Гифомицеттер қатары (Hyphomicetales). Спора түзу тікелей мицелийде жүреді; оны зақымданған өсімдіктің бетінде өңез күйінде байқауға болады. Бұл қатарға бөлінуі конидиеносцелер мен конидиялардың морфологиясына (тармақталуы, клеткалы болуы, пішіні, түсі т.б.) негізделген көптеген туыстардан тұрады.
Fusarium туысы – конидийлері түссіз, көпклеткалы, орақ тәрізді. Зығырдың солуын қоздырады – F. lini Bolley, асбұршақ ауруын – F. oxysporum Schlecht, астық дақылдарының фузариоз ауруының қоздырғышы – F. graminearum Schw. және басқалары.
Botrytis туысы – конидиеносцылары тарамдалған, конидийлері бір клеткалы, сопақша, конидиеносцыларының ұшында жинақталған. Ең жиі кездесетін түрі B. cinerea Pers – асбұршақ, қызылша, рапс, қырыққабат, сәбіз т.б. дақылдардың боз шірік ауруының қоздырғышы.
Drechslera (Helminthosporium) туысы – конидиеносцылары жақсы жетілген, конидийлері ұзынша, көп клеткалы, зең түстес. Арпаның жолақты дағының қоздырғышы – D. graminea Ito және арпаның торлы дағының қоздырғышы – D. teres Ito осы туысқа жатады.
Cercospora туысы – конидиеносцылары біріктіріп жинақталған, конидийлері ұзын, ұршық тәрізді, түссіз, бірнеше жерден бөлінген. Бұл туысқа қызылшаның церкоспороз ауруының қоздырғышы C. beticola Sacc жатады.
Alternaria, Macrosporium туыстары – конидиеносцылары қарапайым, дара немесе біріктіріп жинақталған, конидийлері шоқпар немесе жұмыртқа тәрізді, қоңыр түсті. Көптеген дақылдардың дақ ауруларын қоздырады, мысалы картоптың макроспориоз ауруының қоздырғышы – M. solani Ell.
Достарыңызбен бөлісу: |