Л. С. Динашева ОҢТҮстік қазақстандағЫ Қоныс аударушылар тарихы мәселелері: жаңа көЗҚарас


Жетісу мен Сырдария облыстарына ұйғыр дүнген, өзбек және т.б. халықтардың қоныс аударуы



бет8/13
Дата26.08.2020
өлшемі0,87 Mb.
#76999
түріМонография
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Байланысты:
Monografia

1.3 Жетісу мен Сырдария облыстарына ұйғыр дүнген, өзбек және т.б. халықтардың қоныс аударуы
XІX ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстан тарихы бұл әртүрлі ұлттардың тоқтаусыз отарлауы жүрген өлке тарихы болды. Осы кезеңде патша үкіметінің жүргізген қоныс аудару саясаты негізінде Жетісу және Сырдария облыстары аумағында Орталық Ресей губернияларынан келген орыс, украин, беларусь шаруалары мен бірге шет елден және Ресейдің шет аймақтарынан азиялық нәсілдегілер - ұйғыр, дүнген, өзбек, татар және т.б. халықтар қоныс аударды. Бұл ұлттардың келуі өз кезегінде өлкеміздің демографиялық ахуалының өзгеруіне әсер етуімен бірге, жергілікті көшпелі қазақ халқының тұрмыс жағдайына да елеулі ықпал етті.

Сырттан келіп орналасқан азиялық халықтар өкілдерінің ішінде Жетісу облысына Құлжа өңірінен қоныс аударған ұйғыр және дүнген шаруалары мен Сырдария облысына келген өзбектер көпшілік рольге ие болды.

Зерттеу жұмысымыздың алдына қойған мақсатына сәйкес Ресей империясының 70-жылдардың соңы және 80-жылдардың басында Қытайға Құлжа ауданының берілуіне алып келген Халықаралық жағдайдың шиеленісу мәселесіне тоқталмай /126/ тек ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы себептеріне және бұл саясатты жүргізудегі патша әкімшілігінің басшылыққа алған мақсатын бейнелеуге тырысып көрейік.

Құлжа ауданын Қытайға беру туралы 1881 жылы 12-ақпанда қол қойылған Петербург келісімін жасаудағы келіс сөздер патша үкіметінің Жетісу мен Қытай арасындағы шекарасын қайткен күнде де қауіпсіздендіруге тырысуы жағдайында жүргізілген болатын. Себебі Қытайдың артында Англияның күшті ықпалы сезіліп тұрған еді. Соған байланысты келісім шартта Құлжа тұрғындарына “қытайлықтарға өлкені берген күннен бастап, бір жыл ішінде орыстар иелігіне жылжитын мүлкімен қоныс аударуына рұқсат беріледі” /127/ деген жолдар пайда болды.

Ұйғыр және дүнген шаруалары Құлжа ауданына қытай феодалдары қайта оралатындығын естіп, Жетісуға қарай ұмтылды. Қоныс аударуға негізгі, шешуші себеп болған нәрсе - бұл шаруалардың Қытай және “өздерінің” ұйғыр және дүнген феодалдары үстемдігінен құтылғысы келгендігі еді. Ауыр және жылдан жылға күшейе түскен феодалдық қанау, мыңдаған шаруаларды жойып жіберуден де тайынбайтын қытай феодалдарының шектен тыс қаталдығы шаруаларды өз өмірлерін сақтау және жеке өз шаруашылықтарын жүргізу үшін қолайлы жағдай іздеуге мәжбүр етті. Сондықтан олар орыс үкіметінің қол астында өздерінің ауыл шаруашылығын жүргізуге емін-еркіндеу жағдай туады-ау деген аңқаулық сеніммен Петербург келісім шарты негізінде ұсынылған мүмкіндікті қолданып қалуға тырысты. Бұл қозғалысты профессор П.Галузо: “шаруалар көтерілісінің өзіндік формасы еді. Шаруалар өздерінің Құлжадан қашуы арқылы феодалдар шауашылығына әсерлі соққы берді,” /128/ - деп бағалады.

