Мидың құрылысы және қызметі Ми құрылысы жағынан да, атқаратын қызметі жағынан да өте күрделі мүше болып табылады. Ол – организмнің сыртқы ортамен байланысын қамтамасыз ететін басты орталық. Миға сыртқы рецепторлар жүйесі арқылы сыртқы ортадан сигналдар келіп түседі. Дыбыстық, жарықтық, иістік, тактильдік, вибрациялық-кинестетикалық тітіркендіргіштердің сыртқы әлемі біздің миымызға, әсіресе, оның жоғарғы бөлімдеріне (қыртысқа) әсер етіп, шынайы болмыстың сипаты жайлы хабардар етеді.
Сыртқы орта тітіркендіргіштерінен басқа, ми организмнің ішкі ортасынан ішкі мүшелердің жағдайы туралы импульстерді қабылдайды. Осылайша, мидың жоғарғы бөлімдерінде сыртқы және ішкі ортадан түсетін тітіркендіргіштердің күрделі анализі мен синтезі өткізіліп, соның нәтижесінде периферия қызметін реттейтін жауаптық бұйрық импульстері түзіледі.
Тірі адам миының консистенциясы қатты емес, қою болады. Ми сауытының ішінде жатып, ми, әрине осы ми сауытының шар тәрізді немесе созылыңқы (эллипс тәрізді) түрін қабылдайды (3-сурет). Өлі адамның миын зерттеген кезде қолайлы болу үшін оны формалинге салып қатырады, сонда ми тығыздалады. Осындай жағдайда ми құрылысының ерекшеліктерін зерттеу үшін тілік жасаған қолайлы. Ересек адамның миының орташа өлшемдері мынандай: ұзындығы 170-180 мм, ені 140 мм, биіктігі 125-135 мм (Бунак бойынша). Ерлерде мидың орташа салмағы 1370-1380 г, әйелдерде 1250-1270 г болады. Мектеп жасындағы балалардың миының салмағы ересектерге жақындайды. Мидың салмағы мен өлшемдерін зерттеген кезде әдетте ми салмағы мен ақылдылықтың, дарындылықтың байланысы туралы сұрақ туады. Арнайы оқулықтарда атақты адамдардың миының салмағын сипаттайтын сандар келтірілген. Осылай, жазушы И. С. Тургеневтің миының салмағы 2012 г, белгілі математик С. Ковалевскаянікі – 2000г, Д.И. Менделеевтікі – 1800 г, физик Лавуазьенікі – 1700 г болғандығы белгілі. Бірақ, сонымен қатар атағы олардан кем емес кейбір әйгілі адамдардың ми салмағының олардікінен едәуір аз болғаны туралы фактілер де бар. Мысалы, белгілі неміс химигі Либихтің миының салмағы 1350 г болған. Әйелдердің миының салмағы ерлерге қарағанда 120-150 г-ға азырақ болатындығы мәлім. Егер адамның ақылдылығы мидың салмағына байланысты деп есептесе, онда әйелдердің миының толық жетілмегендігі туралы сандырақ қорытындыға келуге болар еді.
Бұл сұрақ бойынша қандай пікірлер айтылуы мүмкін?
Ең алдымен, мидың салмағы мүлдем адамның ақылдылығын бағалауға болатын көрсеткіш емес, адам жан тапсырар кезіндегі жағдайға байланысты (өте ұзақ ауырғанда, қартайып қаусағанда) бүкіл дене салмағын жоғалтқанда мидың салмағы да айтарлықтай дәрежеде азаятындығын айтпағанда. Кейбір адамдарда ақыл қабілеттілігі салыстырмалы төмен бола тұра, ми салмағының жоғары болған жағдайлары да кездеседі. Бұл мидың сұр затының патологиялық ұлғаюымен (мегалоцефалия) білінетін сырқаттық жағдаймен немесе су ми болғанда ми қарыншаларында сұйықтықтың жиналуымен түсіндіріле алады. Сонымен, бұл сұрақты зерттеу мидың абсолютті салмағы да, салыстырмалы салмағы да (ми салмағының дене салмағына қатынасы) интеллектуальдық даму деңгейінің көрсеткіші бола алмайтындығын көрсеткен.
Кейбір халықтардың физикалық конституциясының ерекшеліктерінің де (кез-келген халықтың ішіндегі бойшаңдығы мен ірілігі әртүрлі өкілдері) ми массасының ауытқуында маңызы бар. Осыған жыныстық айырмашылықтың әсерін де жатқызуға болады. Мысалы, әйелдердің ми салмағының салыстырмалы аз болуы олардың интеллектуальдық мүмкіндіктерінің аздығын білдірмейді, қайта заңдылық түрінде олардың қаңқасының, бұлшық еттерінің, ішкі мүшелерінің ерекшелігінен туындайды. Бірақ құрылымдық ерекшеліктерді ғана ескермей, адам миында өтетін жүйке процесстерінің жоғары сапасын, шартты-рефлекторлы қызметтің бүкіл айналымын ескеру маңызды. Одан әрі ақылдылық пен дарын жасырын, табиғаттан аманат етілген механикалық, пассивті қабілеттердің, қайсыбір «алтын қордың» ашылу нәтижесі емес екендігін есте сақтаған жөн. Биологиялық қордағының көбі әлеуметтік әсерлерге байланысты болады. Бұл әсерлердің сипаты, яғни күші, тұрақтылығы өте маңызды. Осының бәрі жүйке жүйесінің түрлерінің қалыптасуына нағыз тікелей қатысты болады және психиканың физиологиялық негізі болып табылатын шартты-рефлекторлық байланыстардың сапасын анықтайды.
Осы мағынада баланы тәрбиелеу мен оқытудың, оны еңбекке баулудың және тәртіпті, жүйелі еңбектің ерекше маңызы бар. Ғылымдағы не өнердегі данышпан туындылар күш салып еңбектенусіз болмайды.
«...Ғылым адамның бүкіл өмірін талап етеді, егер бізге екі рет өмір берілсе, ол да жетпес еді», - деген И. П. Павлов. Ғылым адамнан зор еңбекті, аса жоғары құмарлықты қажет етеді. Біз әдеби классиктердің туындыларын оқып отырғанда олардың табиғаттың жеке құбылыстарына өте әсерлі сипаттама беруіне, жеке кейіпкерлердің күйзелісіне психологиялық талдау жасауының шеберлігіне таң қаламыз. Егер біз ол туындылардың түп нұсқасын көрсек, олардың өте көп түзетулермен, қайта өзгертулермен шұбарланғанын көреміз. Көптеген танымал жазушылар мен суретшілер өз шығармаларының беттері мен суреттерінің эскиздерін бірнеше ондаған рет дұрыстап сызып, жазып, үлкен көркемдік шындыққа жеткілері келген. Мұның бәрі ауыр күш салып еңбектенудің нәтижесі, онсыз не өнер, не ғылым саласында данышпан туындылардың болуы мүмкін емес.
Белгілі бір адамның данышпандығы мен дарындылығында, шамасы, екі қасиет ұйқасады деп санау керек. Бір жағынан – бұл биологиялық қордың (табиғи аманаттың) жоғары сапасы, онсыз аса көрнекті қабілеттердің дамуы мүмкін емес, екінші жағынан – осы адамның алдына қойған мақсатына ұдайы ұмтыла отырып жүргізген өзін-өзі жетілдіру, өзінің қабілеттерін дамыту жұмысының саны мен сапасы.
Адамның миы сұр және ақ заттан тұрады. Сұр заты әртүрлі пішіндегі және өлшемдегі көптеген жасушалардан тұрады. Үлкен жарты шарлар қыртысында 14 миллиардқа дейін жасушалар болады. Мидың ақ заты әртүрлі құрылымдағы талшықтардан тұрады, талшықтардың бір тобы горизантальды, ал кейбір топтары радиальды (сәуле тәрізді) орналасқан.
