Жамал. Алмайды, оқымайды. Оқып, бұзылған өзің бұзыла бер.
Кемпір. Бұл кітапты оқыған адам бұзылмайды, түзеледі, Құдайға сенімі артады, өмірдің мәнін ұғады.
Жас қыз. Міне, мен осыларды оқып дін жолына түстім. Құдайға табынамын.
Рауза. Дін жолына түссең, өзіміздің мұсылман жолына түспейсің бе?
Жамал. Құдайға табынады екенсің, Аллаға табын, тіліңді кәлимаға келтір.
Жас қыз. Мұсылман діні адамға түк те бермейді, мыналар ақша береді. Алла – алыс, аспанда, Исус – жаныңда, суреті бар, сырласып, сөйлесе аласың, арманыңды, мұң-шеріңді айтасың.
Рауза.Шоқынды. Бар! Мұсылманның саны сенімен көбеймей-ақ қойсын.
Кемпір. Гуля, жүр, кеттік. Бұл дінсіздермен сөйлесудің қажеті жоқ. (Жамал мен Раузаға) Сіздер не, Құдайдың жалғыз екенін білмейсіздер ме?
Жамал. Білеміз. Құдай – бір, пайғамбар – хақ. Сендер құдайдан гөрі Исус Христосқа табынасыңдар. Суретіне шоқынасыңдар. Сендер құдайсызсыңдар. Біз - құдайдың құлы, Мұхаммедтің үмбетіміз, мұсылманбыз.
Рауза. Әлі-ақ жер бетіндегі адамдардың бәрі мұсылман болады.
Жамал. Иә, сөйтеді. әзірге ақыл-ойы көп адамдар қабылдап жатыр мұсылмандықты.
Кемпір. Гуля, неғып тұрсың? Тез кету керек, әйтпесе, санаңды улайды бұлар.
Жамал. Барыңдар. Кімнің бас қатырып жүргенін елдің өзі-ақ біледі.
Рауза. Білетін не бар, көше-көшеде уағыз айтып жүрген бұл кезбелерден жұрт әлдеқашан жиіркенетін болған.
Кемпір мен қыз кетеді.
Жамал (екеуінің соңынан жиіркене қарап тұрып). Қарашы-ей мынаны, қаршадай қыздың басын айналдырып қойғанын. Рауза Оразғалиевна, мұның бір ұшы өзімізге келіп тіреледі. Біз жастарымызды дінімізге, имандылыққа жөндеп тәрбиелей алмай жүрміз.
Рауза. Бұдан артық не керек, ертеңді-кеш радио мен телевизияның айтатыны, газет атаулының жазатыны – тіл, діл, дін.