Бірақ, осы жерде неліктен патша үкіметі, әсіресе Түркістанның әскери әкімшілігі, шаруалардың қоныс аударуға деген талпынысын қолданып қалғысы келді деген сұрау туады.

Түркістан генерал-губернаторының қоныс аудару туралы 1881 жылғы 20 маусымындағы нұсқауында бұған себеп болған нәрсе әскери мүдде тұрғысынан: “... Қытай әкімшілігмен арадағы жағдай қиындаған күнде, болашақта біз шекара бойында қытайлықтарды жек көретін, солардың кесірінен Отанынан, үйі мен жерінен айырылған адамдар контингентін сақтап тұра аламыз. Құлжа ауданында қалған Құлжа мұсылмандарын, қазіргі кезде Жоңғарияда жойылып жатқандай мұнда да қытайлықтар бірте-бірте құрта береді; немесе қытай үкіметі әлсіреген кезде мұсылмандар қытай билігімен бір жолата татуласады, осылайша екі жағдайда да олар біз үшін жоғалмайды” /129/ - деп түсіндірді. Демек, Түркістан әкімшілігі әскери қиындықтар туа қалған жағдайда “Отанынан, үйі мен жерінен айырылған адамдар контингентін” пайдалану арқылы орыс-қытай шекарасын “қауіпсіздендіруге” тырысты. Түркістанда үстемдік ететін әскери әкімшілік ұйғыр және дүнген шаруалары бейнесінде “Қытайлықтармен барлық уақытта жауласуға дайын” адамдарды көрді.

Патша үкіметінің ұйғыр, дүнген шаруаларының қоныс аударуға деген талпынысын қолдауының келесі себебі - Қытаймен шектесетін Жетісудың экономикалық потенциялын күшейту болды. Жетісу облысын осы кезеңдегі әскери-губернаторы генерал Фридэ 1884 жылғы 10-маусымда қол қойған үкіметтің қоныс аудару саясатының барысы туралы есебінде: “ішкі губерниялардан шаруалардың қоныс аударуы негізінде облыстағы отырықшы тұрғындар санының өсуі баяу жүрді және де 25 жыл ішінде Ресейден келген егіншілер мен жұмыс қолдарының саны бір жылда осында келген құлжалық қоныс аударушылардың көлемін ғана құрады. Құлжалықтар, әсіресе облыстың өндіргіш күштерін дамытуға елеулі ықпал етті. Олар осы уақытқа дейін егін егілмей жатқан және қырғыздардың аз ғана егіс алқабы бар жерлерін өңдеп, суландыру жұмыстарын жүргізумен айналысты” /130/ - деп, ұйғырлар мен дүнгендердің облыс шаруашылығын дамытудағы маңызын оңды бағалады.

Ал патша генералдарының ұйғырлар мен дүнгендерді Қытай империясына қарсы күресуге “әрқашанда дайын адамдар контингенті” сипатында қолдану жайындағы жоспарлары қоныс аударушылардың өздерінен де жасырылмады. Қоныс аудару кезінде Түркістан генерал-губернаторы қызметін атқарушы Колпаковский 1882 жылы 10-қаңтарда өзі қол қойған құжатты осы уақытта Іле өлкесін Қытай үкіметіне беру жөніндегі өкілетті комиссары болған генерал Фридэге берді /131/. Бұл құжатта қоныс аударушыларға жарияланатын мынадай үш шарт баяндалды: біріншісі - әкімшілік тарапынан берілетін материалдық көмекке үміттенбеу, үшіншісі қоныс аударып келегеннен соң қоғамдық қаржы мен қамтамасыз ететін мектептерде өз балаларын орыс тілінде оқыту. Бірақ әкімшілік үшін ең бастысы екінші шарт болды. Онда былай делінді: “Ресей империясы иелігіне қоныс аударған тұрғындар, тайпалық және діни сенімдеріндегі айырмашылығына қарамай, қырғыздардан (қазақтардан - Л.Д.) басқасы, жаңа жерлерге қоныстанумен және орналасумен бірге, жалпыға бірдей негізде әскери қызмет атқарады немесе казак әскері құрамына енгізіледі” /132/.

