Тұрақты токтың электрқозғалтқышы негізгі үш бөліктен тұрады (сурет 6.13, ә). Оларды статор, ротор және коллектор деп атайды. «Статор» (2 және 3) латыншадан аударғанда «қозғалмайтын» деген мағына береді, оны индуктор деп те жиі атайды. Статор (индуктор) қозғалтқыштың сыртқы қорабымен біртұтас бөлікті құрайтын тұрақты магнит немесе электрмагнит болып табылады. «Ротор» (1) латыншадан аударғанда «айналатын» деген мағына береді, оны қозғалатын бөлік деп те атайды. Ротор болат пластиналары жиынтығынан тұрады.
Әр пластинаға рамалардың рөлін атқаратын сырты лакталған мыс сымдары оралады. Сымдардан тұрақты ток өткенде оның төңірегінде туындайтын магнит өрісін болат пластина күшейте түседі. Сөйтіп, статордың магнит өрісімен ротордың күшейтілген магнит өрістері әсерлесіп, электрқозғалтқыштың айналдырушы моментін арттырады.
Жылу қозғалтқыштарына қарағанда электрқозғалтқыштарының көптеген артықшылықтары бар: біріншіден, олардың ПӘК-і 80%-ға жетеді; екіншіден, қолданыс аяларына қарай көлемі кішкентай өте нәзік қозғалтқыштар жасауға болады; үшіншіден, электрқозғалтқыштары дыбыс шығармайды.
Достарыңызбен бөлісу: |