13-тақырып. Орфография мен пунктуацияны оқыту әдістемесі
1. Орфографияны оқытудың ғылыми-практикалық маңызы, міндеттері мен ұстанымдары.
2. Орфографиялық жұмыстың мазмұны.
3. Орфографиялық ережелерді оқыту әдістемесі. Орфографиялық талдау.
4. Орфографияны оқытуда көрнекіліктер мен қосымша оқу құралдарын қолдану әдістері.
5. Мектепте пунктуация бойынша жұмыс жүргізудің маңызы мен міндеттері. Пунктуацияны оқытудың мазмұны, кезеңдері.
6. Пунктуация және мәнерлеп оқу.
7. Пунктуациялық қателер және оларды болдырмау жолдары. Жаттығулар мен талдау түрлері.
8. Пунктуацияны оқытуда көрнекілік пен қосымша оқу құралдарын қолдану әдістері.
1. Тілдегі сөздердің дұрыс жазу ережелерінің жиынтығы орфография (гректің орфос — дұрыс, түзу және графия — жазу деген сөздерден алынған) деп аталады. Тіл жүйелі, қоғамдық құбылыс болғандықтан, жұрттың бәріне ортақ оның жазу ережелері болады. Әркім өзінше әр түрлі жаза беретін болса, ол жүйелі тіл болмақ емес. Кейде дұрыс жазу ережелерін емле деп те атайды.
Тілде жазу үш принципке сүйенеді.
1. Морфологиялық принцип. Бұл принцип бойынша сөздер айтылуынша емес, бастапқы түбір тұлғасы сақталып жазылады. Мысалы: бас-шы (айтылуындай башшы емес), түн-гі (түңгі емес), Жан-пейіс (Жәмпейіс емес) болып сөздің түбірі де, қосымша да өз тұлғаларын сақтап жазылады.
2. Дәстүрлі (тарихи) принцип бойынша сөздер әуелгі тұлғасында емес, тілде қалыптасқан тұлғасы бойынша жазылады. Мысалы: хал, хат, хабар т. б. сөздер қал, кат, қабар болып жазылмайды, дәстүр бойынша қалыптасқан тұлғасында жазылады.
3. Фонетикалық принцип бойынша сөздер дыбыстық заңдарга сүйеніліп, айтылуы және естілуі бойынша жазылады. Мысалы, жаздыгүні, сексен, бүгін, жауып қойды, белбеу сияқты сөздер осылай айтылуынша, естілуінше жазылады, ал бұл сөздердің тарихи тұлғалары - жаздың күні, сегіз он, бұл күн, жап+ып қойды, белбау.
Қазақ тіліндегі сөздер бір ғана принцип бойынша жазылмайды. Сөздердің көпшілігі морфологиялық принцип бойынша жазылса да, фонетикалык және дәстүрлі принциптер бойынша да жазылатын сөздер аз емес. Оны қазақ тілінің ресми бекітілген «Орфографиялық (емле) ережелері» мен - орфографиялық сөздіктері белгілеп отырады. Орфографиялық ережелерді Қазақстан республикасының Жоғаргы Кеңесі бекітеді.
Орфаграфияны оқыту жөніндегі Буслаев пікірі еске тұтарлық пайдалы методикалық кеңес: «...Емлені грамматикалық жолмен оқыту қалай сөйлесең, қалай естісең солай жаз деген қағидамен шектелмейді, қайта, грамматика бойынша, сөздердің өзгеруі мен түрленуін және сөйлемдердің байланысу заңдылықтарын ескере отырып жазуды талап етеді...емлені үйретуде өзінше жаңалық енгізуге болмайды, тіпті емлені жетілдіруде айтарлықтай көмектесерлік жаңалық болғанның өзінде де жалпы пайдаланудағы ізбен жүру керек».
Буслаевтың орфаграфиялық дағдыны игеруде бір ізділікті сақтау жөніндегі талабы да құптарлық: «Оқушылар көрсеткенді әбден берік меңгергенше, жаңаны бастамау керек». Сондай-ақ, оқу сабақтарын оқушылар материалды басынан аяғына дейін саналы игеретіндей етіп ұйымдастыруды ұсынады да, мазмұны және орындау сипатына қарай бірте-бірте күрделеніп отыратын әр жақты жаттығулар пайдалануға кеңес береді.
Таным теориясы бойынша, оқыту процесінде ең бірінші және маңызды кезең оқушылардың өтіліп отырған зат немесе құбылыстарды қабылдауы болып табылады. Оқытуда табысқа жету көп жағдайда оқушылардың қабылдауын дұрыс ұйымдастыруға байланысты. Міне, осыдан келіп, қабылдаудың айқындылығы оқытудың бірінші принципін құрайды. Оқыту процесінде көру арқылы қабылдау маңызды рөл атқаратындықтан, бұл – педагогикада көрнекілік принципі деп аталады. Дұрыс қабылдау үшін есту, аңғару сияқты сезім мүшелері де қатынасып отырады. Көрнекілік принципі мұның барлығын да өзіне қамтиды. Сондықтан бұл термин шартты түрде алынды.
Көрнекілік және қабылдаудың айқындығы өтіліп отырған объектіні саналы түсіну процесімен тығыз байланысты. Зейінді объектіге шоғырландыра отырып, құбылыстың мәнін білу, онда қандай байланыстылық бар екендігін аңғару, байланыстардың себебін ашу, өтіліп отырған құбылысты жан-жақты тану мүмкіндігін береді. Бұдан білімді белсенді түрде меңгеру принципі келіп шығады.
Оқытудың келесі кезеңінде білімді пысықтай отырып, оны бекіте түсу процесін жүзеге асыру болады. Бұл – меңгерілген білімнің беріктік принципін туғызады. Білімді саналы және берік игеру материалды оқушының шама-шарқына лайық оқытқанда ғана жүзеге асырылмақ. Дұрыс қабылданбаған немесе оқушының меңгеруге шама-шарқы жетпеген материалдар оқытудың келесі кезеңдерінде түсінікті болуы тиіс. Демек, үйретілген материал белгілі бір жүйемен құрылуы тиіс. Мұндай талап оқытудың бірізді және жүйелі құрылуы принципін қажет етеді. Ең соңында, оқытудың ең маңызды принципі ретінде ғылымға негізделген принцип алынады. Сөйтіп, оқыту принциптері:
1) көрнекілік принципі;
2) саналылық принципі;
3) білімнің берік болу принципі;
4) шамаға лайықтау принципі;
5) жүйелілік принципі;
6) білімнің ғылымға негізделу принципі болып алтыға бөлінеді.
Оқыту әдістері сан алуан. Солардың ішінде орфографины оқытуға байланысты мына әдістерді қолдануға болады: 1) байқау әдісі, 2) баяндау әдісі, 3) әңгімелесу әдісі, 4) кітаппен жұмыс әдісі, 5) жаттығу әдісі, 6) талдау – жинақтау әдісі, 7) салыстырма әдіс, 8) индукция – дедукция т.б.
2. Орфографиялық жаттығу грамматикалық және орфографиялық түсінік бойынша, сондай-ақ талдаулар жасау арқылы орындалып отырады. Жаттығу орындатудың бір түрі басқа түрлерімен алма-кезек ауыстырылып отырады. Белгілі бір тақырыпқа байланысты жаттығу кезінде көшіріп жазу және диктант әлементтері, тіпті творчестволық диктант немесе шығарма араласа жүргізіліп отырылуы мүмкін. Мұндай жаттығулар берік орфографиялық дағды қалыптастыруға көмектеседі. Алайда, орындауға үсынылатын жаттығулар дұрыс іріктеліп, оны орындату жолдары дұрыс белгіленуі және жұмыс шебер үйымдастырылуы қажет.
Жаттығу іріктеуде және оны оны орындату тәсілдерін белгілеуде шамамен мына сияқты талаптар ескерілуі тиіс:
1. Берілген жаттығу оқушылардың белсенді жұмыс істеуіне мүмкіндік жасай ала ма;
2. Жаттығу класс оқушыларының шама-шарқына лайық па (тым жеңіл болмауы ескерілу керек);
3. Көру және есту сезімдері қаншалықты қатыстырылуы ойластырылған ба;
4. Жаттығу орындау кезінде сөйлеу, қу, лексикалық және грамматикалық жұмыстар жан-жақты қамтыла ма;
5. Жаттығу орфограммаларды дұрыс танып, есте сақтау мүмкіндігін қамтамасыз ете ала ма;
6. Қате болдырмауды алдын ала ескерту үшін, алдын ала жұмыстар жүргізу ескерілген бе;
7. Көзделіп отырған нақтылы мақсатқа жетуге жаттығу қаншалықты үйлесімді (ол мақсаттарға анықтама ережені айталау, қиындық келтіретін орфограмманы табу, орфограмманың жазылу сипатын берік сақтау, нақтылы жағдайларға байланысты ережелерді ауыстыра қолдану т.б. жатады).
Орфографияны үйрету - біртұтас қиын процесс. Бұл процестің біртұтастығы оқытылатын баланың психикалық қызметінің бірлігімен, қабылдау бірлігімен, тіл мен ойлаудың бірлігімен, ауызша және жазбаша тіл бірлігімен жүзеге асырылады.
Жаттығуға байланысты қандай жұмыс түрлерін жүргізу оқушылар алған орфографиялық дағды дәрежесімен дәл сол кезде қойылып отырған мақсатқа негізделеді. Егер жаңа өтілген ережеге қорытынды жасалып, ол ережеге байланысты әлде де жаттыға түсу, еске берік сақтау қажет болса, онда грамматикалық және орфографиялық талдау жасай отырып, көшіртіп жазғызу керек. Егер оқушыларға емлелік қиындықтарды тапқызып, орфограммаларды жете таныту мақсат етіп қойылса, онда мына сияқты жұмыстар жүргізуді үсынуға болады:
жазылуы қиын сөздерді теріп көшіру.
Терме диктант.
Ауызша талдау.
Қажетті орфограммалардың астын сыздыру.
Өз жазғандарын өзі тексеру т.б.
Жаттығу жүргізуде мынадай дидактикалық талаптар қойылады: жаттығудың әржақтылығы және қайталай жаттығу. Тақырыпты өту кезіндегі жаттығумен шектеліп қалуға болмайды. Келесі сабақтарда немесе келесі тақырыптарды өту кезінде де қайталана жаттықтырылу керек. Сондай-ақ сыныптағы оқушылардың белгілі орфограмманы меңгреу дәрежесіне қарай және оқушыларға арнайы тапсырма беру жолымен жаттығу орындату оқу процесіндегі тиімді тәсіл болып табылады.
3. Орфографиялық ережелерді оқыту әдістемесі. Орфографиялық талдау. Грамматикалық ереже қолдану тәртібі Я.А.Коменскийге дейін былайша жүйеленетін еді. Алдымен ереже айтылып, одан кейін мысал келтіріліп, ең соңында жаттығу жүргізілетін, Коменский бұл схемаға өзгеріс енгізіп, біріші орынға мысалдарды, екінші орынға ережені қойды.
Бұл тәртіп бойынша, оқушылар сол ережеге жаңадан мысал ойланады немесе ережені қалай қолданудың жолын қарастырады. Мұндай процестер арқылы тек мысалдар таңдалынып қоймай, ережеге бірнеше дүркін қайта оралуға мүмкіндік туады, сөйтіп ережені саналы түрде меңгеруге қолайлы жағдай жасалады. Дидактикалық бұл схеманы жүзеге асыру оқу процесінде оқушылардың ережені догматикалық, механикалық жаттап алудан арылып, тіл заңдылығын саналы меңгеруіне жағдай жасайды.
І. Әрбір ғылым өте тұжырымды, дәл ереже арқылы берілуі тиіс.
ІІ. Әрбір ереже қысқа, бірақ өте айқын сөздермен баяндалуы тиіс.
ІІІ. Әрбір ереже түсінікті болып, оны әр түрлі жолмен пайдалана алатын болуы үшін көптеген мысалдар берілуі керек.
Жаңа материалды түсіндіру алдында оған дайындық жұмыстарын ұйымдастырған тиімді. Өтілетін материалдың тақырыбын тақтаға жазу дайындық жұмысының бір түрі болып табылады. Алайда, бұл істі барлық мұғалім әр уақытта орындап отырмайды. өтілетін материал тақырыбын тек ауызша айтып қана қою оқушылар зейінін аудара алмайды. Ал егер «Біз бүгін ү әрпінің жазылу емлесін оқимыз. Сендер ү әрпі і әрпімен ауысып жазылатындығына назар аударыңдар» деген түрде алдын ала ескерту жасалып отырылса, оқушы бүгінгі сабақ мақсатын түсінетін болады. Сабақты өтпей тұрғанда, оқушы ү мен і әрпінің алмасып жазылатындығына күмән келтірілуі мүмкін. Алайда, ү мен і үнемі алмаса бермейтіндігін оқушылар есте ұстаулары керек. Санаулы сөздерге ғана сөйлемнің соңғы буынында ү әрпі жазылатындығы жөнінде орфографиялық ережені мұғалім түсіндіріп, сөздер көрнекі құрал арқылы немесе тақтаға жазылып көрсетіледі.
Мұғалімнің жетекші сұрақтары арқылы өтілетін материалға лайықты талдау жасата отырып, орфографиялық ережені оқушылардың өздеріне айтқызу да грамматикалық ережені білгізу жолындағы жұмыс тәсілдерінің тиімді варианты болып саналады. Мұндай жұмыс кезінде оқулықты пайдалануға да болады. Оқулықтағы орфографиялық ережені бір оқушы оқиды да, 2 – 3 оқушы оны қайталап айтып шығады.
