«Менің сөзім» әдісі Ұйымдастыру: ұжыммен жұмыс.
Мақсаты: оқушылардың сабақта алған білім, білігін бағалау.
Сипаттамасы: сыныптан бір оқушы тұрып, сабақтан бүгінгі үйренгендерін қорытындылап айтады. Айтып болған соң, басқа бір оқушының атын атайды. Сөзді сол оқушы жалғастырып, сабаққа рефлексия жасайды. Барлық оқушы сабақты қорытындылауға осы ретпен қатысады.
«Жағымды, жағымсыз, даулы» әдісі Ұйымдастыру: топпен жұмыс.
Мақсаты: оқушылардың сыни ойлау, талдау дағдыларын дамыту, сабаққа қызығушылықтарын арттыру.
Сипаттамасы: оқушылар шағын топтарға біріктіріледі. Әр топ оқылған әңгімені немесе мәтінді «жағымды, жағымсыз, даулы» мәселелерге бөліп, талқылап, өз ойларын(идеяларын) айтады. Содан кейін әр топқа тек бір мәселені бөліп беріп, олар үлкен топқа өз ойларын (идеяларын) ұсынады, ал басқа топтар толықтырып немесе қарсы пікірлер айтуына болады.