27. Жаппай көшкен дұрыс па, әлде сатылап (балабақша, мектеп) көшкен дұрыс па?
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қазақ қоғамының латын әліпбиіне сатылап көшуін атап көрсетті.
28. Ортақ түркі әліпбиі негізге алына ма?
Негізінен ортақ түркі әліпбиін толықтай қамтиды деуге болады. Себебі, ортақ түркі әліпбиінде көрініс тапқан әріптердің түгеліне жуығы қамтылған. Дегенмен, кірме дауыссыз дыбыстарды таңбалауда ғана азды-көпті ерекшеліктер бар.
29. Әліпби, емле мәселесінде ғалымдар арасында пікір алуандығы болғаны қоғамға мәлім. Осы пікір қайшылығына себеп болған басты мәселелер қандай және олар қалай шешілді?
Кез келген мәселе төңірегінде пікір алуандығы болады, бұл заңды құбылыс. Керісінше, сондай сыни пікірлер жақсы нәтижеге жетуге ықпал етеді. Әліпби мен емле төңірегінде де ғалымдар арасында көзқарас қайшылықтары болды, оны жасырудың қажеті жоқ, оны қоғам біліп отыр. Бір мәмілеге келу үшін Орфографиялық жұмыс тобының бір емес, бірнеше мәрте кеңейтілген отырыстары өткізілді. Әліпби мен емлені сараптап талқылауға арналған бірнеше ғылыми семинарлар ұйымдастырылды. Осы жиындарда ғалымдар ұсыныстары мен пікірлері жан-жақты сарапталды. Ғалымдар тарапынан басымдыққа ие болған пікірлер басшылыққа алынды. Мәселен, әліпби құрамына 28 таңбаны ғана алған дұрыс па, әлде в, ф, һ әріптерін де әліпби құрамына ендіріп 31 таңбаны алу керек пе деген даулы мәселеде Орфографиялық жұмыс тобының 95 пайызы 31 таңбаның қажеттігін қолдады. Міне, осылайша әр даулы мәселеде ғалымдардың басым қолдауы немесе қолдамауы назарға алынды.
30. Латын әліпбиі түбі бір түркітілдес мемлекеттермен мəдени-рухани тұрғыдан бірігуге жол аша ала ма?
Егемен ел болып отырған түркі халықтарының ішінде қазақтар мен қырғыздар ғана кирил әліпбиінде қалып отыр. Әрине, жазу деген қандай жақтан да біріктіретін үлкен күш болып саналады. Сондықтан түркітілдес мемлекеттерді тұтастыруға, жақындастыруға латын әліпбиі ерекше ықпал етеді деп айта аламыз.
31. Қазір 42 әріпті қолданып отырмыз, латынға көшкенде 30-31 әріп қабылдаймыз. Әріп айырмашылығы жазуда қалай реттеледі?
Жазудағы бұл айырмашылық кірме дыбыстардың әріптерін әліпби құрамынан шығарып тастаудан туындап отыр. Жалпы кез келген тәуелсіз елдің әліпбиінде жат дыбыстарға әріп арналмайды, кірме сөздердің барлығын ұлт тілінің дыбыстық заңдылығына икемдеп жазады. Біз қазір орыс сөздерін немесе орыс офрографиясы арқылы таңбаланатын кірме сөздерді жазу үшін орыс әліпбиіндегі щ, ч, э, сияқты тағы да басқа оншақты артық таңбаларды қолданып отырмыз. Енді латынға көшкенде осы басы артық әріптерден құтылып, кірме сөздерді ұлттық тілдің әуезіне икемдеп жазатын боламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |