Бет жүйкесінің (нервінің) невриті. Жалпы неврит дегеніміз – бұл жүйкенің қабынуы. Бет жүйкесі невритінің пайда болуына итермелеуші себептер әртүрлі. Ең жиі себеп, әсіресе балаларда, жүйкеге салқын тигізу болып табылады, соның салдарынан организмнің қорғаныс қабілеті төмендеп, инфекциялық процесстің дамуына жол ашылады. Көбінесе невритті қоздырушы инфекция жақын орналасқан инфекциялық ошақтан таралады, мысалы кариеске ұшыраған (құрттаған) тістен, құлақтағы іріңді қабыну ошағынан және т.б. Неврит грипптен, эпидемиялық паротиттен, күл ауруынан (дифтерия) кейінгі асқыну ретінде дамуы мүмкін. Әдетте ауру жедел басталады немесе ол басталмай тұрып алдын-ала белгілер кезеңі болуы мүмкін, бұл кезеңде науқас бетінің аздап ауырғандығын сезеді, сөйлегенде және шайнағанда ыңғайсыздық байқалады.
Аурудың белгісі бір жақ бетінің түк сезбей қалуы мен бұлшық еттері қозғалысының күрт төмендеуі немесе толығымен жойылуы (қатып қалуы) болып табылады (32-сурет). Қатты ауыру сезімі байқалуы мүмкін. Қарап тексергенде беттің зардап шеккен жағында мұрын-ерін қатпарының, маңдай терісінің тегістелгені, көз саңылауының кең ашылғандығы (көз жабылмайды), терісінің ісінгендігі анықталады. Ал сау жағындағы бет бұлшық еттері өз жағына тартып тұрғандай болады да, бет асимметриясы (қисаюы) байқалады. Науқас тісін ақситып көрсетуге тырысқан кезде ауызы сау жағына қарай қисаяды; зақымданған жағындағы ұртын толтыра алмайды. Сонымен қатар ауру жағындағы көз қабақтарын жұма алмайды. Кейде дәм сезуі бұзылады, сілекей бөлінуі артады, аузында сұйық асты ұстауы қиындайды. Зардап шеккен жағындағы көзінен жас ағып тұрады, өйткені жастың кері ағу механизмі бұзылады.
Аурудың ұзақтығы жеңіл жағдайда 2-3 апта болса, кейде, әсіресе ем жүргізілмесе, бірнеше айға дейін созылады.
Бет жүйкесінің невритінің емдеуге көнбейтін және созылмалы сипат алатын түрлері де кездеседі, ондайда пайда болған бұзылыстар (беттің қисаюы және т.б.) кетпей, ұзақ уақыт сақталады. Бұл науқас бет-әлпетінің ұсқынсыздығына әкеп соғады да, әсіресе жасөспірімдерді бірқатар ауыр күйзеліске ұшыратады.