Ал графика дегеніміз не? Графика алфавиттегі әріп таңбаларын жетілдіру, жетпеген фонемаларды белгілеуді ұйымдастырады. Графика мен орфография жазудың екі кезеңнен тұратынын көрсетеді. Графика дұрыс белгіленсе, сөз формалардың жартысынан астамы қатесіз жазылады, ал орфографияға күрделі мәселелерді нормалау ғана қалады. Алфавит құрамы графикалық таңбаларды ұйымдастырудың нәтижесi, соңғы қорытындысы ретiнде пайда болатын шартты код. Әрине, ол алдымен негізгі әліпби қаңқасына сүйенеді. Алдымен негізгі алфавит таңдалады, сосын графика, соңынан алфавит құрамы қабылданады. Мысалы, қазақ тілінің өзіне тән дыбыстарын әріптерге диакритика салып немесе қосарлап таңбалауды графика ұйымдастырады.Графика жаңа әлiпбидi қабылдағанда, жазудың алғашқы тәжiрибелерiнде, алғаш сауат ашу iсiнде көрiнедi. Сонда графика дегенiмiз әлiпбидегi әрiптердiң белгiлi бiр фонемаларды таңбалауын ұйымдастыруы. Графика – әлiпби мен оның теориясына тiкелей қатысы бар, әлiпбидiң жасалуы, өзгерiстерi, қайта жетiлдiрiлуi, сондай-ақ эстетикалық, оптикалық, экономикалық жағынан сапасын анықтауға көмектесетiн сала. Графика сондай-ақ жазу таңбасы деген ұғымда да қолданылады. Графика жазу ұғымының бір мағынасына сәйкес. Қазақ тіл білімінде “араб жазуын өзгертті”, “латын жазуын қабылдау”, “орыс жазуына көшу” деген сияқты тіркестер бар. Өйткені алдымен сол жазудың графикасы еске алынады.
Графикаға лигатуралар, диакритикалық таңбалар (дәйекші, екпін, созылыңқылықты білдіретін белгі) кіреді.
Әліпби мен графика құрамын кімдер жасақтауы қажет? Белгілі бір әліпби түріне ауысуды таңдау - әлеуметтік, саяси мәселе. Ауысу қажеттілігі жоғары деңгейде шешілгеннен кейін әліпбиге қойылатын фонологиялық талапты лингвистер, психологиялық (жазу-оқу ісінде әріптерді қабылдау рационалды болу керек дегенді білдіреді), педагогикалық талаптарды (сауат ашуда уақыт пен еңбекті үнемдеу дегенге саяды) әдістемеші педагогтар, типографиялық (сол кездің экономикасы мен өндірістік жағдайларына сәйкес келуді құрайды) және техникалық талапты техник мамандар қарастыруы қажет. Бастысы қандай да бір графиканы қабылдайтыны саяси, экономикалық, әлеуметтік жағынан орайластырып шешілген соң, сол тілдің фонемалар жүйесіне қарай әліпби құрамын дұрыс, дәл белгілеуді тілші ғалымдар атқарады.