жүргізген экспедиция негізінде жасалынған жер нормасы тым көп көрініп, патша үкіметін қанағаттандырмады. Сондықтан да қоныс аудару басқармасы 1906-1910 жылдар аралығында Азиялық Ресейдің әртүрлі аудандарында қазақ шаруашылықтарын қайта зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы мақсатпен Қазақстанның Дала облыстарында және Оңтүстік Қазақстанда Кузнецов, Хворостинский, Чиркин, Румянцев, Скрыплев, Юферов және жергілікті қоныстандыру мекемелері басқарған экспедициялар мен статистикалық партиялар жұмыс жасады.
Егер Щербина экспедициясы әрбір орта қазақ шаруашылығына тиесілі жер нормасын сол орта отбасының жылдық тұрмыс шығынына жарайды деген 24 бас малды (жылқыға аударғанда) асырап-сақтай алу мүмкіндігінен шығарса, кейінгі зерттеу жұмысын жүргізгендер ол шығын санын 16 басқа түсіріп, соған сай жер нормасы көлемін осы соңғы санға бейімдеді. Бұл норма Қазақстанның Дала облыстарына белгіленген болатын. Ал Оңтүстік Қазақстанда жергілікті халықтың басым көпшілігі мал шаруашылығына қосалқы егін шаруашылығымен ертеден айналысатындығын, тіршіліктің негізгі көзі су жүйелері бар жерлер екендігін жақсы түсінген статистикалық партиялар, дала облыстарына белгіленген жер нормасы Оңтүстік Қазақстанға тым көптік қылады деп санады. Мәселен, мұндағы көшпенділердің иелігіндегі жерлерді алып, переселен учаскелерін құру үшін патша үкіметі 1907 жылға дейін 1901 жылы 5-сәуірде қабылданған Егіншілік Министрлігінің Циркулярын басшылыққа алып келді. Ол бойынша Щербина экспедициясы негізінде белгіленген жер нормасына 25% қосымша жер көшпенділер иелігінде қалдырылуы тиіс болатын /221/. 1907 жылдан бастап қазақ шаруашылықтары қайта зерттеліп, оларға қалдырылатын жер нормасы әлде-қайда қысқартылды. Мәселен, Жетісу қоныстандыру мекемесі осы мақсатпен экспедиция ұйымдастырды. Олар облыс территориясын 6 табиғи-тарихи аудандарға бөлді. Облыстағы 4 қазақ уезінде орналасқан қазақтардың әрбір қожалығында мал басы санын орта есеппен Верный уезінде -8,47 бас, Жаркент уезінде - 13,10 бас, Қапал уезінде - 8,26 бас, Лепсі уезінде - 6,82 бас /222/ деп есептейді. Оларға қалдырылатын жер нормасын осы сандарға бейімдеп, шаруашылыққа жайлы аудандарда 35- 40 десятинадан, ал қолайсыз аудандарға 72-82 десятинадан жер бөлуді ұсынды /223/.
Ал Сырдария облысында жүргізілген зерттеу жұмыстары негізінде қазақ шаруашылығына қалдырылған жер нормасы халқының басым көпшілігі егіншілікпен айналысатын уездерде 25,35 десятина, егіншілкке қолайсыз аудандарда 127,43 десятинаға дейін белгіленді /224/. Осылайша, жер нормасын қысқарта отырып, жергілікті қоныстандыру мекемелері “артық” жерлер көлемін Жетісу облысы бойынша - 4 949 500 десятина, ал Сырдария облысында 1 730 367 десятина деп шығарды /225/. Алайда, бұл цифрлар қағаз жүзінде белгіленіп, іс жүзінде жергілікті үкімет орындары оны өз қалауынша өзгертіп отырғандығын жоғарыда Жетісу облысындағы қоныстандыру мекемесі бастығының жұмыс істеу стилі жайында мәлімет беретін мысалдардан көргенбіз.
Қағаз жүзінде белгіленсе де қоныс аудару мекемелері ұйымдастырған экспедициялар мен статистикалық партиялардың ұсынған жер нормасы алғашқысынан әлде қайда аз еді және қазақ шаруашылығы дамуына елеулі нұқсан келтіретін. Ол жөнінде Щербина экспедициясына қатынасқан Ә.Бөкейханов 1913 жылы өзінің пікірін былайша білдірді: “Қазаққа қалдырған Щербина нормасы қазаққа көп жер қалдырды, қазақ ұтып кетті деп, қазақты қайта жазды; бұрынғы қазаққа Щербина нормасымен қалған жерді мінеп, неше қайтара кішерйтіп, шұнтитып, көшпелі қазаққа деп жаңа норма шығарды” /226/.
Қоныстандыру мекемелері шенеуніктері өздері көздеген жер нормасын жасай отырып, бұрын болмаған қарқынмен және кең көлемде қазақ жерлерін талауға кірісті. 1906-1911 жылдары Оралдың сол бет жағасынан жер бөліп беру жұмысының нәтижесінде “артық” жер көлемі 23 773 395 десятина болды /227/. Оның ішінде Жетісу облысы бойынша 1 456 080 десятина жерде 454 учаске дайындалса, Сырдария облысында 5 учаске 4 432 десятина жерде дайындалды.
Әңгіме болып отырған уақытта Сырдария облысына қарағанда Жетісу облысында қоныстандыру учаскелері әлде қайда көп дайындалды. Бұған себеп болған жағдай осы еңбектің бірінші тарауында кеңірек айтылғандай, Сырдария облысы 1886 жылғы Түркістан өлкесін басқару туралы Ереже бойынша, ал Жетісу облысы 1891 жылғы Дала облыстарын басқару Ережесі бойынша басқарылатын. 1886 жылғы Ережеде 1891 жылғы Ереженің 120-бабына жасалынған қосымша, яғни көшпенділерге артық болатын жерді қазына иелігіне алынады деген заң жоқ еді. Бұл жағдай осы облыстардағы қоныстандыру мекемесіне тым жайсыз тиді. Сондықтан да олар Петербургтен Дала облыстарын басқару Ережесіне де тездетіп қосымшалар енгізуді өтінумен болды.
Мұндай қосымшаны енгізу туралы өтініш ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында да жоғары билік орындарына түсіп жатқан еді. Солардың бірі, 1903 жылы сол кездегі егіншілік министрі Ермоловтың Мемлекеттік кеңеске жасаған “көшпенділер үшін артық болатын жерлер қазына иелігіне алынсын” - деген қосымшаны Түркістанды басқару Ережесіндегі 270-бапқа енгізу туралы ұсынысы болатын. Онда Ермолов: “Түркістандағы орыс отарлауының өте жай жүруіне кедергі болып отырған жағдайлардың ең басты - орыс азаматтарын өлкеде жоспарлы түрде орналастыру үшін қолданылатын жер қорының қазына меншігінде болмауы”-деп түсіндірді /228/.
1903 жылы Ермоловтың хатын Түркістан генерал-губернаторы және өлкенің әскери губернаторлары талқылады. Ол 1904 жылдың 6- наурызында “Бірлескен заңдар департаментінде” қаралды. Осы уақытта Ресей деревняларында қалыптасқан жағдайларға байланысты бұл заң жобасының қабылдануы әбден мүмкін еді. Алайда, бірлескен департамент Ермоловтың “ұсынысын заманға сай емес” деп тапты. “Түркістан өлкесінің бұратана халқы- деп жазылды. Бірлескен департамен жиынында, - жерге қатысты құқы жағынан Дала облыстары тұрғындарына теңестіруге келмейді”. Түркістанда отырықшы халық басым, “жақын болашақта Орынбор-Ташкент темір жолының салынуымен көшпенділердің отырықшы тұрмысқа өтетін шаруашылықтар саны көбеюі мүмкін. Ермоловтың ұсынғанындай көшпенділер иелігінен жерлерді алу, тіпті олардың заңдық мүдделерін қорғаған күннің өзінде, көшпенділердің экономикасына үлкен нұқсан келтірді. Бұл жағдай мәдениеті аз көшпенділер арасында оңай көтеріліс туғызуы мүмкін.”
Бұл құжаттан үкіметтің екі түрлі жағдайдан қауіптенгендігін көруге болады: 1) әсіресе, Ресей буржуазиясы қарсыласқан, отырықшы тұрғындардың жерді пайдалану ретін бұзудан қауіптену; 2) шаруалар көтерілісінен қауіптену. Ресейдегі 1902-1903 жылдарда болған шаруалар көтерілістерінен кейін қауіптену табиғи жай еді.
Алайда, Ермоловтың жоспарын қабылдамауға себепші болған негізгі жағдай - орыс-жапон соғысының басталуы еді. Патша үкіметі егер Қытай мемлекеті Жапондар жағында соғысқа кірісетін болса, онда Түркістан шекарасында әскери қимылдар басталады деп дайындалды. Сондықтан сол уақытта, жергілікті тұрғындарды қобалжытатын ешқандай жағдай туғызбау қажет еді. Жиыннан кейін бірнеше күннен соң 13-наурызда Ермолов осы жағдай туралы Түркістан генерал-губернаторына былай деп жазды: “... Бірлескен департамент империяда болып жатқан оқиғалар Түркістан шекарасына тікелей әсер етуі мүмкін деп, мәселені шешімсіз қалдырды” /229/. Ермолов өзінің департамент шешімімен толық келісетіндігін білдіргеннен соң, жоспар Егіншілік және мемлекеттік мүлік министрлігіне қайтарылды, заң қабылданбады.
Алайда, үкіметтің бұлай шегінуі ұзаққа бармады. 1905 жылы соғыс аяқталды. Орыс-ағылшын келіссөзі Түркістан шекарасында соғыс болуы мүмкін деген қауіпті теріске шығарды. Оның үстіне 1905-1907 жылдардағы ішкі Ресейде болып жатқан ахуал қоныс аудару қозғалысын мүмкіндігінше кеңейту қажеттігін тудырды. Осындай жағдайда сол кездегі жерге орналастыру және егіншілік басқармасының бастығы Кривошейн қазақтар иелігіндегі жерлерді көбірек алу мақсатында 1886 жылғы Ереженің 270-бабына қосымша енгізу туралы жоспарды қайта күн тәртібіне қойды.
Егер XІX ғасыр соңында әкімшілік Түркістан облысында көшпенділердің отырықшы тұрмысқа өту процесі арқасында жер босап қалады-деп сенген болса, ендігі жерде бұл мәселені Кривошейн маңызды мемлекеттік істі көшпенділер отырықшылыққа өтуі аяқталғанға дейін кейінге қалдыруға болмайды”-деді. Оның жобасы бойынша көшпенділерге тек өңделген жерлерді ғана қалдырып, қалған шабындық, жайлым жерлердің барлығы мемлекет меншігіне алынуы қажет еді. Осылай еткенде олар отырықшылық тұрмысқа амалсыз үйренеді деп сендірді. Көшпенділердің мал бағып, көшіп-қонып отырған жерлерінің барлығын тартып алып қою арқылы отырықшылыққа өткізу, егін және мал шаруашылығын қосалқы жүргізу процесін толық дағдарысқа ұшырататын. Мұндай заңның қабылдануын қазақтар жерінің мемлекет тарапынан тоналуы жолындағы заңдардың келесі сатысы деп қарауға болатын.
Жоба Мемлекеттік Думада талқылануға түсіп, заңның қабылдануына қарсы болғандар қазақтар өмірінен әр түрлі мысалдар келтіріп сөз сөйледі. Мысалы, осы думада Волков 2-ші мынадай фактілер келтірді. “Көріп отырғанымыздай, мырзалар, үкімет қырғыз жеріне байланысты солшыл партиялардың жекеменшік жерлерді зорлықпен тартып алу жөнінде барлық жобаларынан анағұрлым асып түсіп, олар көп батылдық танытып отыр. Мәселен, қоныстандыру учаскелері қырғыздар (қазақтар - Л.Д.) отырықшы тұрмысқа ден қойып отырған, яғни мұнда переселендерге жер алу бұртаналар үшін аса ауыр тиеді-ау деген аудандарда көптеп жобаланып құрылып жатыр. Бұл ақылға да қонымсыз және заңға да қайшы әрекет” /230/. Мұнда депутат Түркістандағы басқару Ережесіне енгізілмек болған бұл қосымша қоныстандыру мекемелеріне Түркістандағы қазақ және қырғыз жерлерін талауға кең жол ашып бергенімен, жергілікті халықтың егіншілігіне қолайлы жерлерін отаршылардың бөліске салуы оған дейін де жүріп жатқандығын және мұның дұрыс емес екендігін айтып отыр. Сондай-ақ, Волков 2-ші, егіншілікке қолайлы жерлердің тартып алынуы отандық өнеркәсіптің дамуына кері әсерін тигізеді деп қауіптенді. Ол Түркістанда осындай жерлерге орналасқан орыс переселендері империя үшін аса қажет мақта өндірісімен айналыспай, “тек дәнді дақылдар ғана егіп, жер күтіміне айюандықпен қарап, құнарсыздануына, өнімділігінің төмендеуіне жол беруде”- деп ашына сөйледі /231/.
Пікір сайыс барысында құқықтық тұрғыдан өте маңызды ой айтқан Мемлекеттік Думаның мүшесі Дзюбинский болды. Ол Түркістанды басқару Ережесінің 270 - бабына сілтеме жасап, көшпелі жұрт егер отырықшы тұрмысқа өтсе, онда егін шаруашылығында өңделген жерлері олардың меншігі болып табылатындығын ескертті. “Түркістан жұртының үлкен бөлігі баяғыда отырықшы тұрмысқа өткен, көшіп-қонудың не екенін ұмытқан, бірақ заң жүзінде әлі көшпелі болып саналады, сондықтан да олардың өңделетін және суармалы игерген жерлері иеліктерінен алынуы мүмкін” /232/. Дзюбинский Қоныстандыру басқармасының бұл әрекетін жеке адамдардың меншігін экспроприациалаудан басқа ештеңе емес деп бағалады. “Мырзалар,- деді ол өз сөзінде, -сіздер, жеке меншіктің принципті қорғаушылары, белгілі бір адамға тиесілі жер иелігінен оның келісімінсіз алынуы мүмкін емес деп санайсыздар. Сөйте тұра көшу мүмкіндігі жоқ, жарты десятина немесе десятина жерді өз бейнетімен өңдеп, игерген бейшара қырғыз кедейлерінің жерін тартып алуды ұсынасыздар.”
Түркістан өлкесін басқару Ережесінің 270-бабына берілуі тиіс қосымшадағы “излишки” ұғымына талдау жасаған Мемлекеттік Дума мүшесі Милюков былай деп көрсетті. “Мәселенің негізі “артық” деген ұғымда нені түсіну қажеттігінде жатыр. “Артық” түсініктің өзі осы күні өмір сүріп отырған заңға қарама-қайшы келеді. “Артық” жерлер тек қана алдын ала “нормамен” жер бөліп берген жағдайда ғана шығады. Ал осы күнгі “нормамен” бөліп беру жүйесі Пален мырзаның дәлелді және сенімді пікіріне сүйенсек, 1) өмір сүріп отырған заңға қайшы; 2) негізі әділетсіз; 3) экономикалық жағынан зиян; 4) саяси жағынан қауіпсіз емес” /233/.
Депутаттардың дәлелді мысалдар келтіріп қарсылық білдіргендеріне қарамастан, Орталық билік Түркістанды басқару ережесінің 270-бабына қосымша енгізудің мемлекет үшін өте маңызды екендігін алға тартып, оның мынадай екі себебі барлығын айтты: 1) Түркістандағы орыс тұрғындарын күшейте түсу қажеттігі; 2) Бұл өлкеде, әсіресе Сырдария облысында, үлкен артық жер қоры бар болғандықтан, мұнда Еуропалық Ресейдің Оңтүстік губерния-ларынан қоныс аударушыларды әкеліп орналастыру. Ал, “артық” жерлер көшпелі қазақтардың пайдалануында болып отырғандықтан, бұл қосымша олардан сол жерді алу үшін қажет еді /234/.
Заңның қабылдануына социал-демократиялық, еңбекші, прогресс партия өкілдері қарсы болды. Алайда, жоғарғы билік үстем-ділігі (109 дауысқа қарсы 93 дауыс) негізінде заң қабылданды және 1910 жылдың 19-желтоқсанында патша өз қолымен бекітті /235/.
Заңның бірінші бөлімінде былай делінді: “Түркістан өлкесін басқару Ережесінің 270-бабына қосымша бекітілсін:
Көшпелілер үшін артық болатын жерлер жерге орналастыру және егіншілік басқармасы қарауына өтеді”.
Түркістанға бұл заң 1911 жылдан бастап күшіне ене бастады /236/.
Осылайша, Сырдария облысы қазақтарына Ә.Бөкейхановтың сөзімен айтқанда, “Жетісу, Семей, Ақмола, Торғай һәм Орал қазағының кебі келді. Енді Түркістанда қазақ жерін алғанда закон деп” алатын болды /237/.
Белгілі зерттеуші М.Қойгелдиев бұл жайында “Үкімет орындары Түркістанды үлкен қарқынмен отарлау саясатына көше отырып, өзара тығыз байланысты екі мақсатты көздеді. Олар жерге мұқтаж орыс шаруаларын неғұрлым көбірек және тезірек орналастыру арқылы Түркістан сияқты түрлі шикі затқа бай өлкеде Ресей үстем-дігін біржола қамтамасыз ету еді. Күшке негізделген мұндай отаршыл саясатты жүргізе отырып, үкімет орындары шын мәнінде Түркістан-да “артық” жердің жоқ екендігін, сондықтан да жергілікті халықтың атамекен жерін күшпен тартып алып, олардың санасында империяға деген шексіз наразылық ұрығын сепкенін түсіне алмады” /238/.
1910 жылдың 19-желтоқсандағы заңның қабылдануы Сырдария облысына дереу әсер етті, “артық” жерлерді алу тез өсіп кетті. Бұл уақытта Жетісу облысында Дала облыстарын басқару Ережесінің 120-бабы негізінде “артық” жерлерді алу жалғасып жатқан болатын. Нәтижесінде, осы екі облыста жергілікті тұрғындар иелігінен алынған жерлер көрсеткіші төмендегідей болды. (Солтүстік Қырғызстан мен Ташкент уезін қоса есептегенде): /239/
1-кесте
|
Алынған жер (десятина)
|
Облыс-тар
|
Бар-лығы
|
1906 жылға дейін
|
1906 - 1915 ж.
|
|
|
абс.
көлемі
|
% - шаққанда
|
абс. көлемі
|
% - шаққанда
|
Жетісу
|
2320053
|
838495
|
36,1
|
1481558
|
63,9
|
Сыр-дария
|
872955
|
159561
|
18,3
|
713390
|
81,7
|
Барлығы
|
3192008
|
9988056
|
31,3
|
2194948
|
68,7
|
Кестеден 1906 жылға дейін орыс казактары мен шаруаларын орналастыру үшін жерлерді алу Жетісу облысына қарағанда Сырдария облысында анағұрлым бояу жүргендігін көреміз. Оған себеп болған, жоғарыда айтып өткеніміздей, Сырдария облысындағы қазақтардың жерін переселендерге алып беретін заңның жоқтығы еді.
Маңыздысы, әрине, бұл цифрлық көрсеткіштер емес, Қоныстандыру мекемелері переселен учаскелерін даярлау мақсатында қандай айла тәсілдер, іс-шаралар қолданып, қандай жолдармен қазақтар үшін “артық” болатын жерлерді анықтап, олардың иелігінен алынуында.
Қазақтардың жерін тартып алудағы переселен мекемелерінің шектен шыққан зорлық-зомбылығы туралы Сенатор Паленнің ревизиясы анық хабар береді. Өзінің есебінде К.К.Пален переселен мекеме шенеуніктері қазақтар мүддесімен санаспай, олар үшін жерді пайдалану ретінде “норма” дегенді ойлап, тауып соның негізінде “артық” жер қорын тауып отырғандығын айтады.