Ми қанмен молынан қамтамасыз етіледі. Миды қанмен қамтамасыз ету қызметін атқаратын негізгі артериялар болып ішкі ұйқы және омыртқа артериялары табылады. Омыртқа артериялары омыртқаның мойын бөлігінің бойымен көтеріліп, үлкен желке тесігі арқылы бас қуысына кіреді. Оң және сол омыртқа артериялары мидың негізінде бір-бірімен қосылып, жұпсыз ми артериясын құрайды, оның бұтақтары ми жарты шарларының артқы бөлімдерін, мишықты, Варолиев көпірін, сопақша миды қанмен қамтамасыз етеді. Мидың негізінде мидың артқы артериясының бұтақтары мидың ұйқы артериясының алдыңғы бұтақтарымен бірігіп, сақина құрайды (Виллизий шеңбері). Негізгі шеңберден үлкен мидың қалған бөліктерін, қыртыс асты құрылымдарын, мидың тереңдегі қабаттарын қанмен қамтамасыз ететін мидың алдыңғы және ортаңғы артериялары шығады.
Мидың сол жақ жарты шарының қан тамырлар торы көбірек дамыған, демек, ол қанмен жақсырақ қамтамасыз етіледі. Кейбір авторлар бұл жаймен сол жақ жарты шардың салмағының да оң жаққа қарағанда басым екендігін байланыстырады. Ересектерде бұл айырмашылық 12-15 граммға жетеді. Сол жақ жарты шарда ерекше маңызды сенсорлық және моторлық сөйлеу орталықтары орналасқан. Ал оң жақ жарты шарда бұл орталықтар табылмаған. Сондықтан бұрын оң жақ жарты шардың кейбір жерлері мылқау жерлер деп саналды. Қазіргі уақытта дауыс модуляциясының бұзылуы, сөйлеу ырғағының біркелкілігінің, музыкалық қабілеттердің бұзылысы (амузия) мидың оң жақ маңдай бөлімінің зақымдануы кезінде де пайда болуы мүмкін екендігі туралы мәліметтер бар (E. K. Cenn).
Веналық қанның мидан кері шығуы жақсы дамыған веналар жүйесімен қамтамасыз етіледі. Веналық қан ағысының аздаған баяулауы бастың ішкі қысымының жоғарылауына әкеледі. Орталық вена бағанасы Гален венасы деп аталады, ол ішкі веналардан қан жинайды. Мидың көптеген веналары қанды қатты ми қабықшасының жапырақтарының арасында орналасқан вена қойнауларына немесе синустарына алып келеді. Мұндай қойнаулар саны 21, оның 5-еуі – жұпсыз. Синустар қанды мидан ғана жинап қоймай, көз шарасынан, құлақтан, мидың қатты қабықшасынан жинайды. Синустардан веналық қан үлкен мойындырық (яремная) венасына түседі. Артериялар мен веналардан басқа, мида сонымен қатар артериялардың соңғы тарамдалуы болып табылатын өте ұсақ тамырлар – капиллярлар болады. Капиллярлар прекапиллярларға және посткапиллярларға бөлінеді, прекапиллярларда қанның газ алмасуы өтеді, посткапиллярлар веналарға жиналады.
Мида арнайы лимфалық жүйе жоқ. Бұл жүйенің қызметін ми қарыншаларындағы ми сұйықтығы (ликвор) атқарады.
Мидың қарыншалары қуыс болып табылады. Әр ми жарты шарында бір-бір бүйір қарыншадан болады және аралық ми мен артқы мида бір-бір қарыншадан болады (үшінші қарынша және төртінші қарынша, немесе ромб тәрізді ойыс). Бүйір қарыншаларда қан тамыр өрімдері орналасқан, оларға мидың ортаңғы артериясының тармақтары келеді.
