Психологтың жұмыс бағыттары:
Психопрофилактикалық жұмыстар жүргізудің мақсаты мектеп мұғалімдеріне жүйелі түрде психологиялық кеңестер бере отырып, олардың психологиялық сауатын көтеру. Оқушыларда кездесетін психикалық ауытқушылықтың алдын алу шараларын жүргізу, бала психологиясындағы өзгерістер туралы ата-анаға дер кезінде психологиялық кеңестер беріп, олардың алдын-ала сақтандырып отыру. Мектеп жағдайындағы психопрофилактикалық жұмыстарға жататындар:
- балалардың мектептегі оқуға психологиялық даярлығын анықтау (ес, зейін, ерік, ойлау, сөйлеу, қабылдау т.б.);
- бастауыш сынып оқушыларының мектептегі оқуға тез бейімделуін анықтап, ата-аналар мен ұстаздарға ұсыныстар беру;
- оқушылардың сыныптан сыныпқа көшу барысындағы психологиялық ерекшеліктеріне зерттеу жүргізіп, психологиялық кешеуілдеу мен ауытқушылықтарды анықтап, оны жоюға бағытталған шаралардың бағдарламасын жасау;
- оқушылардың әрбір психикалық үрдістерінің, сезімі мен еркінің, қабілеті мен мінезінің дамуына үзбей зерттеу жүргізіп, ұсыныстар беру;
- арнаулы бағдарламамен жұмыс жүргізуді қажет ететін оқушылар үшін пән мұғалімдерімен бірлесе отырып, арнаулы бағдарламалар дайындау;
- интернат типіндегі мекемелерге қабылданатын оқушылар үшін арнайы психологиялық зерттеулер жүргізіп, олардың өзіндік ерекшеліктерін анықтау;
- оқушылардың тұрмыс жағдайларына, оқу-тәрбие процесінің ерекшеліктеріне (күрделілік, олқылықтар, мұғалімнің өзіне тән психологиясын түсінбеу т.б.) байланысты олардың жүйке жүйесінің бұзылуының алдын алу;
- педагогикалық ұжымда үйлесімді психологиялық ахуалды қалыптастыру, ұстаздар мен оқушылардың, ата-аналар мен ұстаздардың арасында сенімді байланысты қалыптастырып, психологиялық ынтымақтастықты орнату.
Достарыңызбен бөлісу: |