Тергеуші. Қылмыскерді қайтпекпіз сонда?
Сәлім. Ол қолынан келгенін істеді, жаны жай тапты. Жүре берсін енді өз жөнімен.
Тергеуші. Әрбір жәбірленуші өстіп, сіз құсап көлгірсіп, кеңшілік жасай берсе, қылмыскер қаптап кетер. Адам қылмыс жасаған екен, жазалануы керек.
Сәлім. Жазаң – түрмеге апарып тығып, соттап, колонияның тас бауыр дағдысына көндіктіріп, бұрынғыдан әлдеқайда қатыгез, қарақшы, бандит етіп шығару ма? Қой, аулақ жүр! Менің оны ұстатып бергенім – бір адамның тағдырын тәлкекке салғаным. Солай ұқ та бара ғой, қарағым.
Тергеуші (қасарысып). Жоқ, мен сізден қылмыскердің кім екенін білмей кетпеймін. Онсыз бұл іс менің мойнымда тұрады.
Сәлім. Мен саған айттым ғой, қайталап айтайын, сен қылмыскер атап отырған адам жөнінде мен ешуақыт жақ ашып ештеме айтпаймын. Осымен сөз тәмам.
Тергеуші. Түсінсеңізші, айтқаныңыз, ең алдымен, сіздің намысыңыз, арыңыз үшін қажет.
Сәлім. Ешкімді жауапқа тарттырмай-ақ ардақтауға болады арды. Егер сен білсең, атам қазақ бір-бірін түрмеге жаптырып, соттатып көрмеген. Арға тисе, ат-шапан айыбын, жазым етсе, құнын төлеумен тынған. Соның өзі-ақ жетіп жатқан, бұзық пен содыр жұрт алдында кінәсін мойындап, ондай ағаттыққа қайтіп аяқ баспаған. Ал, сендер ше? Сендердің білетіндерің – соттау. Сөйтіп шын бұзықты да, аяғын шалыс басып алғанды да бір тордың ішіне қамап, «Бір-біріңнен үйреніңдер қатыгез, қаныпезер болуды» – деп жағдай жасайсыңдар. Ақырында болмашы нәрсеге бола түскен жас та, жасамыс та колониядан қулық-сұмдықтың бәрін меңгеріп, нағыз көкжал болып оралады. Осыдан менің қолым сынбақ түгілі, кесіліп тасталса да басқа айтарым жоқ. Қол да, ар да менікі, жоқшысы да өзім. Сендер аулақ жүріңдер, айналайындар!
Тергеуші. Ол сізді газ пистолетімен атқан. Ондай адам ұсталуы керек.
Сәлім. Мейлі, нағыз пистолетпен атсын, мен кесімді сөзімді айттым, бітті.
Достарыңызбен бөлісу: |