Психикалық дамудың тежелуі. Орталық жүйке жүйесінің органикалық бұзылыстарынан кейін ми қыртысының әртүрлі дәрежедегі кемістіктері болатын кемақыл балалардан басқа, мектеп тәжірибесінде дамуы бойынша артта қалған және үлгерімі төмен балалар да кездеседі. Кейде оларды нағыз кемақылдармен қосып, арнайы мектептерге жібереді. Бұл, әрине, дөрекі медициналық және педагогикалық қателік. Педагогтар мен дәрігерлердің бақылаулары көрсеткендей, арнайы мектепке қабылданған мұндай балалардың даму қарқыны әртүрлі уақыт мерзімінде түзеледі де, олар арнайы мектеп оқушыларының негізгі контингентіне тіпті де сәйкес келмей қалады. Осындай, қате түрде арнайы мектептерге қабылданған балаларды клиникалық-педагогикалық тексеру олардың әртүрлі себеппен психикалық дамудың уақытша тежелуімен науқастанғандығын анықтайды. Бұл көбінесе ми ауруларына шалдықпаған немесе өте жеңіл дәрежеде шалдыққан балалар (мысалы, жеңіл бас-ми жарақаттары, интоксикациялар және т.б.). Арнайы мектептердің оқушылар құрамын тексеру дамудың төменде келтірілген мынандай уақытша түрлерін бөліп шығаруға мүмкіндік берді.
Жеңіл түрде өткен орталық жүйке жүйесінің жарақаттық немесе улану нәтижесіндегі зақымданулардың салдарынан болған астениялы балалар. Бұл топқа көбінесе миды зақымдайтын ауру (орталық жүйке жүйесінің жарақаттары, интоксикациялары) әлсіз дәрежеде өткендіктен қыртыс құрылымдарында айтарлықтай бұзылыстар шақырмаған балалар жатқызылады (қыртыстағы ондай әжептеуір бұзылыстар кәдімгі олигофрениялық синдром беретін энцефалиттер мен бас-ми жарақаттарының ауыр түрлеріне тән болады). Алайда нейродинамика, яғни үлкен ми сыңарларының қыртысындағы физиологиялық процестер, белгілі дәрежеде бұзылған болады. Зерттеулер көрсеткендей, бұл жерде жүйке процестерінің арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы, олардың өту жылдамдығының өзгеруі (лабильдік немесе тез аутқушылық және инерттілік, яғни жылжығаннан кейінгі бір бағаттылық) орын алады. Шартты-рефлекторлық қызметтің қалыптасуындағы кейбір өзіндік ерекшеліктер осыдан болады (мысалы, жасап шығарылған стереотиптердің тез сөнуі). Нейродинамиканың аталған өзгерістері, әлбетте, психикаға да әсерін тигізеді. Әдетте мұндай балаларға сабақ кезінде тез шаршау, зейінінің әлсіздігі мен тез сарқылуы, есте сақтауының төмендеуі, ойлаудың баяулығы тән. Мінез-құлық пен көңілкүй, жігер саласы тарапынан да тәртіптің тұрақсыздығы, қимыл-қозғалыстың сабырсыздығы немесе керісінше, енжарлығы, көңіл күйдің құбылмалылығы, қырсығуға, жылаңқылыққа бейімділік және т.с.с. түрдегі ауытқулар байқалады. Барлық осындай өзгерістер, әрине, балалардың бірінші оқу жылдарындағы үлгеріміне әсер етеді де, балалар әдетте созылмалы үлгермеуші оқушыға айналады, ал жеткілікті терең медициналық тексеру өткізілмеген жағдайда олар кемақылдар қатарына жатқызылып, көмекші мектепке ауыстырылуы мүмкін.
Психикалық дамудағы уақытша тежелулердің осы атап көрсетілген түрлері Ресейлік Ғылыми-зерттеу дефектология институтында жан-жақты зерттелген болатын (А. Р. Лурия, С. С. Ляпидевский және басқалар). Клиникалық және физиологиялық зерттеулер осындай қате түрде көмекші мектептерге ауыстырылып жататын балалардың ішінде екі топты ажыратуға мүмкіндік берді.
