Ұлттық тарихтың басымдықтары. «ҚР тарихи сана қалыптастыру тұжырымдамасы» (1995 ж.). Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін мынадай міндеттерді атқару керек:
- тарихи ілім-білімнің негізгі-негізгі нысаналарын анықтау;
- тарих ғылымының өтпелі кезеңдегі басты мәселелері мен оны шешудің ықтимал бағдарларын айқындап алу;
- тарихи білім беру мен ағарту ісін реформалаудың жолдарын белгілеу.
Тарих ғылымының болашағын ойласақ, оны әдістемелік жағынан қайтадан жарақтандыру керектігі бірден көзге түседі, бұл үшін әлемдік тарихнаманың әдістері мен амалдарын кеңінен пайдалану қажет. Проблемалық, суреттеп жазу, салыстырмалы, құрылымдық, феноменологиялық, идеографиялық әдістерді, тарихи және сыни тұрғыдан талдауды, аналогиялық тәсілді, т.б. әдіс-амалдарды қолдану-тарихтың түйіңді тұстарына аса бай фактологиялық материалдарды шоғырландыруға жағдай туғызып, белгілі деген тарихи жағдаяттардың өзін жаңаша талдап-түсіндіруге мүмкіндік берер еді, сөйтіп зерттеу жұмыстарына соны серпін туғызар еді.
Тарих ғылымы нақты тарихи жағдайды саралау әдісін колдана отырып, тарихи фактілерді зерттеліп отырған уақыттың көзімен талдап бағалауға ұмтылуы керек. Өткен заман оқиғаларын баяндағанда, тек елдің саяси тарихын, мандай алды саясаткерлердің қызметін әңгімелеумен ғана шектеліп қалмай, сонымен бірге рухани және материалдық мәдениет тарихын барша болмыс-бітімімен толық зерттеген дұрыс. Бұл ретте бұрынғы ұғымдық аппаратты жаңғырту, ескірген әсіре идеологиялық терминологиядан бас тарту қажет.Қазақстанның тарих ғылымы алдында:
- Тарихи ілім-білімнің үзіктігі мен біржақтылығынан мүмкіндігінше арыла отырып, өткен тарихымыздың шынайы бейнесін жасау;
- Ежелгі және орта ғасырлар тарихына баса назар аудару;
- Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихын қайта пайымдау;
- Еліміздің осы заманғы тарихының толғақты мәселелерін зерттеуді күшейту;
- Қазақ диаспораларының тарихын зерделеу;
- Ел тарихы мен оны мекендеген әр түрлі этностар тарихының ара жігін ажырата отырып, Қазақстандағы этностық топтардың тарихын жазуға да жеткілікті көңіл бөлу міндеті тұр.
Қазақстан дамуының жаңа кезеңінде баса назар аударылып отырған жайттардың бірі экономиканы нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру болып табылады.
Елбасы өзінің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам»атты бағдарламалық тапсырмаларында, «Назарбаев университетінде» оқыған лекциясында, «Жас Отан» жастар қанатының ХІ сьезінде сөйлеген сөзінде және басқа да еңбектерінде жаңа ғасыр жағдайында, Қазақстан қоғамы қандай болуы керек, ондағы жастардың орны қандай болуы керек деген сұрақтарға жауап береді. Елбасы біз өркендеуіміз үшін «Жастар өзіне мемлекет не береді деп емес, мен еліме, жұртыма не беремін, мемлекетім үшін не істей аламын деген сауал қоюы тиіс»,- деп талап етеді. Сондықтан біздің әлеуметтік саясат бәсекеге қабілетті және жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға бағытталған ісімізде жастардың белсенділігі, білімділігі мен адал еңбегі керек.
Жаңа онжылдықта елді жаңғыртудың басты нысананың бірі сапалы білімге қол жеткізу, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, ақпаратты технологияны ұтымды пайдалану болып табылады. ҚР-ның Президентi Н.Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларда: «Білім беру әлемдік стандарттарға негізделіп, сапалы бiлiм беруқызметiн көрсетуге қол жеткiзуiмiз көзделіп отыр»…«Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс…», «Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсуі», «Оқу жастарға тек білім беріп қоймай, сонымен бірге олардың әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге де үйретуі тиіс», «Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңғырту үш басты бағыт бойынша жүргені көкейге қонымды: білім беру мекемелерін оңтайландыру; оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту; білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру»,- керектігіне баса назар аударды.
Ақпараттық қоғамның негізгі талабы-студент-жастарға ақпараттық білім негіздерін беру, ақпараттық технологияны интеллектуалды дамуды қалыптастырудың бір жолы ретінде пайдалану, ақпараттық қоғамға бейімдеу. Қазіргі білім беру жүйесінде ақпараттық технологиялар мен компьютерлік коммуникациялар белсенді қолданылуда. Ақпараттық технологияның негізгі мақсаты жастарды қазіргі қоғам сұранысына сай өзінің өмірлік тәжірибесінде дербес компьютердің құралдарын қажетті деңгейде пайдалана алатындай жан-жақты дара тұлға ретінде тәрбиелеу. Ақпараттық технология өңделген, жинақталған ақпаратты білім алушыға жинақталған түрде жеткізу әдістері, технологиясы болып табылады.
«Тарихқа арқа сүйемесе болашақ бұлдыр. Жер шарында мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі күнде тарихи жадыны сақтап қалу – жалпы өзіңді-өзің сақтап қалудың жалғыз жолы». Иә, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің бұл тұжырымымен келіспеуге болмас. Расында тарих – өркениеттің, мәдениеттің, руханияттың, діннің өлшемі екені даусыз.
Осы орайда Елордадағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті. Оған ҚР Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, жоғары лауазымды билік өкілдері, тарихшылар, танымал журналистер мен ғалымдар, жазушылар, белгілі қоғам қайраткерлері қатысты. Жиынның негізгі баяндамасын Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин жасады.
– Бүгінгі Қазақстан – қалыптасқан мемлекет. Біз мемлекет құрудың жаңа белесіне шықтық. Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қоғам дамуының жаңа белесіндегі басты сұрақтарға, атап айтқанда, біз қайда барамыз және 2050 жылы қайда болғымыз келеді деген сұрақтарға жауап береді. Кеңінен қамтып айтсақ, мәселе ел болашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау туралы болып отыр, – деп бастады сөзін Марат Мұханбетқазыұлы. Мемлекеттік хатшының айтуынша, бұл құндылықтар осы заманғы, болашаққа ұмтылған құндылықтар болуға тиіс. Сосын жаһанданып, ұлттық өзгешелігімізді шайып бара жатқан әлемдегі ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға, ұлттың мәдени кодын: тілін, руханиятын, дәстүрлерін, мәдениетін сақтауды қамтамасыз етуге тиіс. «Мәселенің бұлайша қойылуы біздің назарымызды ұлттық тарихты зерттеу мәселелеріне объективті түрде шоғырландырады» деді Мемлекеттік хатшы бұл орайда. Одан әрі сөзінде еліміздің бас идеологы уақыт тарих ғылымының алдына мүлдем жаңа талаптар қойып отырғанын айқын көріп, ұғынуға тиіс екендігімізді атады. Сөз арасында Мемлекеттік хатшы Елбасы тапсырмасы бойынша «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасы жасалатынын атап өтті. «Тарихқа арқа сүйемегеннің болашағы бұлыңғыр. Жер шарында мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі кезде тарихи жадыны сақтап қалу – жалпы өзіңді-өзің сақтап қалудың жалғыз жолы» деп түйді сөзін бұл ретте ол. Сондықтан еліміздің ұлттық тарихының біртұтас бейнесі қалыптасуы керек. Мемлекеттік хатшының пайымынша, қазіргі күні мемлекетіміздің қалыптасқан белесінде біз өз тарихымызды осы заманғы ғылымның биігінен пайымдауға және ұлттық тарихтың бөлінбейтін бейнесін қалыптастыруға тиіспіз. Кеңес барысында Мемлекеттік хатшының өкінішпен атаған мәселесі, ол талай мыңжылдықтарға созылған қазақ этносының қалыптасуы үдерісінің жеткілікті деңгейде зерттелмеуі.
Оның айтуынша, ғалымдарымыз әлі күнге дейін көне түркілік Дешті Қыпшақ даласындағы ертедегі мемлекеттік құрылымдардың құрылуы мен ыдырауы, түркі-қыпшақ жұртының таралу аймағы, Еуразия топонимикасының тарихы сияқты көптеген аса күрделі әрі ауқымды тақырыптарды жаңа әдіснамалық тұрғыдан қарастырмаған. Мемлекеттік хатшының атағанындай, біз тарихтың нақты тетіктерін дәлме-дәл түсінуге тиіспіз.
