Зерттеудің негізгі мақсаты мен міндеттері. Тарихымызда бұрын бір жақты қарастырылып келген XІX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстанда жүргізген жер саясатының мәні мен нәтижелерін қоныс аударушылар тарихы мысалында ғылыми айналымға түспеген жаңа құжаттар мен деректер негізінде жаңаша көзқарас арқылы жан-жақты ашып көрсету - зерттеу жұмысының басты мақсаты болып табылады. Осыған байланысты диссертация алдына мынандай міндеттер қойылды:
-Оңтүстік Қазақстан территориясын Ресей империясы меншігіне айналдыру мақсатында патша үкіметі шығарған агарарлық заңдарға талдау жасау;
-өлкені казак-орыстар және шаруалар арқылы отарлау тарихын, орыс шаруаларын (қара шекпенді мұжықтарды) қоныс аударуға итермелеген жағдайларды ашып көрсету;
-ұйғыр, дүнген, өзбек халықтары өкілдерінің Оңтүстік Қазақстанға қоныс аударуы себептерін, барысын анықтау, оларды Ресейден келген қоныс аударушылар тарихымен салыстыра зерттеу;
-шаруалардың қоныс аударуындағы кезеңдеріне байланысты переселен поселкелерінің құрылу тарихын көрсету, оның ерекшеліктерін анықтау, осы шараларды басқарған қоныс аудару мекемелерінің құрылу тарихын, мақсатын, міндеттерін зерттеу, олардың қазақ жерін зорлап тартып алудағы әдіс-амалдарын көрсету;
-патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстанда жүргізген қоныс аудару саясатының әлеуметтік-экономикалық, демографиялық салдарына объективті баға беру;
-жер, су мәселесі төңірегінде ұлттық қарым-қатынастың шиеленісу процесін айқындау.
Зерттеудің географиялық шеңбері.Оңтүстік Қазақстан территориясына қарасты Жетісу және Сырдария облыстарын қамтиды. Сондай-ақ, патша үкіметінің отаршылдық саясатын жан-жақты ашып көрсету мақсатында, осы облыстар құрамындағы Қырғызстанның солтүстік уездері мен Өзбекстанға қарасты Ташкент уезі де қамтылып кетеді.
XІX ғасырдың соңы - ХХ ғасыр басында Жетісу және Сырдария облыстары әкімшілік басқару орталығы Ташкент қаласы болған Түркістан генерал-губернаторлығы қарамағында болып /36/, Сырдария облысы 469,58 мың шаршы км жерді /37/, ал Жетісу облысы 377,18 мың шаршы км жерді алып жатты /38/.
Жетісу облысы құрамына қазақ халқы мекендеген Сергиополь (1875 жылдан бастап Лепсі, көлемі 82804 шаршы км), Жаркент (39984 шаршы км), Қапал (75432 шаршы км), Верный (69591 шаршы км) уездері /39/ енді. Бұл уездерден бөлек қырғыздар өмір сүретін Ыстықкөл және Тоқмақ (кейіннен Пішпек) уездері болды. Ал, Сырдария облысы құрамына Шымкент (көлемі 67392 шаршы км.), Әулиеата (77120 шаршы км.), Перовск (82720 шаршы км.) және Қазалы (86688 шаршы км.) /40/ деп аталынатын қазақ уездері мен бірге, негізгі халқы өзбектерден тұратын Ташкент уезі және 1873 жылы патша әскерлерінің Хиуа қаласын жаулап алғаннан кейін құрылған, дені түркімен халқы мекендеген Амудария бөлімшесі қаратылды.
Қазіргі кездегі әкімшілік бөлініс бойынша бұл - Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары.
Зерттеу жұмысының деректік негізі. Диссертациялық жұмысты жазу барысында Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік архиві, Қазақстан Республикасы Президенті архиві, Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архиві құжаттары, осы уақытқа дейін ғылыми айналымға тартылмай келген баспасөз материалдары, ғылыми-зерттеулер мәліметтері сұрыпталып пайдаланылды.
Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивінен 19-қор (Жетісу облыстық қоныс аудару басқармасының меңгерушісі), 33-қор (Сырдария облысы қоныс аудару басқармасының меңгерушісі), 41-қор (Верный уезі басқармасы), 21-қор (Жетісу облысы әскери губернаторының Құлжа мәселесі жөніндегі кеңсесі), 44-қор (Жетісу облысы басқармасы), 120-қор (Жаркент уезі басқармасы), 146-қор (Әулиеата уезі басқармасы), 65-қор (Жетісу полиция басқармасының жандарм бөлімі), 64-қор (Дала генерал-губернаторлығының кеңсесі), 121-қор (Шымкент уезінің басқармасы) және т.б. қорлардың құжаттары қолданылды.
Қазақстан Республикасы Президенті архивінен 811-қор (Қазақстан компартиясы Оталық комитеті жанындағы Партия тарихы институты) деректері пайдаланылды.
Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивінің 1-қорынан (Түркістан генерал-губернаторы кеңсесі), 7-қордан (Түркістан өлкесіндегі егіншілік және мемлекеттік мүлік басқармасы), 17-қорынан (Сырдария облысының басқармасы), 16-қорынан (Сырдария облысы қоныс аудару басқармасының меңгерушісі), 127-қордан (Сырдария облыстық сот), 461-қорынан (Түркістан аудандық күзет бөлімі) және 1044-қорынан (Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті) көптеген құжаттар ғылыми айналымға түсті.
Осы диссертацияны дайындауда XІX ғасыр соңы мен ХХ ғасырдың басында үкіметтің әр түрлі мекемелерінде жарияланған басылымдардағы деректер, шенеуніктердің империяның өлкені отарлау және қоныс аудару саясатын жүргізу тарихы жайындағы очерктері, жоғарғы билікке беріп отырған есептері және талдау еңбектері пайдаланылды. Сол кезеңдегі құжаттардың біз үшін әсіресе маңыздысы - 1886-1915 жылдар аралығында жарияланған Сырдария облысына шолу және 1882-1913 жылдар аралығында, арагідік үзіліп шығып тұрған, Жетісу облысына шолу жинақтары. Сондай-ақ, Түркістан өлкесіндегі халықтардың әлеуметтік-экономикалық өмірінен, ондағы патша үкіметінің жүргізген аграрлық саясаты барысынан және отарлаудың жергілікті халықтың тұрмыс жағдайына тигізген әсері туралы біршама мағлұматтар “Туркестанский сборник”, “Военный сборник”, “Вопросы колонизации”, “Материалы по киргизскому землепользованию” сияқты арнайы жинақтар мен ғылыми-зерттеулерден алынды. Оңтүстік Қазақстандағы жер мәселесі тарихы мазмұнын айқындауда, жоғарыда аты аталған басылымдардағы деректер архив құжаттарымен салысытыра отырып қолданылды.
Дерек ретінде біз қарастырып отырған тарихи кезеңде жарық көрген қазақ, орыс тілдеріндегі мерзімді басылымдар пайдаланылды.
Ұлттық басылымдардан “Айқап” журналы, “Қазақ”, “Қазақстан” газеттері, сол сияқты “Туркестанские ведомости”, “Семиреченские областные ведомости”, “Современник”, “Вестник Европы”, “Русская мысль”, “Земщина”, “Русский Туркестан”, “Киргизская степная газета”, “Отечественные записки”, “Дело”, “Русский вестник”, “Восточное обозрение”, “Исторический вестник”, “Сырдарьинские областные ведомости”, “Землевладение” сияқты орыс тіліндегі басылымдарда жарияланған деректер ғылыми айналымға қосылды.
Достарыңызбен бөлісу: |