Тәттігүл. Сонда да.
Оспан. Ендеше сонда да, мұнда да жоқ.
Тәттігүл. Дегенмен...
Оспан. Өмірдің өз заңымен болатын нәрсеге бола өзеуреудің қажеті қанша екен? Қыз бойжеткен екен, теңі кезіксін. «Теңі табылса, тегін бер» – деген сөз босқа айтылмаған. Әлімнің баласы Зәуренің теңі емес, көп үлкен.
Тәттігүл(күмілжіп). Қайдам?.. Қосылып, көңілдері жарасып кетсе, ғажап емес, жас айырмашылығы түк те етпейді.
Оспан. Тәттігүл, өз қызымызды өзіміз тәлкекке салғанымыз қай сасқанымыз осы? Жақсы атпен қоялық бұл әңгімені.
Тәттігүл. Қойсақ, қоялық. Тоқта... Тағы да бір ойланып көрейік. Қайдам, әйтеуір көңілім біртүрлі орнықпайтын тәрізді. Мен білсем, Әлім жездем бір жауыздық жасамай қоймайды саған.
Оспан. Қанша айтамын, маған десе, тіреп тұрған аспанын тастап жіберсін. Әлім емес, құдайдың көзі түзу болсын де.
Тәттігүл. Жарайды, айтқаның болсын! (Оспанды құшақтап сүйіп алып). Папуасигім менің! Мен сені қалай сүйемін десеңші! Жаным, өлердей сүйемін!