Бірақ 80-жылдардың ортасына қарай Ортаазиялық шекараға, оның ішінде Қытай мемлекетімен арадағы шекараға төнген қауіп бір жолға жойылды. Осы жағдайға байланысты патша үкіметінің ұйғыр және дүнген халқына деген көзқарасы өзгерді. Оларды казак сословиясы құрамына енгізу туралы мәселе тіпті талқыланудан да қалды, әскери міндеткерлікті өтеуге бірте-бірте шақырмай да қойды.

Фридэ-Пантусов хатындағы мәліметке сүйенсек, 1882 жылы Жетісуға дүнгендердің 1147 отбасы немесе 4682 жан (оның ішінде 2439 ер, 2243 әйел), ұйғырлардың 9752 отбасы немесе 45373 адам (оның ішінде 24628-і ер, 20746-ы әйел) келген. Барлығы 50055 адам қоныс аударды /133/. Бұл берілген сан Құлжа ауданындағы ұйғырлар мен дүнгендердің жалпы санының жоғары процентін құрады. Фридэ мен Пантусов 1880 жылғы Құлжа ауданындағы салық төлеушілердің жалпы көлеміне сүйене отырып, Құлжада 2565 ұйғыр отбасы және 344 дүнген отбасы қалды деп есептеді /134/. Бұл сандық көрсеткіштерден Құлжада өмір сүрген отбасылардың ұйғырлардың 79,2 проценті, дүнгендердің - 76,9 проценті, Жетісуға қоныс аударғандығын көруге болады. Бұлармен бірге мұнда 25 мың қазақ көшпенділері де қоныс аударып келді /135/. Жалпы алғанда өлкемізге ұйғырлардың, дүнгендердің және қазақтардың мұндай көлемде келуі Құлжа ауданының халық шаруашылығына, оның экономикалық және әскери күшіне үлкен соққы болып тиді.

Жетісу облысына келген ұйғыр және дүнген қоныс аударушылары уездер бойынша мынадай тәртіппен орналасты: Верный уезіне - 26164 ұйғыр, 1126 - дүнген, барлығы - 27290 адам, Жәркент уезіне - 18209 ұйғыр, 1347 дүнген, барлығы - 20556 жан, Пішкек уезіне 5284 дүнген, Ыстықкөл уезіне 1379 дүнген қоныстанды /136/. Жалпы қоныс аударушылардың 50,1 проценті - Верный уезіне, 37,1 проценті Жаркент уезіне, яғни негізгі бөлігі Жетісу облысының қазақ уезіне орналасты. Тек 12,2 проценті ғана (тек дүнгендер) Солтүстік Қырғызстан (Пішпек және Ыстықкөл уездеріне) қоныс тепті. Сондай-ақ , дүнгендердің аз ғана бөлігі Шу өзенінен өтіп, Сырдария облысының Әулиеата уезіне орналасты.

Ал енді қоныс аудару процесі қалай жүргізілгендігіне тоқталайық.

Жоғарыда айтылған фактлерге сүйенсек, Құлжадан алғашқы кезекте шаруалар қашты, ал ұйғыр және дүнген феодалдары орындарында қалды. П.Галузо бұл жөнінде былай деді: “Ұйғырлардың тұрмысы жақсы, бай бөлігі қоныс аударудан қалыс қалды, ал дүнгендердің бірқатар бай отбасылары көшіп келді де, кедей, негізінен қала қолөнершілерінен тұратын бөлігі қалып қойды” /137/. Шындығында да, Фридэ-Пантусов хатында берілген фактлер және көптеген архив құжаттарында /138/ баяндалған мәселелерге қарағанда Жетісуға алғашқыда кедейлер келді. Олардың соңын ала орта шаруалар қоныс аударды. Тұрмысы жақсы бай шаруалар, әсіресе дүнгендердің арасында кездесетін еді.

Патша үкіметі 1881 жылдың соңына қарай Қоныс аударушылардың негізгі бөлігін кедейлер құрайтындығын көріп қатты абыржыды.

