Жамал. Оның бәрі – сөз. Нақты іс жоқ.
Рауза. Нақты ісіміз қандай сонда?
Жамал. «Ла илаһа илааллаһ Мұхаммед расул аллаһ» деген адамның бәрі мұсылман деген түсінік бар бізде. Мұның мәні: «Алладан басқа алла жоқ. Мұхаммед Алланың елшісі». Меніңше, бұл аз.
Рауза. Маған да солай сияқтанады.
Жамал. Коммунистік идеология бізді діннен тым алшақтатып жіберген. Менің дінге берілгім-ақ келеді. Бірақ қандай да бір күмән кежегемнен кейін тартады да тұрады. Шын беріле алмаймын.
Рауза. Мен де сол
Жамал. «Әлһамдулла аллаһаны» күніне сан мәрте айтамын, үйде Алқамбай жоқта дастарханға Құран оқып та жіберемін. Алайда онымның бәрі өзімді разы сезімге бөлемейді. Материалистік көзқарастан алыстай алмаймын.
Рауза. Мен де солаймын.
Жамал. Бұл мәре-сәре райдан біз арыла алмаспыз, сірә. Өйткені кешегі кеңес кезінде шолақ молдалардан жұлып-жұлқып естіген бірдеңелеріміз коммунистік насихат көкейімізге бірік ұялатқан мұраттардың қылына татымайды. Марксизм-ленинизм өтіп кеткен бізден оңған мұсылман шықпайды. Ұлтты сауықтыру жастарды имандылыққа тәрбиелеуден басталуы керек. Ол үшін мектепте араб тілін оқыту, дін сабағын енгізу керек.
Рауза. Сонда қазақтарға үш тұғырлы емес, төрт тұғырлы тіл керек болғаны ма?
Жамал. Әлбетте. Араб тілін білмей, құранда не айтылғанын білу мүмкін емес. Молдалар: «Құранда ілім-білімнің бәрі бар», - дейді. Ол қандай ілім-білім, білмейді, Құран аяттарын басы-көзін шығарып айтқаннан басқаға жоқ. Құран тілі – араб тілі. Араб тілін білмейінше ешкім де Құран сөзіне қаныға алмайды.