Қазақстан соғыстан кейінгі жылдарда (1946-1953 жж.).
Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін Қазақстан еңбекшілері бейбіт құрылысқа қайта оралды. Экономиканы бейбітшілік жағдайға бейімдеп қайта кұру еңбекшілердің қоғамдық - саяси белсенділігі жағдайында жүргізілді. 1945 жылы қазан айында Алматыда Республиканың 25 жылдығына арналған Қазақстан Жоғары Кеңесінің мерекелік сессиясы болып, оған туысқан республикалардың, Мәскеу мен Ленинградтың делегациялары, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының озаттары, ғылым мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Осы мерекеге орай 5304 адам ордендермен және медальдармен наградталды.
1946 жылы 18 наурызда қабылданған төртінші бес-жылдыққа арналған жоспар бойынша соғыстан бұлінген аудандарды қалпына келтіру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының соғыстан бұрынғы дәрежесіне жетіп, одан едәуір асып түсу міндеті белгіленді. Сонымен бірге онда Қазақстан экономикасын өрге бастауға үлкен мән берілді.
Республикада ауыр индустрияны жедел дамыту, сондай-ақ, жеңіл және тоқыма өнеркәсібін одан әрі өркендету көзделді. Тұрғын үй құрылысын және қалалар мен жұмысшылардың тұрақты аудандарында мәдени- тұрмыстық орындар жүйесін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын өркендету негізінде республика еңбекшілерінің материалдық және мәдени тұрмыс дәрежесін одан әрі көтеру көзделді. Қазақстанга бөлінген күрделі қаржы көлемі одақ бойынша үшінші орынға шықты. Мұнда күрделі қаржы кәсіпорындарды қалпына келтіруден гөрі бұрынғыларын кеңейтіп, жаңа кәсіпорындар салуға бағытталды. Соғыстан кейінгі кезеңде ауыл шаруашылығы артелінің жарғысын бұзушыларға қарсы күрес күшейді. 1946-1947 жылдары колхоздарға қарыздар болып келген мекемелер мен ұйымдардан 214 млн. сом ақша, 540 мың гектар жер қайтарылды. Осы жылдарда ұсақ колхоздарды ірілендіру шаралары іске асырылып, республикада соғысқа дейінгі 6400 колхоздан 1950 жылғы қаңтарда 3670 колхоз қалды, олардың жалпы саны 2 есеге жуық қысқарды.
1948 жылы республикада ауылдар мен селоларды жаппай электірендіру жорығы басталды. Сөйтіп, төртінші бесжылдық тұсында 752 колхоз, 317 МТС, 164 совхоз және 193 селолық аудан орталықтары электрленді. Селолық электр станцияларының қуаты 1945 жылмен салыстырғанда 2,8 есе өсті.
Республикада төртінші бесжылдықта егіс көлемі бір миллион гектардан аса ұлғайды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы артты. 1950 жылы астықтың жалпы түсімі 47 654 центнерге жетіп, соғыстан бұрынғы дәрежесінен 89 пайыз асып түсті.
1946 жылы қуаңшылық болып, астық шықпай, халық азық - түлік тапшылығының зардабын шекті. Колхоз, совхоз, МТС - тардағы техника ескірген, еңбек өнімділігі төмен еді. Ауыл шаруашылығының әртүрлі жарғысын бүзушылық етек алды. Колхоздардың меншігі талан-таражға түсті. Колхозшыларға еңбек күнге өнім бөлінбеді. Олардың еңбекке ынталылығы төмен болды. Осыған байланысты әкімшіл - әміршіл жүйе қатал саясат жүргізіп, село тұрғындарын мәжбүрлікте ұстады. Олардың саяси құқықтары аяқ асты етіліп, туған жерлерінен кетуіне тыйым салынды. Еңбек ақы төлеуде теңгермешілік орын алды. Колхоздарда, совхоздарда өндірілген астықтың тұқымдық қордан басқасы мемлекетке дайындық қорына алынды. Колхозшылардың, совхоз жұмысшыларының жеке шаруашылықтарынан ет, сүт, жүн дайындау жүргізілді. Ауыл - селодағы мұндай ауыр жағдайды өзгерту мәселесіне 50 - жылдардың орта шеніне дейін көңіл бөлінген жоқ. Сайып келгенде, өнеркәсіпті қалпына келтіру, оны жаңа деңгейге көтеру ауыл-селоны қанау есебінен іске асты.
Осы жылдарда М. Әуезовтің "Абай жолы", С. Мұқановтың "Шоқан Уәлиханов" сияқты көптеген тарихи шығармалар жарық көрді. "Абай" қойылымы үшін Қазақ Академиялық драма театрының ұжымы КСРО мемлекеттік сыйлығын алды. Музыка мәдениеті өрлеу жолына шықты. М. Төлебаевтің "Біржан-Сара", А.Жұбанов пен Л.Хамидидің "Абай", Е.Брусиловскийдің "Дудар-ай", Қ.Қожамияровтың ұйғыр тіліндегі "Назугум" опералары сол жылдарда дүниеге келді. "Біржан - Сара" операсына КСРО мемелекеттік сыйлығы берілді.
1946 жылы республикада Ғылым академиясы құрылып, оның президенттігіне көрнекті ғалым, академик Қ. И. Сәтбаев сайланды. Осы жылдарда Ақтөбе, Гурьев, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Шымкент екі жылдық мүғалімдер институттары жоғары білім беретін педагогикалық институттар болып қайта құрылды.
Жалпыга бірдей жетіжылдық білім беру туралы Заң одан әрі жүзеге асырылды. 1952 жылдың аяғында Қазақстанда жалпыға білім беретін 9 мыңдай мектеп, 125 техникум мен арнаулы оқу орны жұмыс істеді, бұларда 1,5 млн. адам оқыды. Алайда, мектептердің материалдық жағдайы онша болған жоқ. Олардың көпшілігінің ғимараты болмады. Сондықтан оларға ғимарат салу, мектептердің ескірген, тозған үйлерін жөндеуге халықтың, село мен қала еңбекшілерінің тарапынан үлкен көмек көрсетілді. Сонымен бірге олар клуб, кітапханаларға да жәрдемдесті. Кітап қорларын толықтыру үшін кітап, радиоқабылдағыш, т.б. мәдени құралдарды жинап берді.
Бұл кезде Орталықта "Ленинградтық іс", "Дәрігерлердің ісі" қолдан жасалып жатқан кезде Қазақстанда "Бекмахановтың ісі" ұйымдастырылды. Ол іс бойынша Е.Бекмахановтың 1947 жылы шыққан "XIX ғасырдың 20-40 жж. Қазақстан" деген монографиясында буржуазияшыл - ұлтшыл концепциялар дамытылған және оның саяси-идеалық зияны бар деп табылды. 1950 ж. "Правда" газеті "Қазақстан тарихының мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан жазу үшін" деген мақаласында оның кітабын айыптады. Осыдан кейін тарих ғылымдарының докторы Е. Бекмаханов Ғылым академисынан шығарылды, ал 1952 ж. 4 желтоқсанда Қазақ ССР Жоғары сотының алқасы оны 25 жылға соттады. Тек Сталин өлгеннен кейін ғана Е. Бекмахановты айыптау жөніндегі іс қайта қаралып, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан жабылып, 1954 жылы түрмеден босап шықты.
Достарыңызбен бөлісу: |