Құстардың экологиясы және мінез-құлығы, практикалық маңызы.
Құстардың географиялық таралуы өте кең аумақты алады. Олар дүние жүзінің барлық аумақтарында кеңінен таралады.
Сулы-батпақты жерлердің құстары.
Қазақстанның көз жетпес шексіз аймақтарында барлық табиғи зоналар: тау тундрасы, тайга орманды дала, дала, шөлейт және шөл, таулар мен көл-теңіздер орналасқан. Қазақстандағы көп атаулар даламен, шөлмен және басын ақ қар басқан биік таумен байланысты. Деседе көп адамдар Қазақстанның өте көп көлді ел екенін біле де бермейді, оның территориясында көптеген, 48 мыңнан аса, көлдер орналасқан. Әсіресе олар республиканың солтүстік бөлігінде – орманды дала мен далалық аймақтарда өте көп. Қазақстан көлдерінің жалпы ауданы 49 мың шаршы км-ге жуық. Тұщысу көлдері басым, бірақ суы кермекті және ащы суқоймалары да жеткілікті. Біздің республикамыздағы үлкен көлдер – Каспий мен Арал теңіздері, Балқаш пен Зайсан.
Қазақстан өзендерге, өзектер мен жылғаларға да бай, олар мың-мыңдап саналады. Олардың ішінде үлкендері – Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Есіл және т.т. Сулану сипаты мен су режимінің ерекшеліктеріне қарай өзендер тау және жазық өзендері деп бөлінеді. Көптеген дала өзендер көктемде суға толы, жаздың ортасында құрғап, жекелеген шүнеттер пайда болады.
Қазақстанда батпақты жерлер аз, олар орманды дала зонасындағы солтүстік және шығыс аудандарда басымдау. Тянь-Шань тауларында біршама биіктікте өзіндік ерекшеліктері бар батпақтар – жер бедерінің ойпандау сызды учаскелері түріндегі саздар кездеседі.
Көлдер орнитофаунаға өте бай. Сулы-батпақты жерлердің өкілдері ерекше орын алады, бұлар Қазақстанда тіркелген қанаттылардың жартысынан көбі. Ал саны жағынан бұл топтың құстарына тең келетін ешқандай топ жоқ, көптеген түрлерінің өкілдерінің саны жүз мыңдап және миллиондап есептелінеді. Жазда суқоймаларында құс тіршілігі қайнаған қызық өмір үстінде болады. Көптеген су және сумаңы құстары осында ұялайды, оданда көбі ұшып келу-кету кезеңдерінде дем алады, қоректенеді, жазғы түлеу өтеді. Үлкен көлдерде, Қазақстанда және Сібірдің кең байтақ жерлерінде, ұялайтын, сол сияқты Африка, Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс Азияда қыстайтын құстардың миграция жолдары түйіседі.
Бұл құстардың ішіндегі ең «сушылдары» - су құстары, бұларға маймаққаздар (гагаралар), сұқсырлар, бірқазандар, суқұзғындары, тақтатұмсықтылар (аққулар, қаздар мен үйректер), қасқалдақтар жатады. Бұлардың барлығы да жақсы жүзеді және сүңгиді, бұл ерекшеліктер олардың дене пішініне де әсерін тигізген: денесі сопақтау, қанаттары салыстырмалы түрде қысқа әрі жіңішке, қауырсындануы тығыз әрі қатты. Саусақтарының арасында жүзу жарғақтары болады, олар ескек қызметін атқарады. Құйымшақ безі жақсы дамыған, оның бөліндісімен (секреті) құстар қауырсындарын майлап, оларды су өтуден қорғайды. Қорегін су қабатынан немесе оның бетінен ұстайды.
Сумаңы құстарына құтандар, дегелектер, қоқиқаз, шағалалар мен қарқылдақтар, шалшықшылар, майда сутартарлар, кейбір көкқарғатәрізділер (зымыран), жыртқыштар (балықшы тұйғын, саз құладыны) және торғайтектес құстар (сушылқаралар, наурызектер, айқабақтар, шырылдақтар және басқалары) жатады. Сумаңы құстарының пішіні алуантүрлі болады, бірақ олардың барлығы да су жағалауларында немесе суда қоректенеді және ұялайды.
Дала мен шөл құстары.
