Тіл – белгілі бір құрылымы, жүйесі және қызметі бар, біртұтас құбылыс. Яғни тілге құрылымдық (структура), жүйелілік (система) және қызмет (функция) деген үш түрлі сипат тән. Бұлардың әрқайсысының өзіне тән, нақтылы мазмұны болады. Тілдің қызметі туралы жоғарыда айттық. Енді құрылым мен жүйе дегендерге келелік.
Құрылым деп, әдетте, бүтін нәрсенің элементтерінің арасындағы қатынастардың тінін, қаңқасын немесе сұлбасын айтады.
Ол бүтіннің бір тектес немесе әр тектес элементтерінің ара қатынасын және бірлігінен тұрады. Элементтер яғни тілдік бірліктер мыналар: 1) дыбыс (фонема), 2) морфема, 3) сөз, 4) сөз тіркесі, 5) сөйлем және 6) мәтін.
Дыбыстар (фонемалар) –есту мүшелері арқылы қабылданатын, бір морфеманы екінші морфемадан, бір сөзді екінші сөзден ажырататын ең кіші тілдік элемент. Мысалы, п, с, т, д, м, н дыбыстары пән, сән, тән, дән, мән, нән деген сөздерді бір-бірінен ажыратып тұр.
Морфема – дыбыстар мен мағынаның бірлігінен тұратын тілдік элемент. Морфеманың түбір морфема (бүл+ін, красн+ый), аффикстік морфема (жылқы+шы, бала+лық; ағаш+тың бұтағ+ы) деген түрлері бар. Бұлардың, яғни жұрнақтар мен жалғаулардың әрқайсысының білдіретін мағыналары болады. Мысалы, сөз тудырушы мағына, сөз түрлендіруші мағына (яғни сөздердің байланысын, бір-біріне қатынасын білдіретін мағына) т.б. Морфема бір, екі немесе одан да көп фонемадан құралуы мүмкін. Мысалы, бар+са+ң, бар+са+м, бар+а+ды. Сөздер заттар мен құбылыстарды, сапа мен белгіні, іс-әрекет пен қимылды атайды, солардың атаулары ретінде қызмет атқарады. Сөздің бұл қызметін – номинативті (атау болу) қызмет деп атайды.
Сөйлем ойды, байымдауды білдіреді, бір нәрсені хабарлау қызметін атқарады. Сөз номинативтік қызмет атқарса, сөйлем коммуникативтік (пікір алысу, сөйлесу) қызмет атқарады. Тіл өзінің қатынас құралы болу қызметін сөйлемдер арқылы іске асырады.
Кез келген тілдің жалпы құрылымы мен жүйесі болады. Сонымен бірге оның әрбір қабатының (деңгейінің – уровень), мысалы, фонетикалық, морфологиялық, лексикалық, синтаксистік қабаттарының әрқайсысының жеке өз құрылымы, өз жүйесі болады. Әр құрылым мен жүйенің, мәселен, фонетика жүйесінің барлық элементтері (дыбыстары) сол жүйенің мүшелері ретінде қызмет етеді.
Жүйе дегеніміз - өзара байланыста бір тектес элементтердің ретті, заңды бірлігі. Ол заттық негіз (материя, субстанция), құрылым және қызмет деген үш ұғымның ұштасып келуінен, олардың бірлігінен және өзара қатынасынан құралады.
№7 практика. Тілдің жүйелік сипаты оның барлық деңгейінен (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық) көрінеді. Мысалы, фонетикада дауысты дыбыстар жүйесі, дауыссыз дыбыстар жүйесі деген тақырыптар бар. Дауыстылардың жуан-жіңішке, еріндік-езулік, ашық-қысаң болып, жұп-жұбымен және бір-біріне қарама-қарсы қойылып топтасуы тілдің дыбыстық қабатында белгілі бір жүйе бар екендігінің белгісі. Жүйенің бір элементі өзі тектес екінші бір элементтің болуын аңғартады. Мысалы, септелудің жүйесі кемінде екі септеудің, жіктелудің жүйесі кемінде екі жақтың (1,2-жақ) болуын керек етеді. Егер олар бір-бірден болса, онда олар жүйе құрай алмаған болар еді.
