Орыс графикасына негізделген әліпби және оның қайшылықтары
Осы жылдардан бастап (1938-39 жж.) латын графикасына негізделген әліпбиді орыс графикасына ауыстыру мәселесі қызу талқыға түсе бастайды. 1939 жылы 10 тамызда алғашқы әліпби жоба жарияланады. Жобада 40 әріп: а, ә, б, в, г, д, е, ж, з, и, й, і, к, л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у, ŷ, ұ, ү, ф, х, қ, g, ц, ч, ш, щ, ъ, ы, ь, э, ю, я. Осы тәрізді жобалардан кейін 1940 жылы орыс графикасына негізделген қазақ жазуы қабылданады. Оның емле ережесі де бекітіліп, өңделіп те келе жатыр. Бірақ қазіргі кезде ғалымдар орыс тілі сөздері түпнұсқа принципіне бағынуын және кірме әріптердің қазақ әліпбиінде орын берілуін сөз етіп келеді. Осыған орай ғалымдар жаңа жазу, жаңа әріп алдымен тіліміздің табиғи болмысын дұрыс тануға, өзіндік дыбыстық жүйесін зерделеуге зор мүмкіндік тудыру керек деген пікірді жиі айтады. Шындығында, латын графикасына көшу жай ғана әріп алмастыру науқаны болмауы тиіс. Ең бастысы орфографияны «қосаржарлық» сипатынан айыру керек деген принципті алға тартуға болады. Жалпы жазу теориясында уәжді және уәжсіз принцип бар. Бұл мәселені қазіргі кезде ғалымдар лингвистикалық және психологиялық жағынан қарастырып келеді. Лингвистикалық жағы бұл әліпбидегі әріптердің саны негізгі дыбыстардан соншалықты алшақ кетпеуі, негізгі дыбыстармен тең түсуі т.с.с. Ал психологиялық жағын алар болсақ, жазу – адам ойының материалданып, жарыққа шығуының құралы. Сондықтан ұлттық санада немесе тілдік санада белгілі бір дыбыстың суреті жоқ дыбысты тіл арқылы жарыққа шығару немесе оны жазу өте күрделі. Осыған байланысты Н.Уәлиұлы былай дейді: «Әліпбидегі әріптердің саны шамадан тыс көп болуы мектеп табалдырығын аттаған оқушыларымызға да оңай тимейді. Ана тілінің дыбыстарын бейнелейтін әріптерді мектепке келген балдырғандарымыз дыбысқа (уәжге) сүйеніп, тез үйреніп алады. Сөйтіп дыбыс пен әріптің байланысы оқушы санасында білімге айналады. Ал ъ, ь, ц, щ, … тәрізді таңбаларды дыбыстық уәжі болмағандықтан, жаттап алуына тура келеді. Қазақ тілінің дыбыс жүйесіне қатыссыз әріптерді жаттап, миға салмақ түсіреді. Бұл – мәселенің лингвистикалық-психологиялық жағы. 42 әріппен байланысты бұл қайшылықты, әсіресе ұстаздар қауымы жақсы біледі. Бұл жайт, жоғарыда айтқанымыздай, кирилше әліпбидің түкке алғысыздығынан емес, я болмаса кирилшені әуелде тіліміздің жүйесіне сай етіп Ұқсата алмаған тіл мамандарының да кемшілігі емес. Қазақ лингвистерінің кәсіби біліктілік деңгейі қай кезде де төмен болған жоқ. Әліпбидегі түйткілдің түп-тамыры тоталитарлық жүйенің Кеңестер одағындағы тілдерді, ұлттарды бірте-бірте ассимиляциялау саясатымен байланысты болды. Кеңестік кеңістікте халықтарды бір тілге көшіріп, Бабыл мұнарасын орнатып, көктегі коммунизмге қол жеткізбек болған идеологиялық қысымның салдарынан кирилше әліпбиіміз бұрмалауға түсті. Қазақ әліпбиіне енгізілген в, ъ, ь, ц, щ … тәрізді әріптер алдымен халықаралық терминдерді, советизмдерді, онимдерді (жалқы есімдерді) орыс орфографиясымен жазу үшін енгізілген. Қазақ орфографиясы да сиям егіздері сияқты қосамжар орфография болып шықты. Қазақ мәтіндерінде қазақша жазылатын сөздер мен бөтен тілдің бөркін киген сөздер аралас-құралас жүрді. Сөйтіп, советизмдерді, интернационализмдерді, онимдерді Орталық орыс орфографиясымен бұлжытпай жазу үшін ч, щ, ю, я, ъ, ь, ц … тәрізді әріптерді енгізуге тіл мамандарын мәжбүрледі» .
Cонымен, қазіргі қазақ әліпбиі ұлттық әліпби емес, қосамжар әліпби болып отыр. Осымен байланысты ғалымдар әліпби ауыстыру ең бірінші лингвистикалық түрткіжайтқа барып тірелетінін дәлелдейді. Екі тілдің орфографиясына қызмет ететін әліпбиге түбегейлі реформа жасау арқылы тіліміздің дыбыстық жүйесін нақты белгілейтін, оның өзіндік табиғатын бейнелеп қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізетін жаңа жазу-сызуға көшу керек деген пікірде.Сонымен латын графикасы негізіндегі қазақ әліпби жоба ұсынушылар немесе латын жазуына қайтуды қолдаушы ғалымдардың арқа сүйеп отырған бұлтартпас басты дәлелі мынандай әділ де ақиқат тезис болып табылады –кирил жазуына негізделген әліпби қазақ тілінің дыбыстық жүйесін барабар жағдайда көрсете алмайды және оның орфографиясын күрделендіре түседі.
Жалпы қазақ әліпбиінде 29 дыбыс бар. Ал қазіргі әліпбиімізде в, ё, ф, х, ц, ч, щ, э, ю, я, ъ, ь әріптері қазақ тіліне жат. Ф, х әріптері 1938 жылдан қолданысқа енсе, қалған 10 әріп 1940 жылы орыс графикасына негізделген әліпбиге көшкенде қабылданған болатын. Бұл әріптер орыс тілінен енген сөздерді бұзбай, яғни түпнұсқасына жақындатып қолдану үшін алынды. Орыс тілінен енген я, ю, ё, щ, ц, э тәрізді әріптер қазақ әліпбиі үшін басы артық таңбалар. Сонымен кирил әліпбиінің қазақ нұсқасында я, ю, ё графемалары қандай қызмет атқарады?
Достарыңызбен бөлісу: |