11. Жаңа емле ережелерінің алдыңғы ережелерден қандай айырмашылықтары бар?
Жаңа емле ережелерінің алдыңғы ережелерден басты айырмашылығы – оның тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне, заңдылығына сүйеніп жасалуында. Алдыңғы ережелер қазақ тілінің грамматикасынан гөрі, орыс тілінің грамматикасына сәйкес келетін. Яғни, орыс тілінің төл дыбыстары сол қалпында сақталып жазылды, сол арқылы енген кірме сөздерді орыс тілінің орфоэпиясына сәйкестендіріп айтатын болдық. Мәселен, о деп жазып, оны а деп оқитын күйге жеттік. Ал жаңа емле тек қазақ тілінің төл дыбыстарына негізделіп жасалды, яғни орыстың 8 әрпі (ю, я, ъ, ь, ц, ч, щ, э) кездесетін дыбыстарды қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне икемдеп айтатын боламыз. Мәселен, цирк – сирк, чемпион – шемпион т.б. Сондай-ақ, бүгінде кейбір сөздердің жазылуында ала-құлалық болды, яғни бір модельдегі сөздер әртүрлі жазылып жүрді. Енді сол олқылықтардың бәрі жаңа емледе бірізденіп, өз шешімдерін тапты. Сонымен қатар алдыңғы ережелер 10-12 тараудан, 129 параграфтан тұрса, жаңа емле 9 тараудан, 107 параграфтан тұрады. Жаңа емле жазу нормаларын тұрақтандыратын, жұртшылықтың жазу мәдениетін көтеретін бірден-бір көмекші нұсқаулық болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |