Рауза(орнынан бір қозғалып қойып). Шешкеніңіз не, олардың сөзімен итім де санасып жатқан жоқ. Жазылған жай жарияланған бетте қалады.
Жамал(аһ ұрып). Қайран компартия – ай, десеңші! Газетте жарияланған бір де бір сынды елеусіз қалдырмаушы еді. Әне, баспасөз сол кезде, төртіншіні айтасың, екінші, ия, компартияның өзінен кейінгі билік болған. Облыстық газеттің редакторы облыстық партия комитетінің идеологиялық хатшысымен теңестірілген. Айлық жалақысы да бізбен бірей болатын. Газеттің сын мақалаларында көрсетілген кінәлілер жазаланып, көтерген мәселелері алқалы отырыстарда, жиындарда талқыланып, іс – шара қабылданып, редакцияға хабарланатын. Қазір енді әкім айтатын көрінеді: газетке сыналып шыққаны да жетеді. Сыналған адам бала-шағасынан, қызметтестерінен, көрші-қолаңынан ұялатын болады деп.