Құстардың бұлшық еттерінің көпшілігі төс сүйегінде орналасқан. Қабырғааралық бұлшықеттер де жақсы жетілген. Құстардың аяқтарындағы 35–ке жуық бұлшықеттер жақсы дамыған. Әсіресе саусақтарын бүгетін бұлшықеттер ағаш бұтағына қонып отыруын қамтамасыз етеді. Жүгіретін құстардың (түйеқұстардың) аяқтарының бұлшықеттері өте жақсы дамыған. Бұл бұлшықеттердің көмегімен жақсы жүгіреді және жауынан қорғанады.
Құстардың асқорыту жүйесінде де өздеріне тән ұшуға бейімделген белгілері бар. Ондай белгілер:
Құстардың жақ сүйектерінде тістері болмайды.
Жақ сүйектерінің сырты әрі берік, әрі жеңіл мүйізді тақташалармен қапталған. Құс тұмсықтары саналуан қызмет атқарады: қорегін ұстайды, қауырсындарын ретке келтіреді, жауларынан қорғанады, қарсыластарына шабуыл жасайды, ұясын салады. Қоректену ерекшеліктеріне сәйкес құс тұмсықтарының пішіні де әр түрлі болып келеді.
Құстардың өңеші ұзын, оның кеңейген жері – ″жемсау″ деп аталады. Онда қорек уақытша сақталады әрі, ісінеді. Кейбір құстарда (кептерлерде, қоқиқаздарда т.б.) жемсаудың сілемейлі қабығынан қою қоймалжың майлы зат бөлінеді, оны әсірелеп "құс сүті" деп атайды. Онымен балапандарын қоректендіреді. Құстардың қарны – безді және етті қарын деп 2 бөлімге бөлінеді. Безді қарында қарын сөлінің әсерінен қоректік заттар химиялық өзгеріске ұшырайды. Ал, етті қарынның қабырғасы едәуір қалың, оның ішкі беті тығыз хитинді затпен астарланған. Етті қарындағы ұсақ қиыршық тастардың әсерінен қоректік заттар сақталады, яғни құстардың етті қарыны тістің қызметін атқарады. Етті қарын өсімдіктермен қоректенетін құстарда (тауықтектестерде т.б.) жақсы жетілген. Құстардың бауыры үлкен.
Құстардың тоқ ішегі бірден клоакаға ашылады, яғни құстарда тік ішек болмайды. Тоқ ішектен түзілген тұйық өскін фабрициев қалтасы болады. Ол құстардағы иммундық жүйенің орталық мүшесі болып, онда В – лимфоцит жасушалары түзіледі. Құстарда қорек өте жылдам қорытылады.
Достарыңызбен бөлісу: |