Қазақстанда дала зонасы республика территориясының 25 %-на жуығын алып жатыр, солтүстік ендіктің 50-54 градусының арасында орналасқан. Өсімдік ассоциациясында, дала үшін біршама тән, жетекші орында селеу мен бетегенің түрлері алады. Далалық аймақта орманды және бұталы
массивтер кездеседі. Оңтүстікке қарай, солтүстік ендіктің 48-50 градусы аралығын шөлейтті зона алып жатыр, бұл үшін, астық тұқымдасты өсімдіктер мен жусандар және сораңдардың кезектесіп орналасуы тән. Бұл жерде өсімдіктер біршама сиреген. Қазақстанда биік өсімдікті далалар өте аз қалды, өйткені олар құнарлы топырақтарда қалыптасады және бұлар әлде қайда жыртылған. Бұрынғы селеулі даланың орнында еліміздің солтүстігінде кең-байтақ астық егістіктері бой көтерген. Құрғақ далалар біршама жақсы сақталған, бірақ олар өте төзімсіз болып келеді. Республикада олардың ауданы басқа кез-келген елдерден үлкен. Қазақстан далалары әлемдік масштабта осы типтес ландшафтарды сақтау үшін маңызды.
Далалық зонаға тән құстар: ақбас тырна, дуадақ, безгелдек, тарғақ, күйкентай, дала құладыны, дала қыраны, бөдене, ал майда құстардан – дала, түз, қара және аққанат бозторғайлар. Кейбір далалық түрлер өте сирек кездеседі және жан-жақты қорғауды қажет етеді.
Қазақстанда шөлді аймақ өте үлкен территорияны – еліміздің жалпы ауданының 40%-ға жуығын алып жатыр. Топыраққа байланысты шөлдің 4 типін ажыратады: құмды, сазды, қиыршық тасты және сортаңды. Шөл өсімдіктері жамылғысы үшін 2 ерекшелік тән: өсімдік жамылғысы тұтастай болмайды, бір бірінен біршама қашық орналасады және топырақ бетін толықтай жаппайды. Өсімдіктердің негізгі массасын бұталар мен бұташықтар құрайды, ал шөптесін өсімдіктер аз болады, далалы жерлерде керісінше шөптесін өсімдіктер басым болып келеді. Шөл мен шөлейттің тағы бір ерекшелігі – эфемерлер мен эфемероидтардың көп болуы, яғни ерте көктемде пайда болып, тез гүлдеп, тұқым беріп, жазға қарай қурап кететін өсімдіктер мол болады. Осыған орай шөл бейнесі күрт өзгереді.
Көпшілікке кең таныс шөл өсімдігі – сексеуіл, ол бұта түрінде де, кішігірім ағаш түрінде де, бағанасы біршама жуан, биіктігі бірнеше метрге жететін және өзіндік сексеуіл орманын түзейтін ағаш түрінде де өсетін өсімдік. Сексеуіл ормандары заңсыз кесуден жойылып кету жағдайында тұр. Нағыз шөл бұталары – жүзгін, қоянсүйек. Шөл орманының тағы бір типі – тоғай. Тоғай деп шөл өзендерін бойлай өскен, тораңғыдан (теректің бір түрі), жидеден, шырғанақтан, талдан, бөріқарақат бұталарынан, шеңгелден, қамыс өскен телімдерден, жиі гүлшырмауықтармен шырмалған және арасынан ит тұмсығы өтпейтін қалың орманды атайды. Тоғай ормандары өте шашырап орналасқан, Іле, Қаратал, Сырдария және басқа да өзендердің аңғарларында шоғырланған және өзіндік ерекшелігі бар экосистеманың төзімсіз типі болып табылады. Ең алдымен өрттен және малды шектен тыс жоюдан қорғау керек, өйткені бұлардан жас ағаштар үлкен зардап шегеді.
Шөлейтті және шөлді аймақтар үшін құстардың мынандай түрлері тән: жорға дуадақ, тілеміш, дырду, сарысағақ және қалтатұмсық шүрілдектер, қылқұйрық, қабауыр және ақбауыр бұлдырықтар, бәбісек, сары және жасыл боздақтар, үй байғызы, сексеуіл жорға торғайы, сұр тағанақ, шөл және биші шақшақайлар, шөл сандуғашы, шөл құнақ, кіші және сұр бозторғайлар және басқалары. Тораңғы тоғайының құстарының да өзіндік ерекшеліктері болады, бұл орман үшін мықи, шөл жапалағы, қоңыр кептер, аққанат тоқылдақ, көкқарға, сұр көкшымшық, сексеуіл торғайы тән.
Достарыңызбен бөлісу: |