Айнымалы ток деп бағыты мен шамасы периодты өзгеріп отыратын токты айтады.
5. Фарадейдің ашқан жаңалығы техника мен технологияның қарыштап дамуына ұлы бетбұрыс жасады. Солардың бірі – электр тогын өндіретін генераторлар болып табылады. Электр стансыларының барлық түрлерінде айнымалы ток өндіретін генераторлар қолданылады (сурет 6.17, ә). Сонымен қатар жекелеген мақсаттар үшін тұрақты ток генераторлары да шығарылады. Генераторлардың қай түрін алсақ та, олардың барлығы электр тогын өндірудің Фарадей ашқан электрмагниттік индукция принципіне негізделеді. Сондықтан тұрақты ток генераторының құрылымдық элементтеріне қызықпай-ақ, өндірісте жан-жақты қолданыс тапқан айнымалы ток генераторының жұмыс принципі мен құрылымын қысқаша қарастырайық (сурет 6.17).
Егер магнит өрісінде орналасқан өткізгіш раманы (сурет 6.17, а) қолымызбен айналдырсақ, оның бойында индукциялық ток пайда болады. Пайда болған ток раманың екі ұшы жалғанған екі жарты сақина арқылы қозғалмайтын шөткелерге беріледі де, одан әрі тұтынушыларға жетеді. Сөйтіп, үлгі ретінде ұсынған қарапайым генератор қол күшіміздің механикалық энергиясын электр энергиясына түрлендіреді. Міне, осылайша электр стансыларында қолданылатын өндірістік генераторлар да электр энергиясын өндіреді. Ал олардың роторларын жылу электр стансыларында жоғары қысымдағы будың,
су электр стансыларында құлап аққан судың, ал жел электр стансыларында соққан желдің турбиналары айналдырады.
Сонымен, генератор деп механикалық энергияны электр энергиясына айналдыратын қондырғыны айтады.
Өндірісте қолданатын қуатты генератордың (сурет 6.17, ә) айналатын бөлігі ротор күшті электрмагнит болып табылады. Оның орамынан өтетін ток қоздырғыш деп аталатын жеке тұрақты ток көзінен алынады. Қуаты шағын генераторда қоздырғыш қолданылмайды, өйткені оның роторы қызметін тұрақты магнит атқарады (сурет 6.17, а).
Генератордың сыртқы қорабының іш жағына берік бекітілген статор оның станино деп аталатын қозғалмайтын бөлігін құрайды. Статор жұмсақ болат пластиналар жиынынан тұрады. Пластиналар сырты диэлектрикпен қапталған жуан мыс сымымен оралады. Турбина роторды айналдырған кезде статордың орамдарында индукциялық ток пайда болады. Пайда болған индукциялық ток орамдардың екі сырғымалы ұшы жалғанған екі жарты сақиналарға өтіп, одан сыртқы тізбекке қосылған контакт шөткелері арқылы тұтынушыларға шығарылады.
Достарыңызбен бөлісу: |