Аманғайша. Менікі не?
Берік. Сенікі – махаббат.
Аманғайша. Онда ертерек кету керек бұл қаладан, әйтпесе сен тағы біреуіңді тауып аларсың.
Берік. Мынауың – қызғаныш.
Аманғайша. Махаббат – бұл.
Берік. Мүмкін. Махаббаттың бір аты қызғаныш болар. Қой, екеуміз бүйтіп бір-бірімізді қажағанша, балалардың қамын ойлайық.
Аманғайша. Балаларға не болыпты?
Берік. Естімедің бе жаңа, Тәттігүл қызын Ерланға жолатпаймын деп қиғылықты салып кетпеді ме?
Аманғайша. Енді қайттік, құдай-ау?!
Берік. Жас келгенде жоқ ырымды бастап торсаңдағанша сөйдемейсің бе бағанадан бері?
Аманғайша. Не істейміз енді?
Берік. Не істеуші едік, әліптің артын баққаннан басқа амал жоқ бізге. Бұл түйіннің шешуі – Ерлан мен Зәуренің қолдарында.
Аманғайша. Мен де солай ойлаймын. Біз – әйелдер елдің басын қатыруға құмармыз. Тәттігүл де сөйтеді енді, біраз дүрліктіреді.
Осы сәт есік қағылады. Берік пен Аманғайша жарыса:
– Кір!
– Кіріңдер! – деседі.
Ішке Зәуре мен Ерлан енеді.
Достарыңызбен бөлісу: |