тиiмдiлiгi (қысқа мерзiмде аз шығынмен жоғары нәтижеге қол жеткiзу мүмкiндiгi).
Педагогикалық технологияға қатысты мәселелер жан-жақты зерттелуде. Өздерiнiң қомақты ой-пiкiрлерiмен салмақты орын алып отырған В.П.Беспалько, М.В.Кларин, Г.К.Селевко, М.А.Чошанов, В.В.Давыдовтар технологияның түрлерiн саралауда түрлi бағыттар ұсынады. Солардың iшiнде педтехнологияны түбегейлi зерттеген ғалым Г.К.Селевко білім беру технологияларын төмендегідей топтайды:
-қолдану өрiсiне қарай: жалпыпедагогикалық, жекепәндiк, модульдiк, тарәдiстемелiк;
-мазмұны мен құрылымына қарай: оқыту (тәрбиелеу), зайырлы (дiни), жалпыбiлiмдiк (бағдарлы), гуманитарлық (технократиялық), монотехнологиялық, политехнологиялық, аралық;
-ұйымдастыру түрiне қарай: сыныптық-сабақтық (альтернативтiк). академиялық (клубтық), жеке (топтық), ұжымдық оқыту тәсiлi, саралап оқыту.
Дегенмен, бiр ғана бағытпен шектелетiн монотехнология болмайтыны ақиқат. Кез келген технологияға кешендiлiк тән. Бiрақ өзiнiң таңдаған басым бағытына орай олардың арасында өзгешелiк те сақталады, соған cай белгiлi бiр атауға ие болады. Сонымен, технология – жеке тұлғаны дамытуға негiзделген мақсатты педагогикалық жүйе. Технологияны қолдануда мұғалiм шеберлiгi ерекше мәнге ие. Оның кәсiби шеберлiгi мен оқытудың қандай әдiс-тәсiлдерiн таңдауы ғана технологияның ұтымды болуына алғышарт жасайды. Дәстүрлi оқыту жүйесiнен тыс жасалған технологиялар оқытудың мотивациялық сипатын арттырып, оқушылардың пәнге қызығуын тудырады, оқушының өз айналасындағылармен табиғи бәсекелестiгiн дамытады, оның дара тұлғалық белсендiлiгiн күшейтедi, өз бойындағы қабiлетiн саналы түрде ашуына қолайлы жағдай туғызады, олардың адамгершiлiк сапаларын жетiлдiредi, шығармашылыққа, еркiндiкке ұмтылдырып оқушылардың бейiндi бiлiктiлiгiн арттыруға мүмкiндiк туғызады. Сол себепті педагогикалық технология салалық және локальдік деңгейлерде қолданылу болып бөлінеді.
Салалық ( пәндік) − бір пән шеңберіндегі оқыту мен тәрбие мазмұнын жүзеге асыруға негізделген әдістер мен құралдар жиынтығы.
Локальдік (модульдік) жеке әрекеттер технологиясы ұғымын қалыптастыру, дара қасиеттерді қалыптастыру және дамыту технологиясы, жаңа материалды меңгерту технологиясы, қайталау және бақылауды ұйымдастыру технологиясы, жеке жұмысты ұйымдастыру технологиясы болып іштей жіктеледі.
Оқытуда тиімділік танытатын педагогикалық технологияларды iрiктеу мен жүйелеудiң мынадай критерийлерi айқындалған:
технологиялардың оқыту талаптарымен үндес болуы;
технологиялардың білім алушылардың мүддесiне басымдылық беруі;
технологиялардың оқыту деңгейлерінің кез келгенiнде қолдануға қолайлылығы;
технологиялардың бiлiм сапасын арттыруға ықпалының айқын болуы;
технологиялардың студенттің әрекетiн белсендiруге ықпалын тигiзетiндiгi
Педагогикалық технологияның негізгі мақсаты – білім алушылардың даралық тұлғасын дамыту деп санаймыз. Енді осы ұғымға тоқталатын болсақ, педагогикалық технология техникалық және адами ресурстарды ескере отырып оқыту және білімді меңгерудің барлық үдерісін анықтап құру және қолданудың жүйелі әдісі, сонымен бірге білім берудің жолдарын айқындаудың бірі ретінде қарастырады.
Педагогикалық технология-арнаулы және тұрақты педагогикалық нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық педагогикалық жүйені ұйымдастыру бағыттарымен тікелей байланыста қарастырылатын теория мен практиканың зерттеу аймағы деп зерттеуші П. Митчелл қарастырған.
Зерттеуші М.Шошановтың ғылыми еңбегінде педагогикалық технология оқушының оқу танымдық қызметін арттыруға бағытталуы тиіс екендігін айта келіп, педагогикалық технологияның негізгі белгілері ретінде: диагностика мен нәтижелікті, үнемділікті және түзетуді атап өтеді. Педагогикалық технологиялардың бастаулары ретінде педагогика, психология және әлеуметтік ғылымдардың жетістіктерін, озық педагогикалық тәжірибелерді, халық педагогикасын отандық және шетелдік педагогикадағы озық бағыттарды атауға болады. Педагогикалық технология нақты педагогикалық тәжірибе барысында оқу үдерісін жүзеге асырып, оқытып үйрету мен оқып үйренудің шын болмысын бейнелейді.
Бүгінгі оқу үдерісінде қолданылып жүрген педагогикалық технология бағыттары ізгілік, дамытушылық, жеке қарым-қатынастарға негізделген. Ал, бұл технологиялардың дидактикалық негіздеріне: белгілі бір мақсатқа байланысты проблемалық оқыту, студенттердің қабілеті мен мүмкіндіктерін ескеру, оқу қызметін саралап басқару, оқу үдерісін демократиялық жолмен ұйымдастыруды айтуға болады деп есептейміз.
Педагогикалық технологияның басты ерекшілігі оқу үдерісінің қойылған мақсатқа жетуге кепілдік беретіндігінде. Педагогикалық әдебиеттерде «педагогикалық технология» ұғымы үш бағытта қолданылады:
1) жалпы педагогикалық денгей–белгілі бір аймақтағы, оқу орнындағы білім беру үдерісін сипаттайды;
2) жеке пәндік-әдістемелік деңгей–жеке пән әдістемесі ретінде қолданылады;
3) элементтік (бөлімді) модельді деңгей-оқу-тәрбие үдерісінің жекелеген бөлігінің технологиясы ретінде қарастырған.
Белгілі ғалым- әдіскер В.М. Монахов «Педагогикалық технология бұл оқушы мен мұғалімнің оқу үдерісін жобалап және ұйымдастыруға бірігіп қызмет етуіне қолайлы жағдай туғызатын, әбден ойластырылған педагогика-лық ісәрекетінің үлгісі»-, деп тұжырымдайды.
Қазіргі таңда студент пен оқытушының СӨЖ кезінде бірігіп жұмыс істеп соған қолайлы жағдай туғызу оқу үдерісінің сапасын артыруда әсер етеді. Ал келесі зерттеуші ғалым Б.Т. Лихачев ғылыми-зерттеу жұмысында және педагогикалық әдебиеттерде педагогикалық технологияны оқу үдерісіне белгілі бір мақсат көздей отырып педагогикалық ықпал ету ретінде айқындаған. Педагогикалық технология түпкілікті өзгермейтін механикалық құрылым емес, қайта студент пен оқытушының үнемі жаңа сипат алып отыратын өзара қарым-қатынасының негізі деп көрсетеді.
Жаңа оқыту технологияларын білім беру жүйесінде жүзеге асыруды-білім беру жүйесінің дамуының заңдылықтарының бірі ретінде қарастыруға болады, өйткені білім беру жүйесін және оның құрамының өзгеруін қажет ететін ескі мен жаңа үдеріс арасында қайшылық болуы табиғи құбылыс. Адам өмірі мен тұрмысының жаңа сапаға көтерілуі, білім мен тәрбиенің мазмұнын жанартуды талап етері сөзсіз. Ал бұл өзгерістер оқыту үдерісінде оқу-тәрбие мақсаты мен мазмұнын, оқыту тәсілдері мен құрал-жабықтарын өзгертумен қатар, оқу үдерісін ұйымдастыру шараларын да түбегейлі өзгертуді талап етеді. Ал, педогогиқалық жаңа технологиялар осы педагогикалық мақсатқа жетудің тиімді жолы екені анық.
Педагогикалық технологияны білім беру саласында пайдаланудың әдіс-тәсілдері, шарттары, дидактикалық-әдістемелік негіздері туралы Қазақстандық ғалымдар Ш.Т.Таубаева, Ж.А.Караев, С.Б.Нұрмағамбетова, Н.А.Оразахынова, Е.Жұматаева, С.А.Муликова, Ж.Ы.Сардарова, Н.А.Асанов, С.А.Нурпеисова, А.Саипов, С.А.Көшімбетова, Д.М.Джусубалиева, Ә.Е.Әбеуов, Б.К.Тульбасова, В.Кабдықайырұлы, А.К.Мыңбаева, К.З.Халықова т.б. ғалымдардың зерттеу жұмыстарында педагогикалық технологиялардың жалпы ерекшеліктері, ғылыми дәйектілігі туралы құнды пікірлер мен нақты ұсыныстар айтқан.
Осы ретте білім беру технологияларын әдіскер-ғалымдардың жіктеуін негізге ала отырып, тұлғалық-бағдарлы білім беру технологиялары, дамыта оқыту технологиялары, ұжымдық өзара оқыту технологиялары, проблемалық оқыту деп төртке бөліп қарастырамыз.
3. Білім беру технологиясының жіктелуі:
3.1 тұлғалық-бағдарлы білім беру технологиялары; Бұл жөнінде ғалым И.С.Якиманская жеке тұлғаға бағдарланған оқытудың негізгі ережелерін төмендегідей тұжырымдайды:
- басты мақсаты – оқушы тұлғасының жеке қабілеттері мен қасиеттерін дамыту;
- білім беру жүйесі басынан-ақ оқушыдан бастап оқыту және тәрбиелеу мақсаттарына, мазмұны мен технологияларына қарай бағыттала құрылуы тиіс;
- оқушы дамуын диагностикалау мен ынталандыруды мұғалім олардың қызметін ұзақ уақыт бойына байқау әдістері негізінде іске асыруы тиіс.
И.С.Якиманскаяның пайымдауынша, жеке тұлғаға бағдарланған оқытуда даралау тәсілі барлық білім беру процесінің негізгі қағидасы болып табылады, оның мақсаты – әрбір баланың мүмкіндіктерін танып, дамыту. "Жеке тұлғалық тәсіл жағдайында балалардың өзіндік жеке ерекшеліктерінің болуы қойылған мақсатқа жетудің-яғни, қайталанбас жеке тұлға ретінде әрбір оқушының дамуын қамтамасыз етудің қажетті шарты”.
Е.В.Бондоревская жеке тұлғаға бағдарланған оқытудың мазмұнында жеке жеке тұлғаны дамытуға және қалыптастыруға қажетті мынадай 4 компонент міндетті түрде болуы қажет деп атап көрсеткен. Олар: аксеологиялық, когнитивті, шығармашылық-әрекеттік және жеке тұлғалық. Осы жеке тұлғаға бағдарланған оқытудың мазмұнының төрт компоненті де негізінен сөйлесу, шығармашылық іс-әрекет арқылы әрбір баланың жекелеген дамытуға жағдай жасауға, өз бетінше шешім қабылдауға және шығармашылығына, оқу әдістері мен мазмұнын таңдауға толық мүмкіндік береді деп ойлаймыз.
Г.К.Селевко мұндай технологияның ең негізгі құндылығы-оқушы жеке тұлғасы, ал негізгі мақсаты табиғи қабілеттеріне сәйкес тұлғаны дамыту және қалыптастыру деп атап көрсетеді.
Біздің ойымызша, жеке тұлғаға бағдарланған оқыту материалды шығармашылықпен меңгеру аясын кеңейтеді және жеке тұлғаға бағдарланған оқыту мұғалімнен төмендегідей іс-әрекетті талап етеді: 1) өз оқушыларының темпераменті, мінезі-құлқы, көзқарасы, талғамы мен әдеп-дағдыларының жеке ерекшеліктерін үнемі зерделеп, жақсы білуі; 2) жеке тұлғаның ойлау ерекшелігі, қызығушылығы, мүддесі, ұстанымы, бағытталуы, өмірге, еңбекке көзқарасы, құндылық бағыттары, өмірлік доспары және т.б. сияқты аса маңызды тұлғалық қасиеттерінің нақты қалыптасу деңгейін қадағалап, білуі; 3) әрбір оқушыны өз шамасына сай және біртіндеп күрделене беретін әрі жеке тұлға дамуын қамтамасыз ететін тәрбиелік әрекетке үнемі тартып отыруы; 4) мақсатқа жетуге кедергі келтіретін себептерді уақытылы айқындап, жойып отыруы, ал егер мұны уақтылы істей алмаса, жаңа жағдайларға сай тәрбие тактикасын жедел түрде өзгертуі; 5) жеке тұлғаның өз белсенділігіне неғұрлым көбірек сүйенуі; 6) тәрбие ісін жеке тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеуімен ұштастырып, өзін-өзі тәрбиелеу мақсаттарын, әдістерін, формаларын таңдауға көмек беруі; 7) оқушылардың дербес әрекетін, бастамашылдығын, әрекетшілдігін дамытып, басқаруы емес, табысқа жетелейтін қызметті ұйымдастырып, бағыттауы тиіс.
В.В.Сериков ұсынған жеке тұлғаға бағдарланған білім беру тұжырымдамасының мәні төмендегідей:
1. Жеке тұлға дегеніміз-адамның арнайы білім алу және даму аясын білдіретін педагогикалық категория.