Бүйір қарыншалардан жұлын сұйықтығы жіңішке каналдар арқылы үшінші, сосын сильвий су құбыры (водопровод) арқылы төртінші қарыншаға таралады. Жұлын сұйықтығының бір бөлігі орталық арна арқылы төмен қарай таралады. Жұлын сұйықтығының басқа бөлігі мишықтың астындағы тесік арқылы жұмсақ және тор тәрізді қабықша арасындағы кеңістікке, яғни ми мен жұлындағы қабықша асты (субарахноидальды) кеңістігі деп аталатын кеңістікке қарай бағытталады. Жұлын сұйықтығының жиналуы мишық астындағы жоғарғы цистернада және соңғы перифериялық нервтер («ат құйрығы») орналасатын төменгі цистернада болады. Цистерна жұмсақ және тор тәрізді қабықшалардан құралған. Мидың қарыншалары бір-бірімен байланысып қана қоймай, жұлынның орталық арнасымен де қатынасып жатады. Осының бәрі мидың қуыстарында ликвордың еркін айналуына мүмкіндік береді.
Ми сұйықтығы қалыпты жағдайда мөлдір, құрамында мынандай элементтер болады: калий, натрий, кальций, магний, фосфор, азот, оттегі және т.б. Одан басқа оқулу немесе нәрулу, қант, холестерин және аз мөлшерде лейкоциттер кездеседі. Ми сұйықтығының негізгі маңызы жүйке ұлпасындағы тініндегі осмостық тепе-теңдікті ұстап тұруда және жүйке жүйесін секіруге, жүгіруге және тағы сол сияқты кенет қозғалыстарға байланысты сілкінулерден қорғап тұруда болады. Бірқатар авторлар сұйықтықтың қоректік маңызын және мидағы зат алмасудың өнімдерін шығаруға қатысады деп санайды. Патологиялық жағдайда, мысалы қабыну процестерінде қатынасып тұратын тесіктер жабылып, сұйықтық ағып шыға алмай, бітеу қуыста жиналады да, миды қысады, ми өз кезегінде бас сүйегінің қабырғасын керіп, қысым көрсетеді. Егер бұл көрініс бас сүйегінің жеке сүйектері арасындағы жіктері әлі бітіспеген кішкентай балада болса, бас сүйектерінің арасы ажырап, бастың көлемі ұлғаюы мүмкін. Мұндай жағдай су ми (гидроцефалия) деп аталады.
Ми арнайы қабықшалармен қапталған. Үш ми қабықшасын ажыратады – сыртқы қатты қабық, ортаңғы өрмекші ұясы тәрізді торлы қабық және ішкі жұмсақ қабық.
Қатты ми қабығы тығыз дәнекер ұлпадан тұрады, құрылысы талшықты. Оның сыртқы қабаты бас сүйектерінің қабығы қызметін атқарады, ішкі қабаты ерекше бұтақтар құрап, белгілі бір аймақтарда ми затымен бітісіп, бас қуысында мидың дұрыс орналасуын қамтамасыз етеді. Мидың қатты қабығының өсінділері веноздық синустарды құрайды.
Торлы қабық ми затын сыртынан жабады және борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады, қан тамырларына бай емес.
Жұмсақ ми қабығы жұқалтым дәнекер ұлпадан түзілген, қан тамырымен жақсы жабдықталған, және ми қыртысының жоғарғы бөлімдерімен бітіскен. Жұмсақ ми қабығының қан тамырлары қыртыстың жоғарғы бөлімдеріне енеді. Ми затына жабысып, жұмсақ ми қабығы ми қыртысының суретін қайталайды. Торлы және жұмсақ ми қабықтарының арасында жұлын сұйықтығымен толтырылған қабықша асты кеңістігі түзіледі.