Қазақ тіліндегі фонеманың реңктері мен дыбыстық құбылыстар
Қоғам қайраткерлерінің дыбысталған дискурсын зерттеп, ондағы өзгерістерді табу үшін қазақ тіліндегі вариант, вариация, аллофон ұғымын анықтап, тілімізде көрініс табатын дыбыстық құбылыстарды, яғни редукция, ассимиляция процесін ажырату қажет.
Жалпы тіл білімінде фонеманың реңктері әртүрлі терминдермен аталады. Өйткені ол фонологиялық мектептердің ұстанымдары мен зерттеу бағыттарына байланысты болады. Мәселен Америка фонология мектебінде аллофон деп аталса, Ленинград фонологиялық мектебі оттенок (реңкі) дейді. Ал Москва фонология мектебі вариант пен вариация деп атайды.
Ең алдымен сегменттік фонетика тұрғысынан алғанда вариант пен вариация ұғымын анықтап алу қажет. Москва фонологиялық мектебінің теориясы бойынша фонеманың әлді позициядағы реңкі вариация,әлсіз позициядағы реңкі вариант деп аталады. Мұнда вариант ұғымы екі фонемаға қатысты болса, ал вариация бір фонемаға байланысты болады. Мәселен,тар, тер,тұр, түр дегенде «т» фонемасының әлді позициядағы төрт түрлі реңкі бар болса, ал әлсіз позицияда жанды –жамбады, жанған –жаңған дегендегі м мен ң-ды вариант деп есептейміз. Яғни бұл жерде «н» фонемасының екі варианты бар. Олар: м, ң. Сондай
-ақ з фонемасы үш түрлі вариантта көрініс табады(с, ж, ш).Мысалы: қазса–қасса,боз жорға–бож жорға, көзсіз –көссіз т.б.
Сонымен қатар ғалым әрбір дауысты дыбыстың өзіне тән созылыңқылығы, күші, әуені болатындығын айтып, қысқа дауыстыларға қарағанда созылыңқы дауыстылар ұзағырақ айтылатындығын «созылыңқы дауыстыларды қанша болса да созып айтуға болады, бұдан сөздің мағынасы өзгермейді. Ал қысаң дауыстыларды соза беруге болмайды, егер созған жағдайда сөздің мағынасы өзгереді немесе сөйлеу нормасы бұзылады» эксперименттік тәжірибелерінің нәтижесі арқылы көрсетеді.
Ғалым І.Кеңесбаевтың «фонетика» еңбегінде белгілі бір дауысты дыбыстың сөздегі алатын орнына байланысты әртүрлі айтылатындығы (редукцияланатындығы), кейде мүлде түсіп қалатындығы айтылған, оны екпінге және көршілес дыбыстардың ауанымен байланыстырады. Мысалы, автордың айтуы бойынша, қазақ тіліндегі көп буынды сөзде біркелкі [а] келгенде кейде екінші буындағы а күңгірттеу естіледі. Мысалы: шағалалар, қалалар т.б. Бұл сөздердің екінші буынындағы а өзге буындардағы а-ға қарағанда күңгірттеу. Ал балалар сөзіндегі а дыбысы (ла буынындағы) ауызекі тілде редукцияланып, баллар немесе балдар түрінде айтылады. Сондай-ақ ғалым ерін-ерні, мұрын-мұрны, көңіл-көңлі деген сөздерді мысалға келтіріп, өзі тектес дауысты дыбыстың жалғануынан, сөз арасындағы дыбыстың түсіп қалатындығын айтады.В.В.Севортян ашық дауыстыларға қарағанда қысаңдардың әлсіз болып, түсіп қалуға бейім болатындығын айтады. Сондай-ақ кісіне деген сөзді алатын болсақ, айтылымда алғашқы буындағы і дыбысы қысқа айтылса, екінші буындағы і дыбысы түсіп қалады. Яғни қазақ тілінің айтылымына сәйкес ашық және бітеу буында өзгеріске ұшырайтыны байқалады. Эксперименттік фонетикалық зерттеулерге қарайтын болсақ, ашық буындардың созылыңқы, ал тұйық буындардың қысқа айтылатындығы дәлелденгген. Мысалы: кі-сі-не деген сөздегі үш ашық буынның кісне болып айтылғанда алғашқы буындағы і-нің қысқа естілуі жаңа пайда болған жабық буында тұруына байланысты (кіс). Ал екінші буындағы і-нің түсіріліп айтылуы қатар келген ашық буындардың сөйлеушінің өз ойын әрі тез, әрі нақ тылы жеткізу жолындағы психологиясына байланысты Себебі, тіліміздегі қандай сөзде болсын дауысты дыбыстың түсіріліп айтылуы тек қатар келген ашық буындарда ғана іске асады.
Қазақ, түркі тілдеріндегі дауысты дыбыстардың редукциялану жайы туралы пікірлерге сүйенер болсақ,кей сөздер бір-біріне қайшы келеді.Біз сөйлеу тілінде белгілі бір жүйе болу керектігін ескерсек, редукцияны таза фонетикалық құбылыс деп қарамай, морфонологиялық тұрғыдан да қарастыру қажет.
Морфонологиялық құбылыстардың осы кезге дейін жете зерттелмеуі,барлық дыбысқа байланысты өзгерісті фонетика саласында қарастырып, фонетика заңдарымен түсіндіруге әрекет жасау редукциялану құбылысын дұрыс шешуге кедергісін тигізді. Мысалы: мойын-мойны,бірақ шойын-шойны емес, халық-халқы, бірақ балық,салық, толық сөздері балқы, салқы, толқы болыпайтылмайды. Бұл мысалдардан бірізділіктің жоқтығын әр түрлі айтылатын бұл құбылысты қалайтүсіндіруге болады? Редукциялану, біздіңше, тек сөйлеу процесінде пайда болатын ықшамдалу процесі.
Сөйлеуші тыңдаушысына өз ойын әрі көп күш жұмсамай, әрі тез жеткізу мақсатында мағынаға нұқсан келмейтін тұста мүмкіндікті барынша ықшамдауға әрекет жасайды .
Сондай-ақ морфонологиялық құбылысқа жататын сіңісу құбылысы да тілімізде өзіндік орынға ие. Өйткені сіңісу құбылысында кейбір сөздердің құрамындағы морфемалар тілдің даму барысында мағыналарынан айырылады да ондай сөздер морфемаларға ажыратып мүшеленбейтін сөздер ретінде ұғынылады. Соның негізінде сөз құрамындағы морфемалардың мағыналары жойылып, олар бір-біріне кірігіп кетеді. Оған мысал ретінде сегіз он –сексен, тоғыз он –тоқсан, алып ке –әкел, алып бар –апар деген сөздерді алуға болады.
Жалпы қазақ тіл білімінде ассимиляция құбылысының да өзіндік орны бар. Яғни ассимиляция морфемалар жігіндегі көрші келген дауыссыздардың акустика-артикуляциялық жағынан бір-біріне ұқсауы және ртикуляциялық жағынан бейімделіп берілуі. Оған мысал ретінде ат-қа, бас-ты, ақ-қа, дәп-тер-ге деген
сөздерде түбірге жалғанатынқосымшалардың бір-біріне бейімделуін, сондай-ақ айтылым кезіндегі түбір мен қосымшаның бір-біріне ықпал етуін басшы –башшы, қосшы –қошшы, сезсе –сессе т.б.
Асимиляцияның прогрессивті, регрессивті және тоғыспалы болып бөлінетіндігі белгілі. Мәселен, прогрессивті ассимиляцияда алдыңғы морфеманың соңғы дауыссыз дыбысы кейінгі морфеманың басқа дауыссыз дыбысына акустикалық жақтан ықпал етіп, игеріп тұрады. Яғни түбір морфемаға қосымшаның игеріліп тұруы нан-ға, нан-мен, нан-ның дегенде үнді дауыссыздар сөзді аяқтап тұрады. Қазақ тілінде ұяң дауыссыздардан тек ж, з дыбыстары ғана сөз соңында келеді. Айталық, ж дыбысына аяқталатын сөздер өте аз (мұқтах, лаж, уәж, тәж), орыс тіліне қазақ тіліне енген сөздердің соңында ж мен з әріптері жазылады (тираж, экипаж, фиксаж). Сондай-ақ, қазақ тілінде қатаң дауыссыздар сөзді аяқтап тұрады. Сөз соңындағы қатаңдар өзінен кейінгі морфемалардың тек қатаң дауыссыздардан басталуын талап етеді. Мысалы:тас-қа, ас-қа, бас-қа, төс-ке т.б. Прогрессивті ассимиляция кезінде үнді дауыссыздар алмасуға ұшырамайды.
Ал регрессивті ассимиляция кезінде бір дыбыс ғана алмасады. Ол н дыбысы. Бұл дыбыс тіл арты ғ мен г үнсіздерінің алдынан келгенде айтылымда өзгеріске ұшырайды (қ мен к дыбыстарының ұяңданатыны белгілі). Мысалы: жанған -жаңған, көнген –көңген т.б. Сондай-ақ алдыңғы сөз н дыбысына аяқталса, кейінгі сөз п дыбысынан басталса, тіл алды н дыбысы қос ерін м дыбысына алмасады. Мысалы: жанпида –жампида, Жанпейіс –жампейіс т.б.Тоғыспалы ассимиляцияның да өзгеріске ұшырайтын кездері болады. Оған прогрессивті мен регрессивті ассимиляцияның да ықпалы болып, екі жақты өзгеріске ұшырайды. Яғни бұл сөз бен сөздің арасында кездеседі. Мысалы: Аманкелді –Амаңгелді, күн көрді–күңгөрді, тас жол –ташшол, бес жыл –бешшыл, қайран қалды –қайраңғалды т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |