26- лекция. Тақырыбы: Торсық тігу технологиясы.
Жоспар
1.Тұрмыстық заттарға қолданатын материалдар.
2.Торсық тігу технологиясы.
Лекция мақсаты: Студенттерді халықтың өнерімен таныстыру, үйрету;шығармашылық жұмыс туралы білім беру және өнер шеберлігін таныту;қосымша әдебиеттерден білім алуға, ізденуге, талдау жасауға үйрету.
Лекция мәтіні (қысқаша) Тұрмыстық заттарға қолданатын материалдар. Қазақ колөнеріндегі көзтартарлықтай бұйымдар түрлерінің бірі – былғарыны батырмалап өрнектеу арқылы жасалған тұрмыстық заттар. Тері илеуші қазақтар ерте кезден бері теріден ат әбзелдері, әйелдер мен еркектердің белбеулері, сандықтарды бууға арналған орамалдар, сонымен қатар әсем өрнектелген ыдыс-аяқтар, түрлері мен көлемдері әртүрлі местер мен торсықтар жасай білген. Ежелгі қазақтарда тіпті шонжарлар арасында сирек ұшырасатын, үй қабырғасына сән беретін тері тұскиіздер жасау дәстүрге айналған. Ал тері тұскиіздер жасау көп уақыт жұмсау, ауыр еңбекпен келетін шеберлік саналатын.
Шеберлер тері бұйымдарды былғарыға жоғары қысыммен рельефті өрнек салу, сонымен қатар оларға осындай тәсілмен жасалған металл табақшалар мен бедерлі қаңылтырлармен жапсырумен безендірген. Киіз бұйымдар сияқты, теріге, металға және тоқыма бұйымдарға да көз тартатын ою-әшекейлер салынған.
Сәндік-қолданбалы қолөнер бұйымдарын жасау үшін иленген жылқы, ірі қара мен түйе терілері қолданылатын. Оларды өңдеу «и» деп аталатын қатты ашыған (божыған, быршыған) сүт өнімдерінің көмегімен жүргізіледі. Жылы суға салып жұмсартқан соң теріні шелдеп (қалған май мен еттен қыру арқылы тазалап), иге бірнеше күн салып қояды. Иде тұрған тері жүні жидіп, өзінен-өзі түсіп қалады. Иден алынған теріні жазып, тұзды жылы сумен жуады да кептіреді. Кепкен теріні егер жұқа болса, қолмен уқалап жұмсартады. Ал ірі мал терісін әбден жұмсарып, пайдалануға жарамды болғанша талқымен (келісапқа ұқсас өңдеу құралы) түйіп, ұрғылайды.
Тері өңдеу өнерінің ерекше түрі оған арнаулы жасалған қалыпты пайдалану арқылы бедер салу. Оған беткейлеріне бірдей (бір-бірінен айнымайтын) бедер салынған, беттестірген кезде бір-бірімен жымдасып, сәйкес келетін, бедерлері өзара кірігетін екі тақтай алынады. «Жағлан» деп аталатын тері сандыққа бедер сондай тәсілмен жасалады. Жағлан ағаштан жасалып, сырты терімен қапталады. Сандықтың алдыңғы жағы мен қақпағына қысу арқылы өрнектелген бедер салынады.
Мұражайда жұрт назарына сирек кездесетін де қайталанбас, теріден жасалған заттар мен бұйымдар, олардың ішінде түрі, көлемі мен өңдеу ерекшеліктері бір-біріне ұқсамайтын тері ыдыстар ұсынылған.
2.Торсық тігу технологиясы.
Тері өңдеудің алуан түрі мен атауы бар: илеу, и жағу, ыстау, құрымдау, жидіту, талқыға салу, т.б. И жағу – тері бетіне ұн, тұз араластырған іркіт жағу (іркіт – сүттің пісіп майын алғаннан кейінгі сары суы), иі қану – терінің иде жатып дайын болу мерзімі, идің әбден сіңу мерзімі, иі болу мерзімі – иі қану уақыты (қозы, лақ, аң терілері жылдам иі болса, құлын, жабағы, тай терілерінің иі қану уақыты ұзақтау болады), иі сіңу – орта есеппен 3-5 күн ішінде идің теріге сіңіп үлгеруі. И – мал терісін өңдеу үшін ашыған іркіттен, айранның сары суынан ұн, кебек, тұз араластырып дайындалған малма. И мен малма атаулары бір ұғымды білдіреді. «Біреу малма сапсиды салып иін» (Абай). Жидіту – жас теріні бүктеп жылы жерге екі-үш күн қою арқылы жүнін түсіру, т.б. Кермекке салу – иден шыққан теріні арнайы жасалған тұнбаға салу, сол арқылы оған қызғылт өң беру. Кермек аталатын тұнбаны емен не талдың қабығын, қарағанның түбін кептіріп, ұнтақтап түйіп, қазанға тұзын татыта су құйып, қабық ұнтақты салып қайнатып әзірлейді, кейде оған жусанның, ерменнің бүрін қосады. Ыстау – жүні қырқылған теріні ағаштың түтініне ұстау, ыс сіңіру (тері ыстау үшін тек қайың мен тобылғы пайдаланылады, өйткені май қарағай, қи, тезек секілді отындардың майы сіңген сабаның қымызынан жағымсыз, қышқыл дәм шығып тұрады; сондықтан илеу мен ыстауға айрықша мән беріледі). Шелдеу – терінің майын, шелін алып тазарту, жұмсарту – талқыға салып, қолмен уқалап теріні жұмсақ күйге келтіру, құрымдау – пештің ысын жинап алып, суға араластырып, теріні біраз уақыт соған салып қойып қарайту.
Бақылау сұрақтары:
1. Кесеқап жасау технологиясын ата?
2. Кесеқап қандай материалдан жасалады?
3. Кесеқап пішімі қандай?
27- лекция. Тақырыбы: Торсық тігу технологиясы.
Жоспар
1.Тұрмыстық заттардың түрлері,тарихы.
2. Кесеқап тігу технологиясы.
.
Лекция мақсаты: Студенттерді халықтың өнерімен таныстыру, үйрету;шығармашылық жұмыс туралы білім беру және өнер шеберлігін таныту;қосымша әдебиеттерден білім алуға, ізденуге, талдау жасауға үйрету.
Лекция мәтіні (қысқаша) 1.Тұрмыстық заттардың түрлері,тарихы.