Екіншіден, өткен күнге объективті қарауымыз қажет. Жиын барысында М.Тәжин ұлттық тарихқа қатысты таяу болашақтағы басымдықтарды бағамдап берді. Атап айтқанда, мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделі мен Мемлекет басшысының ұлттық тарихтың жаңа белесіндегі рөлі ғылыми тұрғыдан байсалды пайымдауды қажет етеді. Пәнаралық зерттеулерді жүзеге асыруда сілкініс жасау қажет. М.Тәжин сондай-ақ бұған дейін ұлттық тарихта шешілмей келген ауқымы жағынан аса үлкен міндеттерді де жеке-жеке нақтылады. Сосын Елбасы қызметінің бірқатар қырларына ғылыми талдаулар жасалуы қажеттігін сөз етті. Елдің даму Стратегиясын ондаған жылдарға алдын ала айқындап және оған болжам жасап қана қоймай, сол жоспарды іске асыра білу – бұл стратегиялық пайымдай алатын саясаткерге тән қасиет. Бұл Мемлекет басшысының алғашқы қыры. Мемлекеттік хатшы маңыз берген Елбасының екінші қыры – айқындылық.
Алқалы кеңес соңында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин жиынды қорытындылап, еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен тарихшылар қауымына нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы тарихты оқытудың осы заманғы және шын мәніндегі ғылыми біртұтас мемлекеттік стандартын жасау керек. Ол стандарт осы заманғы зерттеу тәсілдері мен оқыту әдістеріне негізделуге тиіс.
Біріншіден, Ұлттық тарих қоғамдық ғылымдардың арасында орталық буынға айналуға керек.
Екіншіден, сапалық жаңа деңгейде Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын жасап шығу қажет. Ол тұжырымдама бүкіләлемдік тарихпен тығыз байланыста болуға, Қазақстанның аса ауқымды тарихи үдерістердегі, олардың өзара байланысы мен ғылыми кезеңдену жүйесіндегі орнын анық көрсетуге тиіс.
Үшіншіден, Қазақстан туралы біздегі және шетелдердегі тарихи материалдардың барлығын жинауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлінуі тиіс.
Төртіншіден, орталықазиялық номадтық өркениетті зерттеу маңызды. Себебі қазіргі таңда ол өркениеттің сақтаушысы қазақ этносы болып отыр. Бұл ретте, қазақ этносының археологиясын, антропологиясын, этнографиясын, фольклорын, мәдениеті мен дәстүрлерін зерттеуге күш сала отырып, қазақтардың номадтық өркениетін зерттеу саласында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеулер бағдарламасын дайындауға тапсырма берілді.
Бесіншіден, тарих бойынша сапалы оқулықтар даярлау мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Сондықтан Қазақстан туралы біздегі және шетелдердегі тарихи материалдардың барлығын жинауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлуге тиіспіз.
Біз тарихи артефактілердің (бұл қазіргі заман тарихына да қатысты) барлық негізгі шетелдік қоймаларын ұқыпты зерттеуге, сондай-ақ ол тарихи материалдарды Қазақстанға қайтару мүмкіндігі жөніндегі мәселені қарауға тиіспіз. Ал егер ондай мүмкіндік болмаса, олардың көшірмесін жасатып, болашақта зерттеушілер мен жалпы жұртшылық үшін қолжетімді етуіміз керек» деді Марат Тәжин. Сосын ұлттық тарихты зерделеу бойынша қоғамдық талқылау ұйымдастыру үшін ғылыми тұғырнама құру қажеттігін атап өтті. Бұл жұмысқа қоғам өкілдері мен мемлекеттік органдар тартылады. Мұнымен қатар «Ұлттық тарихтың өзекті мәселелері» ғылыми журналын ашу қажет. Ол онлайн және баспа нұсқасында шығарылады. Бұл өз кезегінде талқылау алаңын құруға мүмкіндік береді.Аталған мәселелердің барлығы бойынша енді ведомствоаралық жұмыс тобының аясында тығыз бірлесе әрекет ететін болады. «Біз өзіміздің тарихымызды жаңғырту үшін жағдай жасай аламыз деп ойлаймын. Ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы биылғы жылдың бірінші желтоқсанына дейін бүкіл проблемаларға негіздік талдау жасап, жаңа көзқарастар мен талдаулар бойынша кең көлемді баяндама дайындап, Мемлекет басшысына ұсынады» деп қорытындылады жиынды Мемлекеттік хатшы М.Тәжин.
. Қазақстан тарихы пәнінің мақсаты мен міндеттері
2. Тарихтағы ақтаңдықтар ұғымының мәні
3. Қазақстан тарихының дерек көздері
4. Қазақстан тарихының кезеңдері
5. Тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасы