Я, ю, ё әріптері әдетте дыбыстардың қосындысын білдіреді. Мұндай дыбыстардың қосындысы қазақ тілінде екі вариантта (жуан және жіңішке), яғни йа – йә, йу – йү
Я, ю, ё әріптері әдетте дыбыстардың қосындысын білдіреді. Мұндай дыбыстардың қосындысы қазақ тілінде екі вариантта (жуан және жіңішке), яғни йа – йә, йу – йү түрінде кездеседі. Сондықтан мұндай әріптерді әліпби құрамынан мүлде алып тастауға болады. Өйткені қазақ орфографиясындайа – йә тәрізді әріптік тіркестермен беруге болатын прецедент бар. Сөз басында және дауысты дыбыстардан кейін келетін я әрпін қосынды й+а немесе й+ә арқылы таңбалауға әбден болады. Мысалы: қойан, тайақ, айа, майа, сайа, қийа, сийа, тұйақ, сайақ. Ал орыс тілінен енген кейбір сөздерде дауыссыз дыбыстардан кейін келген я әрпінің орына ә әрпі, дауысты дыбыстан кейін және сөз басында келген сөздерде й+а қосар әріппен жазуға болады. Мысалы: отрәд, снарәд, аккумуләтр; йадро, йахта, йарус. Осы тәрізді ю әрпін әліпбиден алып, орнына й+у қосар таңбасы арқылы таңбалауға болады. Мысалы: айу, ойу, кейу, көркейу, айуан, айуанат, хайуан, хайуанат, кейуана, миуа, диуана, қиуа, қиуаз. Орыс тілінен енген сөздерде й+у дауыссыз дыбыстан кейін келгенде дара у әрпін жазуға болады. Мысалы: буджет, полус, лукс.
Орыс тілінде дауыссыздың жіңішкелігін білдіретін Ёё әрпі қазақ жазуы үшін тіптен артық болып табылады, өйткені орыс тіліндегі ё дыбысын қазақ тілінде й+о, й+ө қосындысы арқылы және кей жағдайда ө әрқылы да беруге болады. Мысалы щётка – шөткі, ёлка (шырша) – йолкі сөздерінде ғана кездеседі. Сондықтан латынша емледе бұл типтес сөздер қазақ тілінің ерекшелігіне байланысты дұрыс жазылуын қуаттаймыз.
Байқап отырғанымыздай, мұндағы қиындық тек орфографияда ғана емес екен! Жасанды жазылымда қазақ тілінің негізгі фонетикалық заңы бұзылады – сингармонизм, орфография айтылымға, орфоэпияға кері әсерін тигізеді.
Сондай-ақ әліпбиде «ь» (жіңішкелік белгі) әріптік таңбасының болуы дұрыс емес екендігін атап өткіміз келеді. Қазақ тілінде араб жазуы, латын жазуы болған кездердің өзінде бұл таңба ешқашан да қолданылған емес, өйткені, атап көрсеткеніміздей, қазақ тілінде дауыссыздардың жіңішкелігі қатар тұрған дауыстылармен анықталады. Осыған қарамастан кирил әліпбиіндегі қазақ жазуында бұл таңба аса мол кездеседі, ал оның дауыссыздың жіңішкелігін емес, буынның немесе дауыстының жіңішкелігін білдіретіні оқырман үшін тиімсіз болып табылады және қазақтардың өзін және орыстілді қазақтарды шатастырады.
Сонымен біздің ойымызша, қазақ тілін өзінің лайықты орнына шығартпай отырған бірінші кедергі, ол – кирил жазуы. Санамызға әбден орнығып алған орыс әріптерінен арылмайынша ана тіліміздің екінші дәрежеде қала беруі заңдылық. Қазіргі кезде қазақ әліпбиінің орыс әріптерінің негізінде құрылғаны былай тұрсын, тіпті орыс тілінің көптеген ғылыми-техникалық және саяси-қоғамдық терминдері ешбір өзгеріссіз, ешқандай заңдылыққа бағынбай, түпнұсқамен жазылып жүр. Бір айта кететін жайт, сол орыс тілінен енген барлық сөздердің тегі орыстікі емес. Мысалы, президент, конституция, цивилизация, функция, коммунизм, капитал т.с.с толып жатқан орыс сөздерінің тегі латыннан шыққан. Тек орыс тілі жат сөздерді қабылдағанда міндетті түрде өзінің тіл заңдылығына сәйкес етіп өзгерту арқылы енгізеді. Жоғарыда көрсеткеніміздей, 20-30 жылдары да қазақ тіліне кірген кірме элементтер тілдің заңдылығына толық бағынып заңдастырылған. Қазіргі кезде мерзімді баспасөз беттерінен орыс тілінен енген сөздерді қазақиландырып жазу механизмдерін көзіміз шалып қалады. Мысалы орыс тіліндегі автомобиль сөзін аптамобіл, факт' сөзі пәкті түрінде, авиация сөзі – ауасия түрінде игеріліп таңбаланған түрлерін де жүр («Тіл және аударма», 2000, №1). Осы мәселелерді сараптай келгенде, неге сол латын сөздерін қазақтың дыбыс заңдылығына бағындыра отырып, қабылдамасқа деген сауал туады. Ол үшін біріншіден, кірме сөздерді жуан және жіңішкелік принципке негіздеу, екінші принцип «түпнұсқалыққа жақындау» принциптерін қатар ұстау арқылы тілдің табиғилығын сақтауға болады.