“Қоныстандыру басқармасы - деп жазды К.Пален,- переселен учаскелері жоспарлаған болыстықтардағы тұрғындар иелігіндегі жарамды жерлердің артығын шығару туралы есебін дәлелсіз 2 түрлі кретерияға негіздеді: тізімді артығымен берілген түтін саны бойынша және ешқандай заңмен бекітілмеген, тек бұрынғы генерал-губернатор, генерал-лейтенант Субботичтің жеке рұқсатымен бекітілген, орташа қазақ шаруашылығының әрбір үй басына 40 десятинадан деп бөліп беру” /240/.
Қазақтар иелігіндегі жердің көптілігіне Орталық биліктің көзін жеткізу мақсатында жергілікті қоныстандыру мекеме қызметкерлері, шөл, құмды жерлерді де кіргізді. “Жарамды жерлердің жалпы көлеміне болыстықтар бойынша ешнәрсеге жарамайтын қамысты тоғайлар, тау етектері, арасынан өтуге болмайтын итмұрын және басқа да тікенді бұталары бар қопалар, суландыруға келмейтін далалы жерлер, тасты жерлердің үлкен кеңістігі, мал жеуге жарамайтын немесе оруға болмайтын шөптер өсетін жерлер жатқызылды. Осылардың барлығы, жалаңаш сандық көрсеткіштерді беру арқылы қазақ тұрғындарының иелігінде артық жерлердің көптігін дәлелдеу үшін болыстықтардың жалпы жер көлемі қатарына жарамды жерлер деген атпен енгізді” /241/
Межелеу жұмыстары ұқыпсыздықпен, күрделі қателіктер жіберу арқылы жүргізілді. Мұның ішінде топографтардың жұмыстарын ешкім қадағаламады және олардың көпшілігі өз мамандығына сай келмейтіндер, қызметіне элементарлық адалдықпен қарамайтындар және өздері арасында жұмыс істеп отырған халықпен әділетсіз қатынас жасайтындар еді.
Іс жүргізетін шенеуніктер тарапынан межелеу жұмысына бұлай қарау жағдайында болыстықтар бойынша жерді теңдей алу туралы сөздің болуы да мүмкін емес жай. Бір болыстықта учаскелерді көп алса, екіншісі біреуінде аз алды. Бұл жұмыста толық бассыздыққа жол берілді. Жұмыс жүргізушілер өздерінің қалауынша бір болыстықтарда барлық “артық” жерлерді, басқа болыстықтарда тек болмашы ғана бөлігін алып отырды /242/.
Жетісу облысы қоныс аудару мекемесінің жер бөліп беру және межелеу бөлімі қызметкерлерінің өз жұмысына жауапсыздықпен қарауы нәтижесінде жергілікті қазақ халқы жерсіз қалып отырғандығы туралы осы бөлім меңгерушісі былай дейді: “Көп жағдайларда қазақтар иелігінен жерлерді алу заңсыздыққа жол берілді. Егер де заңды түрде жер алынатын болса, онда заң бойынша жерінен ығыстырылатын қырғыздарға құндылығы жағынан өздерінің игеріп отырған жерлеріндегідей басқа жерлерден жер бөліп берілуі тиіс болса, мұндай іс-шара жүзеге асырылмады. Жер бөліп беретін Уақытша комиссиялар “пәлен жерден жер беріледі” деген жоспарын көрсетеді де, алайда ол жоспар орындалмайды. Есесіне қырғыздар пайдаланып отырған жерлер иелігінен алынып, олар жерсіз қаңғырып қалды. Межелеу жұмысын жүргізудегі тәртіпсіздіктердің арқасында ақылға сыйымсыз жағдайлар орын алып отырды. Уақытша комиссиялардың бір уақыттарда жоспарлап бекіткен алайда, аяқсыз қалған қырғыздар иелігіндегі жерлерді алғандығы үшін берілуі тиіс жер учаскелерінің болғандығы туралы орналаса алмай далада қалған қырғыздардың шағымдарынан ғана анықтауға болады” /243/.
Патша үкіметінің қазақ жерлерін зорлықпен алып қоюдағы қарақшылық саясаты нәтижесінде қазақ шаруашылықтарын күйзелтіп, ертеден мекендеген жерлерінен құм, бетпақ, қамысты тоғайдан басқа ештеңесі жоқ жерлерге көптеп көшірілді. Пален бұл туралы: “Үлкен көлемде жерлерді алу үшін қазақтардың жеке және кіші шаруашылықтарын көшіріп қана қоймай, ... Краснореченск, Новопокровск және Бейшик учаскелерін ұйымдастыруда тіпті үш мешітті жоюға да жол берілді. Бұлай етіп көптеп бұзу партия шенеуніктерінің аз көлемді учаскелерді әр жерден алғысы келмей бір жерден үлкен көлемді жер алуынан туындады. Мұндай ету заңсыз және бүкіл халық құқын басыну еді” /244/ - дейді.
Одан әрі сенатор Жетісу переселен партиясының жұмысына тоқталып, жоғарыда айтылған мәселелерді дәлелдей түсті. “Қоныстандыру партиясының қызметкерлері 30 мың жан өмір сүретін 5-100 отырықшылар отбасын бұзбақ болды. Бұлай бұзу арқылы олар 6,5 мың переселен қожалықтарының әр қайсысына 40 десятинадан жер бөліп беру есебімен 250 мың десятина қолайлы жер алмақ еді. Алайда, Пішпек қоныстандыру кіші ауданында переселен партиялары ұйымдастырған учаскелерге қоныс аударушыларды орналастыру тәжірибесі көрсетіп отырғандай қолайлы деп белгіленген 5395 адам үлесі ішінен 2008 үлесінде қоныс аударып келгендер орналасқан, яғни 38%-інде ғана, қалған 3 387 - үлесте ауыл шаруашылығына қолайсыз деп, қоныстанушылар болмады. Бұл мәліметтер арқылы мынадай қорытынды жасауға болады: шын мәнінде 2,5 мың переселен шаруашылығы ғана орналаса алатын жоғарыда көрсетілген 250 мың десятина жері бар учаскелер дайындау үшін қоныстандыру мекемесі одан екі еседей көп болатын отырықшы қазақ қожалықтарын бұзуына тура келген. Менің қол астымдағы қызметкерлерімнің анықтауынша жоспарланған учаскелердегі қырғыздар, барлығы дерлік бұл уақытта егінші-мал шаруашылығына өткендер және переселен партияларының жоспарларын іс жүзіне асыру үшін қырғыз шаруашылықтарын көшіру, көп жағдайда, олдардың күйзелуіне алып келіп отыр” /245/. Сенатор бұл деректерді келтіре отырып, патша үкіметінің қоныс аудару саясатының өлкеде бассыздықпен, жауапсыздықпен жүргізіліп отырғандығын мойындады. Переселен мекемелерінің жүгенсіздігі жайлы баспа беттерінде де жазылып жатты. 1912 жылы “Современник” журналында былай делінді: “Инструкциялар мен циркулярларды оқып көріңіздер, переселен мекемелеріндегі жұмыс жүргізушілердің, уақытша комиссиялардың қызметтеріне көңіл бөліңіздер, онда, жергілікті тұрғындар иелігінен жерлерді алудағы іс әрекеттерінің дұрыс және заңды екендігін дәлелдеуге тырысқан көптеген сандық көрсеткіштердің, статьялардың, параграфтардың астарында, қырғыздар меншігін дөрекі түрде саудаға салу, алдау-арбау тығылып жатқандығын көруге болады”. Мұнан әрі қарай автор: “шенеуніктерді мұндай заңсыздықтарға итермелеген нәрсе бұл-ордендер, сыйлықтар, шендер”-деп қорытындылайды /246/.
Мемлекеттік думада, 1910 ж. 7-желтоқсанда, қоныс аудару мәселесін талқылау барысында депутаттар Пален ревизиясынан алынған деректерге сүйеніп, өлкедегі қоныс аудару мекемелері заңға қайшы әрекеттер жасап отырғандығын, бұл процестің жергілікті халық үшін өлім жазасымен тең екендігін басып айтты “Граф Паленнің есебін оқи отырып - деді бір депутат, қоныстандыру басқармасының қоныс аудару саясатында өлім жазасы сияқты қорқынышты ақиқатты, сол мекеме қызметкерлерінің қылмыстық арсыздыққа жол беріп отырғандығы туралы ресми және құрғақ дауыспен су бүркіп отырғандығын көреміз” /247/.
Алайда, үкімет мінбелерінде депутаттардың қоныстандыру мекемелері шенеуніктерін айыптап сөз сөйлеуіне, Түркістандағы жер мәселесін зерттеген Мырзағазы Есболұлының жазғанындай: “Келімсектерді орналастыратын махкамада қызмет қылушылардың ішінде көкірегінде адамшылық сәулесі бар, алыстан болжайтын, артын ойланатындары, соқыр көргеннен жазбас дегендей қазақ-қырғыздың бас салып жерін ала беруді қою керек, енді алдымен жергілікті халықтардың өздерін жер-суға қожа қылып, белгілі мөлшермен түпкілікті жерге орналастыру керек. Сол жерге олар тіршілік қылып, өздерінің шаруасын түзеуі керек. Сонан соң қанша жер, қандай жер артылады, оған қанша келімсекті орналастыруға болады, міне осының бәрін біліп алмай бұл жұмыстан ешнәрсе шықпайды деушілер болды. Бірақ бұлардың сөзін ескерген адам болмады, келімсектерді орналастыратын махкаме бұрынғы бетпен жұмысты жүргізе берді; қазақ-қырғыздың жер-суын ала берді” /248/.
