Алаш қозғалысы қайраткерлерінің 1916 жылғы қазақтарды тыл жұмыстарына алуға көзқарастары. 1916 жылы жазда бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы басталды. 6 далалық облыстардың барлығында қазақтардың дерлік стихиялы бас көтерулері басталды. Бірқатар ошақтарында көтерілісшілер тылдағы жұмыстарға алынатындардың тізімін жасаған болыс басқарушыларын өлтірді. Патша үкіметі көтерілісшілерге қарсы әскери дивизияларды әкеп төкті. Алаш басшылары қарулы көтеріліске қарсы болып, қазақтар босқа қантөгіске ұшырауы мүмкін деп жарлықты орындауға үгіттеді.
Ресей империясының жоғары органдарымен ымыралық келіссөздер жасасып, халықтың аман болуын бірінші кезекке қойған Алаш жетекшілері тыл жұмыстарына шақыруды түрлі себептермен (шөп шабу мезгілі, күзгі егінді жинап алу, т.б. ) кейінге қалдыра тұрып, тиісті әзірлік жұмыстарын жүргізу қажет деп ұсынды.
Жеке-жеке бұрқ еткен халықтың қарулы көтерілісі Алаш қозғалысы жетекшілерінің идеясына және ұстанымдарына сәйкес келмеді. Қазақ зиялылары эволюциялық жолды таңдап, бейбіт жолмен ұлттық автономияға қол жеткізуді қолдады.
Алаш зиялылары жағдайды талдай келе, тыл жұмыстарына баруды қолдады. Олай болмағанда ел ішінде патшаның жазалау әскері шығып халықты қырып-жоятындығын білді. Уақыт көрсеткендей, көтеріліс барысында қарусыз халық өкіметтің жазалау шараларының құрбаны болды, мыңдаған жазықсыз адам қаза тапты, малдарын тартып алып кетті. Көтеріліс кезінде 3 мың шаруалар, ондаған мың қазақтар қаза тапты, 300 мың адам Қытайға қашуға мәжбүр болды.
Алаш қайраткерлері халықты әскерге баруды, тыл жұмысын істеуге көндірді. Тыл жұмыстарына шақырылғандар кейін 1918 жылы алаш полктер құрамының өзегін қалыптастырады.
1916 жылы желтоқсанда алаш элитасы (көпшілік бөлігі студенттер, дәрігерлер, мұғалімдер, фельдшерлер, аудармашылар) штабы Минск қаласында орналасқан Батыс майданың даласында мобилизацияға ұшыраған жігіттермен араласып барады. Олар тыл жұмыстарына шақырылғандардың құқықтарын қорғау кеңестерін беріп, олардың майдан тылында тұруы мен жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар жасап, азық-түлік, дәрі-дәрмектерін жеткізіп, қолдан келген көмектерінің бәрін көрсетті.
1917 жылы ақпан айында Ә.Бөкейхан Минскідегі Батыс майданының земство және қала одақтары жанынан ашылған бұратаналар бөлімін басқарды. Ол туралы Ә.Бөкейхан өзі де жазады: «Ол жақта қазақ тілін білетін дәрігердің да фельдшердің да көмегі өте маңызды». Батыс майданның және империяның басқа аудандарында жалпы 200 мыңдай қазақ еңбек етті.