Тайжан А.А., Шубаева Ғ.С., Манжуова Л.Н., Байдосова Д.Қ., Тастемірова Г. Невропатология негіздері. 1-бөлім.-Алматы: Қазақ университеті, 2006.-137 б.
Шубаева Ғ.С. Невропатология негіздері. 2-бөлім.-Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ.-2007.-87 б.
Қайшибаев С. Неврология (1-кітап). – Алматы: ҚР ДСМ С.Ж.Асфендияров ат-ғы ҚазММУ, 1999.
Қайшибаев С. Неврология (2-кітап). Арнайы невропатология. – Алматы: С.Ж.Асфендияров ат-ғы ҚазҰМУ, 2003.
Манжуова Л.Н. Клинические особенности развития детей с ограниченными возможностями. Алматы, 2009 (6 б.б.).
Манжуова Л.Н. Мүмкіншілігі шектеулі балалардың дамуының клиникалық ерекшеліктері. - Алматы, 2010 (7 б.б.).
Умешов А.У. Основы невропатологии (для дефектологических специальностей). – Алматы, 2010.
Менингит – ми қабықтарының қабынуы. Бұл ауруды әртүрлі бактериялар шақыруы мүмкін, бірақ көбінесе кокктар тобы (менингококктар, стрептококктар, пневмококктар) шақырады. Менингиттің ең жиі кездесетін түрі цереброспиналдық менингит болып табылады, оны менингококктардың ерекше тобы қоздырады. Бұл ауру көбінесе қысқы және көктемгі уақытта эпидемиялық өршу түрінде таралады.
Менингококктық инфекцияның көбею ошағы мен таралу көзі жұқтырылған адам болып табылады. Сыртқы ортада аурудың қоздырғыштары (менингококктар) күн сәулесінің, температураның әсерінен тез жойылады. Сау балалардың мұрнының шырышты қабатында олар біраз уақыт сақтала алады, міне осыған байланысты бацилла тасымалдаушылық кездеседі.
Жұқтыру бацилла тасымалдаушының мұрын шырышы онымен қатынас жасаған басқа балалардың терісіне немесе шырышты қабаттарына түскен кезде болады (ойнау кезінде, сүйіскенде, бацилла тасымалдаушы қолданған ортақ сүлгі, беторамал және т.б. заттар арқылы).
Аурудың жедел кезеңіне өзіндік сипаттағы көрінісі тән болады. Әдетте ауру дене қызуының жоғарылауынан басталады, сонымен қатар құсу, терінің бөртуі, қатты бас ауыру ұстамасы, кейде естен тану байқалады (27-сурет).
Науқас адамның айрықша дене қалпында болуы осы ауруға тән белгі болып табылады (28-сурет): Желке бұлшық еттерінің патологиялық керілуіне байланысты басы артқа қарай шалқаяды (желкенің тартылуы), науқас тізе буындарында жартылай бүгілген қалыптағы аяқтарын ішіне жинап алып жатады (Керниг симптомы), тері сезімталдығы жоғарылаған болады (гиперестезия), жарыққа шыдамсыздық байқалады (29-сурет).
Жедел кезеңнің ұзақтығы, аса жедел және созылмалы түрлерін есепке алмағанда, әдетте 1-2 аптаны құрайды, одан кейін науқастың жазылуы немесе өлуі мүмкін. Бұрынғы кезде менингиттен қайтыс болу көрсеткіші 25%-дан 50%-ға дейін еді. Антибиотиктердің және сульфаниламидтік дәрілердің қолданылуына байланысты аурудың ұзақтығы едәуір азайып, өлім көрсеткіші күрт төмендеді. Енді резидуальдық (қалдықтық) құбылыстардың көрінісі жеңілірек дәрежеде білінетін болды.
Менингитке әртүрлі асқынулардың дамитындығы тән. Ол асқынулар аурудың жедел ағым кезеңінде пайда болуы мүмкін немесе ауру біткеннен кейін қалдықтық құбылыс түрінде анықталуы мүмкін. Мысалы, ауру барысында балаларда тырысу ұстамасы пайда болуы мүмкін, бұл патологиялық процесстің тікелей ми затын зақымдағандығын көрсетеді. Қабыну процесі ми қабықтарынан шеткі нервтерге (есту және көру нервтеріне, сирек жағдайда сыртқа әкеткіш және үштік нервтерге) таралып, сәйкес клиникалық көрініс береді. Өте ерте кезеңде – жедел сипмтоматика шыңында – гидроцефалдық синдром дамиды (30-сурет). Ол кейіннен науқастың жасына және сырқаттың ауырлық деңгейіне қарай әртүрлі дәрежеде сақталып қалады.
Соңғы жылдары цереброспиналдық менингиттен соң ақыл-ойдың төмендеуі сиректеу кездеседі; жиірек көңілкүй-жігер саласының және мінездің бұзылыстары анықталады. Сонда да, ерте жаста болған менингиттен кейін ақыл-ойдың жетіспеушілігі әлі күнге дейін кездеседі, бұл қабыну процесінің мидың дамуын тежеуіне байланысты болады. Көңілкүй-жігер саласы мен мінез тарапынан байқалатын ауыр өзгерістер кейде психопатия тәрізді мінез-құлық сипатын алатын жоғары қозғыштықпен, күйіп-піскіштікпен (аффекттерге, яғни ашуға бейімділік) білінеді. Аталған ерекшеліктер ерте жастағы менингиттің ауыр салдарының бірі – су ми – (гидроцефалия) кезінде әсіресе ауыр түрінде көрінеді.
Одан кейінірек жастағы менингиттен кейін дамитын жоғарғы жүйке қызметінің бұзылыстары да бірқатар патологиялық ерекшеліктермен сипатталады. Алайда олар әлсіздеу білінеді. Бұл уақытша сипаттағы және өзіндік астения түрінде өтетін ақыл-ой бұзылыстары: балалар өте алаңғасар болады, басының ауырғандығына шағым жасайды, тез шаршайды, кейде есте сақтау қабілеті төмендейді.
Менингит құлақтығы іріңді қабыну процесінің нәтижесінде де дамуы мүмкін (отогендік менингит). Менингиттің туберкулездік және мерездік түрлері де кездеседі. Бірқатар жағдайларда менингит тек қана ми қабықтарының қабынуымен шектелмей, ми затына да таралып, ол жерде әртүрлі патологиялық процестерді шақырады (менингоэнцефалит).
Менингиттен кейін есту мен көрудің бұзылыстары түріндегі қалдықты салдар байқалатын балалардың айтарлықтай бөлігі арнайы мектептерде оқуы тиіс (кереңдерге, нашар еститіндерге, соқырларға, нашар көретіндерге арналған). Олардың аздаған бөлігі көмекші мектептерге барады. Ал уақытша және жеңіл ақыл-ой бұзылыстары болған балалар сәйкес шаралар жүргізілген жағдайда қалыпты мектепте қалады.
Менингиттің қоздырғыштарының бірі эпидемиялық паротит вирусы болуы мүмкін. Бұл ауруда құлақ маңы сілекей бездерінің аздаған жергілікті қабынуы немесе айтарлықтай ауқымды қабынуы байқалады. Ауру 5 – 10 жас аралығында жиі кездеседі және онымен көбінесе ер балалар ауырады. Ауру жедел өтеді, барлық менингеалдық симптомдар анықталады. Жұлын сұйықтығын тексергенде оның аздап сұйытылғандығы (формалық элементтер санының азаюы) байқалады, сұйықтық мөлдір болады, үлкен қысыммен ағып шығады. 2 – 3 аптадан кейін смптомдар жойыла бастайды, бірақ гипертензиялық синдром және емдеуді қажет етуші астениялық жағдай әлі де болса сақталады.
Түрлі жұқпалы аурулар жүйке жүйесінің қызмет-құрылымдық жағдайына із қалдырады. Әртүрлі асқынулардың дамуы мүмкін. Олардың дәрежесі себепші фактордың (аурудың қоздырғышының) өсіп келе жатқан организмге әсер ету мерзіміне (құрсақ ішілік кезеңде, әлде туғаннан кейін ауырды ма), диагноздың дер кезінде қойылуына және ем шараларының сәйкестігіне байланысты.
Жүйке ауруларының клиникасында әртүрлі сырқаттардың салдары ретінде микроцефалия мен гидроцефалия, ақыл-ой кемістігі (олигофрения немесе кемақылдылық), көрудің, естудің, сөйлеудің, қимыл-қозғалыстың бұзылыстары және басқа да психопатологиялық бұзылыстар қарастырылады.