1881 жылы қарашада Жетісудың әскери губернаторы қызметін атқарушы Н.А.Аристов Шелек елді мекеніндегі қоныс аударушылардың жағдайымен танысып, сонда қоныстанған 101 отбасы туралы Ташкенттегі генерал Колпаковскийге мынадай мәлімдеме жіберді: “Халықтың барлығы кедей және отбасы мүшелері аз. Көпшілігінің бірде бір жылқысы немесе өгізі де жоқ. Бірқатары бір ғана есекпен келген” /139/. Н.А.Аристовтың өкініш білдіріп жазған осы хатынан соң патша әкімшілігі ұйғырлар мен дүнгендердің бұдан кейінгі уақытта қоныс аударуына деген қатынасын “анықтау” басталды.

Генерал Колпаковский қоныс аударушыларды орналастыру шаралары туралы есеп-мәліметтер сұрастырды. Алдын ала берілген мәлімет бойынша Жетісуға 100 мың адам келуі тиіс еді. Г.А.Колпаковскийдің қолына тиген есепте Жетісуда мұндай көлемде қоныс аударушуыларды қабылдау және орналастыру мүмкін емес екендігі көрсетілді.

Түркістан генерал-губернаторы Сібір генерал-губернаторынан ұйғырлардың бір бөлігін сонда қоныстандыру мүмкіндігін сұрап телеграмма жіберді. Бірақ Колпаковский ұсынысын Сібір генерал-губернаторы, онымен бірге Сырдария, Ферғана облыстарының әскери губернаторлары және Зеревшан округы әкімшілігі қабыл алмады. Облысқа ағылып келе бастаған ұйғыр және дүнген шаруалары тарапынан қауіп төнді. Колпаковский, егер шаруалар жеткілікті көлемде жер ала алмаса, патша үкіметіне қастасып қалады, сондай-ақ Ресей империясы әкімшілігі Петербург келісім шартын жасау барысында басшылыққа алған орыс-қытай сауда қатынасы дамуына Құлжадан қоныс аударушылардың көптеп келуі кедергі болады деп қауіптенді. Осы кезде генерал Фридэ, мазмұны жоғарыда көрсетілген қоныс аударуға қойылатын үш шартын баяндаған құжат жіберді /140/.

Генерал Колпаковский жоспарының негізгі мақсаты ұйғыр және дүнген қоныс аударушыларының бір қатарын, әсіресе кедей бөлігін, қоныс аударудан бас тартқызу болды. Сондықтан да, ол 1882 жылы 14 ақпанда әскери министрлікке мынадай мазмұндағы хат жолдады: “Мүмкіндігінше Іле өлкесінің тұрғындарының қоныс аударуын төмендегі себептерге байланысты тоқтату қажет:

біріншіден, - Құлжадан Жетісулықтардың жаппай қайтуы қазіргі кезде орыс отарлауы негізінде жерлерінен айырылған қырғыздарды (қазақтарды - Л.Д.) толық қайыршылық күйге түсірді;

екіншіден - облысқа келген ұйғырлар мен дүнгендердің көп бөлігі мұндағы егін шаруашылығына жарамды жерлердің барлығын алып қоймақ. Бұдан кейін мұнда Ресейдің ішкі губернияларынан облысты отарлау арқылы орыстандыруға келген орыстар емес мұсылмандар көпшілік болмақ;

үшіншіден - Қытай үкіметіне ешқандай тұрғындарсыз өлкені беріп, олардың жергілікті әкімшілігі мен әскерлерін узақ уақыт бойына азық-түліксіз қондырумен біз қытайлықтардың араздығын туғызамыз. Бұл жағдай трактатта көрсетілген орыс-қытай сауда қатынастарының дамуына қауіп төндіреді” /141/. Әскери министрлік Колпаковскийдің ұсынысын толық қолдады. Министрлікпен келісе отырып, Колпаковский 1862 ж. 24 сәуірде өкілетті комиссарға “Қытай әкімшілігін Іле өлкесі тұрғындарын біздің иелігімізге қоныс аударудан ашық түрде айнытуға болады деп оларға түсіндіру қажет” /142/ деген хат жіберді.

