Бунақ құрылысының түрлері.Өлеңнің бір жолын алсақ, бірнеше буыннан құралады. Буынға бөлу үшін әуелі бунаққа бөлеміз. Өлеңнің бір тармағы бір не бірнеше бунақтан құралатыны бізге қанық. Әр бунақта буын кемі екеу, көбі төртеу болады. Қазақ өлеңінде бір бунақтағы сөздердің буын саны төрттен аспайды. Аса қалса, жыр өлеңдерінің бунақтарындағы 5 буынды бунақ сықылды, біреуі 3 буынды, біреуі 2 буынды екі сөзден құралатын бунақтар ғана болады. Бұл бір буындас сөздер емес. Мұның жөні өзгешелеу болады (бұл туралы жыр өлеңдердің буынын тексергенде толығырақ тоқтаймыз).
Екі дауысты қатар келсе, кірігіп біреуі жоғалып кететін, кірігу заңына сүйеніп жазылған өлең буындарында ғана болады. Сондықтан кейбір өлеңнін буын саны көзге артық көрінгенмен, өлеңнің өлшемі артпайды. Мысалы, /Бурылша аттан/ /мықтымын/ дегенде де, алдыңғы бунағында 5 буын, соңғы бунағында 3 буын, барлығы 8 буын бар. Алдыңғы бунақта екі дауысты «а» дыбысы қатар келгендіктен: /бу-рыл-шат-тан/ /мықты-мын/ болып, алдыңғы бунағы 4 буынға түсіп тұр. Енді 8 емес, 7 буын боп қалды, сөйтіп бір буынның саны кемиді. Мысалы, тұ-ра-ал-май-ды дегенде 5 буын бар; жылдам айтқанда, тұ-рал-май-ды дегенде бір буын кеміп, 4-ақ буын қалады. Бұны дауысты дыбыстардың кірігуі дейді.
Дыбыстардың осы жылысу, кірігу қасиеттерін өлең жазғанда ақындар да пайдаланады. Буын мөлшеріне сыймаған жерлерде екі дауыстыны қатар келтіріп, өлеңнің буын сандарын түгел шығарады. Мысалы:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12
Ән-ше-йін күн өт-кіз-бек әң-гі-ме ү-шін,
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11
Тың-дар е-дің бір сө-зін мың-ға ба-лап.
Осы үзіндінің соңғы жолының буын саны 11, алдыңғысының бір буыны артық. Әйтсе де буынның артықтығы байқалмайды, себебі соңғы бунағында бір сөз дауысты дыбысқа тынса, екінші сөз дауысты дыбыстан басталып отыр (мысалы, әнгіме – үшін). Бұл жерде бір буын қысқарылуы керек, сондықтан қатар келген екі дауысты дыбыстың біреуі кірігуге сүйеніп жойылады. Сөйтіп енді 12 емес, 11 буын боп шығады. Буынға бөлгенде:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11
Ән-ше-йін күн өт-кіз-бек әң-гі-мү-шін
Осы тәрізді 11 буынды өлеңдердің бір жолындағы буын сандары кейде 13-14-ке шейін барады. Ондай өлең жолдарына екі дауысты дыбыстың қатар келуі бір ғана жерде келіп қоймайды. Бір жолдың ішінде бірнеше жерлерде келеді. Оларда да жаңағы ретше қысқартылып, айнала келгенде буын саны 11-ден аспайды. Екі дауысты дыбыс қатар келгенмен қысқартудың керегі жоқ, сол қатар келген дауысты дыбыстардың әрқайсысы өлеңнің бір буыны болып тұра беретін кездер де болады. Ондай жағдайларда қысқартамын деп әуреленудің де керегі жоқ. Мысалы:
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11
А-ғыл-ды а-қын-нан-да ән бұ-ла-ғы