Владимир. Сіз жазылғанша күте тұрайын.
Сәлім. Бара бер, мен өлмеймін, жазыламын. Білгің келсе, айтайын, енді өлсем де арманым жоқ. Менің ұлым халқымның сардары болады. Келші, сүйейін!
Владимир(әкесімен сүйісіп). Папа, мен сенің бүйтіп қуанғаныңды бірінші рет көріп тұрмын.
Сәлім. Балам, ішіме қатқан шемен – Надя екеуіңнің өзге ұлт болып бара жатқандарың еді. Еңсемді зіл қара тас басып, езетін де тұратын. Сен қазақ болдың, мұнда қуанбағанда қайда қуанамын?! Ендігі арман – Надяның да өз ұлтымызға оралғаны.
Владимир. Надя қыз ғой, мамамның ықпалынан шыға алмайды. Табиғат заңы, бала – әкеге, қыз – шешеге жақын.
Сәлім. Сендер үшін талай-талай шыж-быж болғаным оның да санасына бір сәуе ұялатқан шығар, неғыпты?