Жоғарыда көрсетілген іс-шаралар бірқатар ұйғыр кедейлеріне әсер етті. Ресей үкіметі тарапынан берілетін материалдық көмек алу үмітін жоғалтқан олар қоныс аударудан бас тартты. Бірақ ұйғырлардың көпшілігі алған бетінен қайтпай, көшіп келе берді. Дәулетінің басым бөлігінен айырылса да, шаруалар Жетісуға ағыла берді. Біртіндеп қоныс аударушылар-ұйғырлар мен дүнгендер, қалаларға, казак станицаларына, орыс шаруалары поселкелеріне орналаса бастады. Егер 1883 ж. олардың 2818 адамы қалаларға орналасса, 1894 ж. - 5732 адамы, 1901 ж. - 6864 адамы, яғни 1883 жылғы санға процентпен шаққанда 243,6% қалаға қоныс тепті.

Ұйғыр мен дүнгендердің Оңтүстік Қазақстанға келуі бір дүркіндік қоныс аудару қозғалысы болды. Бұдан кейінгі уақыттарда олар тек табиғи жағынан ғана өсіп отырды. 1897 жылғы халық санағы материалдарында Жетісу облысына 55999 ұйғыр және 14130 дүнген тіркелген /143/. ХХ ғасыр басында ұйғырлар мен дүнгендердің табиғи өсімі жалғасып отырды: 1904 жылы олардың саны: ұйғырлар 62449, дүнгендер - 16763; 1907 жылы ұйғырлар 63445, дүнгендер - 20032 болып, 1914 жылы ұйғырлар саны - 78729, дүнгендер 20100 адамға жетті. 30 жыл ішінде ұйғырлар мен дүнгендер 81,3 процентке өскен, оның ішінде дүнгендер 2 еседей, ал ұйғырлар 73,5 процентке өскен. Осы уақыт аралықтарында қоныс аударушылардың кейбірінің өз отандарына қайтуы немесе басқа облыстарға көшу процестері де жүріп жатты: Мысалы, 1913 жылғы облыстық шолуда ұйғырлар мен дүнгендердің жалпы саны 106033 болса, жоғарыда көрсетілген 1914 жылы олар 98829-ға дейін азайды. Құлжалықтардың Қазақстанның басқа облыстарына немесе Қытайға қайта көшуін олардың өлкемізге келгеннен кейінгі тұрмыс жағдайларының ойдағыдай қалыптаспауымен және патша үкіметінің жерге орналастыру саясатының қанағатты жүргізілмеуімен түсіндіруге болады.

Жоғарыда көрсеткеніміздей, облысқа бірінші кезекте ұйғырлар мен дүнгендердің ең кедей бөлігі келді. Сондай-ақ қоныс аударушылардың басым бөлігі өз елінде ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалар еді, қол өнершілер тек дүнгендердің ішінде ғана болатын. Келгеннен кейін 15 жылдан соң олардың бір қатары ауыл шаруашылығынан қол үзіп кетті. 1887 жылғы халық санағының мәліметіне қарағанда Жетісу облысында ұйғырлардың 68,5 проценті егіншілікпен, 0,8 проценті мал шаруашылығымен, басқа әр түрлі кәсіптермен 30,7 проценті айналысты. Ал дүнгендердің 46,9% егін шаруашылығымен, 0,6% мал шаруашылығымен, кәсіптің басқа түрлерімен - 52,5% айналысатын болды /144/. Көріп отырғанымыздай ауыл шаруашылығынан ұйғырлардың 30,7%, дүнгендердің 52,5% - қол үзіп қалды.

Бұған себеп патша үкіметінің көшіп келген ұйғырлар мен дүнгендерді жерге орналастыру саясаты болды. Ресей әкімшілігі мұсылман дініндегі бұл халықтарды “бұратана” деп қарап, “ұлы орыс” ұлтынан оларды кем санау принциптерін ұйғырлар мен дүнгендерге жер бөліп беру кезінде де басшылыққа алып отырды.