Бірінші топтағы балалардағы ерекше назар аударарлық жай – олардың көңілкүй тонусының өте өзгергіштігі, қызығуының тұрақсыздығы, назар тоқтатып жұмыс істей алмауы, көп нәрсенің жадысында сақталмауы, ақыл-ой тонусының тез сарқылуы. Оларда қозу процесінің тітіркенулік әлсіздігімен қатар қыртыстық белсенді тежелудің анық жеткіліксіздігі байқалады. Мұндай балалар ұшқалақ, тынымсыз болады, сыныпта тіпті болмашы тітіркендіргіш әсерінен көңілін басқа нәрсеге өте тез аударады. Ұзақ ойлануға тырысқанымен, ол қолынан келе қоймайды. Мұндай балалардың жүйкелік процестері тез сарқылады да, қосымша жаңа тітіркеністі қажет етеді, оларда стереотиптің қалыптасуы өте қиын болады. Кейде олар жұмысқа тіпті көңіл бұрмайды немесе тапсырманың мән-жайын түсінуден қашқақтап, беткейлі орындауға тырысады. Соған қарамастан, олардың кейбіреуі оқыған кітаптардан (беткей оқыған болса да), көрген кинофильмдерден, ересек адамдардың әңгімесінен және т.б. алынған мәліметтердің айтарлықтай үлкен қорын жадында оңай сақтай алады.
Екінші топтағы оқушылар басқаша ерекшеліктерімен сипатталады. Бұл бұрын өте селқос, баяу, енжар, үлгерімі нашар болған балалар. Олардың дамуындағы оң өзгерістер жүйкелік процестердің инерттілігіне байланысты болған селқостығынан бірте-бірте айрылып, жұмыста белсенділік танытып, сабақта өте ынталанып, қызығушылық көрсетуімен білінеді. Бірақ оларда әлі де бірқатар кемшіліктер қалады, соны өздері жоюға ұмтылғанмен, бұл жерде мұғалімнің белсене араласуы қажет. Бұл кемшіліктер осындай балалардың ойлау жылдамдығы әлі де болса баяу екендігіне сайып келеді, олар қиын тапсырмаларды дұрыс шеше алады, бірақ оны бірден емес, кейде мұғалімнің көмегімен орындайды. Бұл топтағы балалардың сөйлеу мүмкіндіктері де аздап шектелген болады. Түзелуге жақын топтағы балалардың кейбірінде әртүрлі сипаттағы сөйлеу бұзылыстары, көбінесе бұрыс сөйлеу байқалады. Олар әсіресе бейтаныс жағдайларда ұялшақтықтан, өзіне-өзі сенімсіздіктен әлі де болса толық арыла алмайды. Бір кездерде орын алған сырқаттың және мектеп ортасына бейімделу барысында басынан өткерген бірқатар қиындықтардың нәтижесі ретіндегі тұлғаның өзіндік астенизациясы бұл балалардың өзін-өзі ұстауында әлі де біраз із қалдырады. Мұндай балалар өзінің нейропсихикалық күйіндегі кемшіліктерден белсенді арылу жағдайында болатындығы айғақ. Бұл кемшіліктер орталық жүйке жүйесіне белгілі бір әсерлердің болуының нәтижесінде дамығанымен, алайда сапалық тұрғыдан басқаша, кемақылдылықтың тұрақты түрлеріне тән емес бұзылыстар береді.
Бұл балалардың жоғарғы жүйке қызметінің ерекшеліктері, Е. Д. Хомская зерттеуі бойынша, кемақыл балаларды тексергендегі нәтижелерден әлдеқайда өзгеше болады. Олардың сөз түрінде беретін есептері толығымен дұрыс болады. Зерттелген балалар белгілі бір сигнал берілгенде не істеу керектігін жақсы біледі, бірақ тәжірибе қиындатылған жағдайда өздері пайымдаған ережені орындамайды. Әдетте, мұндай балаларда жүйкелік процестердің, әсіресе ішкі тежелудің, әлсіздігі, қозудың, ал сирек жағдайда тежелудің де, кең жайылатын иррадиациясы, жүйкелік процестер механизмдерінің бұзылуы, сонымен қатар іркілу мен инерттілік құбылыстары орын алады. Қарапайым жіктей алу қабілеті, тітіркендіргіштердің реттік орнына беретін реакциясы, сонымен қатар бірінен соң бірі берілген кешенді тітіркендіргіштерге жауап беруі бұл балаларда айтарлықтай жылдам қалыптасады – 2-3 қайталаудан кейін.
Бірақ бұл жағдай сигналдың қарқындылығы мен ұзақтығына қарай дәл жіктей алу қабілетіне қатысты емес, өйткені ол көп мәрте пысықтауды қажет етеді. Зерттелген балалардың бір бөлігінде кең таралатын иррадиация мен ішкі белсенді тежелудің әлсіздігі салдарынан ең алдымен жіктеу қабілеті бейберекетсіздікке ұшырайды. Ал балалардың екінші бөлігінде негізінен тура сондай тәжірибелік жағдайда оң сигналдарға берілетін жауап ретіндегі қимыл реакцияларының тежелуі байқалады, бұл қозу процесінің әлсіздігінің және жүйкелік процестердің қозғалғыштығының бұзылу нәтижесі болып табылады.
Диагноз қою кезінде ақыл-ой кемістігінің түрлерін дұрыс ажырату үшін әртүрлі ақыл-ой кемістігі бар балалардың миындағы электрлік белсенділікті зерттеген кезде қызықтырарлық жай анықталған. Басым көпшілік жағдайда арнайы мектеп оқушыларындағы ақыл-ой кемістігінің түрлерін зерттеу кезінде алынған клиникалық бақылау нәтижелеріне электроэнцефалограмма мәліметтері сәйкес келген. Мысалы, ми зақымдануының ауырлығын (жайылмалы және ошақты түрлері), орналасуының сипатын және т.б. бағалаған кезде кейбір жанама тіркескен байланыс (корреляция) анықталған. Тексерілген кемақыл балалардың көбісінде альфа-ырғағының өзіндік түрі, патологиялық толқындар табылған. Ал көбінесе дамудың тежелуі деп танылатын жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыларда негізінен қалыпты жағдайдан айтарлықтай ауытқушылық байқалмаған.
Ал басқа жағдайларда осы топтағы балалардың энцефалограммасы қыртыстың әртүрлі аймақтарындағы жоғары амплитудалы баяу патологиялық толқындарды көрсетті.
Бұл потенциалдар альфа-ырғаққа жақын болады, бірақ нейронның қызметтік қозғалғыштығының әлдеқайда төмен дәрежеде екендігін көрсетеді және әдетте қыртыстағы анық білінетін тежелудің белгісі болып табылады.
Мұндай балаларды клиникалық және педагогикалық тұрғыдан бақылау кезінде психикалық реакциялардың салбырлығы, тез шаршау, қимыл-қозғалыстың жеткіліксіздігі анықталған, бұл олардың танымдық қызметінің де белсенділігінің төмендеуін шақырады. Жоғарыда айтылғанның барлығы біз осындай балардың бірқатарында ми қыртысындағы жалпы астения жағдайымен кездесеміз деген пікірге итермелейді. Бұл жалпы астения кез келген азғантай күш жұмсағанда қыртыстың шектен тыс тежелу күйіне енуіне әкеп соғады. Бұл жағдай мұндай оқушылардың бүкіл тәртібі мен жүріс-тұрысында сәкес із қалдырады және олардың одан арғы жұмыс қабілеттілігі де осы жағдайға байланысты болады. Осындай балаларда біресе жоғары қозғыштық, жылаңқылық, тітіркенгіштік, қимыл тынымсыздығы байқалса, біресе енжарлық, тежелгендік байқалады. Мектептегі сабақтар кезінде жұмыс қабілетінің нашарлығы мен нәтижелерінің төмендігі әсіресе айқын білінеді. Олар мектеп мағлұматтарын нашар есте сақтайды, әрең жаттайды, ауызша есептеуде қиналады және арифметикалық есептерді шешу олар үшін ауырға түседі. Мұндай балалардың кемақыл балалардан айырмашылығы ең алдымен оларда нашар үлгерім түрінде білінетін психикалық белсенділігінің төмендігі уақытша болатындығында. Біртіндей келе мұндай балалар түзеліп, олардың кейбіреуі қалыпты мектептегі оқуын жалғастырып кетеді.