Халық шеберлері мүйіз өрнегінен сан қилы мәнерлермен құбылта, бір элементке екінші, үшінші элементтерді қосып, молықтырады да, қүлпырған әдемі де мазмұнды композиция жасайды. «Мүйіз» тектес ою-өрнектердің негізі қойдың, арқардың, ешкінің, сиырдың, бұланның, бұғының, қодастың, еліктің мүйіздерін түспалдаудан пайда болған.Шеберлер жаңа ою-өрнектерді тұрмыс тіршілігіне қажетті торсықты тігу арқылы өз дәуіріндегі заман ағымына қарай лайықтап пайдаланып келеді.Қошқармүйіз оюы неше түрі формалаға еніп, қазақ бұйымдарының көбінде кездеседі. Әсіресе киіз үй жасауларының барлық түріне де салып тоқуға болады. Мәселен, текеметтің ортасына “қошқармүйіз” шет-шетіне “тұмар”, “шаршы” немесе “су” оюлары салынады. Мұнысы туған жер төсін толтырған отар-отар қой болсын деген халықтың арман – тілегі, Омыртқа – мал шаруашылығымен тығыз байланысты туған, малдың дене мүшесіне қатысты өрнек. Бұл ою қайраттылықтың, ерліктің белгісі. Ер адамның, батырдың киімінің, кейде құрлардың шетіне салынады. Мұндай оюлардың формасы қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз тәрізденіп келеді де, кейде осы мүйіздің қолтығында қойдың құлағын долбарлаған шолақ мүйіз тәрізді тағы екі буын тұрады. Байқап қарағанда бұдан қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады.
2. Кесеқап тігу технологиясы. Аталған шипалы сусын сақталатын тері ыдыстардың бірнеше түрі бар. Қымызды салқын етіп сақтау мен алып жүруге арналған сондай ыдыстардың бірі – торсық. Өскемен қаласының М. Горький көшесі, № 59 үйдегі орынжайда орналасқан этнографиялық мұражай экспозициясында сүт өнімдерін сақтайтын осындай ыдыс та бар.
Қымыз құюға арналған торсықты Сержан Бәшіров қалпына келтірген. Малдың бітеу сойылған терісінен жасалған, тар мойынды бұл ыдыстың тығыны бар. Сопақша болып келетін оған үлкен қысым арқылы анық көрінетін оюлы бедер салынған. Беткейінің нақ ортасында басты бедер ретінде шеңбер салынған. Бұл шеңбер ежелгі ата-бабаларымыздың бір кезде күнге табынғанын білдіреді. Шеңбердің ішінде «қойдың мүйізі түріндегі екі ою бар. Шеңбердің үстіңде және астыңда жақтауланған «шексіз» және «қиынды» түріндегі екі әшекей салынған. Батырмамен өрнектеудің ансамблін «шексіз» түріндегі әшекей аяқтап, торсықтың бүйірінде өріліп терілген араб әріптерімен жазылған сөздер бар. Бұл ыдыс ХХ ғасырдың 30-шы жылдары жасалған деген болжам айтылады.
Бұл күндері теріден ыдыстар жасаудың көптеген технологиясы назардан тыс қалып, ұмыт болған. Олардың мүлде жоғалмай, біртіндеп өмірге қайта оралуы қазір ортамызда жүрген тері өңдеушілердің ескіні жаңартып, қалпына келтіруге деген талмай ізденістерінің нәтижесі.
Қазақ асүйінің ыдыстары түрлері мен қолданылу аясына қарай әртүрлі болған. Сүт өнімдерін сақтайтын тері ыдыстардың келесі тобына тұрмыста ежелден қолданылатын көнек жатады. Ежелден халық арасына көп таралған бұл ыдыс бие саууға қолайлы болу үшін жатаған цилиндр шелек түрінде жасалады екен. Көнекті әшекей-бедері анық көрінуі және ұзақ мерзім пайдалану үшін оны түйе терісінен әзірлейтін болған.
Бие саууға арналған осындай екі ыдыс қазір Алматыда тұратын, халқымызға кең танымал зергер Сержан Бәшіровтің жеке тарихи жәдігерлер жиынтығынан әкелінді. Мұражайымыздың қоры осы ыдыспен бұрынғыдан да толыға түсіп, келушілерді таңдандыратын көзайымға айналып отыр.
Екінші көнекті Моңғолиядан келген оралман Мүсірбай Тұрымтай тарту етті. Бұл ежелгі тері ыдыс шамамен осыдан 200 жыл бұрын (ХІХ ғасырдың басы) жасалыпты. Халықтың арасында оның қалай әзірленгені туралы қызықты аңыз бар.
ХІХ ғасырдың басында шеруші руының Керімжан Ағайқызы деген қызы керей-абақ руының азаматына тұрмысқа шығады. Жас келіннің енесі қазақ дәстүрі бойынша келінінің шеберлігін сынау мақсатымен өзі түйе терісінен көнектің үлгісін пішіп, тігу үшін Керімжанға береді. Бұл сынақтан сүрінбей өткен ол кейін өзі тіккен осы ыдысты өз келіні Ықия Базарбайқызына, ал ол өз кезегінде Күлшара Садыққызына, ол келіні - осы көнекті мұражайға тапсырушының анасы Бауша Сіргетайқызына мұра ретінде қалдырыпты.
Бір заманда мол болғандықтан көшке жүк артқан кезде кеселердің сынып қалмауы үшін теріден кесеқап та әзірленген. Сержан Бәшіровтің жиынтығындан алынған, бедермен әшекейленген осындай теріден жасалған ыдыс түрінің бір данасы «Алтай» көрме залын әрлендіре түсті. Цилиндр түріндегі, қақпағы бар ол терімен қапталған, іші матамен астарланған ағаштан жасалған. Кесеқап гүл-өсімдік түріндегі әшекеймен және қаңылтыр әшекеймен безендірілген.
Жоғарыда айтылған, адам таңданарлық әрі бірегей көне бұйымдарды біздің мұражайға тапсырған – Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының тумасы С. Бәшіров. Құдай ісмер етіп жаратқан оның суретшілік жоғары білімі бар. Сержан Алматыдағы Жүргенов атындағы мемлекеттік театр-көркемөнер институтын 1991 жылы бітіріп, республикалық көркемөнер колледжінде оқытушы болып істейді. 1998 жвлдан бері Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.
Жерлесіміз, жас кәсіби суретші С.Бәшіровтің еңбектері Астанадағы алтын және бағалы металдар, Мәскеудегі Шығыс халықтары, Варшава қаласындағы Азия және Тынық мұхит мұражайларында сақтаулы. Сержан Қазақстан бойынша 2005 жылы «ЮНЕСКОның Сапа белгісі» сертификатына ие болған бірден-бір шебер.
Саба – тері ыдыстардың ішіндегі ең көлемдісі. Әдетте ол екі-үш жылқының терісінен тігіліп, қымыз бен шұбат сақтауға арналған. Сабаның одан да көлемдісі -- 100 литрге дейін сусын сақтауға арналғаны болған. Жылқы түріне ұқсас оның түбі шаршы болып келіп, мойынына қарай біртіндеп жіңішкере түседі де аузына сусынды пісіп, араластыруға арналған піспегі бар ағаш кеспек кигізіледі. Ыдыстың мойнына жіп тағылады. Ол керегеге немесе сабаны ұстап тұратын тұғырға байлау үшін қажет. Сабаны қоятын арнайы тұғыр (түпқойма) жасалып, көп жағдайда оны дымқылданбауы, жылып кетпеуі немесе желден кеуіп қалмауы үшін кепкен талшыбықтардың үстінде сақтайды. Өйткені онда сақталған сусынның сапасы мен дәмін жоғалтпауы осыларға байланысты. Ыдысты аптасына бір рет тобылғының түтінімен ыстап, мал майымен немесе сары маймен сылайды.
Қымызды алып жүру үшін, әсіресе солтүстік аудандарда жылқының, ірі қараның және түйенің мойын терісінен екі шелек сусын сиятын сүйретпе, ал Жетісу өлкесі мен Қазақстанның батыс аудандарында --тұтас сойылған ешкі терісінен мес жасалады.
Қазақстанның барлық өңірінде қымызды алып жүру мақсатында тері құты – сиымдылығы 10 литрлік тері ыдыс жанторсық пайдаланылады. Ол үшін бітеу сойылған тері қолданылып, оның бір аяғы ағаш тығынмен жабылатын ыдыстың мойыны қызметін атқарады. Жанторсық та баиырмам бедермен және күмістен жасалған қаңылтыр өрнекпен әшекейленеді.
Халық шеберлерінің өзі жасайтын бұйымының қолданылу мақсатын, оны қалай өрнектеуге қандай материалды пайдалануға болатынын жақсы түсініп, оны әзірлеудің жоғары технологиясын терең сезіне білгеніне таңырқайсың. Қазір республикамызда өз халқының ұлттық мәдениетіне, оның қолөнеріне деген қызығушылық артып, ісмерлік пен зергерлік сияқты сирек мамандықтарды игеруге ұмтылушылар саны арта тусуде.
Бұл күндері қазақтың бай көркемөнерлік мұрасы, оның әшекейлеу өнері, онымен шұғылданған адамдардың жоғары техникалық шеберлігі мен алтын қолдары ұлттық мақтанышымызға айланып отыр. Жылжып жылдар өтер. Бірақ мұражай қорларында сақталған қазақ халық қолөнерінің мәдениетін, мәдени мұраларын зерттеушілер саны арта түспесе, кемімесі анық.
Бақылау сұрақтары:
1. Торсық жасау технологиясын ата?
2. Торсық қандай материалдан жасалады?
3. Торсық пішімі қандай?
28- лекция. Тақырыбы: Сөмке тігу технологиясы.
Жоспар
1.Тұрмыстық заттардың түрлері
2. Сөмке тігу технологиясы.
Лекция мақсаты: Студенттерді халықтың өнерімен таныстыру, үйрету;шығармашылық жұмыс туралы білім беру және өнер шеберлігін таныту;қосымша әдебиеттерден білім алуға, ізденуге, талдау жасауға үйрету.
Лекция мәтіні (қысқаша) 1.Тұрмыстық заттардың түрлері
Тулаққа байланысты қалыптасқан дәстүр бойынша ертеректе күйеу жігіт қайын жұртына алғаш келгенде, оны босағаға тулақ төсеп отырғызады екен. Күйеу жігіттің қайынатасының төріне шығып отыруына қақысы болмаған, яғни, бұл күйеу жігітке қойылатын тыйымның бірі. Ел іші болған соң түрлі оқиғалар болып тұрады. Сондай оқиғалардың біріне қатысты «...атаңның төрі тұрмақ көріне кірерсің» деген сөз қалған. Осыған байланысты ел ішінде сақталған мынадай бір аңыз әңгіме бар. Ертеде бір жас жігіт қайынатасының үйіне келгенде, жеңгелері күйеудің астына тулақ төсеп отырғызып қойыпты. Сол үйдің үлкен қабаған иті бар екен, бөтен адамды көріп қалып, арс етіп үріп қалғанда, күйеу жігіт шошып кетіп, төрден бір-ақ шығыпты. Жеңгелері бетін шымшып: «Масқара-ай, күйеу жігіт атамның төріне шығып кетті ғой», – дегенде, ол есік жақтағы төбетті қолымен нұсқап: «Апандай бәлекет арс етіп ұмтылса, атаңның төрі тұрмақ, көріне кірерсің», – деген екен.
Теріден жасалған бұйым түрлері көп болған, соған орай қалыптасқан атаулар да мол: тайжақы, тон, ішік, тізеқап, шалбар, желетке, кеудеше, жеңсе, алшалғы, тымақ, құлақшын, бөрік, алдаспан бауы, айыл, ноқта, жүген, адырна, бау, баулық, белдік, божы, желдік, желкелік, тебінгі, т.б.
Тоқыма бұйым атаулары. Тоқымашылық о бастан-ақ әйелдерге тән кәсіп, өнер түрі болып қалыптасқан. Ол алғаш әйелдердің өсімдіктер мен жүннен тұрпайы киім тоқуынан басталған.
Күні бүгінге дейін тұрмыста алаша, құр, шекпен, кілем тәрізді тоқыма бұйымның көптеген үлгілері кездеседі.
Мақтадан тоқылған маталар бөз, боз, тор, шыт деп аталған. Мал жүнінен де иіріп, жүн маталар тоқылған. Ал жібек маталар Қытай мен Самарқаннан, Ферғанадан тарады.
Алаша деп әртүрлі жіптен өрмек арқылы арқау салып жолақтап тоқылған, көбінесе жерге төсейтін тақыр кілем, төсеніш түрін айтады. Оның түрлері: әрекет // жүн алаша – жүннен тоқылған алаша, кілем шалша – ою-өрнек салып тоқылған алаша, қарала – алашаның жергілікті атауы, терме алаша // терулі алаша – әшекейлеп, өрнек салып тоқыған алаша, мақта алаша – мақта жібінен тоқылған алаша, т.б.