М.К.Тургуновтың диссертациясында қоныс аударушы азиялық нәсілдегілерге Жетісу облысынан жер үлесін бөліп беру процесі жақсы зерттелген. Оның берген мәліметіне қарағанда Жаркент уезіне қарасты Харғос және Усек, үлкен және кіші Ақсу, Бай Қазақ және Шарын аудандарына келген ұйғырлар мен дүнгендердің әр бір ер басына 5 десятинадан егін шаруашылығына қолайлы жер берілді. Кейбір жағдайда одан да төмен: 3,2 десятинадан 4,3 десятинаға дейін берілді /145/.

Патша әкімшілігі жерді бұлай бөліп беру дұрыс деп түсінді. Алайда іс жүзінде шаруалар егін шаруашылығына лайықсыз деп бөліп берілген жерлерді ғана емес, тіпті егінге қолайлы деп берілген жерлерді де толық пайдалана алмады. Себебі патша шенеуніктері бұл мәселеге салғырт қарап, көп жағдайда ешқандай су жүйелері жоқ және оларды жүргізу мүмкін емес, тастақ, құмды участкелерді, сырттан тек көзбен өлшеп, бөліп берген болатын. 1901 жылы ресми деректердің мәлімдеуінше ұйғырлар мен дүнгендерге бөліп берілген жердің жалпы көлемінің тек 23,4 процентінде ғана егін егілген /146/. Ұйғырлар мен дүнгендердің егін шаруашылығы өте ауыр жағдайда дамыды. Ұйғыр мен дүнген мекендерінің жылдан жылға кедейлене түсуі патша шенеуніктерінің жан-жақты қанауына қолайлы болды.

Үкімет тарапынан алғашқыда егін себуге астық және азық- түлікке, ұн сатып алуға, су жүйелерін салуға және т.б. мақсатқа деп бөлінген қаржысы да талан таражға салынып, қоныс аударушылар қолына жетпеді. 1882 жылы сәуірде Н.А.Аристов генерал Колпаковскийге қоныс аударушыларға бөлінетін 50000 сомын осы уақытқа дейін тек 11000 сомы ғана көрсетілген мақсатқа қолданылып, ал қалған 39000 сомы Іле көпірін салуға жұмсалатын қаржыға құйылып кетті деп мәлімдеген /147/. Тек 1882 жылдан бастап, әрбір адамға 2 сомнан ғана көмек ақша беріле бастады, бірақ үкіметтің бұл “көмегі” де несиені қайтаратын уақыт келгенде шаруаларға ауыр тиді. Оның үстіне бұл жәрдем ақшаның біразын патша шенеуніктері талан-таражға салып, жоқ қылып жіберген еді.

Ұйғыр және дүнген шаруаларына жаңа жерге орнығып кетуі өте қиын болды. Қолдарында ешқандай құрал-саймандары жоқ кедейлер үшін бөлініп берілген жердің ешқандай да құны болмады. Бірақ жер қауымдық пайдалануға берілген еді.Қауым шаруалардан несиені қайтарып беруді талап етті, ал 1891 жылдан бастап жер үшін төленетін салық оның өңделіп, өңделмегендігіне қарамай төленуі тиіс болды.Қауымның бар ауыртпалығы ондағы кедейлердің иығына түсті.

Осындай жағдайлардан соң кедейлердің көпшілігі орналастырылған ауылдардан қашып кетуге мәжбүр болды. Шенеуніктер “қашқындарды” ұстап бекітілген жерлеріне қайтарып отырды. Бірақ бұл процесті тоқтату мүмкін емес еді. Қандай да болсын күн көретін жұмыс табу мақсатымен кедейлер орыс переселендері, казак-орыстары станицаларына немесе қалаларға барып тығылды. Сондай-ақ, 1883 жылдан бастап Құлжаға, бұрынғы мекен жайларына қайту процесі де жүрді. Мұндай іс-қимылдары арқылы шаруалар өздерінің патша үкіметіне деген қарсылығын білдірді. Ресми деректерге қарағанда 1882-1894 жылдар аралығында 1102 ұйғыр және 177 дүнген /148/ Құлжа өңіріне - өз отандарына қайтып кеткен.

Құлжаға бірінші кезекте ұйғыр шаруалары қашты /149/. Себебі облысқа келген ұйғырлардың барлығы дерлік ауыл шаруашылығымен айналысатындар еді де, ал дүнгендердің басымы қолөнершілер болатын. Олар өздері күн көретін жұмысты Жетісудан да таба алғандықтан, мұнда орнығып қалуларына мүмкіндік болды.

Алғашқыда, патша үкіметі қоныс аударушылардың Отандарына қайтып кетулеріне қарсы әр түрлі іс-шаралар қолданып отырды. Ал, 90-жылдардың ортасынан бастап, әкімшілік, қоныс аударумен бірге бұрынғыдан да бетер қайыршылана түскен, күн көретін ешқандай қаржысы жоқ ұйғыр-дүнген шаруалары, Ресей-Қытай шекарасы бойына қиындықтар туа қалған жағдайда Ресей империясы үшін ешқандай да тірек бола алмайтындығын түсініп, Құлжаға қайтпақ болған шаруалар жолына қойылған тосқауылдарды алып тастады. Сондай-ақ, жоғарыда көрсетілгендей, осы уақыттан бастап ұйғыр-дүнген шаруаларының әскери міндеткерлік жауапкершілігі де күн тәртібінен алынып тасталды.

ХХ ғасыр басында да ұйғырлар мен дүнгендердің тұрмыс жағдайларының нашарлауы жалғаса берді. Ұйғыр-дүнген шаруаларының кедейлену процесін зерттеген П.Галузо: “Облыста мекендеген отырықшы тұрмыстағы тұрғындардың ең кедей, ең қайыршы тобын ұйғыр және дүнген шаруалары құрайды” - деп жазды /150/. Осылайша өлкенің ежелгі тұрғыны қазақтар сияқты, ұйғырлар мен дүнгендер Ресей империясының Оңтүстік Қазақстанда жүргізген аграрлық саясатының құрбаны болды.

Жетісу облысына ұйғырлар мен дүнгендер қоныс аударған уақыттарда Сырдария облысына өзбектердің келіп қоныстануы жалғасып жатқан еді. Өзбектердің қазақ жерлеріне келуі Ресейдің өлкені жаулап алмай тұрған кезден басталды. Олар жөнінде Сырдария облысын ХХ ғасыр басында зерттеген Е.Смирнов: “Сарттардың қоныс аудару қозғалысын мынандай цифрлық мәлімет анық суреттей алады: 1868 жылы солтүстіктегі егін шаруашылығымен айналысатын аудандарда - Шымкентте, Әулиеатада - 19000 сарт өмір сүрді. 1885 жылы олардың саны 48500 адамға жетіп, 17 жыл ішінде екі жарым есеге дейін көбейген” /151/-деп жазды. Ал, 1897 жылғы Ресей империясы территориясында жүргізілген бірінші халық санағы бойынша Сырдария облысындағы қазақ уездерінде 63674 өзбек халқының өкілдері есепке алынған. Олармен бірге, сол мәліметте, қазақтардан бөлек, 7863 адам - азиялық нәсілдегілер өмір сүрген /152/. Осылайша, XІX ғасыр соңында қазақ емес жергілікті ұлттар ішінде Сырдария облысының қазақ уездерінде өзбектер басым көпшілігін құрады. Жетісу облысын қоса есептегенде 1897 жылдың соңында өзбектер жалпы тұрғындардың 4,95% құраған /153/.