Тілдік құрылым, тілдік жүйе деген терминдер өзара тығыз байланысты. Бірақ олар тепе-тең емес, өзгешеліктері де бар. Жүйе болу үшін бес шарт керек. 1) Бір заттан ешқандай жүйе тумайды. Жүйе болу үшін бірнеше зат болу керек. 2) Ол көп заттың бір тектес болуы шарт. 3) Кез-келген бір тектес көп зат жүйелі бола бермейді. Ол үшін олар белгілі бір тәртіпке келтірілген болу керек (жіктік, септік). 4) Тәртіпке келтірілген заттардың элементтері өзара байланысты шартты қатынаста болуы қажет. 5) Ол элементтер бүтінге тәуелді болуы шарт.
Лингвистикада тілді «жүйелер жүйесі» деп те атайды. Оның себебі тіл бір бүтін жүйе бола тұра, өз ішінде әр түрлі ірі жүйелерге, ірі жүйелер әр түрлі ұсақ жүйелерге бөлшектеніп кетеді. Ірі жүйелерге тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жүйелерін жатқызса, ұсақ жүйелерге осы жүйелердің әр қайсысының ішіне кіретін шағын жүйелер жатқызылады. Мәселен, жалғаулар өз ішінде төртке бөлінсе, септік жалғаулары: атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес болып жіктеледі.
Тілдегі ірі жүйеге мүше болатындар - әртектес элементтер. Бұлар бір-бірімен тек иерархиялық қатынасқа ғана келе алады. Сондықтан жалпы тілдік жүйеге өзара иерархиялық қатынаста тұратын әртектес элементтердің жиынтығы дегенанықтама беруге болады. Ал оның құрамына енетін ұсақ жүйелердің құраушы бөлшектері біртектес болады, олар бір-бірімен синтагмалық, парадигмалық қатынаста тұрады.
Тілде жүйе бар деу үшін нені өлшем етіп алу керек? Бұл туралы біраз ғалымдар «бір-бірімен салыстыруға, біріне-бірін қарсы қоя қарауға болатын өзара байланыста, шартты қатынаста тұратын бір тектес элементтер бар жердің бәрінде де жүйе бар» дегенді айтады. Шындығында да, өз алдына бір топ деп болу үшін өзара теңестіруге, бір-біріне қарсы қоя қарауға болатын біртектес, бірнеше элементтің болуы шарт. Мысалы, етістіктің өткен шағының өз алдына бір топ болып бөлінуі-онда осы шақ пен келер шақтың болуынан. Осыған байланысты Ф.де Соссюр «Тілде ұқсастықтар мен айырмашылықтардан басқа еш нәрсе жоқ» дегенде осы сияқты ерекшеліктерді еске алған болу керек.
Белгілі бір тілдік элементтер тобын бір жүйе деп санау үшін, оларда синтагмалық, парадигмалық, иерархиялық қатынастардың болуын ең негізгі өлшем етіп алуымыз керек. Сонда тіліміздің дыбыстық, морфемалық, сөздік, сөйлемдік жүйелері өз ішінде және бір-бірімен синтагматикалық, парадигматикалық және иерархиялық қатынасқа келулері арқылы біртұтас тілдік жүйе құрайды.
Сонымен тілдің әрбір қабаты және тілдің өзі өз алдына біртұтас жүйе екен. Жүйе деп тілдік элементтердің белгілі бір тәртіппен орналасқан , бір-бірімен тығыз байланыста, шартты қарым-қатынаста тұратын элементтердің бірлігін айтамыз.
Жүйе мен құрылым бір-бірімен өте тығыз байланыста болғанмен айырмашылығы бар. Құрылымсыз жүйе болмайды. Жүйе бар жердің бәрінде құрылым бар. Тілдік жүйе дегеніміз – тілдік элементтер мен құрылымдардың ретті жиынтығы, ал құрылым жүйедегі тілдік элементтер арасындағы қатынастардың жиынтығы. Тілдің жүйесін түсіну үшін тіл тарихының маңызы зор. Тілді зерттегенде ондағы құбылыстарды синхрониялық тұрғыдан да, диахрониялық тұрғыдан да қарастыру қажет.
Тілде жүйеге жатпайтын да жүйесіздіктер болады. Мысалы, дауыссыз к, қ, г, ғ дыбыстары жуан, жіңішке мәнде бір-біріне қарсы қойылады, бірақ дауыссыздардың, басқа түрлерінде мұндай жүйелілік жоқ. Сондай-ақ зат есімдердің кейбір жіктеліп (адамның, адамсың) айтылса, басқа түрлеріне жіктік жалғауы (стол, кітап) жалғанбайды.