Киіз үй бөлшектерін байлап бекіту үшін және сәндік мақсатпен өрмекпен тоқылған енсіз, ұзын тоқымаларды құр деп айтады. Оның бір тұрі – басқұр – уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тартатын әрі сән беріп тұратын, өрнекті, жалпақтау құр. Дөдеге құр – дөдегенің сыртынан оралатын құр түрі, құрбау – киіз есіктің екі иін бауы, аяққұр – туырлықтың етегін бастырып тартатын құр, тең құр – тең бууға арналған құр, т.б. Бұлардан өзге құрдан жасалған заттар құр белбеу, құр дорба, құр басжіп, құр аяққап, құр қоржын, құр алаша, т.б. деп аталады.
Бақылау сұрақтары:
1. Сөмкеге қажетті материал түрі?
2. Сөмке тігу технологиясы?
3. Былғарыдан сөмке тігу әдіс-тәсілдері?
29- лекция. Тақырыбы: Түкті кілем тоқу технологиясы.
Жоспар
1. Түкті кілем тоқу технологиясы.
2.Композициялық бөлімді талдау.
Лекция мақсаты: Студенттерді халықтың өнерімен таныстыру, үйрету, шығармашылық жұмыс туралы білім беру және өнер шеберлігін таныту, қосымша әдебиеттерден білім алуға, ізденуге, талдау жасауға үйрету.
Лекция мәтіні (қысқаша) 1. Түкті кілем тоқу технологиясы. Әсемдік үшін, сондай-ақ үйдің жылылығын сақтау, дыбысты бәсеңдету үшін пайдаланылатын түрлі-түсті ою-өрнек салып тоқылған бұйым. Кілем бір немесе бірнеше қабатты, түкті немесе тықыр болып келеді. Түкті кілем бірнеше қабаттан тұрады. Мұндай кілемнің негізі және арқауы жекеленген жіптерден, бірақ бір-біріне тығыз орналасқан түйіндерден тұрады. Жіптердің ұшы біркелкі қырқылғаннан кейін пайда болатын қалың түк мұндай түйіндерді көрсетпей жауып тұрады. Түктің ұзындығы 3 мм-ден 18 мм-ге дейін болады. Ол кілемнің қалыңдығын, мықтылығын арттырумен бірге оны жеңіл (барқыт тәрізді үлпілдек) етіп көрсетеді. Тықыр кілем (кілем, палас, сумаха, шпалер, терме алаша және т.б.) бір өріс жібінен бір қабатты екі жақты тығыз етіп тоқылады. Түгі қырқылмаған (түз ақшалы), кейде түгінің жартысы қырқылып, жартысы қырқылмаған аралас кілемдер де шығарылады. Сонымен қатар тоқыма емес (түгі тігілмелі, шыбықшалы, желімді кілемдер), түскиіз, ою-өрнек салынған тері кестелі өрме кілемдер де болады. Дайындалу тәсіліне қарай кілемдердің қолдан және машинамен тоқылған түрлері болады.Мазмұны [жасыру]
Қолдан тоқылған кілем тоқыма станоктарында өндіріледі. Өте берік келеді, күтіп ұстағанда ондаған жылдар бойы, кейде жүз жылдан астам уақыт пайдалануға болады. Қолдан тоқылған түкті кілемді тоқуға жүн (қой, ешкі, түйе жүні), мақта-мата, жібек, зығыр, кендір жіптері пайдаланылады. Қолмен тоқылатын кілемнің түгі ор түрлі бояулы жіптерді әрбір екі өріс жібіне шалу арқылы жасалады. Майда өрнек қажет болғанда бір ғана өріс жібіне түйіледі. Олар көбіне қос шалымды, кейде бір жарым шалымды тұзақша түрінде болады да, ұшы бетіне шығарылып, қырқылып тасталады. Бірыңғай қатар жатқан тұзақшалардан кейін арқау жібін жүргізіп, алдыңғыларына қарай тарақпен нығыздай қағып отырады. Түк үшін жүннен иірілген жіп (кейде жібек жіп), ал өріс және арқау үшін мақта жіп қолданылады. Көбіне ұсақ өрнек жасау үшін өрістік мақта жіп жіңішке жібек жіппен алмастырылады.
Кілем тоқу халықтың өте ертеден келе жатқан қол өнері. Қолдан тоқылған ең бағалы кілемдер СССР, Иран, Франция, Үндістан, Қытай, Болгария, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Польша, Ауғанстан, Түркияда шығарылады, СССР-де қолдан тоқылған ең жақсы кілемдер негізінен РСФСР (Дағыстан АССР-і), Түркменстан, Азербайжан, Грузия, Армення және Қазақстанда шығарылады. Әр халықтың, әр елдің қалыптасқан дәстүр ерекшелігіне қарай кілемнің түр-түсті, ою-өрнегі, оны дайындау тәсілі әртүрлі болып келеді. Сондықтан да кілемдер тоқылған жердің немесе халықтың, тайпаның атымен аталады.
Дүниедегі еі ескі кілем, пазырық кілемі, Алтайда табылған
Түрікмен кілемдері «ушан», «құла» кілемі, «пенди», «гауһар», «иомуд», «бешир» т. б. деп аталады. Негізінен түсі қызыл, геометриялық түзу сызықты өрнектермен әсемделеді.
Кавказ кілемдері «куба», «шируан», «хила», «қазақ», «карабах», «дербент», «микрах», «ахты» т. б. деп аталады. Түрі қызыл, көк, көгілдір, алқызыл, сары, ақшыл түсті болып келеді. Ою-өрнек ретінде гүл, жапырақ, құс, жан-жануарлар бейнесі қолданылады.
Қытай кілемдерінде әртүрлі түстегі балық, жан-жануарлар, мифтік құбыжықтар, айдаһарлар т. б. бейнеленеді. Сондай-ақ лотос, таушымылдық гүлдері өрнектелген кілемдер де кездеседі. Олардың ортасы ою-өрнексіз көбінесе сары, қошқыл көк, алқызыл түсті болып келеді. Тағы бір ерекшелігі — оның түгі кілемдегі ою-өрнекті аша түсетін ыңғаймен ұзынды-қысқалы болып қырқылады. Ою-өрнек түгінің қысқа қырқылуы кілем түрінің Әдемілігін арттыра түседі.
Түрік кілемдері «анатоль», «анкара», «смирна», «бергамо», «брусеа», «ушак» т. б. деп аталады. Гүлді (парсы көлемдеріне қарағанда бір жүйеге түсірілген) және ою-өрнекті болып келеді.
Француз кілемдері «савонарри», «обюссон» типіндегі кілемдерде гүл салынған ою-өрнекті суреттер басымдау болады.
Қазақ кілемдері тоқылу ерекшелігіне қарай — түкті және тықыр; материалына қарай — жібек, масаты, қалы; шығаратын жеріне қарай — Қызылорда, Алматы, Жамбыл; ру үлгілеріне қарай — Адай, Керей, Қоңырат, Үйсін; сондай-ақ қосалқы белгілеріне қарай — шашақты, оқалы кілемдер болып бөлінеді. Қазақ кілемдері түркі тектес халықтар көлемдерінің қазіргі үлгілеріне өте ұқсас.
Негізінен қызыл, қаракөк, сары, күлгін, аспанкөк түстерді қолдану арқылы түрлі ою-өрнектер табиғат көріністерімен ұштастыра бейнеленеді. Қазақстанның оңтүстігінде түкті және тықыр кілемдерді қолдан тоқу дамыған. Олардың негізгі өрнектері — «күмбез», ал жиектерінде текшелі өрнектері «қорған» деп аталып, оны бойлай күлгін түсті «су» өрнегі жүргізіледі. Бұл зәулім күмбезді, тас қамалды, қорғанын қуалай су жүргізілген қалайы елестетеді. Ою-өрнектерді белгілі мазмұнға құру текемет , сырмақ өрнектерінен де байқалады. Кейде ортаңғы гүл-күмбездердің орнына түлкі ілген бүркіт, жан-жануар немесе табиғат көрінісі т. б. бейнеленеді. Геометриялық өрнектер өте басым. Қазақ кілемдеріндегі айшықты ою-өрнек әсері басқа халықтар кілемдерінен де байқалады. Мәселен, кавказ көлемдерінің бірі «қазақ» деп аталады.
1936 жылдан бері ұлттық үлгілерге жаңа мазмұн беруді көздейтін Алматы кілем тоқу фабрикасы жұмыс істейді. Мұнда кілем қолмен де, машинамен де тоқылады. Фабрика әртүрлі мерекелерге арналған, сондай-ақ ұлы адамдардың, көрнекті жазушы, қоғам қайраткерлерінің, мүшелтой иелерінің суреті салынған кілемдер де шығарады. Ал төсеніш, дастарқан т. б. ретінде пайдаланылатын кілемдер республиканың кейбір облыс орталықтарына шығарылады. Машинамен тоқылатын кілемдер сыртқы түрі мен ою-өрнегі жағынан қолдан тоқылған кілемдерден көп өзгешелігі болмаса да беріктігі мен төзімділік жағынан олардан төмендеу. Қолдан тоқылған кілем ұлттық ою-өрнек пен колоритгі ұштастыра пайдаланған өте сапалы бұйым болып саналады.
Машинамен тоқылатын кілемдер негізіне табиғи жіптермен қатар синтетикалық жасанды талшықтар, жүн тәріздес жіптер, химиялық пленка жіптер де пайдаланылады. Кілем тоқылатын жіптің құрылымын зерттеу нәтижесі химия мамандарына өте төзімді полимер материалдарды ойлап табуға мүмкіндік берді. Олар жуан, жіңішке, созылмалы, жеңіл, нәзік, ширақ және ақшыл болып келеді. Түсін жоғалтпау жағынан полиакрилонтрильді талшықты жүннен әлдеқайда төзімді. Машинамен тоқылатын кілемдер түгі тігілмелі тафтинг, тоқымалы, трикотаж, тоқыма-тігілмелі, шыбықшалы киіз, флоки- ровты кілемдерге бөлінеді. Тоқыма кілемдер механикалық тоқу станогында бір түсті немесе әр түрлі түсті болып шығарылады, құрылымы жағынан кілемді көп қабатты мата деуге болады. Түгі тігілмелі тафтині - негізгі тоқымалы, трикотаж, тоқыма-тігілмелі кілемдер жоғары жылдамдықты көп инелі машиналармен тоқылады. Кілем негізі өріс жібінен, астыңғы матадан және латексті астарлан тұрады.
Шыбықшалы киіз. Кілемдер көп қабатты холст тәріздес болып келеді. Флокировты кілемдерді астыңғы материалға химиялық талшықтардан жасалған қысқа түктерді жапсыру арқылы электр өрісінде өндіреді.
Кілемнің көлемі, өрнегі және түр-түсі бөлмені интерьеріне сай (қабырғаның түсі, мебель, портьер т. б. қабы) болғаны дұрыс. Кілемді күту. Кілемді ұқыпты күтіп ұстаған жағдайда ұзақ уақыт пайдалануға болады. Кіре беріске, аяқ астына, дәлізге, холл, вестибюль, баспалдақ, т. б. адамдар көбірек жүретін орындарға төселген көлемдер тез тозады. Сондықтан да оның үстіне жіңішкеле у кенеп мата немесе басқадай материалдар төсеген жөн. Егер бүктелетін кілем болса оның жиегіне іш жағынан кішілеу кенеп қалташалар тігіл, оған жалпақтау металл табақшалар қоятын болса кілемге жиналатын электр-статикалык зарядтар мөлшері азаяды.
Кілемнің тозбауы және әдемілігі мен қылдақтығын арттыру үшін оның астына киіз немесе жұмсақ резеңке салады. Еденге төселетін кілемнің орнын ауыстырыл отырған жөн.
Кілемді төсер алдында еденнің кірін кетіріп, шаңын сүртіл әбден құрғату керек. Төсеген кезде кілемнің жиырылып, бүктеліп қалмауын қадағалау қажет. Тоқыма кілемдерді қатты сыпырғышпен немесе шаңсорғышпен аптасына бір рет тазалайды. Қатты щеткаларды пайдаланбаған жөн. Түгіне қарсы тазалау ға да болмайды.
Кілемді жұмсақ, иілгіш заттармен қаққан дұрыс. Оны ағаш қорғанға немесе кір жаятын арқанға іліп қағуға болмайды, мұндай жағдайда кілемнің арқау жіптері зақымданады. Қағылған кілемнің екі жағынан бірдей сыпырғышпен сүрту керек. Қысты күндері кілемнің түкті жағын үстіне қаратып қар салып тазалаған тиімді. Майысқақ шыбықпен немесе тал сыпырғышиен бірнеше рет орнын ауыстырып таза қардың үстінде әбден тазарғанша қағу керек. Таза жүннен қолдан және машинамен тоқылған кілемдерге қаракүйе мен кілем қоңызы түседі. Олар кілемнің боялған түгін (жасыл түсті кілемдерге түспейді) бүлдіреді. Санитарлық талапқа сай емес дымқыл, шаң басқан және уақытында кептіріліп, желдетілмеген орындарға, кілемнің тазаланбаған бөліктеріне кілем қоңызы, қаракүйе (личинкалары 12 ай шамасында өмір сүреді) түседі. Жүннен тоқылған кілемдерді жазда алдын-ала кептіріп, сосын шиыршықтап бүктен алып қойған жөн.
Тазаланып, келтірілген кілемге нафталин себу керек немесе бүктеген кезде арасына қашықтығын бірдей етіп нафталин салынған дорбашалар (нафталин таблеткалары), «молебой» таблеткаларын салған дұрыс. Кілемді сақтау үшін оны мүмкіндігінше тығыздан бүктеп, сыртынан газет қағазымен орай полиэтилен қапшыққа салып қояды. Кілемді кемінде жылына бір рет «Аэроантимоль», «Супромит сұйықтықтарымен немесе «супрозоль» аэрозольды препаратымен профилактикалық өңдеуден өткізіп отыру керек.
Бұл заттар қара күйені және кілем қоңызының личинкаларын өлтіреді. Жүн тәріздес синтетикалық жіптерден жасалған кілемдер жоғары гигиеналық қасиеттерімен ерекшеленеді әрі шаңсорғышпен жақсы тазаланады. Синтетикалық кілемдердің түкті жағына түскен дақты бірден сумен сүртіл тастаса оңай кетеді. Тұрыңқырап қалған дақты тұрмыс қажетін өтеу комбинатында химиялық тазалау жолымен кетіреді, мұнда көлемді керіп-созуға да болады. Табиғи жіптер мен синтетикалық талшықтардан жасалған кілем және кілем тәріздес бұйымдарды тазалауға «Атта», «Борс», «Золушка — М», «Умка» деп аталатын арнаулы сұйық препараттар шығарылады. Тазаламас бұрын кілем түгіндегі бояулық беріктігін тексерген жөн. Ол үшін ақ матаны алдын-ала дайындалған қоспаға батырыл алып кілемнің елеусіздеу бүрышын тазалап көреді. Егер бояу жұқнаса, оны тұтастай тазалай беру керек. Бояуы шығатын кілемдерге мұндай препараттарды пайдалануға болмайды.
Кілем тоқу – қай халықта да ерекше орын алған кәсіп. Қазақ тұрмысында өрмек тоқумен айналысатын қыз-келіншектер, әйелдер арасынан кілем тоқуды кәсіп еткен шеберлер шыққан. Мал шаруашылығымен айналысқан халқымыздың қол өнері жақсы дамыған. Мал жесе азығы, ішсе сусыны, мінсе көлгі, кисе киімі болған. Мал жүнінен кілем, текемет, тұскиіз, алаша және т.б. жасаған. Соның ішінде кілемге аса зор мән берген. Кілем тоқуда қойдың түйенің жүндері, ешкінің қылы, өріс және арқау үшін мақта жіпті пайдаланады.
Кілем бұйымдарын оқытуда кілемнің шығу тарихын, кілем түрлерін, кілем түстері мен кілемнің қолданылуын ою-өрнектерінің мән мағнасын, оюлардың жасалудағы сырын, кілемді оқушыларға көркемдік білім беру мен жан-жақты тәрбие беру құралы ретінде қарастыруға жағдай туғызу керек. Кілем бетіне түскен оюлардың өзін арнайы сабақта оқытуға болады. Кілем тарихына келер болсақ сонау сақ дәуірінен бастап кілем өнері дамыған. Кілемге өз дәуірлеріндегі оқиғалармен тұрмыс тіршілігін бейнелейтін, сондай-ақ, кілем бетіндегі оюлар арқылы адамдардың арман тілегін де бейнелеп отырған.
Кілем түкті және тақыр болып келеді. Түкті кілемге түк салуға арналған жіп асқан ептілікпен біркелкі, өрмек жібінен сәл жуандау, бірақ бос иіріледі. Бірнеше қабаттан тұрады, оның негізгі арқауы жекелеген жіптер және бір-біріне тығыз орналасқан түйіндер бар. Жіптердің ұшы біркелкі қырқылады да ол қалың түк құрап, әлгі түйіндерді көрсетпей жауып тұрады. Осы түктердің ұзындығы 3 миллиметрден 18 миллиметрге дейін жетеді. Ол кілемнің қалыңдығын, мықтылығын арттырады, оны барқыт сияқты жұмсақ етіп көрсетеді. Ою-өрнектеріне сапасына бояу түріне тұрмыста қолданылуына қарай әр алуан атаулары болады.
Жан-жануарларды сонымен қатар жануарлардың бейнесін кілемге текеметке, зергерлік тұйымдар мен киім кешектерге пайдалану сонау ерте заманнан бастау алғаны бәрімізге аян. Мәселен, ою өрнек салу андронов мәдениеті, сақ дәуірінен кездесетінін және өте ұқыпты әрі өте шебер жасалған. Андронов мәдениетінде мал жүнін иіріп, киім тоқыған, әйелдер құлақтарына қола сырға мойындарына өңіржиектер, кейде оған алтын моншақтар тізіп салатын болған. Сақ дәуіріндегі алтын адамның үстінен жан жануарлардың бейнесі табылған. Сақтар арасында зергерлік өнер мейлінше жетіліп, биік деңгейге көтерілген. Зергер шеберлер алтын, күмісті балқытып құюмен таныс болған.[2]
2.Композициялық бөлімді талдау. Ою салу өнері сонау тас ғасырынан бастау алады. Қазақ жерін мекендеген тайпалар мен халықтар ою-өрнекті кеңінен пайдаланғандығын біз қазба барысында табылған заттардан біле аламыз. Сақ заманынан табылған әшекей бұйымдарда зергерліктің терең дамығанын анық көреміз.
«Әзірет Сұлтан» мемлекетттік тарихи мәдени мұражайындағы есептік номері ӘСММ кк 2437 кілемі жөнінде әңгіме қозғағалы отырмыз. Көлемі 360 х 210. Түкті кілемге жатады. Кілемнің ортасында үш үлкен шатыргүлі бар. Шатыргүлдің ішінде өрнектермен қатар сегіз қырлы дөңгелектің ішінде «қошқармүйіз» бар, шеттерінде кіші ромбылар өрнектелген. Сонымен қатар, кішкене гүлдер салынған. Шатыргүл кілем тоқу технологиясы жағынан шигүл, шешенгүл, пәтінісгүл, самаурынгүл кілемдеріне ұқсас, салынатын түрлері құрамалы болып келетін кілем түрі. Шатыргүлдің ішінде төрт жаққа бағытталған төрт қаңқа бейнесі бейнеленген. Бұл төрт құбыламыз тең болсын дегенге саяды. Негізінен қаңқа кілем, алаша, басқұр бау т.б. тоқыма бұйымдар негізінде өрнек ретінде салынды.
Шатыргүлдің сыртында ақ, қара түсті жұлдызшалар орналасқан. “Жұлдыз” бұл өрнек геометриялық сынық сызықты тұспалдайды, кейде жұлдыздың натуралдық қалпын кестелейді. Жұлдыздың бейнесі композицияланған ою-өрнектердің ортасында кездеседі және бес жұлдыздың бейнесі ап-анық көрініп түрады.
Шатыргүлдер бірі қызыл, енді бірі жасыл түсті. Екі шатыргүлдің ортасында үшбұрышты су ирегі бар. Яғни «тұмарға» ұқсас болып келген. ”Су өрнегі” деп әрбір өрнекті бөліп тұрған жолақты жай айтады. Су өрнегі екі қатар сызық аралығында ирек сызық жасай отырып, дөңгелек, төртбұрыш бейнелерді жасайды. Бұл ою-өрнекті “бессаусақ”, кейде “бесгүл” деп те атайды. Мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқының көшпелі өмір салтымен байланысты туған. Қошқармүйіз оюы неше түрі формалаға еніп, қазақ бұйымдарының көбінде кездеседі. Әсіресе киіз үй жасауларының барлық түріне де салып тоқуға болады.
Мәселен, кілемнің ортасына “қошқармүйіз” шет-шетіне “тұмар”, “шаршы” немесе “су” оюлары салынады. Мұнысы туған жер төсін толтырған отар-отар қой болсын деген халықтың арман – тілегі, қаңқа – мал шаруашылығымен тығыз байланысты туған, малдың дене мүшесіне қатысты өрнек. Бұл ою қайраттылықтың, ерліктің белгісі. Ер адамның, батырдың киімінің, кейде құр киіздің шетіне салынады. Ертедегі адамдардың ұғымынша дүниенің жаралауына төрт зат негіз болған: от, су, ауа, тау т.б. Су оюының негізінде “ирек”, “тасқын”, “дария” оюлары қалыптасты. Дария – дархандылықтың символы. Су оюы көбнесе кез келген бұйымының жиектеріне және бұйым ішіндегі тармақтарда кездеседі. Шатыргүлдің қақ ортасында сегіз бұрыш, оның ішінде төрт бұрышынды төрт кереге көз және қошқармүйіз өрнегін пайдаланған. Ромбы бұл кереге көзі, мұндағы айтпақ ойы киіз үйдің іші сырты толы мал және жегеніміз ет болсын дегені, қаңқа мал етін жегенен кейінгі сүйегі. Ал су ирек арқылы жасалған тұмар мал жанды тіл мен сұқтан сақтасын дегенді білдіреді. Шатыргүлдің төрт жағында «Төртгүл» бейнеленген.
«Төртгүл» және «үш гүл». Бұл өрнектер тобына үшбұрыш, төртбұрыш болып келетін геометриялық фигуралардан құралатын кілем, кесте, құрақ өрнектер жатады. [4] Дәл осы фигура Қ.А.Ясауи кесенесінің сыртқы жағында бейнеленген. Түркістан өңірінде кесенеде кездесетін ою өрнектерді жергілікті тұрғындар кілемге, кестеге, текеметке, тұскиіздерге түсіріп отырған.
Оның ішінде “қошқармүйіз”өрнектелген. “Қошқармүйіз” ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келіп, оның қолтық тұсынан қойдың құлағын долбарлайтын тағы бір шолақ мүйіз тәрізді екі буын шығып тұрады. «Қошқармүйіз» ою-өрнегі – байлық пен молшылықтың нышаны.
Қазақтың ұлттық ою өрнектері арасында «қошқармүйіз» өрнегі өте көп ұшырасады. Шиге тоқылған «қошқармүйіз» тік, кестеге тігілгенде доғалданып келеді. Себебі қарапайым ғана тақыр кілемде өрмекке өрнекті шеберлеп салудан гөрі тік қайтару ыңғайлы «Қошқармүйіз» өрнегі көп жерлерде пайдаланылады. Мәселен үй құрылысында, көше тратуарларында, киімдерде, бас киімде, кітап журналдарда да әсемдеу мақсатымен өте көп қолданылып жүр. Ертеректе ата бабаларымыз бұл ою түрін ер жігіттерге басымырақ салған. Себебі ержүрек, батыл, өжеттікті бейнелейді деп түсінген.
Кілемнің төрт жиегі бар. Бірінші жиегінде қиғаш сызықтар, екіншісінде сары, қызыл, ақ, жасыл түсті гүлдер салынған. «Гүл» ою өрнегі барлық гүл түрін тұспалдайды. Бұл өрнектің түрі қолөнер бұйымдарында үш жапырақтан басталып, он екі жапырақты ою өрнекке дейін кездеседі. Гүл оюларының өзінде де халықтың дана ойы жататынын мынадан байқаймыз: гүл мен гүл түйнегінің айқаса бірігіп салынуы – бірлікті, елдің ынтымақты болуын меңзейді. Ертеректе тұрмысқа шыққан қыз біршама уақыттан кейін еліне сәлемдеме жіберген. Кестеде бояулары қанық әсем гүлдердің құстың суреті бейнеленсе қыздың ата анасы қызымыздың жағдайы жақсы екен деп түсінген. Гүлдей жайнап, құстай еркін жүргенін аңғарған. Ал бейне анық емес, бояуы түсініксіз кесте келсе қызымыз қиыншылық көріп жүр деп білген. Кілемде ою-өрнектерді құрастыруда өсімдіктер мен гүлдердің суретін қолданған. Осындай өрнектер әлем халықтарының мәдениетінде көп кездеседі. Өсімдікті оюлар қазақтың қолданбалы шығармашылығында лайықты орын алады. [6] Олар-жапырақтар, жапырақшалар, үш жапырақты өсімдіктер, бітеугүлдер және гүлдер болып келеді. Өсімдік тектес өрнектердің кейбірі жайлауды, арманды жерлерді, саялы жеміс ағаштарын, биік бәйтерек, қалың шырмауықты, гүл-бәйшешекті, және т.б. меңзейді.
Кілемнің келесі жиегінде «сынықмүйіз» орналасқан. “Сынықмүйіз” морт сынған тік төртбұрыш жасап, төрт рет ішке қарай иіледі. Бұл ою-өрнек кілемдерді, шилерді, басқұр мен алашаларды, сондай-ақ әртүрлі қалталарды безендіру үшін пайдаланылады, ал сырт көрінісі малдың сынған мүйізіне ұқсайды. Кілемнің төртінші жиегінде «И» әріпіне ұқсас ирек сызықтар түскен. Бұл отау бейнесіне ұқсас. Бір қарағанда тау қыраттарының бейнесіне келеді. Тау оюы қолөнер бұйымдарының жиектеріне салынады, мәңгіліктің, күш-құдіреттің символы. Қариялардың «таудай бол» деп бата беруі де тектен тек емес. Шашақ қалдыран. Кілемге шашақ салынуы да сәнділіктің бір түрі. Жоғары жағында 1967 ж. деген жазуы бар. Яғни бұл кілемнің жасалған жылы. 1960-1970 жылдары оңтүстік өңірде кілемнің тоқылған жылы мен кілем арналып тоқылған кісі есімі жазылуы дәстүрге айналған болатын.
Бұл кілемдегі өрнектерде өсімдік тектес, зооморфтық, космогондық, геометриялық оюдың барлығының түрлері кездеседі. Ата-бабаларымыз ою-өрнекте адамға күш беретін магиялық күш бар деп сенген. Сол себебептен кілемге, жихазға, киімге және т.б. бұйымдарға ою-өрнекті молынан пайдаланған.
Қорыта келгенде кесене қорында сақтаулы тұрған кілемдеріміз құнды да тарихи жәдігерлеріміз болып табылады. Бұл кілемдердің көпшілігі кесенеге арнайы тоқылған және де құнды жәдігерлерімізді сақтап қалу мақсатында қала тұрғындарынан сатып алынған. Қазіргі уақытта халқымыздың өркендеп өскен мәдениетіне лайықты кейбір ою элементтері өзінің бастапқы мәнін жойып, жаңаша мағынада дүниеге келіп отыр. Бұл ою өнерінің өзіндік құнын жойғаны емес, керісінше жаңа бағыт алып жаңаша өріс алғанын көрсетеді. Қазақы оюланған кілемдерімізді туристерге ұлттық мақтаныш, ұлттық мұра ретінде ұялмай ұсына аламыз. Ұлттық мұрамызды жас ұрпақ ұмытпауы үшін теледидарлардан насихатталып, жоғары оқу орындарында, мектепте еңбек сабақтарында үйретілсе деймін. Сонда ғана ұлттық құндылығымызды сезінер еді. Алайда бұл кілем тоқу өнері мүлдем құрып барады деген сөз емес. Ауылды жерлерде кілем тоқу үрдісі жалғасуда. Келешекте де құнды жәдігерлерімізді сақтап, келешек ұрпаққа бұзбай жеткізу бүгінгі біздің міндетіміз деп білемін.
Түркістан өңірінде тоқылған кілемдер басқа аумақтарға қарағанда өзгеше өрнектермен тоқылған. Мәселен оюөрнектермен қатар гүл тектес өрнектер, жан- жануарлардың құстардың бейнелері де өз үйлесімін тауып, астасып жатыр. Пәтінісгүл өрнегімен тоқылған кілем басқа өңірлерден кездесе қоюы қиын. Кілем тоқу өнері сан ғасырлардан бері келе жатқан қол өнер түрі. Осы қол өнер түрін жоғалтпай дамытуымыз керек. Бүгінгі таңда кілем өз орынын жойған жоқ. Бір өкініштісі қолдан тоқылған кілемдер сұранысы азайып, машинамен тоқылған араб, түрік, парсы кілемдерін тұтыну сәнге айналып барады. Ал қолдан тоқылған кілемдерді, кілемді бағалай білетін адамдардың үйлері мен мұражайлардан ғана көре алатын болып барамыз. Оңтүстік өңірде қол кілемдерді бағалағанымен, ірі қалаларда бұл кілем түрлерін қолданыстан алып тастаған. Көпшілікке топырақ шаша да алмаймыз, мүмкін қол кілемдерді ата баба көзін көрген деп сақтаушылар да бар шығар. Осы себептен де кілім тоқу өнерін негізінен жолға қоюымыз керек. Студенттер мен оқушыларға дәрістер берілсе игі болар еді. Халық арасындағы «Үй жасауы – кілем» деген сөздің өзі-ақ оның қазақ тұрмысында қаншалықты орын алғанын көрсетеді. Кілемді алтын, күміс бұйымдармен бірге байлықтың, баршылықтың белгісі деп санаған. Кілем қыз жасауының елеулі құрамына кірген; сыйлы қонақтарға арнап кілем төсеу, кілем төсеп қарсы алу, көшіп-қонғанда салтанаттыққа түйеге кілем жабу сияқты дәстүрлермен бірге оны құн төлеуге, сый-сияпат жасауға да пайдаланған. Кілем тоқу – қай халықта да ерекше орын алған кәсіп. Қазақ тұрмысында өрмек тоқумен айналысатын қыз-келіншектер, әйелдер арасынан кілем тоқуды кәсіп еткен шеберлер шыққан. Оларды кілемші деп арнайы бөліп атаған. Тоқымалық кілемдерде Енесей және көне түрік әріптеріне ұқсас өрнектер жиі кездеседі, тіпті кейбіріне зер сала қарасақ, Орхон жазуларына ұқсас өрнектерді де тауып алуға болады.Тарихтан дүние жүзіндегі ең үлкен кілемнің тұңғыш рет 1959 жылы Ашхабатта тоқылғаны мәлім. Оның көлемі 192 шаршы метр болса, 1965 жылы Түркімен шеберлері оны екі есеге дейін ұлғайтқан. Қазақтың қолөнер шеберлері де кілем тоқудан алдына жан салмаған. Қарт ана Барлыбаева Рымжанның тоқыған кілемі 1926 Париж қаласында болған көрмеге қатысып, бәйге алғаны тарихтан мәлім.
Бақылау сұрақтары:
1. Кілем тоқу технологиясы?
2. Кілем қандай жіптермен тоқылады?
3. Кілемнің тоқылу ережелерін көрсетіп бер?
Достарыңызбен бөлісу: |