2. Адам "жеке тұлға болу” тәжірибесін, яғни жеке тұлға функцияларын атқара білу тәжірибесін меңгеруі тиіс.
В.В.Сериков жеке тұлғаға бағдарланған білім беруге тән заңдылықтарды атап көрсетеді:
1. Жобалау элементі-"тұлға өміріндегі оқиға”, ол кейіннен біртұтас өмірлік нәтижеге айналады. Ал білім тек оның бір бөлігі ғана болып табылады.
2. Оқыту мұғалім мен оқушының бірлескен қызметі болады: мұнда сұхбаттасу білім беру субьектілерінің өмір сүру тәсілі ретінде танылады.
3. Процесс тұлғалық тәжірибенің бастауы болып шығады.
4. Оқыту адамның табиғи өмір сүру жағдайына жақын бола түседі.
5. Мұғалім мен оқушының өзара бірлескен әрекеті тұлға аралық, субьект аралық қарым-қатынас сипатын алады.
Ендеше, жеке тұлғаға бағдарланған оқыту дегеніміз – тек оқушыларды бір-бірінен айрықшалайтын жеке ерекшеліктерін есепке алу ғана емес, бұл-ең алдымен, оқушыға жеке тұлға ретінде, бірлескен қызметтің саналы әрі жауапкершіл субьектісі ретінде қарау.
Г.К.Селевко бұл технологиялардың негізінде өзін-өзі өзектілендіруге ұмтылатын "толық қанды тұлға” болуы тиіс дегенді баса атап көрсетеді. Мұндай тұлға әртүрлі өмірлік жағдайларда жауапты әрі саналы шешім қабылдай алатын болады. Жеке тұлғаға бағытталған технологиялардың мақсаты, ғалымның пікірінше, жеке тұлғаның өзінің табиғи қабілеттеріне сай қалыптастырып, дамыту болып табылады.
Технолог ғалымдардың пайымдауынша, жеке тұлғаға бағдарланған технологиялар әрбір баланың жеке ерекшеліктеріне сай оқыту және тәрбиелеу әдістері мен тәсілдерін іздеуде. Мұндай технологиялар психодиагностика әдістерін пайдаланады, оқушылар қызметін ұйымдастыруға деген көзқарасты өзгертеді, оқудың түрлі құралдарын қолданады. Демек, жеке тұлғаға бағдарланған технологиялар сүйіспеншілік, қамқорлық, ынтымақтастық ахуалын туғызып, жеке тұлғаның шығармашылық әрекеттеріне және өзін-өзі өзектілендіруіне барлық жағдайларды жасайды және жеке тұлғаға бағдарланған оқыту әрбір оқушының өзін танымдық және оқу қызметінде бейімділіктеріне, мүдделеріне, мүмкіндіктеріне, қабілеттеріне сай жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Сонымен, С.В.Кульневичтің атап көрсеткеніндей, білім беру процесін тұлғаға бағдарлау гуманистік педагогикалық мәдениет құндылықтарына ықпал етеді, бұл дегеніміз-білім алу емес, бала өміріндегі білімнің жеке тұлғалық мәні; жекелеген білік-дағдылар емес, жеке тұлғаның жеке ерекшеліктері, өзіндік дербес оқу қызметі, өмірлік тәжірибесі; педагогикалық талаптар қою емес, педагогикалық қолдау мен қамқарлық көрсету және мұғалім мен оқушының сұхбаттасуы; білім көлемі емес, меңгерілген ақпарат мөлшері емес, оқушының жалпы жеке тұлғалық өсуі, дамуы және өзін-өзі дамытуы.
Жеке тұлғаға бағдарланған оқу процестері: дамыта оқыту; баланың жеке ерекшеліктерін қалыптастыруға педагогикалық қолдау көрсету; тәрбиені баланы рухани-адамгершілік дамыту құралы ретінде қарастырады. Жеке тұлғаға бағдарланған білім берудің мақсаты-адамды қолдау, дамыту, онда өзін-өзі жүзеге асыру, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі тәрбиелеудің тетіктерін қалыптастыру. Мұндай технологияларға. Ынтымақтастық, сұхбаттастық, әрекетшілдік-сипатшылық әрекеті, баланың жеке дамуын қолдауға бағытталуы, оған дербес шешімдер қабылдауға, шығармашылыққа, мұғаліммен өзара шығармашылық ынтымақтастығына қажетті кеңістік пен еркіндік беру сипаты тән.
Бүгінгі таңда мынадай жеке тұлғаға бағдарланған оқыту технологиялары бар:
- В.Ф.Шаталовтың тірек белгілер негізіндегі технологиясы;
- П.М.Эрдниевтің дидактикалық бірліктерді шоғырландыру технологиясы;
- В.В.Фирсовтың саралай оқыту технологиясы;
- Ш.А.Амонашвилидің ізгілікті-тұлғалық технологиясы;
- Л.В.Занковтың, Д.Б.Эльконин-В.В.Давыдовтың дамыта оқыту технологиясы;
- Ю.К.Бабанскийдің оқу процесін оптимизациялау технологиясы;
- М.Чошановтың, П.И.Третьяковтың, К.Я.Вазинаның, В.М.Монаховтың модульдік оқыту технологиялары;
- Г.К.Селевконың өзін-өзі дамыта оқыту технологиясы;
- Ж.А.Қараевтың, Т.Т.Ғалиевтің, Ә.Жүнісбектің, М.М.Жанпейісованың, Н.Н.Нұрахметов пен К.Әбдіғалиевтің оқыту технологиялары кеңінен танымал.
3.2 дамыта оқыту технологиялары; Дамыта оқыту технологиясы – оқушыны жан-жақты ізденуге, өзіндік ой-тұжырымдарын жасай алуға үйретеді. Дамыта оқыту – бұл оқу үрдісінде оқушының барлық мүмкіндігінің толық іске асуына негіз болатын бағдарлы оқыту болып табылады. Дамыта оқыту теориясы Г.Пестолоцкий, А.Дистервек, К.Ушинскиден басталған. Бұл теорияны алғаш негіздеп дәйектеген Л.С.Выготский болса, кейіннен Л.В.Занков, В.В.Элконин, В.В.Давыдов, И.А.Менчинский т.б. тәжірбиелік-эксперименттерінде әрі қарай жалғасын тапты.
Дамыта оқыту тұлғаның барлық қасиетін тұтас бірлікте дамытуға негізделген. Дамыта оқытудың барысында оқушылардың ойлау, байқампаздық қабілеті дамиды, ашық пікір қорғауға талпынады, мәтіндегі басты ойда түсінуге, талдауға ұмтылады, өзін-өзі бағалай білуде пікір алмастыра алады. Тұлғаның өзіндік үні «менің ойымша», «егер мен болсам», т.б. қалыптасады. Мұның өзі оқушыны ойландырады, тақырыпты терең түсініп, мән-мағынасын ашуға қызығады, өз бетінше жұмыс істеуге ұмтылады, өзіне деген сенімі артады. Шығармашылық қабілеті дамиды.
Кезінде Қ.Жұбанов ХХ ғ. 30-жылдары «технология» мәселесіне айтарлықтай мән бере отырып, тақырыпты баяндамас бұрын, сұрақ-жауап әдісі арқылы оқушыны ойлануға, пайымдауға шақыруды, оалрды іздендіре отырып санасына түрткі жасауды дамыта оқыту идеясынан туғанын көрсетеді. Зерттеушінің әдістемелік еңбектерінде блоктық-модульдік, оқыту, дамыта оқыту, қашықтан (аулақтан) оқыту идеяларының көрініс табуы, оның өміршеңдігін құндылығын дәлелдей түседі. Демек, дамыта оқыту оқушының ойлау дүниесін (сөйлеу, интелект, қиял, ес, сезім т.б.) дамытуға әсері ерекше екенін, мәтінді ұғыну, тіл-ойлау-сөйлеудің өзара әрекеттестігі негізінде құрылатынын байқатады. Мұның өзі оқушының ойлау мен сөйлеуін дамытуға ықпал етеді.
Ойлау қабілетінің дамытуда бала қиялы жүйрік, терең болуға тиіс, ол іс-әрекет үстінде дамып, жетіліп отырады. Сабақ барысында оқушылардың теориялық ойлау, пікір алмасуы, ой қорытуы, өзіндік тұжырым жасауы олардың танымдық қабілеттерін арттырады. Дамыта оқыту барысында оқушыларға берілетін жаттығулар мен тапсырмалардың қай-қайсысы болмасын олардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне бағыт-бағдар береді, өз ойларын еркін жеткізуге дағдыланады. Шығармашылық ізденістер, жеке, дара т.б. тапсырмалар оқушылардың қызығушылығын арттырады, алдарына нақты мақсат қояды, оны шешуге өздіктерінен әрекет жасайды.
Демек, дамыта оқыту барысында танымдық-зерттеушілік әдіс жандана түседі. Мәтінді оқып, жете түсіну, ойлау шығармашылық ізденіске жетелейді. Мұның өзі білімді өз бетінше ізденуге жол ашады. Түсіну-ойлау әрекетінің өзіндік жемісі.
Бұл технология ‹‹оқушы мұғалімнің оқыту әрекетінің объектісі емес, оқудың өзін-өзі өзгерте алатын субъектісі болады›› деген қағиданы негізге алады. Субъектісі болу дегеніміз − ол өзін-өзі өзгертуге қажеттілік болу және оған оқу арқылы қол жеткізу. Яғни, оқығысы келу, оқуды ұнату және оқи алу. Бұл жерде білімді игеру, іскерліктері мен дағдыларының қажеттіліктері жоққа шығарылмайды, алайда тек мақсат ретінде емес, оқушыны дамытудың өзіндік құралы ретінде ғана қарастырады. Мұғалім оқушының өз бетімен ізденуіне жол көрсетуі қажет. Дамыта оқыту технологиясы жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына және оның өзіндік шығармашылық қабілетін арттыруға, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға баулиды, өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, білім алуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Аталған технологияда білім алушының ізденушілік, зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру басты назарда болады. Ол үшін оқушы осы уақытқа дейін өзінің алған білімінің жеткіліксіз екендігін сезінетіндей болуы қажет. Содан барып оның білім алуға деген ынтасы мен қызығушылығы артады. Сабақ оқу мақсатының қойылуы, оны шешудің жолдарын бірлестіре қарастыру, шешімнің дұрыстығын дәлелдеу тәрізді бөліктерден тұрады. Оқушы теориялық материалды жалаң, жаттанды түрде емес, қарапайым бақылаулар жасау, зерттеулер жүргізу арқылы меңгеруі керек. Дамыта оқытуда қойылатын сұрақтар ойлауды, пайымдауды қажет ететіндей проблемалы сұрақтар болуы қажет. Дамыта оқытуда сабақта жаңа материалды талдауға көп көңіл бөлінеді. Талдау ізденістен тұрады. Талдау барысында мұғалім баланың ой-пікірін бақылауға мүмкіндік алады. Дамыта оқыту жүйесінде мұғалім оқушыларды «жақсы оқитындар», «жаман оқитындар» деп бөлмей, барлық балардың дамуы үшін жағдай туғызады. Мұғалім мен оқушы арасындағы қатынас ынтымақтастыққа, өзара сыйластыққа негізделеді.
3.3 ұжымдық өзара оқыту технологиялары; Ұжымдық өзара оқыту (ұйымдастырылған – диалог, оқудың ұжымдық тәсілі, оқушылардың жұппен жұмысы) А.Г.Ривин жасап шығарған. Мұндай технология оқу материалын дайындау оқу мәтіндерін, қосымша және анықтама, сабақ тақырыбы бойынша (немесе сабақтар циклі бойынша), оқу мазмұнын меңгеру бірлігіне бөлу, мақсатты тапсырма жасау, оның ішінде үй тапсырмаларын жасау жатады. Оқу сабағының жүрісі сабақ мазмұнына, оқу материалының көлемі мен оны меңгеруге кететін уақытына қарай, таңдалған технология нұсқасына байланысты әр түрлі өтуі мүмкін. Ұжымдық өзара оқыту технологиясы келесі сатылардан тұрады:
- Әрбір оқушы өзінің іс-әрекетін анықтайды;
- Ролдік ойын «мұғалім – оқушы» ережесі бойынша;
- Жаңа ғана қабылданған ақпаратты өңдеу және өзара оқытуға жаңа жолдас іздеу және т.с.с.
Ұжымдық өзара оқыту технологиясы жағдайында әрбір оқушы өзін еркін ұстайды, жекеше, жұппен, ауыспалы жұппен жұмыс жасайды. Онда тек қана өзінің жетістіктеріне ғана жауап бермей, сонымен қатар ұжымдық еңбек қорытындысына да жауапкершілігі жоғарылайды, тұлғалық өзін-өзі бағалау, өзіндік мүмкіншіліктері мен қабілеттері мәртебесі мен жұтаңдығын бағалау қалыптасады. Бір ақпаратты бірнеше ауыстырмалы жұптармен талқылау, ассоциативті байланыстар санын көбейтеді, олай болса, неғұрлым тереңірек меңгеруге әкеледі. Соңғы жылдары пайдаланып жүрген сабақтың жаңа түрлерінің бірі – сабақтағы жұмыстың топтық түрі. Яғни ұжымдық тәсіл. Топтық жұмыс кезінде шәкірттер бірінің білмегендерін екіншісінен біледі, біріне- бірі айтады, сыныпта өзінің қабілеттерін көрсетеді. Мұғалімнің іс – әрекеті сабақта оқушылардың жұмыстарын ұйымдастырушы ретінде мақсатқа жету жолында жаңа, озық әңгімелерді кеңінен қолданып, нақты жағдайларды ескеріп түрлендіріп отыруға үйретеді.Сабақта топтық оқытудың педагогикалық мақсаты оқушылардың өз бетінше, әрбір оқушының жеке өзінің оқуын жүзеге асыруда, олардың танымдық белсенділігін арттыру, әрбір жеткіншектің қайырымдылығын дамыта түсу, бірін-бірі түсінуге жеткізіп, сезімталдықтарын жетілдіріп, қол ұшын беруге әзір екендігін күшейте беру. Қандай әдіс-тәсіл болса да, әр оқушыны ойлантуға жетелеумен бірге, оны ортаға салуға, басқалармен пікір таластыруға тиіс. Өз ойымен тұйықталған баланың ойлау қабілеті еркін дамымайды.
Сондықтан жоғарыда айтылған сабақтағы топтық жұмыс, ұжымдық тәсіл ең тиімді. Себебі оқушыларды тегіс сабаққа қатыстыруға көмектеседі. Ұжымдық оқыту әдістемесін әртүрлі пайдаланады. Қарым-қатынас құрылымына сәйкес оқытудың ұйымдастыру түрлері бар. Олар:
1. Жеке – дара ( жанама түрдегі қатынас );
2. Жұптық ( тұрақты жұптағы қатынс);
3. Топтық ( топтық қатынастың құрылымы);
4. Ұжымдық ( ауыспалы жұптағы қатынас).
Оқытудың ұжымдық тәсілінің ерекшелігі келесі үрдістердің сақталуына байланысты:
- Оқушылардың жұптарының ауысып отыруы;
- Олардың өзін-өзі оқытуы;
- Өзара бақылау;
- Өзара басқару.
А.Г.Ривин әртүрлі жағдайларда қолданылатын оқытудың ұжымдық тәсілінің бірнеше әдістемеін атап көрсетті:
- кез- келген оқу пәні бойынша мәтіндік материалды оқу;
- мәтінді өзара алмасу;
- тапсырмаларды өзара алмасу;
- оқулық бойынша есеп пен мысалдарды шығару;
- өзара диктанттар;
- жұптасқан түрде өлең, тақпақтар жаттау;
- жұптасқан түрде жаттығуларды орындау;
- сауалнама бойынша жұмыс;
- шет тілін оқу.
Ұжымдық оқыту әдісінің артықшылығы – оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасты өзгертеді. Ұжымдық оқытудың мақсаты: адамды жан-жақты тәрбиелеу (таным үрдістері, жан құбылыстары). Ал оның көрсеткіштері – рухани дүниесінің баюы, оқуға деген құштарлығының артуы, ауызша, жазбаша тіл мәдениетінің дамуы, ойлау, елестете алу қабілетінің қалыптасуы, көзқарасының тереңдеуі, өзінше бағалап, пайымдай білуге дағдылануы; сезім сергектігі, эмоциялық мәдениеттілігі, ойын еркін жеткізуі, талдай білуі, танымдылық оқу ауқымының кеңеюі, өмір мен өзіндік ойының байланысының нығаюы, шығармашылық ізденісіне жол ашылуы.
Енді практика жүзінде қолданылып жүрген топтық жұмыстың кейбіріне тоқталатын болсам, топтық өзара әрекеттің ең қарапайым түрі – «үлкен шеңбер». Жұмыс үш түрлі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – ол үлкен шеңбер болып орындықтарға отырғызылады. Оқытушы мәселені қояды. Екенші кезең – белгілі бір уақыт ішінде әр оқушы жеке, өз парақтарында мәселені шешу жолдарын жазады. Үшінші кезең – шеңбер бойымен әр оқушы өзінің ұсынысын оқиды, топ тыныш тындайды (сынамайды) және әр бөлім бойынша дауысқа салынады. «Үлкен шеңбер» тәсілі сұрақты шешу жолдары мен оның шешімін құраушыларды тез анықтау мүмкін жағдайда қолдану тиімді. Мұнымен жобаларды немесе нұсқауларды, бағдарламаларды жасауға болады.
Рөлдік ойындар, мұндай жобалардағы құрылым тек белгіленіп және жұмыстың аяғына дейін ашық болып қала бермек. Қатысушылар өздеріне белгілі бір рөлді, жобаның мазмұны мен сипатын алады. Бұл әдеби кейіпкерлер немесе іскерлік қарым-қатынасқа, қатысушылардың ойлап шығарған жағдайына қарай күрделенеді. Бұл жобалардың нәтижесі оның басында белгіленеді немесе тек соңына қарай айқындалады. Педагогикалық мақсатқа жету үшін оқу үрдісінде барынша белсенді қолданылатын әлеуметтік-психологиялық тренингтер мен психотехникалық жаттығулар маңызды.
Миға шабуыл. Шығармашылық белсенділікті және жаңа идеяларды тез жасау іскерлігін дамытудың әдісі.Қолданылу уақыты: проблеманың шешімін табу үшін; жаңа тақырыпты ұсыну және оқушылардың іс- әрекетін өзектілеу, берілген проблемаға оқушылардың зейінін шоғырландыру үшін. Әдістің басты міндеті – танымдық іс-әрекетті белсендіру және оқушыларды өнімді оқыту процесіне қатыстыру.
Технологиясы: сипаты бойынша әртүрлі сұрақтарды пайдалана отырып, берілген сұрақ немесе зерттелетін проблема бойынша көп идеялар жинақтау. Идеялар сыналмайды және түсініктеме берілмейді.
Дөңгелек үстел әдісі педагогика ғылымында саяси және ғылыми саладан ауысқан. Дөңгелек үстел әртүрлі саяси немесе ғылыми бағыттарды сараптау үшін жүргізіледі. Дөңгелек үстел көп пікірлердің бір арнаға тоғысуын қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылады.
«Топтағы зерттеушілік жұмыс» - бұл ынтымақтастықта оқыту әдісі. Мұнда басты әрекет – оқушылардың өз бетімен жұмыс істеуі. Оқушылар топтарда жұмыс жасайды. Олар жалпы тақырыптың бір тақырыпшасын таңдайды. Одан әрі бұл тақырыпша әрбір топта жеке оқушыларға тапсырмаларға бөлінеді. Осылай әрбір оқушы жалпы іске өз үлесін қосуы тиіс. Топта тақырыпты талқылау кез-келген оқушының жұмысымен танысуға мүмкіндік береді. Әрбір оқушы орындаған тапсырма негізінде топ ішінде бір баяндама дайындайды. Ол баяндама содан кейін тұтас топқа ұсынылып, баяндалады.
Топтық жұмысты презентациялау. Презентацияда оқушылар топтарға бөлініп, не берілген сұрақтар (тақырыптар) бойынша тақтаға немесе қағазға сурет, кесте т.б құрастырып, оны қорғайды. Бұл жұмысты орындауға және әрбір топтың қорғауына белгілі бір уақыт беріледі. Жұмысқа мазмұндылық, көрнекілік, әдемілік , нақтылық, түсініктілік талаптары қойылады. Әр топ өз жұмыстарын ұсынғаннан кейін өзге топтар сұрақтар мен ұсыныстар беруіне болады. Бұл әдіс оқушылардың ойлауының, қиялының дамуына, материалды есте берік сақтауына ерекше ықпал етеді. Бұдан кейін ерекше кезеңнің уақыты келеді – өткен сабақтың рефлекциясы, мұнда оқушылардың коммуникативтік білігі мен дағдысы бағалануы жүреді.
Әр мұғалім өз сабағының көшбасшысы. Көшті қалай бастап жүрем десе де өз еркі.Ал көшті дұрыс бағыттай білу – ол шеберлігіне байланысты.
Балалардың ұжымдық оқытудың төмендегідей пайдасы бар.
1. Оқушылар кездескенде үнемі сөйлеседі, сонымен есте сақтау қабілеттерін және шешендігін дамытады.
2. Оқушылар өзара достасады, бірін бірі сыйлауға үйренеді, өзара дауласады, жарасады және құқықтар мен міндеттер туралы пікір алысады.
Топқа бөліп оқытқанда оқушылардың талпынысы артады, әр оқушы өзін жеке тұлға ретінде сезінеді және өз үлесін қосуға талаптанады. Бір адамның айтқанынан гөрі бірнеше адамның айтқаны есінде тез жатталады.
3.4 проблемалық оқыту. Орыс дидактиктері М.А.Данилов пен В.П.Есипов проблемалық оқытуда оқушыға дайын материалды бермей, шығармашылық тапсырмалар арқылы олардың өзіндік ойларын жетілдіру керек деп санайды.
М.И.Махмутов проблемалық оқытуды үш түрлі классификацияға бөледі: Оқу материалдарындағы ережелер мен заңдылықтарды шешуге, анықтауға бағытталған ғылыми шығармашылық; практикалық мәселелерді шешуге, алған білімді жаңа жағдаятта пайдаланып, оны шешуге және өздігінен құрауға бағытталған практикалық шығармашылық; ойын ойнау, ән айту, сурет салу, т.б. арқылы өзінің шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған көркемдік шығармашылық. Проблемалық оқыту оқушының репродуктивті, продуктивті және шығармашылық қызметін жетілдіруді көздейді.