Қалжырауға әкеп соғатын аурулар нәтижесінде болатын астениялық реакциялы балалар. Оларға, мысалы, анемияны немесе интоксикацияны (айталық, туберкулездік) шақырушы инфекциялармен науқастану салдарынан физикалық әлсіреуге ұшыраған балаларды жатқызуға болады. Әсіресе төменгі сыныптардағы оқушылардың клиникалық-педагогикалық сипаттамасы олардың жүріс-тұрысында нерв процестерінің таусылуы, белсенділігінің, зейінінің төмендеуі, жадысының әлсіреуі негізгі синдром болып табылатындығын көрсететеді. Мұндай оқушылардың үлгерімі жүйелі түрде бұзылып, олар қателікпен кемақылдыларға жатқызылады.
Астениялық реакциялардың өзіндік түрін құлақ, тамақ және мұрын ақаулары бар балаларда байқауға болады. Бұл жерде едәуір білінетін аденоидтары, мұрнының ішінде полиптері бар, нашар еститін ауруларды ереше атап өту керек. Атап кеткен алғашқы екі ауру тыныс алу қызметіне әсер етеді, бұл бас ауыруын, жалпы салбырлықты, тітіркенгіштікті, нашар есте сақтауды шақырады. Кейде мұндай балалардың сыртқы бет-әлпетінде өзіндік тән ерекшеліктері болады – ауызы ашық, бет терісі бозғылт, кейде мұрнынан сөйлейді, түрі абыржыған. Нашар еститін балалардың ерекше невротикалық реакциялары жоғарыда сипатталды. Әдетте мұндай балалардың үлгерімі нашар болады. Кейде соның себептерін дұрыс анықтамау нәтижесінде мұндай оқушылар кемақылдылармен шатастырылып, нашар еститіндерге арналған мектептің орнына көмекші мектепке жіберілген.
Сөйлеу кемістігі бар балалар. Алаликтердің кейбір топтары, сөйлеудің фонетико-фонематикалық жетілмеуі бар балалар (дизартрия) және кекештер мектептегі оқудың бастапқы кезеңдерінде әдетте үлгерімінің нашарлығымен ерекшеленеді. Ойлау мен сөйлеудің арасында тығыз байланыс болғандықтан, сөйлеу кемістіктері бар балалар кейде психикалық дамуында артта қалуы мүмкін. Соның салдарынан мектептегі сабақтардан үлгермейді. Олардың кейбіреуі оқудағы қиындықтар үшін, өзіне деген мұғалімнің және балалар ұжымының қатынасы мен көзқарасы үшін (кемсіту, мазақтау, мұғалімдер мен ата-аналардың жақтырмауы) өте қатты күйзеледі. Мұның барлығы жаралаушы әсер етіп, тұлғаның астенизациялануын тудырады.
Логопедпен сәйкес сабақтар өткеннен кейін мұндай балалар әжептеуір түзеліп, жалпы мектеп жағдайында өзінің құрдастарын қуып жете алады.
Көмекші мектептерде оқу процесі арнайы бағдарлама бойынша жүргізіледі. Ақыл-ой қабілеті төмендеген балаларға қажетті мәліметтерді меңгеруге көмектесетін, педагог-дефектологтар қолданатын бірқатар арнайы тәсілдер мен әдістердің маңызы өте зор. Әсіресе маман-логопед өткізетін, сөйлеу қабілетін дамытуға арналған сабақтардың маңызы аса зор болып табылады.
Қазіргі таңда астено-невротикалық жағдайлардың және ақыл-ой кемістіктерінің алдын-алу мақсатында инфекциялардың, интоксикациялардың, бас жарақаттарының салдарын ерте анықтауға және емдеуге үлкен мән берілуде. Осыған байланысты, балаларды барлық мамандардың диспансерлік бақылауы ұйымдастырылған. Қажеттігіне қарай, стационар жағдайында немесе арнайы мамандандырылған мектепке дейінгі мекемелерде медико-педагогикалық коррекция (түзету) өткізіледі. Ерте жаста әртүрлі сырқатпен науқастанудың және бас жарақаттарының салдарын біле отырып невропатологияның, арнайы педагогика мен психологияның ұсынып отырған міндетті алдын-алу шаралары жүзеге асырылады.