ҚОРЫТЫНДЫ
Ресей империясы үшін, біріншіден, шикізат көзі және өнеркәсіп өнімдерін өткізудегі жаңа рынок ретінде, екіншіден, орталық Ресейдегі басы артық тұрғындарын қоныс аударту арқылы ондағы әлеументтік-экономикалық дағдарысты жоюда құрамында Оңтүстік Қазақстан территориясы бар Түркістан өлкесін отарлаудың маңызы ерекше болды. Өзінің осы мақсатына жету жолында патша үкіметі іс жүзіне асырған әртүрлі іс шараларын заңдық актілермен бекітіп отырды. Олардың ішіндегі ең бастысы әрі негізгісі тек қазақ қоғамына ғана тиселі және басқа жұрт соның меншігі есебінде мойындап келген қазақтардың атамекен жерін Ресей өкіметі мемлекет меншігі деп жариялауы еді. Халқымыздың ұлы перзенті Ә.Бөкейханов бұл туралы былай деп жазды: “Считая землю своей собственностью, приобретенной кровью отцов, киргизы (казахи - Л.Д.) при вступлении в русское подданство, не подумали, что государство позволить себе посягнуть на частную собственность: между тем, русское правительство создало законы, по которым без всякой мотивизации, просто и по праву сильного, все киргизские степи признаются государственной собственностью, последствием чего создавалось переселенческое движение в киргизской степи, и самые лучшие участки земли перешли к переселенцам, а худщие - остались за киргизами” /377/.
XІX ғасырдың ортасынан казактық отарлау 60-жылдардың соңынан бастап, славян шаруаларын қоныс аударту арқылы отарлау қазақтардың Түркістан өлкесі үшін ең басты тіршілік көзі болып табылатын су жүйелері орналасқан, егін шаруашылығына қолайлы, құнарлы жерлерімен айрылуына алып келді; көп ұлтты Түркістан өлкесінде қазақтардың үлес салмағы азая түсті, табиғи өсімі төмендеді.
Сөз жоқ, өлкеге егінші шаруалардың қоныс аударуы Оңтүстік Қазақстан экономикасының дамуына белгілі дәрежеде әсер етті. Ресейде капитализмнің дамуы және Қазақстанның тавар-ақша қатынасына тартылуымен қазақтардың көшпелі қоғамының жіктелуіне алып келді.
Қалалардың өсуі, темір жол құрылысы, сауданың дамуы өлкенің қалыптасуымен мәдени дамуында маңызды орынға ие болды.
Сонымен бірге, патшалық Ресейдің Қазақстанда жүргізген отарлау саясаты нәтижиесі осы ұлттық өлкеге қатысты империяның ұлы державалық, геосаяси мақсатының іс жүзіне асырылуына алып келді. Бұл патша үкіметінің жергілікті халықпен санаспай өз мүдделерін қанағаттандыруға тырыса отырып, Оңтүстік Қазақстанды отарлау процесінде көрініс тапты. Сауданың эквивалентті емес жағдайда жүруі және коммерциялық іс шаралар жергілікті халықты этникалық жағынан құрып кету деңгейіне жеткізді. Алайда, бұл ресейлік экспанцияның тек сыртқы көрінісі ғана. Өз мақсаттарына жету үшін олар шаруашылық жағынан “мамандандыру” саясатын да жүргізді. Бұл Қазақстан индустриясына нұқсан келтіре отырып, оны ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші елге айналдырды. Осының барлығы жергілікті бастаулар мен дәстүрлерге әсер етпей қоймады.
Еуропалық дүние таным концепциясы орнады, ресми әдебиетте қазақ мәдениеті еуропалық және ресейлік мәдениетпен салыстырғанда “екінші сорттағы” мәдениет деп есептелінді. Осы себеппен Қазақстан тарихы да бұрмаланды. Халық көшпелі тұрмыстағы тайпалар мен рулардың бірлестігі деп жарияланды, осы себеппен, білім, мәдениет, егін шаруашылығы және с.с. құлдырау жағдайында деп түсіндірілді. Осы идеялық-отарлық бағытта орыстардың дүние танымдық және мәдени бастамалары бекітіліп, орыстарда да, қазақтарда да орыс халқына “үлкен аға” деп қарау қалыптасты. XІX ғасыр соңында екі халық арасындағы қатынас бірінің үстемдік етуі мен екіншісінің бағынуының негізі қаланды. Бірінің екіншісіне үстемдік етуі негізінде жаулап алу, экономикалық диктат және империялық күш жатты.