Оңтүстік Қазақстандағы бірқатар аудандарда көшпенділер ертеден-ақ отырықшы тұрмысқа өтіп және жартылай көшпелі егін шаруашылығымен айналысатын. “Қырғыздардың жерді пайдалану реті туралы материалдар” дерегіне қарағанда 1906 ж. Шымкент уезіндегі қазақтардың көпшілігі егіншілікпен ертеден-ақ айналыса бастаған және ауыл қауымдарында өңделген жерлерді өзара бөлісу тәжірибесі бұл уақытта тоқтатылған. Олардың қолымен суарылатын және тәліми жерлері атадан-балаға мұра етіп қалдыратын /249/. Патша үкіметі бұл жағдаймен еш келіскісі келмеді. Ендігі жерде, сол отырықшы халықтың егін шаруашылығына қолайлы жерлерін алу жолына көшкен переселен шенеуніктері ресми рұқсат қағазынсыз, өз еркімен келген қоныс аударушыларды әр түрлі жолдармен жергілікті халық жерін алуын, переселендердің көшпенділер жерін жалға алып, ақыр соңында өздері иеленіп қалуын қолдап, олардың заңсыз әрекеттеріне көз жұма қарады. Бұл үкіметтің өз дегеніне жету жолындағы көп айла шарғыларының бірі еді.
Қоныс аударушылардың өз еркімен, ешқандай рұқсат қағазынсыз келуі тоқталмады. Олар өлкеге аш-жалаңаш, ешбір мүліксіз көшіп келіп, қоныстандыру мекемелері алдындағы жер бөліп беруін күтіп тұрған ұзын кезекке барып қосылды. Бұл жерде әбден күтіп, үкіметтен ешқандай көмек болмасына көзі жеткендері жергілікті шаруалардың жерін тартып алып қоныстана бастады. Өз еркімен келген қоныстанушылардың бұл қылығына үкімет араласқысы келмеді. Ол жайында Мырзағазы Есбол ұлы: “хүкіметтің өз еркімен келгендерге жәрдем бергісі келмеуінің себебі: үлкен ауылдың баласы бола отырып, жандығыңды білдіріп, маңайындағы “бұртаналарды” қармай алмасаң, өз обалың өзіңе дегені сияқты” /250/ - дейді. “Көп жағдайда бұл тікелей басып алу болды,-деп түсіндірді Жетісу облысындағы қазақтар мен келімсектер шаруашылығын зерттеген статист П.Румянцов; “Бір бөлігі Солтүстік-батыстан, бір бөлігі Солтүстік шығыстан өз еркімен келген қоныс аударушы-шаруалар мұнда келді, жердің құнарлығын ұнатып қалғандары онда уақытша, кейіннен түпкілікті өмір сүретін құрылыстар салды және айналадағы жерлерді егін егу үшін қопсытып тастады. Енді бір жағдайда, өз еркімен келген переселендер қырғыздардан (қазақтардан-Л.Д.), анығын айтқанда олардың байларынан жерлерін “сатып алды” немесе “жалдап алды” /251/ - дейді.
Переселендардің өз бетімен келіп, иелігіндегі жерлерін қалауынша алуына көп жағдайда қазақтар қарсыласпады да. Себебі “егер олар алмаса, олардың шенеуніктері алады” /252/- деп түсінді дейді Түркістандағы орыс халқы өмірін зерттеген А.И.Гинзбург. Ал, П.Румянцов: “орыс қоныс аударушуыларының жерлерін алып қойюына қарсылық көрсетпеуі олардың өте бейбітшілік сүйгіштігінен және мәдениетсіздігінен”- дейді.
Үкімет тарапынан берілетін ешқандай көмек қаржысыз өлкеге келген переселендер рұқсат қағазбен қоныс аударған орыс шаруалары мен казак-орыстарға қарағанда әлде - қайда іскер, тапқыр болды. Алайда, олардың іскерлігі көп жағдайда Калпоковский сөзімен айтқанда “дайын арықтар мен өңделген жерлерді” басып алуында көрініп отырды. “Олар да прогресивті, мәдени шаруашылық құруға дәрменсіз болды; тіпті олардың көпшілігі “Сібір переселендерінің қалдықтары,”еді. Сондай-ақ, Сібірде болып, белгілі бір себептермен онда орналаса алмай қайтқандар еді. Басым бөлігі бұл - әбден діңкесі құрыған, жолы болмаудан өзіне деген сенімін жоғалтқан, кейбір жағдайда қаңғыбастыққа жақын адамдар болды” /253/.
Өз еркімен босып келген мұжықтардың қалаған жерлерінен жер басып алуы туралы мысалдарды Т.Рысқұловтың еңбектерінде де көптеп беріледі. Мәселен, ол “Пішпек уезі, Багишевск болыстығына қарасты Беловодск селосы маңында өз еркімен келгендер ешкімнің рұқсатынсыз жер алып орналасып алады да, кейінірек сол жерде Петровское селосын құрады. Петровск селосы тұрғындары Багишевск болыстығындағы қазақтардың ең жақсы жерлерін алып қана қоймай, сондай-ақ су каналдары бастауларында орналасып, осы каналмен егістіктерін суғаратын Багишевск болыстығы қазақтары мен Беловодск селосы тұрғындары шаруашылығына зиянын тигізіп отырғандықтан, жәберленушілер тарапынан өз еркімен орналасқан переселендер атына арыздар түсіп жатты. Алайда, уезд әкімшілігі де, облыс әкімшілігі де, тіпті өлке генерал-губернаторы да бұған араласып, ештеңе істей алмайды. Бұл күрес 10 жылға созылып, соңында өз еркімен қоныстанғандар қырғыздарды қолайсыз жерлерге ығыстырып, жеңіске жетті” /254/- дейді.
Мұндай жағдайлар өз еркімен келген басқа қоныс аударушыларға үлгі болды да, осындай оқиғалар кейін де қайталанып отырған. Мысалы, Сырдария облысы Қоғарты болысы, Қошыма бөлімшесі, № 2 ауыл қазақтарының жерінде өз бетімен келген орыс мұжықтары рұқсатсыз жер жыртқан. Осы кезде өз жерін қорғамақ болған Жұмақұл Айбақовты мұжықтар атып өлтірген, ал жанындағы Бегалы Әбдікәрімовті ауыр жарақаттаған. Бірақ артынша орыс мұжықтары тексеру комиссиясына жалған түсініктеме жазып, “400-ге тарта жергілікті қазақтар келіп, бізге қоқан-лоққы жасап, тас және таяқпен ұрып соға бастаған соң, мылтық атуымызға тура келді” деп сендірген. Жергілікті әкімшілік бұл жағдайда кімнің айыпты, кімнің айыпсыз екендігіне көздері жетсе де бұл мәселені келімсектер пайдасына шешкен /255/.
Осындай жағдайлар Сырдария облысының басқа ауылдарында да болып отырған. 1911 ж. 4-наурыз күні жоғарыдағы болыстықтың № 4 ауыл қазақтары қайтыс болған ауылдастарын жерлеуге келе жатып, өздеріне тиселі жерде жер жыртып жүрген орыс мұжықтарын көрген. Мұжықтардың кетуін талап етуінен ештеңе шықпай, соңы кісі өлімімен аяқталған жанжалға ұласқан /256/.
Алғашқыда, үндемей, кедергісіз жайылымдық жерлерін беріп жүрген қазақтар енді қолындағы қалған өз қолымен өңдеп, егін егіп, өнімі күндеріне әрең жетіп отырған жерлерінен ажырап қалғысы келмей әлдері келгенше қарсыласып, жоғарғы үкіметке арыз жазып әділдікті талап ете бастады. Сондай мазмұндағы арыздардың бірі Жетісу облысындағы Мақаншы-Сыдыр болыстығындағы қазақтар атынан түскен /257/.
Егер үкімет шенеуніктері көшпенділер жерін олардың еркінен тыс тартып алғанда Ресей заңдарына сүйенсе, өз еркімен келген переселендер ешкімнің рұқсатынсыз қалаған жерлерін иеленгенде “біз ұлы империя өкіліміз” дегеніндей болды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1910 жылы 19-желтоқсанда Түркістанды басқару ережесіндегі 270-бапқа енгізілген қосымша қабылданғанға дейін Сырдария облысында қоныс аударушыларды орналастыру Жетісу облысына қарағанда басқа жағдайда жүрді. Егер Жетісуда, бұл уақытта қазақ жерлерін тартып алу ашық жүріп жатқан болса, Сырдария облысында өз еркімен келген орыс мұжықтарының қазақтар жерін үкіметтің орналасуынсыз тікелей басып алумен бірге қазақ қауымдарымен өздері келісімге келіп жерлерін жалдап алу және заң жүзінде жерді саудаға салуға болмайтын болса да, сатып алу жағдайында жүрді.
Жергілікті әкімшілік жоғарғы билікке берген мәліметтерінде “облысқа келген переселендерді әкімшілік күшімен орналастырылып жатыр дегенімен, ал іс жүзінде, керсінше іскерлігі көбірек өз еркімен келген переселендер жерлерді өздері тауып, өздері қауымдармен келісіп отырды. 1912 жылы жерге орналастыру және егіншілік Басқармасының бастығы Кривошейн өзінің Түркістанға барғандығы туралы хатында ол туралы былай дейді: “Алғашқы пайда болған переселендерді санамағанда, басқа өлкені отарлау жолында жасалынған басқа іс-шаралардың барлығы дерлік, өз еркімен келген қоныс аударушылардың қолымен жасалынды. Олар Сырдария облысының Солтүстік уездеріне өз бетімен келіп, қырғыздармен (қазақтармен- Л.Д.) жерлерін жалға және сатып алу үшін “заңсыз келісімдер” жасауға жол тауып, жерді қалауынша қолданды” /258/. Алайда, өз еркімен келген қоныс аударушылар шенеуніктерге қарағанда белсенділік танытқанымен, олардың дегеніне жетуі үшін қазақтарға әкімшілік қысым көрсетіп, кейбір жағдайда олар өздері де жергілікті тұрғындардың жерлерін алдап-арбап переселендерге алып беруге араласып отырған. Мұндай жағдайға “Русское слово” газетінде жарияланған мақаланы оқи отырып та көз жеткізуге болады. Онда топограф Блахин дегеннің хаты жарияланған. Автор Сырдария облысының көшіп-қону ісі меңгерушісі Тресвятскийдің жергілікті қазақтарды алдап-арбап, олардан арзан бағаға сатып алған жерлерді өз кезегінде келімсектерге қымбат бағамен сататыны айтылған. Ол тіпті кейбір қазақтарға арақ беріп, олардың жерін тегін алған. Ал алданған қазақтар наразылық білдірсе, оларды қамшымен ұрып, еріксіз көндірген. Сондай-ақ Тресвятскийдің жоғары білімді заңгер екендігі және ол өзінің барлық сорақы істерін заңмен бекітіп отырғандығы айтылды /259/.
Келімсектердің жерді алғашқыда жалға алып, соңында оны өздері иеленіп қалып, қазақтарға қайтармайтын жағдайлары өте көп кездесетін.
1904 жылы Жетісуға арнайы жолдамамен барған О.А.Шкапский, облыста 1902 жылға дейін “орыс казактардың әрбір үй басына орта есеппен 87,6десятина, орыс шаруаларының үй басына 32,4 десятинадан” /260/ келген дейді. Бұдан кейінгі жылдары, жер тапшылығына байланысты, оларға берілетін үлестік жерлердің мөлшері азая түскен. 1904 жылы әрбір үйге бөліп берілген қолайлы жердің өзі 28,7 десятина болған /261/. Ал,Сырдария облысында переселен шаруалар жерінің мөлшері 15-20 десятинадан келді. Жергілікті егін шаруашылығымен айналысатын халықтың иелігінде әрбір үй басына 4,1-5 десятинадан келді /262/. Келімсектермен жергілікті тұрғындардың жер мөлшеріндегі айырмашылық 10-15 десятинаға дейін жеткеннің өзінде переселендер мен орыс-казактар жергілікті тұрғындардан болмашы ақшаға жер жалдап алып отырды. А.Скрыплевтың мәліметіне қарағанда Шымкент уезіндегі 1176 орыс шаруашылығының 768 қожалығы өз жерінің үстіне тағы да жер жалға алған (65,3%). Оның ішінде қазақтардың иелігінен жалға алынған егістік жерлерінің үлесіне 87,4%-і, шабындық жерлерінің үлесіне 73,9% тиеді.
Шымкент уезіндегі орыс поселкелері жер тапшылығынан емес, қолдарында бар жердің өнімділігін арттыру үшін тыңайтқыштар енгізіп, күтіп, баптағаннан, аз ғана қаржыға қазақтардан жер жалдап алғанды артық көрді. Қазақтар өз кезегінде, қаржы тапшылығынан және ауыл шаруашылық құрал-саймандарының жоқтығынан жерлерін жалға беруге мәжбүр болып отырды. Кейбір жағдайларда қазақ байлары кедейлердің атынан жерлерді жалға беріп, солар есебінен ақшалай пайда тапты /263/.
Жетісу облысында да осындай жағдайлар кең өріс алып отырған. Мұндағы переселендер үй басына 3,3 десятинадан жалға жер алып отырды.
Жалға алынған жер құны өте төмен болды. Ол аз дегендей, қазақтардың переселендерге 1 десятина жерін 1 сомға немесе одан да аз ақшаға сатқан жағдайлар да болып тұрған /264/.
Үкіметтің өз сөздерін сөйлейтіндігін жақсы білетін мұжықтар қоныстандыру мекемелеріне қазақтар иелігінен жерді жалға алуға көмектесуін сұрап, хат жолдап отырған /265/.
Переселен мекемелерінің жергілікті халық жерін алуда өз еркімен келгендердің белсенділігін пайдалану және қоныс аударушылардың жерді сатып немесе жалға алуын қолдау сияқты айлаларымен бірге, келімсектерге жер бөліп беруде учаскелерді су жүйелері бастауларынан белгілеу сияқты қулықты ойлап тапты. Арық немесе канал бастауында орналасып алған переселендер су жүйелерінің төменгі ағысындағы қазақтар шаруашылығына үлкен нұқсан келтіріп отырған, нәтижесінде олар жерлерін тастап кетуге дейін барған.
Сырдария және Жетісу облыстарында, әсіресе алғашқысында, қолмен суғарылған жерлерді ғана өңдеуге болатын еді. Сондықтан да, бұл аудандардың экономикасында қай халық шаруашылыққа қолайлы жерлерді ғана емес, сонымен бірге басты су жүйелерін иеленсе, солар үстемдікке ие болатындығын жақсы түсінген переселен шенеуніктері қоныс аударушыларға дәл сондай жерлерден учаскелер даярлауға тырысып бақты. Мәселен, Жетісу облысы Пішпек уезіндегі Байтық-Павловск поселкесі тау өзенінің бастауында орналасты. Ал төменгі жағында орналасқан 20 шақты қырғыз болыстықтарының тағдыры Байтық-Павловск тұрғындарының суды жіберу жібермеуіне байланысты болды /266/. Дәл осындай жағдай Верный уезінде де қайталанды. София станицасындағы казак-орыстардың су жібермей отырғандығына наразы болған Талғар болыстықтығына қарасты № 5 ауыл қазақтары атынан Медетов Байқожа жергілікті әкімшілікке шағымданған /267/.
Сырдария облысында су мәселесі жөнінде мынадай бір жағдай ерекше көңіл аудартады. Әулиеата уезі, Мерке учаскесі, жайлау болыстығы № 43 ауылындағы 42 үй иелері атынан Сатымал Минкеевтен облыстың әскери губернаторына 1904 жылы маусым айында өтініш келіп түседі. Онда бұл ауыл қазақтарына 986 десятина жер бөліп берілгендігі, ауылға “Мотолдар” деген есім қойылғандығы, алайда, су жағынан кенде екендігі, егістікке қажетті суды былай қойғанда ауыз су тапшылығы жәйлі айтылған. “Өзіміз қазып, бүгінгі күні әлі де күтіп отырған “Мотолдар” арығының іске қосылғанына 30 жыл болды және де оның құрылысына өз қалтамыздан 1500 сом қаржы жұмсаған едік. Біздің бар тағдырымыз осы арықтағы суға байланысты. Алайда, бұл арық бастауын Қарабалта өзенінен алатындықтан, ол жерлер бұрын біздің қауымға қарап, 1912 жылдан бері переселен поселкесіне берілгендіктен, село тұрғындары бізге су жібермей отыр. Сіздерден өтінеріміз Мотолдар ауылын сумен қамтамасыз етуге көмектессеңіздер екен. Неге Еуропалық Ресейден келген келімсектер ата-бабамыз дәуірінен мекендеп келе жатқан біздің қауым жерінен үлес ала отырып, су жібермей, өзімізге қысым көрсетіп отыр? 1913 жылы 23-қарашадағы біздің ауыл тұрғындарының жерге орналастыру жағдайындағы Уақытша комиссияға көмек сұрап жазған өтініші қайтарылып тасталды. Осы өтінішімізді қарап, көмек берсеңіздер екен” /268/. Бірақ бұл өтініште негізсіз деп табылып, шешілмей қалды.
Қазақтардың қоныс аударушылардың егістік, шабындық жерлерін тартып, сатып немесе жалдап алу процесін жергілікті қоныстандыру мекемелері қолдап, демеп отырды. Себебі, қоныс аударушылардың белсенділігі арқылы жаңа жерлерді отарлауға қол жеткізілді.
Осы жерде бір айта кететін жағдай, мұнда көшіп келгендердің барлығы дерлік үкіметтің көмегімен немесе өздері іскерлік танытып Оңтүстік Қазақстан территориясында орналасып қалды деп айтуға болмайды. Қоныс аудару саясатының дұрыс ұйымдастырылмауы переселендерді бағытынан адастырды. Олардың айтарлықтай бөлігі қоныстана алмай кері қайтып кетті. 1909 жылы 1 жылдың ішінде Түркістан өлкесінен кері қайтқандардың саны 1249 адамға жеткен /269/. Қоныс аударушыларды орналастыру туралы заңдарды, арнайы жолдамамен келгендер де, өз еркімен келгендер де, білмеді. 1913 жылы қауымдар атынан жер іздеп, көріп білуге жеберілгендердің 1086 шаруаның 704-адамы Арыс станциясынан әрі қарай барғысы келмей кері қайтты /270/. Бұған Түркістандағы бөліп берілетін жер учаскелерінің жағдайы туралы мәліметтен олардың хабарсыздығы себеп болды. Переселендердің өлкеге келуінің көбеюімен бірге кері қайту процесі де ұлғая түсті. Мәселен, бір ғана Ташкент қоныс аудару ауданы бойынша 1911 жылы кері қайтушылар келгендердің 81%-ін құраса, ал 1913 жылы 99%-ке жетті /271/. Жалпы Сырдария облысы бойынша 1910-1914 жылдары 7519 қоныс аударушы келген болса, соның 24,5%, яғни 1841 кері қайтқан. Ал, Жетісу облысына осы жылдары келген 47610 мұжықтың 11,1%-5275 орныға алмай қайтып кетті. Переселендердің кері кетуі шаруалардың қобалжуларын туғызды, кетіп бара жатып, олар үй және мүліктерін сатып, көпірлерді өртеді. Отандарына келіп бұл шаруалар ауыл шаруашылық жұмысшысы болуға немесе қалалардағы маманданбаған жұмысшылар қатарын толықтыруға мәжбүр болды. Алайда, үкімет мақсатына жетті. Себебі, олар шыққан жерлерде қауымдар ішін-ара бұзылды. Шаруалардың үлкен бөлігі жаңа жерлерге барып орналасу мүмкіндігін алды. Өндірістің дамуына жағдай жасалынды. Земстволардың белсенді жұмысы басталды.
Переселендердің кері қайту процесімен бірге, қоныс аудару саясаты көлемі ұлғая түсті. Алайда, өлкеде империя үшін “сенімсіз элементтер” тобы - билік етіп отырған жүйеге қауіптілер көбейіп кетті. 1910-1916 жылдары орналастыруын күтіп отырған өз еркімен келген қоныс аударушыларының саны Жетісу облысында 40 мыңдай адам болса, Түркістанның негізгі облыстарында 8340 отбасы болды /272/.
Қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, патша үкіметі отар елдердегі жерге орналастыру саясатын кеңейтуге және тездетуге тырысты және соның негізінде, әсіресе, жаңа келген переселендер есебінен кулактер тобын ұлғайтпақ болды. Осыған байланысты қоныс аудару саясатында “жаңа бағыт” жоспарын ұсынды. Мемлекеттік думада 1910 жылы Қоныс аудару басқармасының сметасын талқылау барысында жерге орналастыру және егіншілік басқармасының меңгерушісі А.В.Кривошеин, “бұдан былай басты мақсат орталық Ресейден шаруаларды қоныс аударту емес”, шет аймақтарда “мықты элементтерді” орналастыру, оның ішінде патша үкіметінің әлеуметтік тірегі ретінде кулактардың санын көбейту болмақ деп баса, көрсетті /273/.
Кривошеин Түркістанға барғандығы туралы (1912 жылы) ресми үкімет органдарына жазған хатында “мықты мұжыққа” сүйену қажет екендігін, сонымен бірге Ресей өнеркәсібі үшін аса қажет мақта өндірісін де дамытуға ерекше көңіл бөлу керектігін айтты /274/.
Өлкеде мықты кулактық шаруашылықты өндіру, “орыс мемлекеттігінің сенімді тірегін” Ресейдің шет аймақтарында құру, колония мен метрополия арасындағы байланысты нығайту, патша әкімшілігінің қоныс аудару саясатындағы басты мәселе болып қалды.
Осы уақытта өз мақсаттарын іс жүзіне-асыру үшін бір қатар заңдар мен жарлықтар шығарылды. 1912 жылы шілде айында жәрдем ақша берудің жаңа тәртібі қабылданды. 1914 жылы 28-ші маусымда жарияланған заң бойынша Түркістандағы суландырылған қазыналық жерлер тек “християн дініндегі ауқатты аадамдарға” ғана берілуі тиіс болды /275/. Өлкеде, әсіресе, жекеленген шаруашылық түрлерін дамыту көзделді. Бұрын қазақтар иелігіндегі жерлер бірнеше орыс шаруалары поселкелерін орналастыру үшін алынатын болса, ендігі жерде, оған қосымша, ауқатты шаруаларды орналастыратын хуторлық және жеке учаскелік жерлер де алынатын болды.
Оңтүстік Қазақстанда қоныс аудару саясатын кең түрде жүргізілуіне 1910 жылы Жетісу облысын қоныс аударушылардың келуі үшін ресми түрде ашылуы және осы жылғы Түркістанды басқару Ережесінің 270-бабына қосымшаның енгізілуі себептігін тигізді. Бұдан былайғы жерде, переселен мекемелері басым бөлігі отырықшы тұрмысқа өтіп үлгерген, алайда ресми түрде көшпенділер деп саналатын, яғни заң жүзінде иелігіндегі “пайдалануға берілген мемлекет жерлерін” алуға болатын қазақтар жерін ашық түрде тонау ұлғая түсті. Мекеме қызметкерлері жергілікті халыққа (“бұратаналарға”) зат есебінде қарауға, олармен санаспауға тырысты. Мұндай нұсқауларды оларға жоғарғы жақтан беріп отырды. “Түземдіктер,- деді, 1911 жылы 31-қазанда Жетісу губернаторы облыс уездері мен приставтықтар басшылықтарына берген бұйрығында,- бізді тек жақын болашақта, мұсылман дінінде болса да, кәдімгі орыс шаруасына айналатын материал есебінде ғана қызықтыруы қажет. Сондықтанда олардың бойына барлық орыс халқын құрметпен сыйлау рухын қалыптастыру керек. Кімде кім бұған бағынбайтын болса, сөз жоқ қайғылы өмірді бастан кешірмек. Олар не жерсіз қалып күйзеледі, әсте өледі немесе Ресей олармен қоштасады. Бұл тақырыпта артық сөйлемей, барлық айтылғандарды үнемі есте ұстау қажет” /276/.
1910 жылғы заңнан кейін Сырдария қоныстандыру басқармасы 100 мың десятина жерді дайындауды және барлық бұл қорды хуторлық және жеке учаскелерге бөлуді жоспарлады. 1911 ж. Шымкент, Әулеиата уездерінде 3,5 мың шаруашылыққа арналған 88 қоныстандыру учаскелері құрылды. Сондай-ақ, Шымкент уезінде, көшпенділер жерінде ертеректе құрылған орыс поселкелеріне тағы да 4165 десятина учаске бөліп берілді және Әулиеата уезіне өз еркімен қоныс аударушылардың 11 поселкесі құрылды /277/.
1912 жылы Шымкент, Әулиеата және Түркістан уезінде жерлерді түземдіктерден тартып алу және қоныстандыру қорын құру жұмыстары жалғасып жатты. Уақытша комиссиялар 65238 десятина жерді алып, онда 406 шаруашылық орналасқан төрт поселке құру туралы шешім қабылдады. Олардың учаскелерінің жалпы көлемі 11030 десятина жерді құрады. Бұдан бөлек 30 учаске 1251 шаруашылықтың жеке пайдалануына берілді. Олардың учаскелерінің жалпы көлемі 3987 десятина болды. Ескі селоларға бөліп беру үшін 3440 десятина белгіленіп қалған жерлер қазыналық меншік иелігіне берілді /278/.
1913 ж. Сырдария облысында 103 учаске 235377 десятина жерде, оның ішінде 6 қауымдық-9761 деясятина, 4 меншіктік (отрубных) - 1763 десятина, 21 хуторлық - 484 десятина, 2 басы артық қор (запастық) -3320 десятина, 5 кесініділік (ескі поселкелерге)- 3237 десятина, 35 қазақтарға - 90355 десятина жерде қор құру жоспарланды. Қалған жерлерді мал шаруашылығына арналған қазыналық-оброктық жерлер және орманды-саяжай құрады /279/.
Бұдан кейнгі жылдары дайындалған жалпы жер қорының азаюына байланысты учаскелерді бөліп беру қысқарды. Алайда, жеке пайдалануға берілетін учаскелерді үлестіру бүкіл отарлық қорда үнемі өсіп отырды. 1917 жылдың 1-ақпанына дейін Ташкент, Әулиеата, Шымкент уездері бойынша 5061 шаруашылық орналастырылса, соның ішінде 2678 жеке пайдалануға берілген учаскелерде қоныстандырылды. Сырдария облысындағы егістікті қолмен суарылатын жерлерде қоныс аударушылардың барлығы дерлік жерді жеке түрде пайдалануға көшті, ал қауымдар тек тәліми жерлерде ғана сақталды.
Жетісу облысында бұл жылдары қоныс аудару саясаты алдыңғы жылдарға қарағанда біршама баяу жүргендігіне қарамастан, әлі де қоныс аудару қорына үлкен көлемде жерлер алынуы жалғаса берді. 1913 жылы облыстың қоныс аудару мекемесі бастығы П.Велецкий Орталыққа берген 1906-1913 жылдардағы қызметі жайлы есебінде былай дейді: “Жетісуды отарлау, Ведомствоның принциптерін ақтай отырып, толық қарқынмен жүріп жатыр, ал қоныс аудару нәтижесі Ведомствоның алғашқыдағы жоспарынан да асып түседі”. Мұның нәтижесі қандай болғандығына келетін болсақ, Велецкийдің мәліметі бойынша Жетісудың барлық территориясы 34 млн. десятина болды /280/. Оның ішінде жыртылмалы егістік-2 865 мың, шабындық- 385 мың, және қолмен суарылатын жерлер - 850 мың, барлығы 4100 мың десятина, ал переселен қорына алынған жерлер (тек қоныс аударып келгендерді орналастыруға ғана алынған жерлер) - 2674 мың десятина (185 281 адамдық үлес) /281/ немесе жарамды жерлердің 65%. Басқа сөзбен айтқанда, егін және мал шаруашылығына жарамды жерлердің басым көпшілігі алынды.
Жетісу облысы Қоныс аудару мекемесінің жер бөліп-беру және межелеу бөлімі бастығының берген мәліметіне қарағанда, мекеме істің сапасына емес санына көп көңіл бөліп, 1906-1914 жылдар аралығында қазақтар иелігінен мынадай көлемде жер алынған /282/:
2-кесте
№
|
|
Учаскелер саны
|
Селолар саны
|
Жалпы жер көлемі
(десятина)
|
1.
2.
3.
4.
5.
6.
7.
8.
9.
10
|
Қауымдық қолдануға
арналған учаскелері
Жеке қолдануға арнал-ған переселен учаскелері
Запасқа қойылған переселен учаскелері
Су жүйелерін жүргізуді қажет ететін переселен учаскелері
Мал шаруашылығына арналған учаскелер
Жалға беруге және са-туға арналған учаскелер
Отырықшы тұрмысқа көшетін қазақтарға арналған учаскелер
Орманды саяжайларға деп арналған жер
Қазыналық-оброктық жерлер
Арнайы жағдайларға арналған учаскелер
|
331
92
35
28
109
43
153
85
59
170
|
148
90
-
12
-
-
30
-
-
-
|
866698
6811
137918
258295
442817
33835
523898
258375
33519
141062
|
|
Барлығы:
|
1105
|
|
2703226
|
Көріп отырғанымыздай, қазақ жерлері иеліктерінен тек қоныс аударушыларды орналастыру үшін ғана емес, әртүрлі жағдайларға да үлкен көлемде алынған еді. “Жалпы жер бөліп беру және межелеу жұмысы туралы мынадай деуге болады:
Жерлерді алу ешқандай жүйесіз жүргізілді.
Межелеу жұмыстары қанағаттанарлықсыз болды.
Көп жағдайда жерлерді алуда қазақтардың мүдделерімен ескерілмеді, заңсыздықтарға жол берілді.
Учаскелер бөліп беру жұмысын жүргізілудің өзі тәртіпсіз және жүйесіз еді”/283/ - деп мойындады бөлім меңгерушісі.
Жетісу қоныс аудару мекемесінде орын алған жағдай Сырдария облысына да тән еді. Жергілікті тұрғындардың жоғарғы билікке шенеуніктердің жүгенсіздігін айтып жазған шағымдарынан бұл мәселені анық байқауға болады. Мәселен, Түркістан генерал-губернаторы атына Шымкент уезінің тұрғыны Райымбек Құрбанбек переселен мекемесі қызметкерінің 1913 жылдың қараша айында ауылға келіп, оның өңдеп отырған 4 танап (танап - 1/6 десятинаға тең) жері “бұдан былай преселендерге берілетін болды”- деп мәлімдегендігін айтып хат жазған. Бұл жердің бәрібір алынатындығын біліп, ол үкіметтен өз учаскесі үшін 870 сом төлеуін сұранған /284/. Мұндай құжаттар архив сөрелерінде көптеп кездеседі және де олар жергілікті тұрғындардың жерлерін еркінен тыс алу уақыт өткен сайын ашық түрде жүргізілгендігін көрсетеді. Қоныс аудару басқармасы мамандарының ресми қызметкерлері осындай жағдайда жергілікті тұрғындардың қарсыласуынан қауіптеніп, “алыс түкпірде болғанымызда түземдіктер шабуыл жасаулары мүмкін” деп, қолдарына қару беруін талап ете бастады /285/.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, патша үкіметінің қоныс аудару саясатын қазақ қоғамына қатысты алып қарасақ, бірден көзге түсетін екі жағдайды байқауға болады. Ол, біріншіден, переселен мекемелерінің мүмкіндігінше көп “артық” жер қорын табу болса, екіншіден, көшпенділерді жерге орналастыру саясаты болды. Енді осы мәселеге тоқталып өтейік.
Қазақ жерлерін отарлау барысында отаршыл күштердің “излишки”, “жер нормасы” сияқты ойлап тапқан әдістерінің бірі, көшпелі қазақтарды “жерге орналастыру” саясаты еді.
Еліміздің оңтүстігінде қазақ ауылдарының отырықшылануы өзіндік ерекшелігі бар тарихи жағдайларда жүрді. XІX ғасырдың екінші жартысында қазақтар таптық жіктелу процесі негізінде, сонымен бірге, өз шаруашылығын рынок қажетіне
бейімдеп, оны жаңа жолмен дамытуға ұмтылу барысында отырықшылана бастады.
Жартылай көшпелі өмір салтынан отырықшы тұрмыс үрдісіне өтушілердің саны үнемі көбейіп отырды. Отырықшы болған алғашқы жылдарында жатақтар егін шаруашылығын мал шаруашылығымен ұштастыра жүргізді. Одан соң егіншілікке көбірек көңіл бөліп, мал шаруашылығы біртіндеп егіншілікке қосалқы кәсіп бола бастады. Түркістан өлкесінде тексеру жұмыстарын жүргізген сенатор К.К.Паленнің айтуына қарағанда, “Жетісуда егіншілікке жарамды жерлерде қазақтар негізінен алғанда, қысқы қоныстарына жапсарлас жатқан жерлерді өңдеп және жаз кезінде өз малын тауға айдап апарып жайып, отырықшы шаруашылық жүргізді” /286/.
Көшпелі қазақтарды жер үлесін беріп орналастыру мәселесі дербес, маңызды мемлекеттік саясат есебінде ХХ - ғасырдың басында қойыла бастады. Оған себеп болған біріншіден, ішкі Ресейден қоныстануға ағылып келіп жатқан орыс шаруаларына “артық” жер учаскелерін табу қажеттілігі орыс әкімшілігін жергілікті халықты жерге жаппай орналастыру саясатына көшуге итермелесе, екіншіден, егіншілікке қолайлы құнарлы жерлерінен айырылып қалу қаупін сезінген қазақтар ендігі жағдайда отырықшы өмір салтына біржола көшуге көмек сұрап, әкімшілік орындарына арыз жаза бастайды.
ХХ ғасырдың басында қазақ даласында түрлі табиғи-географиялық ортаға сай ерте кезеңдерден бері үздіксіз жүріп жатқан қоғамның белгілі бір тобының эволюциялық жолмен отырықшы тұрмысқа ауысуына қарағанда, отаршыл Ресей империясы әкімшілігінің жасаған зорлығы салдарына көшпелілердің еріксіз қысқа мерзімде біріңғай отырықшы тұрмысқа мәжбүрлі өтуі күштірек жүрді.
Көшпелі қазақтарда жер үлесін беріп орналастыру және оларды көшпелі тұрмыстан отырықшы тұрмысқа өтуге ынталандыратын іс шаралар жайында алғаш рет 1868-жылғы “Ережеде” айтылып, кейінен 1896-жылы Сібір темір жол комитетінде көтерілді. Бірақ , бұл кезде, осы мәселені іс жүзіне асыру шаралары жасалынбады. 1905 жылы 5-мамырдағы Жерге орналастыру және Егіншілік бас басқармасын құру туралы патша үкіметі жарлығында алғаш рет “бұратаналарға қамқорлық жасау” жөнінде баяндалды /287/. Ал 1907 жылы жерге орналастыру ісі қоныстандыру басқармасының қолына өтіп, бұл мекемелердің ең негізгі міндеті - қазақтарды жерге неғұрлым көбірек орналастыру, қоныс аударушыларға мүмкіндігінше молырақ “артық” жерлер шығару еді.
Жергілікті әкімшілік органдары қоныс аударушыларды жер үлесімен қамтамасыз ету ісін қазақ шаруаларын орналастыру науқанымен қатар алып жүру қажеттігін жақсы түсінді. Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Жетісу облысы қоныс аудару мекемесінің меңгерушісі Велецкий 1906 жылы 12-қыркүйекте бұл мәселенің маңыздылығы туралы: “Вопрос о земельном устройстве туземцев важен не только в отношении колонизационном, так как в силу местных условий киргиз, крупные отводы (земель) невозможны без одновременного устройства киргиз” /288/, - деп көрсетті. Сонымен бірге, Велецкий, “Осы мәселені тезірек шешу үшін Верный қаласында және басқа уезд қалаларында мәжіліс өткізу қажеттігін және ол мәжілістерді өзі басқарып, онда үстемдік рөлді қоныс аудару мекемелерінің атқаруы керек” - дейді. Осылайша, Велецкий мырза жергілікті тұрғындардың өкілдерінсіз-ақ қазақтардың тағдырын сырттан шешпек ниетін ашық білдірді.
Қазақстанның басқа өлкелеріне қарағанда қазақ шаруаларының жаңа жағдайда өз еркімен жер үлесін алып, отырықшы тұрмысқа ауысуы Оңтүстік Қазақстан облыстарында тез жүріп жатты. Бұл процесс қазақ даласында жыртылмалы егіс көлемінің өсуіне алып келді. Мысалы, Жетісу облысындағы қазақ уездерінде 1906-1909 жылдар аралығында егіс көлемі 147657 мың га-дан 238676 мың га-ға дейін өсті /289/. Жергілікті халықты жерге орналастыру, әсіресе құнарлы жерлері мол уездерде үлкен қарқынмен жүрді. Себебі, құнарлы жерлерді қоныс аудару қорына алу мақсатында көшпенділерге жедел түрде жер нормасын беріп, отырықшыландыру қажет еді.
1908 жылы маусымда министрлер кеңесі қазақтарды қоныс аударушылармен теңеріп, жан басына 15 десятинадан жер бөліп беру арқылы отырықшылыққа өткізу керек деп шешім қабылдады. Сондай жоба 1909 жылы 12-сәуірде Думаға қарауға берілді. Бұл қоныс аудару мекемесіне жергілікті тұрғындардан “артық” деген сылтаумен жерді көбірек алуына мүмкіндік берді.
Сыныққа сылтау іздеген Қоныс аудару басқармасы бұл нұсқауды қазақ даласында өз дегеніне жету үшін заң есебінде насихаттап, басшылыққа алды. Бұл шараны жүзеге асыруда әсіресе Жетісу облысының қоныс аудару мекемесі белсенділік танытты. Ол жөнінде Велецкий 1909 жылғы қызметі жайлы есебінде былай деп жазды: “1909 жылы қырғыздарға (қазақтарға -Л.Д.) тиесілі жер үлесі нормасын анықтап, оларды бір жола отырықшы тұрмысқа көшіріп, ал соның нәтижесінде артылған жерлерді облыстық отарлау ісіне жарату үшін алғашқы рет облыстағы барлық қырғыздардың жерді пайдалану және шаруашылық жүргізу тәжірибесін статистикалық зерттеуге кірістік. Сондай-ақ жылына екі уезден зерттеп, бұл істі үш жылдан асырмай аяқтау жоспарланып отыр” /290/.
Қоныс аудару басқармасының деректері бойынша 1909-1910 жылдары ғана отырықшы тұрмысқа өткен қазақтарға жалпы көлемі 384 364 десятина 105 учаске бөлініп берілді /291/.
Ал, 1913 жылы қазақтарға түпкілікті кесіп беруге жоспарлаған жердің көлемі 400 000 десятина болды. Жетісу облысында Қалғоты, Ырғайты, Жайылма, Самсы болыстарындағы қазақтарға 50000 десятина жер белгіленіп, олардан артылған жерді қоныс аударушы орыс шаруаларына беру жоспарланған. Сырдария облысында отырықшы тұрмысқа өтуге арыз жазған Шымкент және Әулиеата уездері қазақтарына 20 000 десятина жер бөлінген /292/.
ХХ ғасырдың басында қазақ шаруаларының бұрын болмаған көлемде және жедел қарқынмен отырықшы тұрмысқа ауысуының ең негізгі себебі патша үкіметінің отарлау саясаты болды. Жарамды жерлердің орыс поселкелері иелігіне алынуы қазақ шаруаларын отырықшы тұрмысқа өтуге итермелеген еді. Мұндай себепті қазақ ауылдарынан әкімшілік орындарына келіп түскен арыздармен танысу барысында байқауға болады.
“Биылғы жылы бізге,-деп жазды Сырдария облысы, Шымкент уезіне қарасты Майлыкент болыстығының № 9 ауыл қазақтарының өкілі, - әкімшіліктен ауылға келген шенеуніктер біз отырған жер Ресейден келген шаруаларды орналастыру үшін үкіметке қажет екендігін түсіндірді. Біз, ерте ме, кеш пе жеріміздің бір бөлігі орыс поселкелері иелігіне алынатындығына көзіміз жетіп, бүкіл ауыл болып кеңесіп, мәртебелі мырзадан біріңғай отырықшы тұрмысқа өтетінімізді қолдап, жер бөліп берулеріңізді өтінеміз” /293/. Ал Жетісу облысының Верный уезіне қарасты Тайторы болыстығының старшины Санғұлы Жансейітов былай деп өтініш жазды: “Жетісу облысында Ресейден келген қоныс аударушыларды орналастыру басталып және оларға ең жақсы, топырағы құнарлы жерлер алынып жатқандықтан, біздің көшпенділердің тұрмысы қиындап кетті. Сондықтан, біз отырықшы тұрмысқа өтуге келістік” /294/. Мұндай мазмұндағы хаттар үкімет орындарына барлық уездерден келіп түсіп жатты. Олар Өзбекстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Архиві, Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Архиві қорларында көптеп кездеседі.
1909 жылы қарашада Верный қаласында өткен Жетісу облысы қазақтарының ауыл шаруашылық съезіне қатысушылар Жетісу әскери губернаторына жолдаған арызына шаруашылыққа жарамды жерлердің азаюына байланысты “қазіргі уақытта, өкінішке орай қазақтардың басым көпшілігінің кедейленгені сонша, олардың бір орыннан екінші орынға көшіп қонуға қуаты жоқ, сондықтан да отырықшылыққа біржола көшті” /295/ -деп жазды.
Патша үкіметі қазақтарды отырықшыландыру шарасына олардың жерін тонаудың жаңа бір тәсілі деп қарады. Бірақ, сонымен бір уақытта қазақтардың ешқандай кедергісіз отырықшы тұрмысқа өтуіне түрлі тосқауылдар қойып отырды. Көп жағдайда жергілікті отырықшылыққа өту үшін арнайы жер бөліп берулерін сұранған өтініштері жауапсыз қалдырылды. Мәселен, Жетісу облысы, Лепсі уезінің Мақаншы-Шілікті болыстығы қазақтары атынан Мірсейіт Елебаевтың, сол уездегі Мақаншы-Садыр болыс қазақтарының, Қапал уезі Көлдей-Жұмас болыстығындағы 52 үй иелері атынан жазған Досымбек Толғозимов пен Еренші Райымбековтердің өздері орналасқан жерлерге поселке құрып, отырықшы тұрмысқа өтуге рұқсат сұрап жазған өтініштері түрлі негізсіз себептермен қанағаттандырылмай, кейінге қалдырылып отырған /296/. Себебі, қазақ шаруалары өтініштерінде өздері бұрыннан мекендеген жерлердің бір бөлігін орыс шаруалары сияқты поселке құрып орналасу үшін сұраған болатын. Ал бұл жерлер ең құнарлы, суландыру жүйелері жүргізілген жерлер болғандықтан орыс әкімшілігі оларды қазақ шаруаларына бергісі келмеді. Көп жағдайда, қазақтар өтініштеріне үкімет “будут удовлетворены в порядке очереди” - деп берумен ғана шектеліп отырды.
Отырықшы тұрмысқа өтетін қазақ шаруаларына арналған, ресми түрде белгіленген учаскелердің бұзылу жағдайы орын алды. Қазақтарды жерге орналастыруда переселен шенеуніктері оларды отырықшы тұрмысқа өтуге үгіттеуді ойлап тапқан айлаларының бірінде: “егер сендерге бөліп берілген жерлер қазір өздерің пайдаланып отырған жерлеріңнен аз болуы мүмкін, алайда ол жерлерді сендерден ешкім, ешуақытта алып қоя алмайды. Бұған толық сенулеріңе болады” - деп сендірді. Қазақтар шенеуніктер сөзіне сенсе де, сенбесе де олар белгілеп берген жерлерден үлес алып орналаса бастайды. Учаскелердің пәлен жерден берілгендігі туралы уақытша комиссиялар арнайы қаулы шығарып бекітеді. Қаулы заңдық күшіне енеді. Алайда, көп ұзамай, қазақтар орналасқан жерге, орман шаруашылығы қызметкерлері келіп “бұл жерде орман саяжайлары құрылуы қажет” деп, уақытша комиссия қаулысын мойындамайтындығын мәлімдейді. “Екі ортада шыбын өледінің” кебін киген қазақтар қоныстандыру мекемелері қызметкерлерінің жауапсыз тірлігінен жерсіз қаңғырып қалды /297/. Мұндай жағдайлар біз зерттеп отырған Оңтүстік Қазақстан территориясындағы 2 облыста да орын алды.
Отаршыл үкімет жерінен айрылған қазақтардың тағдырын ойлап бастарын ауыртқысы келмеді. “Әртүрлі себептермен ертеден егіншілікпен айналысқан және де ұшы-қиыры жоқ даланың алғашқы пионері болған қазақтар, жерін алып қойған жағдайда ешқандай қиындықсыз-ақ құнарлы жер тауып, онда көп қаржы жұмсамай, суландыру жүйелерін жүргізе алады” /298/, - деп сенімді түрде баяндады Сырдария облысының қоныс аудару мекемесінің бастығы.
Түркістан өлкесін орыс шаруаларының қоныс аудару басталған 1860 жылдан 1917 жыл аралығында Сырдария облысының 1816 мың га, Жетісу облысынан 3793,4 мың га жер “отарлау қорына” тартып алынды. Әрине бұл жағдай қазақтардың отырықшы тұрмысқа өтуін тежеді /299/.
3-кесте
Уездер
|
Әкімшіліктің қазақтардан тартып алған жерлерінің жалпы жер көлеміне %-к қатынасы
|
Ауылдардағы көшпенді шаруашы-лықтар (%)
|
Ауылдардағы отырықшы шаруашы- лықтар (%)
|
Зерттелген жылдары
|
Пішпек
Верный
Прежи-вальск
Лепсі
Қапал
|
11,0
6,7
6,5
5,5
2,9
|
84,9
84,7
80,6
72,0
71,8
|
15,1
15,3
19,4
28,0
28,2
|
1912-1913
1911
1913
1909
1910
|
Бұл кестеден тартып алынған жер көлемі қанша көп болса ондағы отырықшы шаруашылықтардың соншалықты аз екендігін байқау қиын емес. Патша шенеуніктерінің пайымдаулары бойынша көшпенділерден жер қанша көп тартып алынса, сонша көп көлемде олар отырықшы тұрмысқа өтулері тиіс болатын. Ал сол кезде қалыптасқан жағдай отаршылдардың бұл ойының дұрыс емес екендігін дәлелдеді.
Қазақтардың жерге орналасуына кедергі болған жағдайлардың бірі - отырықшы тұрмысқа өткен қазақтар иелігіне тиген жерінің көлеміне қарай емес, әрбір түтін басына міндетті түрде салық төлеулеріне байланысты болды. Бұл жағдай, әрине, бұрын ұлан-байтақ жерде мал бағып, еркін жүрген қазақтарға, енді азғана жер алып, өзіне қыры мен сыры белгісіз кәсіппен айналысып, бұрынғыдай мөлшерде салық төлеу өте ауыр тиді.
Осылайша, патша үкіметі бір жағынан, қазақтарға жер бөліп беріп жарылқаймыз, егіншілікпен айналысуға жағдай жасаймыз деп жар салса, екінші жағынан, осы сияқты іс жүзіне асыруды орыс поселкелері үшін ең құнарлы жерлерді, дайын су жүйелерін тартып алып, салық мөлшерін көбейтіп, ең соңында қазақтардың жер бөліп берулерін өтініп жазған хаттарын жауапсыз қалдырып отырды. Нәтижесінде патшалық Ресей әкімшілігі қазақтарды шөл далаға, тау-тасты, сортаң жерлерге ығыстырып, сол жерлерде оларға “қазақ отырықшылығының шегін” тұрғызды және де көшпенділердің кедейленуі арқылы орыс шаруалары мен казактарының табысты тұрмысы үшін олжалы сала жасап берді.
Бұл айтқандардан патша үкіметінің қазақтарды жерге орналастыру саясаты мақсат емес, жерлерін көбірек алу жолындағы әдіс, тәсіл еркіндігіне көз жеткізуге болады.
Қорыта айтатын болсақ, Қоныстандыру мекемелері құрылған бетте өздерінің түпкі мақсаты - қазақтар иелігінен мүмкіндігінше көбірек жер алуын, онда ішкі Ресейден келген шаруаларды орналастырып, солар арқылы империяның мықты тірегін жасауға кірісті. Бұл жолда олар ештеңеден тайынбады. Қоныс аудару саясаты ешқандай жүйесіз, жоспарсыз, халықты алдап арбауға негізделіп, жапансыздықпен жүргізілді. Жергілікті тұрғындардың мүддесімен санаспай , әртүрлі айла, шарғылар ойлап тауып іс жүзіне асырумен болды. Жерінен айырылған қазақтар тағдыры келешекте не боларына олар бас қатырмады. Орыс песелкелері Мырзағазы Есбол ұлы ағамыз айтқандай “жер астына жік, екі құлағы тік ” деген сияқты переселен поселкелері бірінен соң бірі пайда бола берді. Нәтижесінде, 1920 жылғы санақ бойынша Түркістан өлкесінде 437 мың қоныс аударушылар өмір сүрді Переселендердің басым көпшілігі (116400 адам) Жетісу облысында қоныстанды. Переселендердің саны жағынан екінші орында Сырдария облысы тұрды. Мұнда, 96754 адам 263 поселкеде орналасты /300/.
Достарыңызбен бөлісу: |