Мұғалімнің мақсаты – белгілі грамматикалық категорияларға байланысты оқулықта берілген анықтама ережені ғана бергізіп қою емес, сол ережеге сүйене отырып, тілдік материалды таныту, соның төңірегінде оқушыны ойланту, ақыл-ойын дамыту. Оқылған грамматикалық категорияны оқушы тани білуге, оны түрлендіруге, емлесін жазу практикасында мүлтіксіз қолданып отыруға тиіс. Бұл үшін материалды жақсы түсініп, берік меңгеруі керек. Мұғалім түсіндіру үстінде оқушылар назарын өзіне аудартады. Жалықтырмас үшін сұрақ-жауап арқылы оларға әңгімелетеді, сөйтіп сабаққа оқушылардың белсенді қатысуын қамтамасыз етеді. Мұндай жағдайда оқушылардың оқулықпен өздігінен жұмыс жүргізуі материалды пысықтау немесе қайталау түрінде жүзеге тасырылады.
Ережеге, әдетте, жазуды орфографиялық нормаға түсірудің құралы болып табылады. Тіпті кейде жеке бір сөзді жазудың да өзіндік ережесі болады.
Ережелерді меңгеру нәтижесінде қалыптасатын орфографиялық дағды да жинақтық ұғымға ие болады. Оқушылар белгілі ереже бойынша өздері таныс сөздерді ғана дұрыс жазумен шектелмейді, сол орфограммамен жазылатын өздеріне таныс емес сөздерді де қатесіз жазатын болады.
Жинақтық дағды қалыптастыру үшін әр түрлі лексикалық, синтаксистік материалдарға негізделген жаттығу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Нақтылы материалдарға жаттыға отырып, абстракциялау да шешуші роль атқарады. Бір вариантты ереже белгілі фонетикалық немесе грамматикалық ситуациялардың жазылуын бір түрде ғана сипаттаса, көп вариантты ереже олардың жазылуын кемінде екі жолмен көрсетеді.
Орфографияны үйрету сауат ашудан басталатындығы белгілі. Сауат ашу әліппені оқыту арқылы жүзеге асырылады. Шын мәнінде, оқушының жазу сауаттылығының түп қазығы - әліппені жүйелі оқыту.
Орфографиялық талдау. Грамматикалық талдау ауызша да, жазбаша да жүргізіледі. Жазбаша жүргізілетін талдаудың қай түрінде (фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік) болмасын орфографиялық сипат болады. Өйткені жазбаша грамматикалық талдау қазақ тілінде жүргізілетін жазбаша жұмыстардың маңызды бір түрі болып саналады.
Жазбаша грамматикалық талдау жүргізуді ұйымдастырылуда мыналар ескерілуі керек.
- морфологиялық толық талдау жасау үшін көптеген графалар сызуға тура келетіндіктен (түбір, қосымша-жалғау түрлері, жақтар мен шақтар т.б.), дәптердің тек бір бетін ғана емес, екі бетін бірдей пайдалану тиімді. Кейде дәптердің екі бетін бірдей тиімді пайдалануды былайша үйымдастыруға болады: дәптердің бір бетіне талданатын текст жазылады, оңжақтағы бетіне талдау жүргізіледі.
- грамматикалық талдау жасауға дәптер парағының шетіндегі ақ
жиекті пайдалануға болады. Егер текстен шылауларды талдап жазу керек болса, текст дәптерге әдеттегідей жазылады да, ақ жиекке шылаулар (мен, және, бірақ т.б.) теріліп жазылады.
Орфографиялық талдауға да, негізінен, грамматикалық талдауға қойылатын талаптар қойылады. Көлем жағынан да, мақсаты, орындалу тәсілі жағынан да орфографиялық талдау грамматикалық талдауға ұқсас және фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік талдаулар кейде орфографиялық мақсатты да шешуге көмектеседі. Фонетика мектепте өзінше курс болмай, грамматикаға қосыла оқытылатыны сияқты орфографиялық талдау да фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктермен өтіліп отырады.
Сөз тұлғасын талдау кезінде лексикалық жұмыстың мынадай түрлері ескеріліп отыруы тиіс:
оқушылар талдап отырған сөздің мағынасын анықтап отыруы;
оқушылардың сөздік қорын толықтыру;
өздері білетін сөздік қорын тиімді пайдалануға дағдыландыру;
Сөздерді тұлғасына қарай морфологиялық талдау да мыналарға басты назар аударылады:
берілген сөздің негізгі түбірін тауып, оның мәнін анықтау.
сол түбірден бірнеше сөз өрбіту.
сөз қатыстырып сөйлем құрау.
түбірлес сөздерге ортақ негізгі түбірді табу.
сөздердің құрамына қарай (қос сөз, біріккен сөз, қысқарған сөз)
қалай жасалып тұрғандығын анықтау.
түбірге қосымшалар қосылудағы орфографиялык заңдылықтарды аңғарту.
Сөз таптарына байланысты морфологиялық талдау кезінде:
әуелі сөздің қай табына жататындығы айтылады;
сөздің қандай мағына беріп тұрғандығы ашылады;
формалық белгілері көрсетіледі;
сөз таптарының түрленуі кезіндегі формалық құбылыска қарай орфографиялық ерекшеліктердің дұрыс сақталуына назар аударылады.
Грамматикалық (морфологиялық) талдау талданып отырған сөздің қай сөз табына жататындығын табумен шектелмейді, сонымен бірге синтаксистік қызметі де ашылады. мәселен, сөйлемдегі сөздер сөйлем мүшелеріне синтаксистік талдау кезінде қай сөз табынан жасалып тұрғандығын айту талап етіледі.
Грамматикалық-орфографиялық талдау сауатты жазуды қамтамасыз ететін бірден-бір жұмыс түрі емес. Ол - білім мен дағды аралығындағы жұмыс түрлерінің бірі ғана. Жазбаша орфографиялық жаттығулар ретінде талдау - көшіріп жазу, диктант және басқа жұмыстарда қолданылады. Грамматикалық-орфографиялық талдау жүргізудің мынадай түрі де озат мұғалімдер тәжірибесінен орын алып жүр. Мұғалім сөйлемді оқиды, ал оқушылар сол сөйлемді талдайды. Мұнда талданған текст окушылар алдында әзір тұрған жоқ. Талдаудың мұндай түрі оқушылардыңесту қабілетін арттыруға көмектеседі, сөздің айтылуы мен жазылуы арасындағы ерекшеліктерді аңғартады. Талдаудың тағы бір жолыдайын карточкабойынша талдауболып табылады.
Оқушылардың жазу жұмыстарын мүқият тексеріп отыру олардың сауаттылығын арттыруға көмектеседі.
Оқушылардың ана тілін еркін және дұрыс меңгеруі, сауатты жазуы жазба жұмыстарды үнемі түзетіп отыруға тығыз байланысты. Мұғалімдер оқушылардың орфографиялық қателерін түзеткенде мынадай негізгі шараларды қолдану керек:
1. Мұғалім барлык қателерді түзетіп, соңғы өтілген негізгі тақырыптан кеткен қателерінің астын сызып көрсетуі керек.
2. Орфографиялық қателерді түзету үшін орфографиялык шартты белгілерді қолдануы керек. Мұндай белгілер оқушыларға таныс болуы тиіс. Қателерді түзету, олардың астын сызу тек қана оқушылардың қателерін тізбектеу болып табылмайды, қайта әрбір қойылған шартты белгі немесе қатенің астын сызу оқушыға орфографиялық кемшіліктерді саналылықпен түзетуге көмек етеді. Бұл жұмыс оқушының жалпы білім дәрежесіне бақылау жасау мақсатын көздей жүргізілуі керек.
3. Емлелік қателерді түзеткен кезде мұғалім әр оқушының психологиялық және жас ерекшеліктерін, олардың орфографиялық сауаттылық дәрежесін еске алуы қажет. Бұл жағдай қателерді түзетудің дұрыс тәсілдерін табуға көмектеседі.
4. Емлелік қателерді түзеткен кезде орфографиялық катенің ерекшелігін еске алу керек.
5. Мұғалімнің әрбір тексеруі оқушыға барлық жағынан әсер етуі тиіс. Түзетулер оқушының жіберген қателерін өзі сезетіндей дәрежеге жеткізілуі, оның іскерлін, қабілеттілігін арттыруға көмектесуі тиіс.
6. Мұғалімнің емлелік қателерді түзетуі оқушыларға белгілі бағыт көрсететіндей болуы тиіс.
7. Мұғалімнің емлелік қателерді түзетуі оқушылардың орфографияны түсінуге деген белсенділігін арттыруы керек. Жұмыстың табысты болуы көп жағдайда осыған байланысты.
8. Мұғалім емлелік қателерді түзетуде жеңілден ауырға, белгіліден белгісізге бірте-бірте өту принциптерін сақтауы керек.
Қорыта келгенде, оқушылардың емлелік қателерін түзету тәсілдері мынадай болуы тиіс:
Достарыңызбен бөлісу: |