Археоптерикстің жорғалаушыларға ұқсас белгілері:
Мүйізді тұмсықтарының болмауы;
Жақ сүйектерінде тістерінің болуы;
Омыртқа жотасының құйрық бөлімінде 20-ға жуық жеке омыртқалардың болуы;
Төс сүйегінің жіңішке болуы және онда төс қырының болмауы;
Құрсақ қабырғаларының айқын байқалуы;
Алдыңғы аяқтарындағы үш саусақтың жақсы жетілуі және оларда тырнақтарының болуы;
Жамбас сүйектерінің омыртқалармен буын арқылы байланысуы т.б.
Археоптерикстің қазірігі құстарға ұқсас белгілері:
Денесінің қауырсынмен қапталуы;
Алдыңғы аяқтарының қанатқа айналуы;
Жауырын сүйегінің қанжар пішінді болуы;
Екі бұғана сүйегінің доға тәрізді қосылып кетуі;
Жамбас сүйектерінің құрылысының ұқсас болуы;
Толарсақ және табан сүйектерінің тұтасып жіліншік сүйегіне айналуы;
Аяқтарындағы алдыңғы саусағының басқа үш саусағына қарама - қарсы орналасуы т.б.
1980 жылға дейін құстардың арғы тегі археоптерикстер деген пікір болды. 1981 жылы Аргентина жерінен ежелгі құстардың қаңқа қалдықтары табылды. Ол ғылымда энантиорнис деген атпен белгілі. Бұл да кесірткеқұйрықтылар класс тармағына жатады.
1982 жылы Монголия жерінен қазіргі құстарға ұқсас құстардың ежелгі арғы тегінің қаңқа қалдықтары табылды. Бұл ежелгі құсқа амбиортус деген атау берілді.
1994 жылы Қытайдың Ляонин провинциясынан , ал 1996 жылы АҚШ – тың аумағынан табылған ертеде тіршілік еткен құстардың қаңқа қалдықтары да табылды.
Қазіргі кезде ғалымдар құстардың арғы тегі АҚШ аумағынан табылған мезозой заманының триас кезеңіндегі шөгінді жыныстар арасынан табылған ″протоавис" деп аталатын алғашқы құсболуы мүмкін деген пікірді көбірек қолдап жүр. Протоавис Солтүстік Америка аумағында бұдан 225 млн. жыл бұрын, яғни археоптерикстерден 75 млн. жыл ертерек тіршілік еткен. Протоавистердің көп белгілері (төс сүйегінде қырының жақсы дамуы, сүйектерінің қуысты болуы) археоптерикстермен салыстырғанда қазіргі құстарға ұқсас екендігі анықталды. Бірақ, протоавистерде қауырсын болмаған. Сондықтан да, қазіргі кезде ғалымдар археоптерикстерді ежелгі құстардың тұйық біткен тармағы болуы мүмкін деп есептейді. Қорыта айтқанда, протоавистер мен археоптерикстерді қазіргі құстармен байланыстыратын аралық формалар әлі күнге дейін табылған емес.
Құстардың пайда болуында олардың ұшуға бейімделуі ерекше рөл атқарған. Ал, қауырсын жамылғысының пайда болуы құстардың дене температурасының тұрақтылығын қамтамасыз еткен деген пікірлер қалыптасқан.
Құстардың табиғатта да және адам өмірінде де маңызы зор.
Достарыңызбен бөлісу: |