Аманғайша. Берік, мына кісі кім?
Берік. Тәттігүл құдағиың. Зәуренің шешесі.
Тәттігүл. Айтарсың! Құдағи емеспін, болмаймын да.
Аманғайша. Екі жас бір-бірін сүйсе, құдағи болмай қайда барасыз?
Тәттігүл. Екі жас бір-бірін сүйсе... Сонда үлкендер қол қусырып қарап отырмақ па? Берік, Тәттігүлді білмейді екенсің сен әлі. Білесің. Білдіремін.
Аманғайша. Құдағи, не болып қалды соншама шала бүлінетін? Отырыңыз, дәм ауыз тиіңіз.
Тәттігүл. Өздері қаңғып жүріп, дәмшілін қарай көр бұлардың!
Тәттігүл кетеді.
Аманғайша. Сөзі қандай ірі еді мына кісінің?!
Берік. Жасында ұяң еді, бұзылыпты.
Аманғайша. Бұрын білуші ме едің?
Берік. Білемін. Тәттігүл тура Зәуре сияқты талшыбықтай әдемі қыз болатын.
Аманғайша. Бәсе, айтпап па едім, «Бұрынғы біреуіңді тауып алатын шығарсың» – деп. Тауып алып тыныпсың қас пен көздің арасында.