Халықтар арасында келіспеушіліктер, жасырынып жатқан өшпенділік қалыптасты. Мұны қоғамның саналы қауымы және сондай-ақ, өлке әкімшілігінің кейбір мүшелері де ұғына бастаған еді.
1908 жылы Түркістан генерал-губернаторы әскери министрге былай деп жазды: “Не следует забывать, что мы внесли в среду среднеазиатских народностей также и массу отрицательных сторон европейской культуры: пивные, рестораны, публичные дома, расплодились не только в городах, но и в каждом мало-мальский большом городском селении. Туземная молодежь хлынула на эти приманки душевного и телесного разврата и к ужасу и горю стариков прославляет себя неслыханными нарушениями корана и законных вековых традиции Востока о благоприятности и воспитанности ... Теперешние старики, муллы, казии и старшины, с прискорбием взирая на такой упадок нравов, винят во всем русских” /378/. Орыс тұрғындары санының қалалар мен поселкелерде өсуімен бірге, жоғарыдағы жағдайды мойындаушылар қатары да көбейе берді, алайда, мұнымен бірге халқымыздың рухани қазынасын аяққа баса отырып, өлке жерін жаулап алу процесі жалғаса берді. Нәтижесінде, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің бұрқ ете қалуына алып келген халықтар арасында алауыздықтардың етек жайюына мүмкіндік туды.
Патша үкіметінің Оңтүстік Қазақстанды қоныс аударушылар арқылы отарлауының әлеуметтік-экономикалық нәтижелерін жалпылай келе бірқатар мынадай қорытындылар жасауға болады:
• XІX ғасырдың ортасында қарудың күшімен жаулап алған Оңтүстік азақстан территориясында орыс үстемдігін біржола бекіту, оны байланыс жолдары арқылы Орталық Ресей аудандары мен байланыстыру мақсаты патша үкіметі алдына жаулап алудан да қиынға түсетін жүйелі және мақсатты саясат жүргізу міндетін қойды. Осы мақсатына жету жолында жүзеге асырған іс-қимылдарының барлығын заңмен негіздеп, бекітіп отырды;
• XІX ғасыр соңында Қазақстанның территориялық шекарасы казактардың және орыс, украин және тағы басқа халықтар өкілдерінің қоныс аударуымен патшалық Ресей пайдасына өзгертілді;
• қоныс аударушы орыс шаруаларына қазақтардың ең жақсы жерлерін тартып алып беру мақсатында құрылған қоныс аудару мекемелері “көшпелі және отырықшы норма”, “артық жер”, “жерге орналастыру”, “жерді жалға беру”, “өз еркімен келген қоныс аударушыларыдың қалаған жерлерін көшпелілерді алдап немесе зорлықпен алып қоюын қолдау” және сол сияқты әртүрлі айла-әрекеттер ойлап тауып, оны іс жүзіне асырумен болды;
• орыс поселкелері мен қазақ ауылдары шаруашылықтың өзара ортақ әдістерін қолданды, оның ішінде, шаруашылық және мәдени тұрмыстық байланыстардың жағымды және жағымсыз жақтары болды;
• қоныс аудару саясаты Түркістан өлкесіндегі қазақ қоғамының дамуына септігін тигізе алмады және оның өмірінің барлық қырларының дамуына үлкен нұқсан келтірді;
• ішкі Ресейден, Сібірден қазақ жеріне қоныс аударған орыс бұқарасы ұлыдержавалық, империялық саясаттың құралына айналды. “Арзан нан, жұмақ жер” іздеп келген олар өзі сияқты қазақ халқының құнарлы жерінен, қасиетті жер кіндігінен айыруға ат салысты;
• Оңтүстік өңірде қазақтардың үлес салмағының және табиғи өсімінің төмендеуіне империялық Ресей үкіметінің өлкемізде жүргізген аграрлық - қоныс аудару саясаты басты себеп болды.
Осылайша, күрделі тарихтың ащы шындықтарының бірі осы болды.
Достарыңызбен бөлісу: |