ХХ ғасыр басында сырттан келген халықтардың Оңтүстік Қазақстан жерін отарлау процесі жалғаса берді. Бұл уақытта Жетісу облысына да Түркістан мен Қашқариядан өзбектер қоныс аударды. 1901 жылы Жетісудың қазақ уездерінде 3732 өзбек болса /154/, 1913 жылы олардың саны - 7926-ға жетіп, 9 жыл ішінде 2,1 есеге өскен /155/. П.Скрыплев Сырдария облысында 1897 жылдан 1906 жылға дейін өзбек тұрғындары 11,1 процентке өскенін, 1865 жылдан бастап санағанда олардың саны 74,7 процентке және жер үлесі - 95,0 процентке өскендігін анықтай келе, “бұл өсімді сарттардың (өзбектердің - Л.Д.) өлкені отарлауының жалғасып отыруымен түсіндіруге болады” - деп қорытынды жасайды /156/. 1909 жылы Шымкент уезіндегі 24 өзбек қыстақтарында 9028 қожалық, Әулиеата уезінде 5 қыстақта 1674 қожалық өмір сүрген /157/. Алайда, өзбектердің облысқа қандай көлемде келгендігін анықтау қиын. Облыстарға шолуларда берілетін мәліметтерде барлық жергілікті ұлттарды бір атпен - “түземдіктер”-деп берген. П.Галузо бұл жөнінде мынандай мәлімет береді: Шымкент уезінің 4 өзбек қыстағанда (1906 жылы зерттелген) бір шаруашылыққа орта есеппен 6,11 мүшеден тура келген. Бұл сандық коэффицентті барлық өзбек шаруашылығына көбейтсек, облыстың қазақ уездеріндегі өзбектердің саны - 65390 адамға жеткен. Бұл санды 1897 жылғы мәліметпен салыстырар болсақ (әрине табиғи өсімін есепке ала отырып), сөзсіз, ХХ ғасыр басында өзбектердің қазақ аудандарына көшіп келіп орналасуы арта түскенін көруге болады /158/. Әрине, өзбектердің Оңтүстік Қазақстанға келуі ішкі Ресейден өз еркімен келген орыс шаруаларының келуі сияқты қарқынды түрде жүрген жоқ, бірақ олардың келуімен елді мекендердегі кедейлердің саны жылдан жылға көбейіп отырды.

Өзбектердің де көпшілігі ұйғырлар мен дүнгендер сияқты күн көрудің негізгі көзін ауыл шаруашылығынан емес, басқа кәсіптермен айналысудан іздестірді. Сенатор К.К. Паленнің мәліметіне қарағанда Жетісу облысындағы өзбектердің 80 процентке жуығы, Сырдариядағы өзбектердің (қазақ уезіндегі) 41 проценті ауыл шаруашылығынан қол үзгендер еді /159/. Олардың бір бөлігі, әсіресе Сырдария облысында, қол өнершілер болды.

Оңтүстік Қазақстан территориясына жоғарыда айтылған ұлттардан бөлек, біз зерттеп отырған уақыт аралығында, азиялық нәсілдегілерден татар, тәжік ұлтындағылар, еуропалықтардан (орыс, украин, беларустардан бөлек) мордовалар, немістер, еврейлер және т.б. қоныс аударған. Екі облысты қоса есептегенде 1897 жылы Оңтүстік Қазақстан территориясында татарлар-9352 мың, тәжіктер-985 мың, мордовалар-896 мың, немістер-798 мың, еврейлер-697 мың, 11220 мың басқа ұлт өкілдері өмір сүрген /160/.

Қорыта айтар болсақ, Оңтүстік Қазақстанға шеттен келіп қоныстанған азиялық ұлттардың көпшілік бөлігін өзбектер құрады.

XІX ғасырдың соңында - ХХ ғасырдың басында ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалардың қоныс аударып келуі өлкеміздің экономикалық дамуына біршама әсер етті. Егін алқабы ұлғайып, егін егу, жер өңдеу әдіс түрлері байи түсті. Дегенмен, кейінгі уақыттарда патша үкіметінің жүргізген аграрлық саясаты негізінде олардың көпшілігі ауыл шаруашылығынан қол үзіп, шетке кәсіп іздеп кетіп отырды. Осылайша, өлкемізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші негізгі халық - қазақтар болып қала берді.

Жоғарыда берілген мәлметтер XІX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Оңтүстік Қазақстан территориясы Ресей империясының қоныс аударушы шаруалар арқылы отарлау аймағына айналғандығын көрсетеді. Патша үкіметі әр түрлі ұлт өкілдерінің қоныс аударуын қолдау арқылы Түркістанда көп ұлттық фактор құра отырып, оларды бір-біріне қарама-қарсы қоюға тырысты. Бұл империялық “бөліп алда, билей бер” деген үрдістің айқын көріністерінің бірі еді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет